Жобалар нәтижесі – ауыл келбетінде
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу жобалары аясында ауылшаруашылығында атқарылып жатқан жұмыс нәтижесін ауылдың бүгінгі келбеті мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен көруге болады.
Биыл Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларға бюджеттен 17,3 миллиард теңге бөлінген. Қазына қаржысы ауылдарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімдігін қамтамасыз ету және көпшілік үшін жайлы орта қалыптастыру міндеттерін шешуді көздейді. Осы мақсатта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі жүзге тарта жоба қолға алынбақ. Оның ішінде 2 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 10 мәдениет және 8 спорт нысанының құрылысы жүргізіледі. Алты білім беру ошағы күрделі жөндеуден өткізіледі, сондай-ақ электрмен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру көзделген. Жалпы ұзындығы 198 шақырым болатын ауыл көшелерін орташа жөндеуден өткізу жоспарланып қойған. Өткен жылы 15,8 миллиард теңге бөлінген «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 103 ауылдық елді мекенде үш жүзден аса инженерлік-инфрақұрылымдық жоба іске асырылған. Нәтижесінде 8 дене шынықтыру және сауықтыру кешені, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, елді мекендердің әлеуметтік-мәдени жағдайы уақыт талабына жақындай түсті. Сонымен қатар бір спорт, бір денсаулық сақтау және бір білім беру нысанының қазандығы қайта жаңғыртудан өтті. Екі білім беру, 1 денсаулық сақтау, 3 мәдениет орны нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, ұзындығы 298 шақырымды құраған ауыл көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауыл халқын жұмыспен қамту шаруашылық салаларының дамуына, кәсіпкерліктің кең қанат жаюына байланысты болмақ. Осы мақсатта қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының аясында биыл облыста 1700-ге тарта жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл жобаны іске асыруға бөлінген 10,5 миллиард теңге қаржыға 1 200 өтінімді несиелендіру арқылы мүмкін болмақ. Жоба талаптарына сәйкес бөлінген қаражаттың 50 пайызы мал сатып алуға, қалған жартысы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қажеттігі мен азаматтардың жеке кәсіп ашуына жұмсалатын болады. Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласында 5,2 млрд теңгеге 911 өтінім несиелендіріледі. Өсімдік шаруашылығындағы жобалар үшін 5,3 млрд теңгеге 289 өтінім, жеке кәсіпті жолға қою мақсатында 1031,0 млрд теңгеге 116 өтінімді қаржыландыру жоспарланған.
Былтыр облыста аталған жобаға бөлінген 24 миллиард теңге қаржы толығымен игерілді. Ауыл шаруашылығының түрлі саласында жұмыс істеп, кәсібін дамытуды көздеген азаматтардан түскен 4 073 өтінім мақұлданып, несие қаражаты берілген, төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылып, ауыл халқының төлем қабілетін көтеруге ықпал еткен.
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ