Ауыл қаламгерлері
09.08.2024
49
0

Асхат ЗАУАЛ-МАХАНҰЛЫ

Сенсіз…
Сен жүгіріп жүрген күнмен араны
Күндер жылжып, алыстатып барады.
Жүрегіме тамыр жайып сағыныш,
Әр күн сайын жаңа бүршік жарады.

Тағы бір күн ұясына құлады,
Білем, оның көкжиекте тұрағы.
Көз алдымда бат­ты сенсіз алаулап,
Сенсіз қайта шығады.

Сенсіз күндер өтіп жатыр осылай,
Ырзықтары минут­тарға шашырай.
Жүрегімді желкен қылып ағамын,
Бір күнімді бір күніммен асырай.

Көкжиекке қол созамын мен кейде,
Көкте күткен тылсым әуен тербей ме?
Себебі жоқ сырғи көшкен сағымға
Сіңіп келем, жүрісім бір өнбей ме?..

Өткен күн мен жеткен күннің арасын
Жалғап жатыр жырдан тапқан жарасым.
Кеткеніме ерткенімді қалдырып
Оу, алаулым, қайда әкетіп барасың!..

Сұрақ
…А, пірім, қалай қарайын,
Ақылды кімге салайын?
Отызға кірген шағымда
Пенденің көрдім талайын…

Ақсақал көрдім, саусақты
кезеген іздеп зәузат­ты.
Ақылдың кемел шағында
Алалап ақты қаусат­ты.

Жасамыс көрдім жағымпаз,
Үрпиген жалтақ, шағымпаз.
Жайраңдап жүрер шағында
Күшіктей қорқақ бағымы аз.

Еңкейген көрдім ер жасын,
Етекке тыққан өр басын.
Ел-жұртын ертер шағында
Торыған жөнсіз төр басын.

Ағасын көрдім жігіт­тің –
Елесін қуған үміт­тің.
Ініге үлгі шағында
Жалғаған жібін күдіктің.

Жігіт­тің көрдім жайсаңын,
Қайсыңды кезеп айтамын.
Жеткізбей жастық қалады
Күлдіріп, күліп… байқағын.

Хақым бар,
қармап қалайын!
Ақылды басқа салайын.
Өте ме өмір осылай
Не дейсің, тағдыр-талайым?!
* * *
Жылмиып емес, жыр үйіп келдім бір күні
Сағынып жүріп Алматы ару қаламды.
Қарсы алды қалам мұздамай мүлдем кірпігі,
Шіркін-ай, онда жатырқау жоқ қой адамды…

Көңілде желік, қойнымда дәптер жырым бар,
Өзімше толғап, өлеңмен айтқан сырым бар.
Шақырып алдан, қол бұлғаған сан арман
Арқадан қақса, ақын боп кетер түрім бар…

Желіккен көңіл жетелеп алып асығып,
Желкілдеп жетіп бардым ғой сол күн ағама.
Желпінткен көңіл желкемнен үнсіз қашты ұшып,
Қашты ұшып үнсіз желдірткен жырым – шағала!

Жымиып үнсіз, жырымды оқып аға ақын,
(ақын ғой мықты өлеңнен ләззат табатын)
Алдыма менің бес-алты кітап қойды да:
– Ал, інім, – деді, – осыны оқы, ағасың!..

…Көңілсіз шықтым, ренішпен қарап қалаға,
Тұра қаштым кеп ауылға, сосын далаға.
Сол сәт­тен бері жыр жазып жүргем жоқ мүлде,
Алдапты мені желпінткен жырым – шағала…

Шабақты-ана
Шабақты, түбің қайраң, түрің қайраң,
Бастауың шығады екен сенің қайдан?!
Жағалай қонған елдің анасы – Сен,
Арман ұшып арнаңнан қанат жайған.

Сені жұрт қу қайыр деп олқысынар,
Десе-десін, ол – оның парқы шығар?..
Өндіріне өзек қып жалғайтынын
Біле ме екен суыңның тамшысын әр…

Сылдырайсың сыр бүгіп өткен күннен,
Куәсі оның – Күн ару көкте күлген.
Сенің де бір шырқайтын әнің барын
Гүл өсірген бөктер мен көктем білген.

Өскен елдің ортақсың тағдырына,
Куәгерсің жырына, зар-мұңына.
Батар күннің сыр шертіп шапағымен,
Сырлы әуез жалғайсың таң нұрына.

Буырқансаң ай, күннің көктемінде,
Талай тағдыр көлбеген өткеніңде.
Ана болып емізіп жан біткенді,
Дән боп ақтың диханның кетпенінде.

Бір заманда адасқан «досымды ат» деп,
Қайран қазақ киіктей жосымап па ед(і),
Сарысудан көшкен жұрт Шабақтының
Суын ішіп қатарға қосылмап па ед(і)…

Өткен өмір – тағдырдың талқысындай,
Мұнартасың бұлдырап қарлы шыңдай…
Үзік-үзік моншақтай Шабақты-ана –
Үзілмейтін өмірдің жаршысындай.

…Бастауың шығады екен сенің қайдан?
Кезің сайран, Шабақты, бүгін қайран!
Жағалай қонған елдің анасы – Сен,
Өмірге өлең болып өркен жайған.

Сен деп…
Сен деп атқан ақ таңым,
Сен деп күнім батқан-ды.
Сен деп салған шат­ты әнім
Сырлы әуез боп жат­талды.

Сен деп жаздым өлеңді,
Сен деп жазғам хат­ты да.
Сен деп мұңға бөлендім,
Жүрек қаяу тапты да.

Сен деп сүйдім аруды,
Сен деп оған сыр аштым.
Сен деп отым жағулы,
Болғаннан соң тұрақты.

Сен деп шықтым шыңға да,
Сен деп күнге өрледім.
Сен деп түстім сынға да,
Сен бар жерде төрдемін.

Сен деп сүйдім Отанды,
Сен деп сүйдім тілімді.
Сенен намыс от алды,
Сен деп жүрек тілінді.

Сен деп сүйдім үйімді,
Сен деп сүйдім анамды.
Сен деп түйдім түйінді,
Құшып тұрып баламды.

Сен деп талай сыналам,
Уақыт жырын арнаса.
…Бір махаббат, мың арман
Болмаса өмір – далбаса!

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Игілік ауылы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір