«Ауыл қаламгерлері»
18.07.2024
540
0

Ерлан Аманқожаұлы 1987 жылы 17-қарашада  дүниеге келген. Павлодар облысы, Май ауданы, Көктөбе ауылында тұрады. Май аудандық мәдениет және ойын-сауық орталығының  әдіскері болып жұмыс істейді.
2019 жылы Ақсуатта өткен Халықаралық айтыстың бас жүлдесін еншілеген.
«Сакура» жыр жинағының авторы.

Ерлан Аманқожаұлы

***
Бәрі өзгеріп кеткен қазір,
Жол қысқа,
Тағдырлардың бәрі өзгерген сол қыста.
Сен келді деп менің туған далама,
Алағызғам жүрегімді қолға ұстап.

Көңіліңде әлі де өкпе, зіл бар ма,
Маңдайыма жазған сөзді біл қарға.
Қауырсынын сыйлап кеткен құсым ең,
Жатқанымда қырық құлаш зынданда.

Тұтандырып қауырсынды…
Жүрекке ем,
Құтылып ем тас қараңғы түнектен.
Бірақ біздің алдымызда мың белес,
Тұрды күтіп толқыны асау мың өткел…

Мені қойшы, сен өмірді сүй құсым,
Мәңгі өлмейтін махаббатқа құй мүсін.
Тоғыз жолдың торабында қоштасып,
Таба алмадық қайта айналып қилысын.

Көрем бәрін несібелі сорымнан,
Бір қайыры болар мүмкін оның да.
Сыйлап кетер қауырсыным жоқ менің,
Құтқарушым, сен жаңылма жолыңнан!

***
Ақын ба екем,
Жетпейтіні ақылым,
Өлмеспін деп қиялдаппын сар таңға,
Тереземді баспалап кеп ақырын,
Айдан бұрын асып кеттің арқанға.

Соңғы тост,
Оны саған ұсынам,
Көңілім ғой екіленбей ал, жаным.
Жалған емес,
Жүрегімнің тұсынан,
Жұлдыздардан бұрын тиді қанжарың.

Қателестім,
Шайырлардың күйін ұқ,
Жандары асау бола алмайтын кісі ұғып.
У құйылған кесеңді үнсіз қиылып,
Күннен бұрын кеттің ептеп ұсынып.

Періштелік ұғымдарға тән ойы,
Жазылмайды екен жырдың жарасы.
Өлтіргелі келгеніңді әдейі,
Өлгеннен соң білгенімді қарашы!…

Шалқу
Пай, мынау Алматы,
Алатау сеңгірден,
қарасаң…
Көзелер мен ішкен,
Көшелер мен жүрген.
Көзіңе ұрады,
тұрады
Шараптың дәмі ме,
Тамақтың дәмі ме
Бір кетпей ернімнен.
Сұлуды құштық деп,
Шарапты іштік деп
шайқадық,
Найқалып нармая жүріспен.
Арғымақ мінгізіп,
Білезік кигізіп күмістен.
Жұлдыздар көз сүзсе жалт қарап,
Айды алып беретін мәрт Талап.
Сүйініп тұр іштен.
Метро ішінде…
Бұлдырық кеудеге озды үміт,
Неліктен бұл әлем,
Үндесіп күнәмен
Тұрады-ей көзге ұрып.
Езуге най қысып,
түтіні айға ұшып,
ал содан жатар ма ем,
Түселдің  төсегін тоздырып.
Алматы қартайып қалыпсың…
мен келмей,
Шайырлар шалқыған мүйісте сенделмей
жүруді жөн көрмей…
Әй, бірақ асаулар сыймайтын шаһар бұл,
Айнала жосындар жазылған шеңбер ғой!
Қош енді!
Мен де бір бұлт едім нөсерлі,
Зеңгірге қалықтап қиялым,
Шөлдеген белдерге құямын.
Қайыршы дүние кесеңді,
Қанеки, тос енді!

Әже
Таусылып бітпес көп шаруаң,
Қызығы барды әр үйдің.
Асқан-ды әжем тоқсаннан,
Мінезі шығып сәбидің.

«Алыстап ұзап кетпе», – деп,
Алаңдап менен жүретін.
Болымсыз іске өкпелеп,
Орынсыз жылап, күлетін…

– Сапарға шығам…
– Қарайла!
– Қарайла, – дейтін сол адам.
– Өлмеңіз әже жарай ма?
Ұзамай қайта оралам.

– Сарыарқа деген дала бар,
– Естігем, білем, көрмедім.
– Самарқан деген қала бар,
– Әкем ғой, балам, ол менің.

Қимайды-ау мендей еркені,
Барлығын іштей сезінген.
Басыма бүркеп көрпені,
От құлап жатты көзімнен…

Қимаудың, сірә, не екенін,
Қиналып тұрып түсінгем.
(Кешірші, әже, кетемін,
Кетемін дедім ішімнен!)

«Балам, мен түнде түс көрдім,
Кететіндейсің шалғайға…
Көре алмай кетсем не істермін?
Бармай-ақ қойсаң болмай ма?!…»

Айтқаным соңғы сол білем,
Кептеліп тұрды көмейім.
«Кетпеймін, әже, болды мен,
Далаға шығып келейін»

Барады үміт қайда алып,
«Туған жер түбі кешер», – деп.
Тоқымдай бұлтқа айналып,
Құйдым-ай содан нөсерлеп.

Келемін тағы келемін,
Топырағыңа аунармын.
Мөлдіреп қалды өлеңім,
Жапырағында талдардың.

Әжем де мәңгі мекенге
Аттанды…
Қайтем тағдырды.
– Шақыршы, – депті кетерде,
– Далаға кеткен әлгі ұлды!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір