Мұратқали ДҮЙСЕНБАЕВ. ТУҒАН АУЫЛ (Әңгіме)
24.11.2026
47
0

…Көктемде ғана құлдыраңдап жүрген Әділбектің жорға кемпірі Әнипа мамыр айы туа аяқ астынан белден бүгіліп, төсекке байланып қалғаны. Аудан, облыс аумағында апармаған дәрігері жоқ. Бірақ нәтиже болмады. Содан бір дорба дәрісін басына жастап төбеге қарап, мөлиіп жатқанына үш айдан асқан мезгілде жаны қысылған Әділбек Алматыда тұратын қызы Мәрзияға хабар салған. Қызы да көп күттірген жоқ. Келе сала алды-артына қаратпай, әкесі мен ауру шешесін үлкен қалаға алып кеткен еді…
…Сөйтіп, Әділбектің «қала тұрғыны» атанып, түн мен таң таласқан өліара шақта өңешін керіп, балконда қылтиып тұрғанына бүгін оныншы күн. Алатаудың бөктеріне тұмсығын тыға жантайған үлкен қала әзірге өлі тыныштық құшағында. Тым байсалды, тым салмақты қалпында жеңіл тыныстап, мамыражай күйде маужырап жатыр. Бірақ бірер сағаттан кейін арсыл-гүрсіл қимылымен айналасының астан-кестеңін шығарып, дүрліктіріп жіберетін ұшқалақ келіншектей ұйқысынан оқыс оянатын үлкен қалада ұлы дүрбелең басталатынына Әділбектің бойы үйреніп қалған. Осы дүрбелеңнің бір толқыны қала орталығындағы төрт бөлмелі пәтерге қоныс тепкен бұлардың да есігін қағып, бөлме-бөлмеге тығылған тыныштықты түре қуып, қиқу салары сөзсіз.
Әне, бүгінгі қаланың «әтешіне» айналған қара телефон тұр-тұрға басып, безілдей жөнелді. Енді бірер сәттен кейін ту-талақай қарбалас басталатыны айдан анық. Айтқанындай-ақ ас үйден салдыр-гүлдір дыбыс естілді. Бұл – шай қойып жүрген Мәрзия. Жуынып-шайынатын бөлменің есігі сарт етіп кілтке жабылды. Бұл – күйеу баласы Болатқазы. Сол екі ортада немересі Мақсаттың бөлмесінен шыққан «Макс, вставай. Проспали. Уже опаздываем. Тұр жылдам…» деген Мәрзияның қарлығыңқы дауысы енді ванна бөлмесі жақтан естіледі: «Була, тез босатшы ваннаны». Буласы тісін ысып жатқан болуы керек «бум, бум» деп түсініксіз дыбыс шығарып, бірдеңе айтқан болады. Сарт-сұрт, шалдыр-күлдір. Қойшы әйтеуір, түрегеліп тұрып шай ішіп, шалбардың бір балағын киіп, бір балағын киместен секеңдеп жүріп сөмкесін жинап, есікті жабар-жаппастан лифтіге ұмтылған үшеуді шығарып салған Әділбек босағадан онша алыстамайды. Өйткені қазір үшеудің біреуі міндетті түрде қайта оралуы тиіс. Ойын жиып үлгергенше болған жоқ, қоңырау безілдеп қоя берді. Әділбек есікті ашқаны сол еді, «Аташка, Макстың художкасын тез әкеліп беріңізші!» деген Мәрзияның бұйрығы мұны ішке қарай сүйрей жөнелді. Қара пәпкінің қайда жататынын екі-үш күннен бері жаттап алған Әділбек барарда өңкеңдей жүгіріп, қайтарда екпіндей басып келіп художкасын Мәрзияның қолына ұстатқан бетте ауыр есік тұмсығына тиер-тиместен сарт жабылды. Осымен бітті. Күнде осы. Енді қара кешке дейін жанын қоярға жер таппайды. Бұл үйде кітап деген жарықтық атымен жоқ екен. Бұрын әуестігі жоқ теледидарды қосып көрген еді, басында «Шымкент шоу» мен «Терісқақпайды» тамашалап, көңілін аулағандай болған. Бұл ермегінің де ғұмыры ұзаққа созылмады. Өйткені басқа дүние жоқтай осы екеуін араға күн салып қайталап көрсете береді екен. Содан қабырға жағалап, ас бөлме мен жатын бөлме арасында сүйретіліп жүрген кешегі жорға, бүгінгі зорға кемпіріне телмірумен күнін өткізеді. Бүгін де сол. Кемпірімен күңкілдесе отырып, таңғы шайын ішкен Әділбек түске дейін төрт бөлмені шиырлап, арлы-берлі жүрді де қойды. Ішкі қиялы сумаңдап туған ауылы Қасқабұлақтың әр шаңырағына бір-бір сүңгіп шыққан еді. Бірақ бұл әрекетінен бас тартуға тура келді. Адам ойдан да шаршайды екен. Содан бүк түсіп жатып-жатып, белі талған соң сыртқа шығуға бел байлады.


Түймесін басып шақырған лифтінің ішінде қырықтарға ілініп қалған жігіт тұр екен.
– Амансың ба, балам? – деп сәлем берді. Жігіт міз бақпады. «Қазақша білмейтін болды-ау, шамасы» деген оймен: – Здрәсти, – деген. Әділбектің бұл әрекетінен де түк шықпады. Жігітіміз қабағын түйіп, ожырая бір қарады да қойды. Шыны керек Әділбек қипақтап, біртүрлі ыңғайсызданып қалды.
Бір-біріне қарама-қарсы салынған екі үйдің ортасындағы алаңға шыға беріске қойылған орындықта етжеңді келген, аққұба өңді қария отыр.
– Қайырлы күн, ақсақал! – деп амандасқан Әлібек сәл иіліп, қос қолын қатар ұсына берген. Бірақ алға ұмсынған қос қол ауада ілініп сәл тұрып қалды да, жауап болмаған соң амалсыздан шалбардың қалтасына сүңгіп кетті. Өңменінен өтетін суық шегіркөзді қария қаймақ ернін қыбыр еткізіп, амандасқандай ишара жасады да, келесі сәтте:
– Кел! Отыр! – деп бұйыра сөйледі. Қос қолымен қоңыр түсті таяғына ұмсына асылып, орындықтың жартысын ала талтая жайлаған еркін отырысы, көзін сәл сығырайта түсіп, ішіп-жей қарайтын көзқарасы, өктем дауысы қарияның тегін адам емес екенін паш етіп тұрғандай. Әділбек сенімсіздеу қимылмен орындықтың шетіне таман отыра кетті.
– Қай үйде тұрасың?
– Осында…
– Осы үйде тұратыныңды біліп тұрмын ғой. Қай квартира?
– Квәртир дейсіз бе?.. Соны кім біліпті… үшінші қабаттың оң жағындағы пәтер ғой…
– Ауылдан келдің бе?
Иә…
Әділбек өзінің тым елпілдеп кеткенін сезе қойды да бойын жинап:
– Сүйегіңіз кім болады, ақсақал? – деп қарсы сұрақ қойған. Ақсақал бұған аңтарыла қарап:
– Сүйегі не тағы? – деп түсінбеген рай танытты.
– Руыңыз кім дегенім ғой…
– Әй, сорлы қазағым-ай… Рушылдықты әлі ұмыта алмай жүрсіңдер ме? –деген қария бұған аса бір жиіркенішпен мүсіркей қарағандай болды.
– Жеті атаға дейін қан араластырмаған қазақты сорлы деп кім айтты? Қазақ сорлы болса осыншама жерге қалай ие болып қалған? – Әділбектің дауысы бұл жолы сенімді әрі қатқылдау шықты. Мұның дауысындағы өзгерісті бірден байқаған шегіркөз де ширығып шыға келді.
– Әй, мақтаншақ! Что ты споришь? Мүмкін сол жерге қалалар мен зауыттарды да қазақтар өздері салып алған шығар, а? – шегіркөз «бұл жолы тауып айттым-ау, енді не айтар екенсің» дегендей көзі күлмеңдеп, басын екі жаққа кезек шайқап, қулана әрі ләззаттана сөйледі.
– Сенің ойыңша қалалар мен зауыттар салынып жатқанда қазақтар үйде шалқасынан түсіп, ұйықтап жатқан ғой, шамасы. Солай ма? – Әділбек сізден сенге қалай көшіп кеткенін өзі де аңғармай қалды.
– Как ты разговариваешь со мной, а! Мен первый сектретарь райкома, замминистр болған адаммын… – деп тұтыға жауап берген шегіркөздің дауысы өктем болғанымен жанарынан әлдебір сенімсіздікті байқап қалған Әділбек оның сөзін бөле төтесінен бір-ақ тартты:
Е, қазақтың дәстүрі мен тілін құртып, байлығын сорған борсықтың бірімін десеңші.
Сарғыш өңі қып-қызыл болған шегіркөзге жиіркене қараған Әділбек орнынан ширақ көтеріліп, аула шетіндегі футбол алаңының жиегіндегі орындыққа барып отырды. Сырт көзге Әділбек доп қуалаған қара домалақ балалардың шалт қимылдарына ризашылықпен сүйсіне қарап отырған сияқты көрінгенімен, ішкі ойы әлі де болса шегіркөзбен арпалысып жатқан еді. Кенет, әлдебір жанына жағымсыз анайы сөз ой тұманын быт-шыт қыла ыдыратып, санасын шайдай ашты. Екі қарадомалақ бір-бірінің жағасын бүре тартып, ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр екен. Арбасқан екеуін ажыратпақ болып қаумаласа қалған басқа көгенкөздер де қалысар емес. Боқтықтың боранын гулетіп-ақ жатыр. Орысша жетік білмесе де, сары түкті ағайындардың «пәленбай жаққа бар» деп жол сілтеп жіберетін тұздық сөздерін бір кісідей ажырата алатын Әділбек төкпе жаңбырдай толассыз төгілген боқтық сөздерден төбе шашы тік тұрды. Боқтампаздарға «қойыңдар» деп айтуға мұршасы келместен ауланың түкпіріне қарай жылыстай берген еді, тал түбінде жасырынып темекі тартып тұрған шамасы он үш-он төрт жас мөлшеріндегі бүлдіршіндей екі қыздың үстінен түскені. Жалт беріп, кері қайтуға тура келді.
Жан дүниесі алай-дүлей. «Бұл не сұмдық, заман не болып барады?» деп іштей күбірлеп, сұлбасын сүйретіп келе жатқан Әділбек «Ассалаумағалейкум» деген жарқын дауыстан селт етіп есін жыйды. Қарсы алдындағы ыржалаңдаған месқарын:
– Ой, көке, амансыз ба? Неге ұнжырғаңыз түсіп кеткен? – деп іші-бауырына еніп барады. Ақ кепкесін көзіне баса киген пәкене бойлы екіншісі елпең қағып, мұны қолтығынан алып:
– Мына жерге отырыңыз, – деп сәл оңашалау тұрған орындыққа қарай жетелей жөнелді. Ойын жинап үлгермеген Әділбек:
– Оу, Көбей. Кім боласыңдар? Танымадық қой, – деп екеуіне аңтарыла қарады. Екінші қолтығынан демеп, Әділбекті ерекше ілтипатпен орындыққа қондырған месқарын қарқылдай күліп:
– Бізді танымайсыз, ақсақал. Үлкенді сыйлап өскен елдің баласымыз ғой. Сәлем беру – біздің міндетіміз емес пе?.. Оның үстіне жүзіңізде жылылық бар екен. Тегін адам емес екеніңіз көрініп-ақ тұр, – деген. Жаңағы шегіркөзбен болған шекіс пен боқмұрындардың боқтығынан кейін месқарынның мына сөздері Әділбекке бұлттан шыққан жылы күндей әсер етті. Елжіреп кетті.
– Қонаққа келдіңіз бе, ақсақал?
– Жоқ. Қызымның қолына қоныс аударып келдік, бауырым.
– Қызыңыздың аты кім?
– Мәрзия.
– Мәрзия… Күйеу балаңыздың есімін айтпасаңыз, есіме түсіре алмай тұрғаным…
– Күйеу баланың есімі – Болатқазы.
– Е, анау сүмел… – дей берген елпеңбайдың кепкесін тұмсығына қарай тұқырта басып жіберген месқарын:
– Ой, білеміз ғой. Болатқазы дегенің жігіттің төресі ғой, – деп тағы да төкпе күлкінің тиегін ағытып қоя берді. Өзінің мүлт кете жаздағанын тез аңғарған елпеңбай есін тез жыйып:
– Оу, өзіміздің Бөкең бе… ой, ол алтын ғой… мен ана қарсы үйдегі сүмелекпен шатастырып… оның аты да иә, иә…
Болат еді-ау, тек «қазысы» жоқ. Оның жанында сіздің Болатқазыңыз нағыз азамат қой, – деп ыржалаңдай күліп, ұршықша үйірілді. Жайын аузынан күлкі табы әлі кете қоймаған месқарын енді Әділбектің иығынан сипай құшақтап:
– Қай жерден келдіңіз, ақсақал? – деп мейірлене қарады.
– Семейден.
– Е, не Арғын, не Найман болдыңыз ғой?
– Оу, тәубә! Бұл аулада да жөн білетін жан бар екен-ау, – деген Әділбектің іші одан әрі жылып сала берді. Көңілі көтеріліп, он күннен бері ашылмаған қазына қақпағын айқара ашып, небір сырлы хикаяттарды ақтарып қоя берді. Әсем ойдан ақтарылған көрікті сөз толқынында қазақ ділмарлығының алып мұхитына сүңгіген ол қасындағы месқарынның маужырай, елпеңбайдың есіней бастағанын аңғарар емес. Өз ләззаты өзінде. Бұл әңгімесін «әу» деп бастаған шақтан неге екені белгісіз, орнынан бір тұрып, бір отырып байыз таппаған елпеңбайдың шыдамы жеткен жері осы болса керек:
– Оу, ақсақал, прописка жасамаймыз ба? – деп тосыннан қойып қалғаны. Сар даланы дүркірете жосып келіп, алып бөгетке тап болған қарғын судай қарқыны сап басылған Әділбек:
– Прәпеске бар. Қызым «тіркедік» деді ғой, – деп жаңа таныстарына күлімсірей қарады. Сол-ақ екен манадан бері үнсіз қалған месқарынның жайын аузынан лақ еткен дарақы күлкі шағын ауланың түндігін желпілдетіп, кешкі ауаны қақырата тіліп өтті. Оған елпеңбайдың толассыз төгілген шиқыл үні қабаттасып, әлгінде ғана әңгіме буына елтіп отырған Әділбек не болғанын түсінбестен, күлімсіреген қалпында серіктестеріне аңтарыла қарады. Мұның жайын тез аңғарған месқарын:
– Ақсақал, қалада жаңа қоныс аудырып келген адам көршілерімен танысып, араласу үшін бір шөлмек әкеліп, ырым жасайды. Осыны қалалықтар «прописка» деп атайды, – деп Әділбекке сүзіле қарады. Енді Әділбек қулана қалды:
– Оу, дәстүр бойынша жаңа көшіп келген адамға босаға көрсетіп, ерулік бермеуші ме еді?
– Ой, ақсақал, ол қатындардың шаруасы емес пе? Ол мәселені кейін өздері шеше жатар. Біз еркектердің тірлігін айтып отырмыз, – деп түсіндіре бастаған месқарынның сөзін әбден шыдамы таусылған елпеңбай бөліп кетті:
– Қалтаңызда қанша бар, шығарыңыз. Қалғанын іс жүзінде көрсетеміз.
– Оу, қарақтарым. Енді қайттім… кемпір екеуміз пенсиямызды көші-қонға жұмсап қойған едік, қап… – деп Әділбек шын қысылды. Өзін кінәлі адамдай сезініп, қипақтады да қалды. Көзі түйісе қалған екі сері жағдайдың мән-жайын бірден аңғарған еді. Тұмсық үстіне қоқырая қонған қоңыр қалпағын сұқ саусағымен төбесіне қарай шиырып жіберіп, иегін көкке көтерген елпеңбай:
– Немісше айтқанда, «Есин фарда елин таф» деуші ма еді, достым. Балықты басқа қайраннан іздейік. Кеттік, – деп орнынан ширақ көтерілді. Аса бір үлкен күйзеліске тап болғандай кеудесін қақ айыра терең күрсінген месқарын:
– Көкала қыртқа қор болған қайран уақытым-ай, – деп бұған оқты көзімен жаратпай бір қарап алды да, елпеңбайдың соңынан алдымен қарыны, соңынан өзі ілесе жөнелді. Аяқ астынан не болып қалғанын толық түсінбеген Әділбек алға ұмсына түсіп:
Өй, жігіттер, қайда кеттіңдер?.. – дей бергені сол еді, «битін сығып жеп жүрген сорлы ауылбай көк тиын шығарушы ма еді» деген месқарынның ашулы дауысын анық естіді.
Мәмбет десең, мәмбет екен, – деп оң қолын шошаңдата елірген елпеңбай да қалысар емес, қара жерді тесіп жіберердей текетебін жүріске салып, тоқтамай бұрқырап, сөйлеп барады.
Қолын алға созып, тас үстінде қалшиып тұратын баяғы қызылдардың көсемінің кейпінде қатып қалған Әділбек көпке дейін есін жыя алмай есеңгірей отырып қалған еді…
…Әділбек үйге кіргенде кемпірі, қызы мен күйеу баласы және немересі кешкі ас ішіп отыр екен. Ас бөлмесіне көңілсіздеу енген бұған назар аударған бір жан болған жоқ. Күйеу баласы алақанына аялай қондырған қара телефонына басымен кіріп кетердей сүзіле-үңіліп, телмірген қалпында сұлқ отыр. Телефонның жылтыр бетінде салалы саусақтары үздіксіз секең қағып, хат жазып отырған қызының ойы басқа әлемде жүргені айдан анық көрініп тұр. Әлдебір ойынның жетегінде экранды тесіп жіберердей қимылмен бармақтары тынымсыз қозғалып, бұралаңдап отырған немересі де өзімен-өзі әлек. Тек шай ішіп отырған жорға кемпірдің қолындағы қалайы қасықтың шылдыр етіп, анда-санда кесені түртіп өткен дыбысы болмаса бөлмені ауыр тыныштық билеп алған сияқты. Елу жылдан бері шалының қабағын бағып үйренген жорға кемпір ширығып келген шалының жай-күйін бірден аңғарған. «Шал, құдай үшін шу шығармашы» деген ишаратпен сұқ саусағын жұқа ерніне апарып, белгі берген-ді. Терісіне сыймай келген шерлі шал жанартаудай атылды:
Бұл не, түге! Телефонда бастарың қалғырлар. Ау, қара темірге сонша телміретіндей не іс түсті бастарыңа. Неге табынып қалдыңдар осы пәлеге. Өмір деген қара телефонға телміру емес, өмір дидарласудан, пікірлесуден, әңгімелесуден тұратынын ұмытқансыңдар ма? Оу, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, алаңсыз шай ішетін күн туа ма бұл үйде, әлде тумай ма? Атаның ақылы, ананың мейірі қара телефонның ішінде емес, осы дастарқан басындағы бәтуада емес пе еді! Осында келгелі он күн болды мына отырған анаңның бетінен бір сүйгеніңді көре алмадым, сен қыздың. Ана мен қыздың мейірімі қайда кеткен? «Ата, көңіл күйіңіз қалай?» деген күйеу баланың ишаратын естімей, бауырыңа келіп тығылар немеренің еркелігін көре алмай өлетін шығармыз. Еңселеріңді көтеріп, естеріңді жиып, жан-жақтарыңа қарамайсыңдар ма?
Алдымен ес жиған күйеу бала болды. Ашудан булығып тұрған атасына көзін сүзе ажырая бір қарады да, әлі де бас бармақтары бүлкілдеп, телефоннан бас көтермеген Мақсатты сүйрегендей болып, жетелеген күйде бөлмеден шыға жөнелді. Әкесінің мінезіне әбден қанық Мәрзия лып етіп орнынан тұрды да көзден ғайып болды.
– Әй, шал, Кәдірбектің бұралқы кәнденіндей не болды сонша шабаланып? Балалардың тамағын ішкізбей берекелерін алып жібердің ғой, сірә.
– Ой, ақылы келте қу қақпас, қайдағы берекені айтып отырсың сен! Дәстүрден жұрдай, тілден жеріген, мейірімнен ада, селт етпес мылқауға айналған бұл мәңгүрттерде қандай береке болушы еді?!.
– Ойбай, сорлы мақұлық… мақұлық, жап аузыңды!
– Ойпыр-ай, сен де менің аузымды жабайын дедің бе? Тілің шығайын деген екен ғой.
– Е, мен не адам емес деп пе едің?! Мен де тіршілік иесімін, менің де аузым бар. Өмір бойы айтқаныңды тыңдап келдік қой. Не опа таптық?!. Сырттан онсызда жер болып келген Әділбек қыңыр сөз қымыран илейтін кемпірінің удай уәжін одан ары тыңдауға жүйкесі шыдамай, зорлықпен тілін тістеген күйі бөлмесіне барып, жатып қалды…
…Таң атқалы қашан. Әдетінше шолпан жұлдызымен жағаласып, ерте оянған Әділбек төбеге қараған күйі сұлқ жатты да қойды. Бәрін естіп жатыр. Күнделікті дүрбелең соңғы нүктесіне тақады-ау деген тұста аяқ астынан санасына сап ете түскен тосын ой Әділбекті төсегінен жұлып алған еді. Жедел басып, табалдырықтан енді аттап, үйден шығып бара жатқан Мәрзиядан:
– Қызым, Абай атаңның ескерткішіне қалай баруға болады? – деп сұрап үлгерді-ау. Жауап та тым жылдам болды:
Пап, некогда. Вечером айтам…
Әдеттегідей, ауыр есік тұмсығына тиер-тиместен сарт жабылды. Әділбек бұл жолы көп ойланған жоқ. Оразасын ашпастан жылдам киініп, сыртқа шықты. Арлы-берлі сапырылысқан адамдардың ішінен «құдайға қарағаны осы шығар» деген үмітпен қырықты еңсеріп қалған жігіт ағасын тоқтатып:
Абай ескерткішіне қалай баруға болады? – деп сенімсіздеу жөн сұраған.
Кешегі кешкі оқиғалардан секем алып қалған жалтақ көңілі бұл жолы алдамаған екен. Жігіт Әділбекті аялдамаға жетелей әкеліп, түсетін аялдамасын түсіндіріп, қажетті автобусына отырғызып жіберді. Адамға лық толы автобустың баспалдағына аяғы ілінгені сол еді, арт жағынан ентелеген жұрт Әділбекті суға құлаған бөренедей лықсытып әкеліп, қарсы алдындағы темір бағанға апарып жапсыра салды. Еңгезердей мосқалдың қампиған қарны мен кеудесі көк тіреген мәтүшкенің төңкерілген бөксесінің арасында қыстырылып қалған қолын әупірімдеп жүріп босатып алған Әділбек құлап қалмас үшін темір бағаннан мықтап ұстап алып, айналасына көз салған. Төбеден салбырап тұрған былғары ұстағышқа ілініп тұрған жас жігіттің қолтық астынан бұта түбінен сығалаған саршұнақтай басы қылтиып, сәулесі тайған көздері жыпылықтап, жан-жағына мөлие қараған кемпірдің ұсқынын көріп, Әділбектің төбе шашы тік тұрды. Орындықта отырғандардың көпшілігі өрімдей жастар екен. Селт етер біреуі болсайшы. Бәрінің басы салбырап, тұмсықтары телефонға тіреліп қалыпты. Шыдамы таусылған Әділбек қарсы алдында отырған балаң жігіттің иығынан түртіп:
– Әй, балам, ана шешеңе орын берсеңші? – деді. Өз-өзінен мойнын қылқылдатып, теңселіп отырған жігіт құлағынан салбыраған бірдеңесін суырып алып, бұған тұманданған мағынасыз көзбен назар аударды. «Не дейсің?» деген сыңай танытатын тәрізді.
– Ана байғұс кемпірге орныңды бер деймін! – деп қатқылдау үн қатты. «Е, айтпағың сол ма еді?» дегендей мұрнын шүйіре ишарат білдірген балаң жігіт құлағына салбырағын қайта тығындап алды да, қайтадан теңселе жөнелді. Бұрын мұндайды көрмеген Әділбек ендігі сәтте:
– Оу, жетесіз неме! Тұр орныңнан, – деп балаң жігіттің қолынан жұлқа тартып, ақырып жібергенін өзі де аңғармай қалды. Шалт қимылмен Әділбектің уысынан қолын суырып алған жігіт ыржалаң-ыржалаң етіп, одан әрі билей бастады. Мұны көпе-көрнеу мазақ етіп отыр.
– Қандай ана тапқан сендей иттің баласын?! Тәрбие көрмеген, көргенсіз… – дей бергені сол еді – жирен шашын төбесіне шөмеле қылып үйген қара сұр келіншек:
– Айқайламаңыз! Біреуге тіл тигізуге кім право берді сізге?!. – деп шаңқ ете қалды. Сол-ақ екен, автобус іші ұлардай шулап қоя берді. Әлгінде ғана телефоннан бас көтере алмай отырған жастардың екі-үшеуі мұны жан-жақтан телефонға түсіре бастады. «Кемпір, шалдар үйлерінде отырмай ма екен», «таксимен жүрсін», «старый черт, всем настроение испортил», «оу, шалдың не жазығы бар?» деген шаң-шұң дауыстардың арасынан «Абай алаңы, аялдамасы» деген қыз-радионың лебізін ести сала, Әділбек жандәрмен сыртқа шығуға ұмтылған. Іштен шампанның тығынындай атылып шыққан Әділбектің әлі де шаңын қағып жатқан жарандарын бауырына басқан қоңыр автобус бір мәрте ауыр күрсініп алып, өз жөніне кете барды.
Иығын ауыр мұң басқан Әділбек аялдамада қалың ойдың құрсауында ұзақ отырып қалған еді. Сүт пісірімдей уақыт өткен кезде ғана өз-өзіне келген ол таңдайы кеуіп, шөліркеп қалғанын сезді. «Сусын алып, ішейін» деген оймен аялдаманың дәл түбіндегі дүкенге кірсе, мұнда да адам аяғы көп екен, ащы ішекше шұбатылған кезектің соңынан сапқа тұруға тура келді. Табандап жылжи отырып, әлі де қалың ой құшағынан шыға қоймаған күйде сатушының алдына жеткен Әділбек:
– Бір шөлмек су берші, – деген. Көгілдір көзін инедей тікірейген қап-қара кірпік көмкерген, дүрдиген ерінді, етжеңді әйел:
– Что надо? – деп сыздана қалмасы бар ма.
– Ой, айналайын! Су… су берші деймін.
Я не понимаю по қазахский. Говорите по русский.
Жаңа ғана дамыл тапқан жүйкесі қайтадан сымша тартыла бастаған Әділбек қапелімде судың орысшасын ойына түсіріп үлгермеді, сатушы:
– Следующий! – деп, Әділбектің артында тұрған әйелге назарын бұрып әкетті. Әділбектің төзімі жеткен жері осы болды:
– Әй, сендер, мені адам құрлы көрмей тұрсыңдар ма? Бұл не деген басынғандық?!. – деп мұны ығыстыра бастаған артындағы әйелді оң қолымен кес-кестей бөгей берді. Сол-ақ екен дүкен іші тағы да ши бөрідей шулап қоя бергені.
– Отойдите от кассы! – деп мұны ұрып жіберердей ұмсынып келген имек мұрын имиген сарыны көгілдір көзі кіртиген маймақ кемпір қостай кетті:
Не мешайте! Уходите от сюда!
Кезінде талай асауды құлағынан басып тұқыртатын ауылдың апайтөс жігітінің бірі болған Әділбек суырдың айғырындай имиген сарыға ұмтыла бергені сол еді, кезектің арт жағынан жедел басып, қасына келген бұйра бас қазақ азаматы мұны қолынан алып, шетке қарай жетелей жөнелді. Бұйра басты өзін қолдауға келген қорғаушы ретінде қабылдаған Әділбек:
– Балам-ау, мына жұртқа не болған? – деп өзімсіне үн қатқан еді, бұйра бас үмітті ақтамады:
– Аташка, зачем дауласасыз? – деп қарап тұр.
– Оу, кім дау айтып тұр. Бір шөлмек су бере салса, құда да тыныш, құдағи да тыныш емес пе еді?
– Спорить етпей-ақ орысша говорить ете салмайсыз ба? Упрямствоның керегі не?
– Сонда орысша білмесек өлеміз бе? Өз елімізде, өз тілімізде су сатып ала алмасақ, сонда біздің кім болғанымыз?!. – дегені сол еді:
– Как вам не стыдно!
Нацист! – деп ауыздарынан көбік ата арсылдай жөнелген топпен салғыласуды жөн көрмеген Әділбек дүкенді тастай қашты…
…Әділбек ұйықтай алар емес. Өз-өзін зорлап, қанша тырысса да, көзі ілінбей-ақ қойғаны. Ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, болмаған соң тұрып кеткен. Енді, міне, көзі бақырайып балконнан қылтиып, сыртқа қарап тұр. Түн сүттей аппақ. Бойын билеген әлдебір мазасыздық сезімінен арыла алар емес. Соңғы күндердегі оқиғалар түйсік есігін қайта-қайта қағып, қанша қуса да ой қорасынан айналсоқтап шықпай-ақ қойғаны. Осылайша, ауыр ой тұтқынында түні бойы көз ілмей тек таң қылаң бере ғана талықсып ұйықтап бара жатқан Әділбектің санасында «ауылға оралу керек» деген ой ұшқыны жарқ ете қалған еді. Содан ертесінде «ауылға қайтамын» деп қиғылық салған. Қыз бен кемпір мұның жағдайын қайдан ұқсын, екеуі де аспанға ұшып, жерге түсті. Үш күнге созылған салғыласу соғысында кемпірі мен қызының екі қапталды қорғанысы Әділбектің үздіксіз төпелеген қарқынына шыдас бермеді. Ақыры Әділбек ауылға қайтатын болды…
…Облыс пен аудан орталығын жалғап жатқан күре жолмен ызғытып келіп қайқаңға шыға келген автокөлікте отырған Әділбектің көзіне туған ауылы – Қасқабұлақ оттай басылды. Көлікті жедел тоқтатып, төбе басына түсіп қалған Әділбек енді, міне, туған ауылына мейірлене көз салып отыр. Кешқұрымғы ауыл тынысы. Әне, қарсы беттегі жотадан ауылға қарай шашырай шашылып ауылға құлаған отардың алдын орай тепең торысын тепкілеп, өрме қамшысын үйіре айғайға басқан Жапар қойшы қой алдынан шыққан ауыл балаларын кері қарай қуып әлек. Шығыс қапталдағы ащы көл жақты шимайлаған сиыр соқпақпен сап түзеген мүйізділер де шермиген қарындарын әрең көтере, ырс-ырс күрсініп, тұяқтары сыртылдап, ауылды бетке алып келеді. Бұйдаланған қою шаңын соңынан ілестіріп, ауылдың қақ ортасын жарып өткен жеңіл мәшине қайыңды сайға қарай бет түзеді. Мына тұста бөксесі көкке төңкеріліп, тұмсығымен жер искеген бүкір кемпір Жания қолындағы тегеш толы бидайды айнала шашып, «шіп-шіп» деп қораға қарай бет алып барады. Анау тұста тоқал тамның төбесінен оң қолымен күн салып, маңайын барлап тұрған құрдасы Кәдірқұлдың нақ өзі. Өмір бойы көз алдында өткен осы бір ауыл тірлігімен қайта қауышқан Әділбектің жүрегі елжіреп сала берді.
Кенет қаптал тұстан ат тұяғының дүбірін естіген Әділбек бойын тез жыйып ала қойған еді. Ойпаңнан желе жортып, қайқаңға шыға келген тор төбел аттан сыпырыла құлап, «Ата-аа-ау!..» деп өзіне тұра ұмтылған таңқы мұрынды Әділбек те жазбай таныды. «Оу, Нұржанбысың?» – деп бауырына ене берген Кәдірқұлдың немересін құшағына алып, емірене иіскеген.
– Амансыңдар ма, балам? – деп қос алақанымен Нұржанның басын аялай сипаған Әділбек тұтыға қалбалақтап сұрақтың артынан сұрақ жаудырып жатыр, – Ел-жұрт аман ба, атаң күйлі ме? Ауылда не жаңалық бар?..
– Бәрі аман-есен, ата. Ағзам аға кішкентайлы болып, шілдеханасын тойладық. Сырым ағамның үлкен ұлы биыл оқуға түсті ғой… соған… соған тоқымқағар жасады. Тағы не еді… – Нұржан сәл ойланып қалды да, – Ә, ата, ауданда Абай өлеңдерін жатқа оқудан жарыс болып, мен бас жүлдені жеңіп алдым.
– Ой, бәрекелді, балам. Талабыңа нұр жаусын!
– Ата, биыл ауылға ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім ағай көшіп келген. Сол кісіге ауыл кезек-кезек ерулік беріп жатыр. Бір ай тосып едік. Кезек бүгін біздің үйде, – деп Нұржан бастырмалатып барады.
– Ата…
– Ау, қалқам?
– Ерніңіз кеберсіп тұр ғой. Шөлдеген шығарсыз, сірә. Қазір… – деп жүгіре басып барып, ер тоқымға ілінген қоржыннан қоңыр торсықты суырып алды да Әділбекке ұсына берді. – Апам «шөлдесең ішерсің» деп құйып берген қымыз ғой. Ішіңіз, ата. – Әділбек тобылғы иісі сіңген бал қымызды толғап-толғап, құмарлана жұтты. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, өрекпіп тұрған Нұржан:
Ата, – деді дегбірі қашып.
Қымызға құмары қанған Әділбек:
– Не айтайын деп едің, айналайын? – деп Нұржанға аса мейіріммен күлімсірей қарады.
Ата, былай істейік. Жаяу жүресіз бе? Сіз мына атқа мініп, асықпай келе беріңіз. Мен жүгіріп барып, атама, ауылға сіздің келгеніңізді айтайын, – деп қолындағы аттың тізгінін Әділбектің қолына ұстата сала, ауылға қарай тұра жүгірді.
Қапелімде жауап қатып үлгермеген Әділбек бәрін көріп тұр. Құлдыраңдап бара жатқан Нұржан қарсы алдынан шыққан Жапарға Әділбек тұрған төбе жақты нұсқады да, жол-жөнекей жалақ Бөкейдің ауласына сәл аялдап, өз үйіне қарай бет алды. Қолын ербеңдетіп, әлдене деп айғайлап барады. «Әділбек атам келді» деп сүйіншілеп бара жатқанын бұл жан-тәнімен сезіп тұр. Ендігі сәтте қойшы Жапар жаман торысын тепеңдетіп, Әділбек тұрған төбеге қарай бет алды. Қой алдынан шыққан ауыл балалары да Жапардың соңынан осылай қарай жөңкіліп келеді. Әне, оларға қапталдан қосылған Кәдірқұл мен Бөкей де қалысар емес. Қолындағы тегешін лақтырып тастаған бүкір кемпір мойнын созған түйеқұстай алға ұмсына басып, лектің соңына ілесті. Әділбектің бұдан арғыға шыдамы жетпеді, тор төбелдің тізгінін сілкіп тастап, ауылдастарына қарай екпіндей жүгірді. Ол бала кезіндегідей, шарбаққа сүйеніп тұрып, тосып алар анашының құшағына еніп кетердей ынтызарлықпен ойға қарай құлдырап келеді. Әділбек өзін жүгіріп емес, туған ауылына қарай, ауылдастарына қарай ұшып келе жатқандай сезінді. Көз алдында туған ауылы, қарсы алдында өзіне қарай жөңкіліп келе жатқан ауылдастары… Жанарында жас…

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір