Ауыл қаламгерлері
10.04.2024
380
1

Ардабек
АҚБАБАҰЛЫ,

ШҚО,
Зайсан ауданы,
Жаңатұрмыс
ауылы

Малшы өмірі

Қазан ұрмай…
Қар жауып, қара жерді қаза қылмай.
Қазылмаған қабірге қан боп сіңген,
Жазылмаған тағдырды жазам ылғай.

Қарашада…
Жер ошаққа от жағып оңашада.
Қамалып отырамын қара түнге,
Оранып анам тіккен алашаға.

Желтоқсанда…
Жердің бетін көшіріп жел соққанда.
Кемігін көрем кейбір кемелектің,
Бөрінің ізі қалған тар шатқалда.

Қаңтар айын…
Мал соңында өткеріп малшы ағайын.
Ішінде ұйықтап кетіп қара қостың,
Түсінде көреді ылғи хан сарайын.

Наурызда ән…
Молшылықтан татамыз бәріміз дәм.
Көппен еріп көпкөже ішкен сайын,
Көктем еріп жүреді соңымыздан.

Сәуір айын…
Сақман шал етеді сары уайым.
Көпшігіне орап кеп төлдің басын,
Шөп түбіне қояды кәрі қойын.

Майда маған…
Армандарым кезігед(і) ай қараған.
Өз иісін жоғалтып сақман шал,
Қозы иісін аңқытад(ы) қой қорадан.

Маусымдағы…
Қар сәлдесі түспеген тау шыңдары.
Ауыл шалы есіне алмағанмен,
Сауыр тауы таниды даусымды әлі.

Шілдедегі…
Ырысына нұр көміп іргедегі.
Шер сіңген домбыраның шанағымен,
Тер сіңген маңдайына мұң көмеді.

Тамыз кешін…
Сәл сағынса сол бір жан мені іздесін.
Көз ілудің өзі мұң бүгін маған,
Сезімімнің сабағын жел үзгесін.

Қыркүйекте…
Қу дүние құмар ғып қу сүйекке.
Адасқам жоқ, десе де жол таппаймын,
Қара аспан кеп басыма бұлт үйіртті де.
Қазан ұрмай…
Қар жауып, қара жерді қаза қылмай.
Қазылмаған қабірге қан боп сіңген,
Жазылмаған тағдырды жазам ылғай.

Таң

Күндегідей…
Күнде батты, тарады түннен үрей.
Кірпігін қанмен бояп еңірейді,
Батар күн қабағынан мұң жерімей.

Қарауытқан…
Түнектің түрмесіне қамалып таң.
Үрейдің үйшігінен ұшып шықты,
Жан ада боп жағымсыз жаңалықтан.

Мың бір түнім,
Жылап ағад қаққанда күн кірпігін.
Ұйқысынан оятпай таң сұлуды,
Түннің уыт ұртынан мұң бүркідім.

О жарық таң…
Тамшыдайын құралған тазалықтан.
Көгіне көңілімнің көтерілді,
Көздерінен тамшылап бозамық қан.
Бірігетін…
Үміттің бірі – жалқы, бірі – жетім.
Сәуленің соңғы ұшқыны ұшып шықты,
Түнмен өліп, таңменен тірілетін.

Мезгіл мұңы,
Бей уақ…
Үлбіреген үмітімді ойып ап.
Қына қайғым тас бетіне көктеген,
Жанардағы жаңбырменен шайылад(ы).

Ымыртта…
Жасыл шарда хақ жарылған жұмыртқа.
Түн көрпесін жамылады теріскей,
Күнгейінің көлеңкесін күн ұрттап.

Кешқұрым…
Есігімді қағып тұрад ескі мұң.
Қара түннің қабағына қан қатып,
Қалмағандай құлазиды ешкімі.

Қара түн…
Қанға малып отырады қанатын.
Саусағынан ұстай алмай күн қыздың,
Сынық аймен сырласады ал ақын.

Таң сәрі…
Ерінінен алқызыл бір қан сауып.
Күншығысқа көз жіберіп отырам,
Тәңір салған таң қызына тамсанып.

Жарық таң…
Оянды әне, ұйықтаудан жалыққан.
Түн көзінен жылап ақты жалқы жас,
Тамған тамшы тырсылындай тамұқтан.

Сәскеде…
Тамырына қан жүгіртіп тас дене.
Біз бұлттар көк жиекті сөгіп бір,
Торғын тауды толтырады кестеге.

Бей мезгіл…
Қабағына қайғы қатқан қай кез бұл?
Әр мезгілге мұң көміп жүр айкезбе ұл.
Қоңыр дөңде қызды күтіп қой көз бір.

Сен – әлі сәбисің

Сен әлі өспеген сәбисің,
Деміңнен аңқыған ана исі.
Сезімнен тұтанған отты үрлеп,
Өзіңді қарисың.
Мен сені танымай кеткен күн,
Сен мені танисың.

Мендіксің, пәксің ғой шын ұқтым,
Сендік мұң – мөлдір мұң, тұнық мұң.
Сен – әлі балауса баласың,
Мен болсам – жігітпін.
Өзіңмен танысқан күні мен,
Өзімді ұмыттым.

Асулар аспаған өтпеген,
Кешулер кешпеген көптеген.
Бөктерде бүр жарған гүл едің,
Көктемде көктеген.
Сезімді тұсаулай алмаған,
Өзімді жек көрем.

Сезімнің өртеніп отымен,
Көзіңнің мұң көріп шетінен.
Байланып сен жайлы ойларға,
Ойланып отыр ем.
Бар айып менен ғой білемін,
Қояйық өтінем.

Сенсің ғой – ең тәтті жемісім,
Сенсің ғой – ең ұлы жеңісім.
Аса алмай арманның асуын,
Жасалмай келісім.
Кінәлап тағдырды жазылған,
Жылама мен үшін.

Сен – әлі өспеген сәбисің,
Деміңнен аңқыған ана исі.
Сезімнен тұтанған отты үрлеп,
Өзіңді қарисың.
Мен сені танымай кеткен күн,
Сен мені танисың.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.04.2024 | 16:09

Малшы омыры…тын дуние!коркемдыгы биык толганыска толы шыгарма дайыр ауылынан салем

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір