Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. ҚАЛАМГЕР ҚҰПИЯСЫ
Өнер адамдарының өмір жолы әр түрлі болғанымен, тағдырларында ұқсастық бар. Өз дәуірінің жақсылығына сүйініп, жамандығына күйініп жүріп олар ұлтқа ортақ құндылықтарды дүниеге әкеліп, елдік мінезді қалыптастырады. Бірте-бірте бұл мінез болмысымызға һәм өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып, біз оны қалыпты құбылыстай бойымызда бұрыннан бар, ананың ақ сүтімен дарыған қасиеттей қабылдайтынымыз жасырын емес.

Пендені өмір тәрбиелегенімен, жүрегін адамгершілік сәулесінің шапағатымен арайландырып, тұлға болып қалыптасуына жетелейтін құдіреттің кіндік шешесі – өнер. Тіпті жүз жыл бұрын «Құдай өлдіні» тәпсірлеген пәлсапашылардың содан бергі замандарда «Өнер өлдіні» айта алмағанына қарағанда, адамзат үшін өнерден ұлы тағылым, өнерден биік мұрат қалмаған сияқты.
Осы тұрғыдан бағаласақ, қазақтың ұлы өнерін асқар шыңға көтерген біртуар тұлғаларымен етене араласып, табақтас болып, тағылымын бойына сіңіріп, тұлғаға айналып, жетпіс беске толып отырған публицист әрі әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов – бақытты қаламгер. Таяуда, оның «Mereke» баспасынан жарық көрген, он томдық шығармалар жинағын шолып шығып, осы шындыққа көзім жеткендей болды.
Шығармашылық адамының өмірлік мұраты алғашқы қадамынан-ақ менмұндалап тұрады емес пе. Кейіпкеріміздің студент шағындағы көлемі шағын дүниелерінен-ақ келешекте үлкен кітапқа, іргелі зерттеуге айналатын ізденістің ізін көріп, түбіт мұрты тебіндей бастаған бозбаланың зеректігіне тәнті бола түсесің. Көңілі тоят таппаған студенттің жазбаларынан «Артымда ұлтымның кәдесіне жарайтын қандай дүние қалдыра аламын?» деген сыңайдағы жас жүрегінен жалындаған сезім ұшқынын аңғарып, талабына сүйсінесің. Тап осы ой сексенге жақындап қалған Сауытбекті әлі де толғандырып, студенттік жылдардағы мазасыздықтың дауылы бір басылмай, әлі күнге дейін жанына тыныштық бермей келе жатқандай ма, қалай? Соңғы бір жылдың ішінде ғана оның республикалық басылымдарда айтар ойы бөлек, мағынасы терең эсселері мен мақалалары жарияланып, бірнеше кітабы жарық көрді. Қазақ өнерінің корифейлерін орыс оқырмандарына кеңінен таныстыру жолында да тынымсыз еңбек етіп келе жатқан зияткердің әбжілдігіне, санасының сергектігіне таң қалмасқа амал кем. Жас кезінде жаны мазасыздықтың дауылына ұрынып, елу жыл өтсе де содан тыным таппай келе жатқан қаламгердің, шаршап-шалдығудың орнына, керісінше, одан рахат ала түсетінінің құпиясы қандай? Табиғат та кейде өнім беруден шаршайды ғой. Ал, Саукеңнің жасына қарамай жақсылардың өнерін қазымырлана зерттеп, содан ләззат ала беретінінің себебі неде?
Әлем әдебиетінің жарқыраған күні – ұлы Толстой да сексеннің сеңгіріне таяғанында әлі ештеңе тындыра алмағанын айтып қапаланыпты. Мазасынданып, жаны тыныштық таппай күйзеліпті. Соған қарағанда ұзақ жасаған сайын жазушыға алынбаған асқарының көзді алдаған сағымдай әлі де алда болып елестеуі өнердің, мүмкін, тіпті, өмірдің бір жазылмаған заңдылығындай болып көрінеді маған. Дегенмен қанша өмір сүрсең де шығармашылық ғұмырыңның мән-мағынасын құрайтын бір кітабың болмаса, дүниеге құр қиял қуып босқа келіп, түк таба алмай босқа шаршап қайтқаның. Өнердің екі үлкен – саяси публицистика мен әдебиеттану саласында толайым табыстарға жетіп, тәуелсіз Қазақстан тарихында өз орны бар Сауытбек Абдрахмановты осы тұрғыдан алғанда жұлдызы жанған қаламгер демеске қақымыз жоқ.
Оның біз оқып шыққан «Қашаған құрықтаған Қазақстан», «Төлтума мен телтума», «Пушкинтану парақтары», тағы да басқа толып жатқан іргелі еңбектерінің өз оқырманын бейжай қалдырған кезі болған емес. «Жігітке жеті өнердің өзі де аз» деген тәмсіл осындайда еріксіз ойыңа оралады. Бәзбіреулер бір саланың өзінде мандытып маңызды ештеңе тындыра алмай жүргенде Сауытбек Абдрахмановтың отандық журналистикада да бәйгенің алдын бермей, әдебиеттануда да аузын айға білеген академиктер мен профессорлардың аузын ашқызып, көзін жұмғызатын салиқалы еңбектерді жазып, оза шабатын қаламгерлік қуатының құпиясы неде? Жүйрік аттай құйындатқан дәуірмен жарыса жүріп, уақыттың шаңына көміліп қалмай ол Пушкиндей ұлы ақындардың шығармашылығы туралы парасатты дүниені туғыза алатын шалқар шабытты қайдан табады? Бұл қиын сауалдың өз ісіне бар жан-тәнімен берілген адалдықтан басқа да жұмбағы болса керек. Тәуекел етіп, шамамыз жеткенше, сол жұмбақтың түйінін тарқатуға тырысып көрейік.
Гетенің «Фаустында» жер рухының «Сен өзің танымақшы рухқа теңсің» деп айтататыны есіңізде шығар. Қазақтың Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбай, Ақселеу Сейдімбек секілді ойы терең, парасаты биік қабырғалы қаламгерлерінің замандасы, һәм рухтасы болған Сауытбек Абдрахмановтың әр жазған дүниесінен байқалатын парасат пен пайым, мейлі ол публицистикалық мақала, эссе немесе көркем очерк болсын сол суреткерлердің бойынан жұққан асыл қасиетке көбірек ұқсайды. Міне, сондықтан да оның қаламынан туған кез келген дүниесі көркем шығармадай оқылады. Жалықтырмайды. Оқырманын сүйсіндіріп, келесі еңбегінде алған тақырыбының жілігін қалай шағып берер екен дегізіп, ынтызарлығын арттыра түседі. Айтқаныма көз жеткізгіңіз келсе, «Қашаған құрықтаған Қазақстан» деп аталатын біздің мемлекеттің сыртқы саяси қызметіндегі ірі оқиғаларға арналған мақалалары мен сұхбаттарынан тұратын кітабын оқып көріңізші. Заманның тынысын сезінгендей әсер аласың. Қазақстан мемлекетінің әр түрлі тарапта жүргізіп жатқан салиқалы саясатының тереңіне бойлап, тәуелсіздігіміздің қадыр-қасиетін түсініп, осы жиырма жыл ішіндегі толайым табыстарымызды таразылап, тәубеңе келесің. Қарымды қаламгердің бұл ерекшелігі туралы кітапқа алғысөз жазған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтыпты: «Кітап авторы шынайылықпен және бейнелі суреттеген көптеген оқиғалар маған таныс, өйткені мен оларға тікелей қатыстым. Сондықтан да С.Абдрахмановтың қолынан турашыл да адал шежіреші болу миссиясы келгенін толық жауапкершілікпен айта аламын».
Сауытбек Абдрахмановтың «Пушкинтану парақтары» еңбегін оқып шыққанымызда әңгімеміздің бірінші бөлімінде сөз қылған, қаламгердің публицистикалық шеберлігінің құпиясын оның әдебиетті терең білетін парасатымен байланыстырмасқа әддіміз қалмады. Уақытында әдебиетіміздің ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың ғалым інісінің әдебиеттанудағы жанкештілігіне сүйсініп, баспасөз бетінде жазған мақаласын оқыған едік: «Сауытбек бауырымның жарық көрген зерттеулерiн өз архивiме ұқыпты жинап жүремiн. Өйткенi қажет. Мәселен,
А.Пушкин шығармасындағы түркi нәсiлдес сөздердiң тiзбесi, С.Абдрахманов түгендеген… Анда-санда аударыстырып қарап қоям, балаларыма, немерелерiме айтып берем… Мәндi, мәйектi мағлұматтарға олар да қызыға қарайды, таңдай қағады», – деген болатын поэзиямыздың тарланы. «Пушкинтану парақтарын» оқып шыққанымызда Мұзағаңның таңданысының сырын түсінгендей болдық. Әдебиет зерттеушісінің Пушкиннің асыл туындыларының қазақ оқырманына жетуінің жекелеген қырларын жаңаша пайымдаған кітабын оқи бастағанымда-ақ ол мені өзінің жұмбақ әлеміне тартып әкетті. Кітапты оқып шығып, соңғы парағын жапқанымда қазақ топырағына адамзат мәдениетінің бір уыс дәні болып шашылған Пушкиннің ұлылығын, дарқан даламыздай даналығын қазақтың көзімен көргендей әсер алдым. Ұзақ уақыттан бері сырласпай кеткен ескі досыммен қауышып, мауқымды басып, шерімді тарқатқандай жеңілдеп қалдым. Ұлтымыздың біртуар перзенттері Махамбет, Абай, Мұхтар, Мағжан, Жүсіпбек, Бейімбет… секілді алыптарымыздың әдебиетіміздегі алатын орнын әлі толық шегелеп бере алмай жатқан шағымызда, Сауытбек Абдрахмановтың бүге-шігесіне дейін зерттелген Пушкин тақырыбына соншалықты ыстық ықыласпен үңілген ізденісіне алғашқыда таңдана қарағанымыз да рас. Тіпті әр өлеңінің тарихын бақайшағына дейін талдаған тұтас бір диссертациялық еңбектер жазылып тасталған поэзия тарланы туралы тың ой айтудың мүмкін еместігін өзге түгіл, автордың өзі де мойындапты: «Пушкиннің шығармашылығын сөз еткен адамның дәл қазір қаншама талпынып, талмай танбай тырбанса да, соныдан соқпақ салып, тыңнан түрен түсіріп кете қоюы неғайбыл». Оның үстіне ақын жайында жазылған кітаптардың, мақалалардың көптігінен басың айналып, көзің тұнатын болса, бұл тақырыпты індетудің қажеті қанша? Мысал үшін «Библиография произведений А.С.Пушкина и литературы о нем. 1937–1948» деген бір ғана жинақта ұзын саны 7012 кітаптың, зерттеудің, рецензиялық мақаланың аты тіркелген екен. Жарияланған басылымы көрсетілген 747 беттік бұл кітап небәрі он жылды, оның өзінде елде баспа да көбейе қоймаған, газет-журнал да аз шығатын отызыншы, қырқыншы жылдардағы он жылды қамтығанын, оған облыстық, аудандық газеттердегі жарияланымдар енбегенін, ең бастысы, шет тілдердегі, Кеңес Одағының ұлт тілдеріндегі дүниелердің атымен сырт қалғанын ескерсек, пушкинтанудың алапат ауқымын өзіңіз де аңғара аласыз. Солай бола тұрса да, қазақ оқырманы үшін бұл кітап – үлкен олжа. Өйткені біз Пушкиннің көл-көсір мұрасына қазақтың жанарымен қараған және оның асыл қазынасына қазақтың көзімен баға берген іргелі еңбекпен тұңғыш кездесіп отырмыз. Осы уақытқа дейінгі аралықта отандық әдебиеттануымызда Пушкин туралы жекелеген мақалалар ғана болмаса, ұлы ақынның ұлттық мәдениетіміздегі алатын орнын белгілеп беруге талпыныс жасаған, монографиялық еңбекке татитын, тұтас бір кітап жазған кесек туындыны оқыған емеспіз. Өз дәуірінде австриялық жазушы Стефан Цвейгтің француздың ұлы жазушысы Бальзак, Францияның әйгілі қаламгері Ромен Ролланның орыстың ұлы жазушысы Толстой, ал орыстың әдебиеттанушысы Алексей Виноградовтың Стендаль мен Байрон туралы кітап жазғандарын әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Ендеше тәуелсіздік алғаннан кейін өзге елдің мәдениетін еміп туған ұлы ақындардың шығармашылығы туралы іргелі еңбектердің қазақ топырағында да дүниеге келе бастауын қуанышпен қабылдауымыз керек. Әсіресе, өркениетті елдердің бәрі де маза таппай, әлемді табыстыратын жалпыадамзаттық құндылықтарды іздеп жатқан өліарада, егемендігін кеше ғана алып, ұлтының тәуелсіз санасын қалыптастырғысы келетін Қазақстан үшін Пушкин сияқты ұлы ақындардың еңбегіне үңілудің маңыздылығы бұрынғыдан бетер арта түседі. «Шайнап берген ас болмас» десек те, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін әлемнің ұлы ақын-жазушылары туралы Ресей сыншыларының танымына сүйенуден әріге аса алмай келеміз. Етіміз үйреніп кеткені соншама, бізге ылғи да олардың шығармашылығына басқаша көзбен қарау мүмкін еместей болып көрінеді. Сауытбек Абдрахмановтың еңбегі орыстың ұлы ақынының даналығы мен даралығына басқаша көзбен қарауға жетелейді. Ұлы Абайдың неліктен орыстың ең алғашқы ұлттық ақынының шығармашылығына соншалықты терең үңілгенінің астарлы себебін түсіндіреді. Әрине, көзінің майын тауысып, жүздеген кітаптар мен мақалаларды қайта-қайта оқудың арқасында дүниеге келген іргелі еңбектің құндылығын түсіндіріп беру үшін бір мақаланың аздық ететіні өздігінен түсінікті. Ондай мақсатты алдымызға қойған да жоқпыз. Біз бұл мақаламызда қолымыздан келгенше қарымды қаламгердің журналистикада да, әдебиеттануда да оза шабатын шығармашылық шеберлігінің құпиясын табуға тырыстық. Күрделі болып көрінгенмен, ол сауалдың жауабы біздің ойымызша қарапайым ғана. Жазушы Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтсақ, ол – өнердегі мінез. Ол – уақыт толқынымен ағып кетпей, бәрін де сабырмен, бойына жинаған білімімен жеңуге тырысатын төзімділік. Ол – тәуелсіз Қазақстанның тарихында болып жатқан өзгеріс пен оқиғалардың бәріне де мемлекет мүддесі тұрғысынан қарап, мемлекетшіл азамат ретінде сөйлейтін парасаттылық. Ол – бір үлкен анықты дәлелдеу үшін, кітапханалардың шаңын жұтып, жүздеген еңбектерді оқып шығудан ерінбей, алған тақырыбының түбін түсіріп зерттейтін жанкештілік. Ол – сеңдей сіресіп қатып қалған қағидаларды бұзуға тәуекел етуден қорықпайтын өжеттілік. Ол…