«Ауыл қаламгерлері» айдарында
Меңдібек ЛҰҚПАНОВ
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы,
Бірлік ауылы
БАЛА КҮНГІ СУРЕТ
Бала кезгі суретім – бал бейнелі,
Сағынышты сыздатты-ау жан күйдегі.
Білмеймін қашан, қай мезгіл, уақыты да,
Қалып қойған, қайтпайтын бақытым да.
Бәлкім, тамыз, қыркүйек аралығы –
Жаздан қалған жаз бейне қаралығы.
Дәлізі ғой мектептің тұрған жерім,
Балғын шағым –
мұнда өткен бал күндерім.
Тақылдаған тәтті арман таңдайында,
Жазулы ма жарқ еткен маңдайында?!
Алғашқы рет сонда аппақ гүл ұстағам,
Гүл сезімдер бүр атқан тыныш қана.
Ақ көңілдер, ақ адал түрге енбеген,
Ақ көйлектей жағасы кірленбеген.
Бауы шешіліп тұрса да, бәрі күлген…
Тауы шағылып көрмеген әлі өмірден.
Таң атырған сан арман, қиялдармен,
Мен сол шақта ұялшақ, ұяңдау ем.
Мұратыма бәрінің бала шақта –
Аспанына қол созу болашақтың?!
«Балалық» деп алсақ та атын қойып,
Ұзақ қарап… жүрекке жақын қойып.
Салмақты ой, сағыныш сезім бойлап,
Сәл мұңайдым, жоғалған өзімді ойлап.
Бал күндерім батсаң да жанға қатты,
Балалығын сағынған жан бақытты.
Дауаны аңсап жүрекке ем, даланы аңсап…
Жан біткеннің аңсары – балалық шақ.
САПАР
Айға ақталып, Күнге күбірлеп қу жаным,
Суық тартар сары күздей.
Жел аңдыған түтіні бар мұржаның,
Жаным менің – жалғыз үй.
Жалғыз үйде жаным – жалғыз,
ән – жалғыз,
Жарық – жалғыз, ой – жалғыз.
Сағымына сан алданып қалғанбыз,
Қамығуды да қойғанбыз.
Опасыз ой, көңіл көркі түнерген,
Естелік көп ескірген.
Мұнда ақыл сұрамайсың біреуден,
Ақылды да айталмайсың ешкімге.
Көше кезген көп үркіген жындайсың,
Асыра алған айласын.
Есігін де ашып-жауып тұрмайсың,
Сындырмайсың айнасын.
Кеше келдім, бүгін келдім. О, неге?!
Жан біле ме жөнімді?!
Шығармайсың ешкімді де төбеңе,
Ұсынбайсың төріңді.
Қамыт ойдан қабіріңді қазбайсың,
Кете алмайсың әрі асып.
Құдайыңды ұмыта да жаздайсың,
Құбылаңнан адасып.
Анталаса ой аш бөрідей әр қайсы,
Ақталарсың арға сан.
Мына үйден мәнді дүние таппайсың,
Мең-зең болып қалмасаң.
Соры қайнап солып қалар жан күздей,
Бәрі ұмтылар, бәрі асығар сол құзға.
….Әр кеудеде мекендейді жалғыз үй,
Жол тартатын жалғызда.
СӘУЛЕ
Кезіп өткен де даңғылың,
Кешіп жүрген көп көшеңде.
Жолайрықта кеп жан құрбың,
Жөн айтар не десең де.
Қоштасар жандар, о несі?!
Қимастығың да – қалауың.
Жақсы жандардың сәулесі,
Лаулатқан кеуде алауын.
Жадырайды жан шуағы,
Толқын тулаған ол – теңіз.
Тәңіріңнен де сұрауы,
Келмей-тұғын бір көркем із.
Кешкен ғұмырың жалған ғой,
Елесі кезген тамұқта.
Қараңғылықта қалған ой,
Жол табады жарықтан.
Сәулелі ойлар, сәулелі із,
Сәулелі жанды жан ұққай.
Қалтылдап қалдық па, әлде біз?
Қайраңда қалған қайықтай.
+
Қайықтай қалқып қу басын,
Кемедей кешкен күйіңді.
Тумаған Тәңір – турашыл,
Мекенсіз Құдай – мейірлі.
Өкініш өрттің от демі,
Өкпелеуге де алмасты.
Адамның соңғы сәттегі,
Жанары неге жанға ыстық?
КҮЗ БЕЙНЕСІ
Қазан аймен туғанда қараша күн,
Сары түспен сағыныш жарасатын.
Кіршең тартқан көңілдер дір-дір етер,
Бүрсең қаққан бақсыдай бал ашатын.
Күзде бір күн болады қара суық,
Ақпан күйді кешер ел аласұрып.
Жалғыз ұлын қорғаштап жел өтінен,
Жесір жанның сыздайды жарасы нық.
Күздің де бір күні бар қысқа ұқсаған,
Суық өтіп, солып жүз, тіс қақсаған.
Ертеңімен күнелткен еріншектей,
Ертеңіне бүгіні ұштаспаған.
Күзде күн бар жапырақ тоналатын.
Қоймаған ел, көне шал оның атын.
Жол үстінен көрінбей жапырақтар,
Тал астына тығылып, жоғалатын…
Күздің де бір күні бар қыз бейнелі,
Қыздай ешкім сүйгенін іздемейді.
Хал сұраған анаға ғашық жаны,
«Мұңайғаным – күзден», – дейді.
Күзде бір күн болды жазға, бәлкім,
Көктемге де ұқсаған аздау бір күн.
Қанқу сөздер жел ескен сәл басылып,
Қайтқан құстың қиқуы сөз болатын.
Құс қайтқаны сөз бе осы, әй, біздерге?!
…Сол бір бейне, сол бір күн қай күзде де.
Қасиетін қазан мен қарашаның,
Қия аласың қай айға, қай мезгілге?
Самрат ҚҰСКЕНОВ
Солтүстік Қазақстан облысы,
Жамбыл ауданы,
Амангелді ауылы
АЛМАТЫДА ЖҮР ЕДІМ
Руханиятпен соққандықтан жүрегім,
Оймен кейде түлеп, кейде жүдедім.
Көркем жаза алмасам да Ғабиттей,
Алматыда қиял қуып жүр едім.
Шабар сәті жетті енді тайыңның,
Нұрын төксең, толықсыған айыңның.
Ел аңызға айналдырған көшесін,
Келген едім аймағынан Саинның.
Таусылмаса бұл өмірдің дерегі,
Сарқылмайтын қазына ғой керегі.
Солтүстіктің Қарағайы – Сафуан,
Мен боламын шайқалған – жас Терегі.
Алматыға келіп, әбден желіктім,
Лағындай боп еркелеген еліктің.
Дәріс алған аяғымнан тік тұрып,
Жерлесімін атойлаған Еріктің.
Бейбіт сүйреп бала күнгі жылыма,
Қанық болдым Бауыржанның жырына.
Прозасын сүйіп оқып Дулаттың,
Қасымхан да тартқан әннің сырына.
Көктөбе де тұр өзіне шақырып,
Ақын үшін ол да – жеке тақырып.
Жазушының шеберлігін меңгерсем,
Ой санама құйылады ағылып.
Біреу үшін өлең-жырда дүр едім,
Өзім үшін қайырымсыз ұл едім.
«Ертең Халық жазушысы болам», – деп,
Алматыда ұлы арманмен жүр едім.
АЛМАТЫНЫҢ
КӨШЕЛЕРІ
Әр ғимарат өткеніңді саралап,
Тұрған нәзік жүрегіңді жаралап.
Классик боп жүргендей күй кешемін,
Алматының көшелерін аралап.
Тектіліктің жалғастырып ұлы ісін,
Бұл жалғанның іздеп келем дұрысын.
Алматыға бағыт-бағдар алмаған,
Өткен, жиырма сегіз жылым құрысын!
Бірізділік – талапкердің талабы,
Кітап – ақыл-парасаттың шарабы.
Шығармашыл жасты жақсы көреді,
Өзін биік санағандар тарабы.
Руханияттан жырақ кету – ар маған,
Жырдан басқа дүниеге көз салмағам.
Жақсартуға тырысқан өз ағзасын,
Алматының көшелерін шарлаған.
Материалдық мәселеден бездірген,
Арбатында жайлылықты сездірген.
Республика алаңында сыр шертіп,
Бір құдірет көшелерді кездірген.
Кептелісте құрып біраз уақытың,
Қол жетпестей сағым болар бақытың.
Жазушылар одағының алдында
Бекжандармен қатар тұру – жақұтың.
Шайханада Бақытқа жыр оқыған,
Жас ақындар сөз шарттарын тоқыған.
Ұйқас, буын, бунақ жайлы ой тербеп,
Бір-бірінің кемшілігін шоқыған.
Алматыны шексіз сүю – айыбы,
Анықталса қаңғыбастар байыбы.
Таудан құлап кеткен меруерт тасыңдай,
Өмірде жоқ қаламгердің зайыбы.
Ұлы істер қателіктен құрылар,
Ұлағатқа аттың басы бұрылар.
Бір тылсым күш жетелейді Кеңсайға,
Ағырапқа айналдырған ұлылар.
Бірін-бірі сыйлағанмен тірілер,
Бәрібір де пенделігің білінер.
Әрбір күнін аңыз қылып өткізген
Жер астында жатыр, шіркін, ірілер!
КЕҢСАЙ
Төбені мекендеген өлмейтіндер,
Бір рет те тәтті ұйқысын бөлмейтіндер.
Мәңгілік ұлтқа қызмет еткенімен,
Қалдырған сара жолын көрмейтіндер.
Тарих боп ұрпақтарын сусындатқан,
Тағзым ет, ұлыларға түсіп аттан.
Екінші өмірлерін жалғастырып,
Кеңсайда шалқасынан түсіп жатқан.
Салынған тас-мүсіннен тұйық мекен,
Қойнында жатқандармен биік екен.
Еңбегін сіңіргендер орналасқан,
Кеңсайды өмір-бақи сүйіп өтем.
Ажалға мойынсынған фәни-жалған,
Тұлғаның қай кезде де сәнін алған.
Саналы ғұмырыңа есесіне,
Өткеннің ұмытылмас мәні қалған.
Бабамның аруағына тәу етемін,
Өзіне пана қылған тау етегін.
Ғылымда жасалғаны бұрмаланса,
Шындығын іздеп, бірден шәу етемін.
Кеңсайға басымды иіп, барып қайттым,
Жер-көкке сыймасымды налып айттым.
Қазір жұрт кітап, газет бетін ашпай,
Болған деп оқырманы «ғарып» сайттың.
Кеңсайдан кеткім келмей, қалғым келді,
Қабірді қуысынан алғым келді.
Төле би көшесімен кері қайтпай,
Төбеге жиғым келген қарғын елді.
Қосылып жақсылардың қатарына,
Аттанбақ болған ақтық сапарына.
Кеңсайдың бір бұрышын армандайтын
Жандардың істегені сапалы ма?!
Өткенге тағзым ету – парызымыз,
Бітпейді ел алдында қарызымыз.
Ұлының тасқа қашап жазғанындай,
Қардағы сақталмайды бар ізіміз.
Кеңсайдан осындай ой мазалайды,
Тау өзі төмпешікті жазалайды.
Рухтары желеп-жебеп қана қоймай,
Тәкаппар кеудеңді де тазалайды.
Ұлылар ұлы болар сонысымен,
Ертеңге дерек жиған қонышымен.
Өзіне тартып тұрар Кеңсай, шіркін,
Тұғыры биік тұлға қонысымен…