«Ауыл қаламгерлері»
Қадірлі оқырман, газетімізде «Ауыл қаламгерлері» атты арнайы баған ашылды. Былтырғы жылдың қазан айында «Ауыл» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, ауыл-аймақтардағы қаламгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттау бағытындағы іс-шараларды бірлесіп атқаруға уағдаласқан-ды.
Қазірге «Ауыл қаламгерлері» бағанында ірі қалалардан шалғай жатқан ауылдық елдімекендердегі ақындардың шығармаларын жариялауды жоспарлап отырмыз.
Қазақтың қалам ұстаған әр перзенті қасиетті ауыл топырағына кіндігімен байлаулы. Ауылда қалып, қаламына адалдығынан айнымаған аға, бауырларымыз дәл осындай қолдауға аса зәру. Болашақта «Ауыл қаламгерлері» бағаны ауылдағы әдеби процестің айнасындай болатын айшықты айдарға айналады деп сенеміз.
Жабайыл БЕЙСЕНОВ,
Абай облысы, Үржар ауылы
Ауылым
Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім – ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы еді ауылым.
Жастығымның куәсі,
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы,
Бұрқыраған ауылым.
Биік-биік шың құзға,
Құмар қылған ауылым.
Бүлдіршіндей бір қызға,
Сыңар қылған ауылым.
Әнмен таңды атырып,
Ән салдырған ауылым.
Сары қымыз сапырып,
Тамсандырған ауылым.
Көк түтінді шұбатып,
Желек созған ауылым.
Ай көрмесем құмартып,
Жүрек қозған ауылым.
Көк торғындай көктемде,
Сағым қуған ауылым.
Алыс сапар шеккенде,
Сағындырған ауылым.
Алакөлдің желі бар «Ебі» деген
Бір долданса, бір апта еңіреген,
Алакөлдің желі бар «ебі» деген.
Жағаласып, жұлқысып қысы жазы,
Сырлас болып кеткен бар еліменен.
Аң-таң бұған Жоңғардың тауы да әлі,
Таусылмастай мәңгілік ағылады.
Ап дегенде танытып әлсіздігін,
Ши мен бұта бас шұлғып табынады.
Қалың қопа қамыс та жапырылып,
Алакөл де аунайды сапырылып.
Ұсақ-түйек, шөп-шалаң билеп ұшып,
Шалшық суға құлайды матырылып.
Ағаштан да қақиған әл кетеді,
Жер дүние жел болып әндетеді.
Гуіл, шуыл, күрсіну,ыңырану,
Жындар қаптап кеткендей жерге тегі.
Бар келгенін қолынан қалмай іркіп,
Күздің шаңын көтере көзге бүркіп.
Сүйреп шыққан сырмақтай
үйден сыртқа
Кең даланы алады қағып-сілкіп.
Сағындым Алакөлімді
Бесігім болып толқының.
Айдыныңда толқыдым.
Жағаңа шықсам жатушы ем,
Қытықтап құмның қолтығын.
Арулар жүрген аққудай
Сезімнің отын жақты ұдай.
Жетіп барсам қасына,
Қараса қайтем жақтырмай.
Тағы да ойым бөлінді.
Қандырам қалай шөлімді?
Арулары айқасқан
Сағындым Алакөлімді.
Менің екі мекенім
Өткізіп талай жылдарды,
Өмірім көктеп, гүл жарды,
Мекен етіп келемін,
Мақаншы мен Үржарды.
Үржарды ұғып байқағам,
Алма бақтар айтады ән,
Салқын белден жел ессе,
Шалғын болып шайқалам.
Аралап сайын орманын,
Шиырладым жолдарын,
Табиғатын тамаша,
Жырыма қосып толғадым.
Мөлдіреп жатқан бұлағын,
Көрсем аттан құладым,
Кезіп гүлді даласын,
Кештім жасыл құрағын.
Өткен жастау шақтарым,
Мақаншым болды мақтаным,
Алакөлдің атырдым,
Жазғы шуақ ақ таңын.
Барқытбелдің етегін,
Жылда сайран етемін,
Жаныма жақын осы өңір –
Менің екі мекенім.
Менің де пірім – Жайтөбе
Жайдары жаз көктемде,
Алакөлге беттерде,
Бір тоқтамай өтпейді ел,
Жайтөбеге жеткенде.
Демімді мен де аламын,
Бір тыныстап қаламын,
Сонаң соң шолып байқаймын,
Мақаншының алабын.
Қызығы өзге не керек,
Қаптай ұшса көбелек,
Гүлге айналып кетеді,
Сан құбылған төңірек.
Толықсып-толқып гүл, құрақ,
Алыс маңай бұлдырап,
Мәз болады көрген жұрт,
Шапалағын ұрғылап.
Қызыққа оңай алданба,
Аңқау болма жалғанда,
Шың қызықтың көкесін,
Көресің көлге барғанда.
Шығармай жүр санаңнан
Жүрсең де байқа асығып,
Қалмасын жерде басылып,
Жайтөбенің бауырыңда,
Өлеңім жатыр шашылып.
Қыста да, жазда келіңдер,
Көңілге ерік беріңдер,
Түбінде жатқан әр шөптің,
Жырларымды теріңдер.
Сырластарым үңілсін,
Құрдастарым ұғынсын,
Кейінгі жас балалар,
Алақайлап жүгірсін.
Жайтөбеден нәр алған,
Жүрегімнен жаралған,
Шығармаңдар ағайын,
Жырларымды санаңнан.
Мен үшін жердің сауыры
Мен үшін жердің сауыры –.
Барқытбелдің бауыры.
Өмірімнің бірге өтті,
Жеңілімен ауыры.
Осында жан боп жаралып,.
Есейді шағым балалық.
Шарлаған алыс-жақынды,
Жолдарым жатыр таралып.
Жалықпас кезсем күн ұзын,
Даласы дархан қызығым.
Тыңдап өскен ұлымын,
Қурайының ызыңын.
Суында балдай татамын,
Тасына тіл қатамын.
Дөңіне шықсам бір биік,
Қисая кетіп жатамын.
Үржарым
Жаз болса жайқалып
гүл ырғалатын.
Жалғаған Жетісуға бір қанатын.
Күнгейін Барқытбелдің алып жатқан,
Білмейтін жан барма екен
Үржар атын.
Кілемдей бассаң жерін – жасыл ала.
Құмарың бір аунамай басыла ма?
Қарасаң қайта-қайта көзің тоймас,
Қыналы қызыл күрең тасына да.
Үзіп жеп, араласан алма өрігін.
Жасарып кететіндей мәңгі өмірің.
Саумалдай самал желін
жұтқан сайын,
Сайрандап кетеді алыс
сал көңілің.
Айшықты ажары бар ақпанда да.
Сиятын қалай айтсан мақтанғанда.
Аяғын Алакөлге соза түсіп,
Үржарым – жер сұлуы жатқан дара.
ПІКІРЛЕР1