Сахнадағы сиқыр: қуыршақ театры артисінің құпиясы
14.01.2025
227
0

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры – еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ерекше өнер ордасы. 1935 жылы негізі қаланған бұл театр қазақтың ұлттық мұрасы мен әлемдік қуыршақ өнерінің үздік дәстүрлерін үйлестіре отырып, көрермендерге жоғары деңгейдегі қойылымдар ұсынады. Театр жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау және тәрбиелік мәні зор қойылымдар арқылы рухани азық сыйлау бағытында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, театр ұжымы халықаралық фестивальдер мен байқауларда еліміздің мәдениетін танытып, Қазақстанның абыройын әлемдік сахнада биіктетуде. Мұнда өз ісіне шын берілген, жан-жақты кәсіби мамандар қызмет етеді. Солардың бірі – ерекше шеберлігімен танылған, Мәдениет саласының үздігі, талантты қуыршақ жүргізу шебері Қаюов Бақытжан Шадиярбекұлы. Биыл өнерпаз ердің жасы 50-ге қадам басып, қастерлі театрда қызмет атқарып жатқанына 25 жыл толып отыр. Мерейлі күнде сұхбаттасудың сәті келді.

— Бақытжан аға, Сіздің қуыршақ театрына деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?  

— 2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргеннен кейін Алматыдағы өнер ордаларының қара шаңырағаның бірі – Қуыршақ театрына актер болып қабылдандым. Алғаш келген сәтімде театрдың бүгінде бойтұмарына айналған, қуыршақтардың алуан түрі өнер көрсететін «Тарқамайды тойымыз» («Қуыршақ думан») қойылымының өте жоғары деңгейде сахналанып,  бір көрген жанды сиқырымен баурап алатынын түсіндім. Ол жердегі дарынды артистердің кәсібилігі, қуыршақ жүргізу шеберлігі қатты тамсандырып, мені бірден таңғажайып қуыршақтар әлеміне баурап алды. Өкінішке қарай, оғанға дейін Қуыршақ театрында аталмыш спектакльдегідей жоғары деңгейдегі қойылымдар сахналанады деген ой маған келмепті. Жіптіктей жігіттер мен қыздар, бірдей сахна костюмдері, көздің жауын алатын тамаша қуыршақтар… Ол кезде белгілі иллюзия шебері Сұлтанғали Шүкіров театрдың бас режиссері болатын. Сол кісінің қарамағында тәрбиеленіп, өнердің қыр-сырын меңгеріп, өте көп құнды дүниелер үйрендік. Сахнада жүріп-тұру, сахна қозғалысы, қуыршақпен жұмыс істеу, қуыршақтарды сахнада синхронды түрде бірдей жүргізу, керемет шеберлік сағаттар, пластика, биге өте көп ден қоятын. Қуыршақ жүргізу шеберлері Сәбила Абуева мен Владислав Беркин екеуі режиссердің көмекшісі болып қызмет атқарды. Театр табалдырығын алғаш аттаған мен үшін қуыршақтың құлағында ойнайтын жандардың еңбектері мен мамандыққа деген махаббаттары мені шабыттандырып, қызығушылығымды арттыра түсті.

— Қуыршақ театрының өнері арқылы қоғамға қандай құндылықтарды жеткізуге болады деп ойлайсыз?

— Қуыршақ театры – қоғамға мәдени, моральдық, және рухани құндылықтарды жеткізудің тиімді құралы. Оның ықпалы жан-жақты және терең, өйткені ол адамдардың сезімдері мен қиялына әсер етіп, күрделі идеяларды қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізе алады. Оның ішінде адамгершілік және этикалық, ұлттық және мәдени, рухани, әлеуметтік, танымдық және тәрбиелік, төзімділік пен бейбітшілік, экологиялық, жеке тұлғаны дамыту сынды құндылықтарды атап өту қажет. Театр – мейірімділік, әділдік, отбасылық байланыстар, ұлттық мәдениет сияқты маңызды тақырыптарды көтеріп, адамдарды жақсылыққа, бірлікке және шығармашылыққа жетелейді. Осылайша, қуыршақ өнері көрерменнің рухани, мәдени және әлеуметтік өмірін байытып, қоғамды жақсартуға ықпал етеді. Кейіпкерлердің шынайы әрі жанашыр әрекеттері арқылы адамдар бір-біріне көмек қолын созу, кешірімді болу және қамқорлық жасау сияқты құндылықтарды түсінеді. Халықтың тарихи аңыздары, ертегілері және салт-дәстүрлері насихатталады. Бұл жас ұрпақты өз мәдениетіне құрметпен қарауға үйретеді. Қуыршақ театрларының фестивальдері әртүрлі мәдениеттер арасындағы диалогты дамыта отырып, толеранттылықты қалыптастырады. Қуыршақ театрының көркемдігі мен шеберлігі көрерменнің эстетикалық сезімін тәрбиелейді және өнердің рухани мәнін ұғынуға көмектеседі.

— Осы салада 25 жыл уақыт бойы жұмыс істеп келе жатырсыз. Осы аралықта қандай өзгерістер болды? Қуыршақ театры қандай бағытта дамыды?

— Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында қызмет етіп  жатқаныма біраз жылдың жүзі болды. Осы аралықта театрда үлкен өзгерістер болды. Театр репертуары көптеген жаңа қойылымдармен жаңартылды. Талантты азамат пен азаматшалар жұмысқа орналасты. Басты көрермендеріміз кішкентай бүлдіршіндер болса да, театр форматы өзгеріп, ересектерге арналған қойылымдар сахналай бастадық. Бұл үлкен сара жолдың бастамасы болды. Жаңа қойылымдар арқылы шетелде халықаралық деңгейде өтетін фестивальдерге шақырту алып, үлкен театрлармен үзеңгілес өнер көрсетіп, өзіміздің ұлттық қуыршақ өнерін таныстыра бастадық. Абай Құнанбаевтың қара сөздеріне негізделген «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» қойылымын, батыстың белгілі классик жазушы-драматургтерінің «Медея», «Шал мен теңіз», «Ромео мен Джульетта», «Макбет», «Ана-Жер Ана» сынды шығармалары сахналанауда. Аталмыш спектакльдер бірталай фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осы қойылымдар театр көрермендерінің көзайымына айналып, үлкен белесті бағындырып отырғанын мойындатты. «Жақсынының жақсысын айт нұры тасысын» дейді, осы 25 жылдың өзінде театр жақсы жаққа дамыды. Заман талабына сай әлі де дамитынына сенімдімін. Алатын белестері көп.    

— Сіздің мансабыңызда ең есте қаларлық, ерекше сәттерді атасаңыз.

— Бұл қызмет жолында есте қалар сәттер өте көп. Еңбек адамы үшін еңбектің еленуі үлкен қуаныш. 25 жылдың ішіндегі еңбегім бағаланып, кеудемізге небір жарқыраған жұлдыздар тағылды, марапттар берілді. Сондай-ақ, «Шал мен теңіз» қойылымындағы рөлім үшін Петропавл қаласында драма театрларының қатысуымен өткен театр фестивалінде «Үздік актер» номинациясы бойынша марапатталдым. Мен мұндай қуанышты сәттер орын алады деп ойламаған едім. Осы жетістіктерге себепші болған әріптестеріме, қара шаңырақ театрыма алғысым шексіз. Және де үлкенді-кішілі берілетін әр рөлімді сахналап, асығы алшысынан түскен кейіпкерлерімді сахнаға шығарғанда қатты қуанамын. Мен үшін осындай әр сәт – ерекше есте қалады.

— Қуыршақ театрының артисі болудың қандай қиындықтары мен қызықтары бар?

— Қуыршақ театрының артисі болу – шығармашылық пен техникалық шеберлікті талап ететін ерекше кәсіп. Оның өзіне тән қиындықтары мен қызықтары бар, олар бұл өнерді ерекше әрі мағыналы етеді. Қуыршақ театрының артисі болудың қиындығы жоқ емес, әрине жетерлік. Физикалық ауыртпалықтар, эмоциялық жүктеме, техникалық қиындықтар, қоғамдық назардың шектеулілігі сынды көрермен көре бермейтін қиындықтар болады.     Оны өнерден хабары жандар жақсы біледі. Драма театрының актері секілді өз қимылыңмен кейіпкеріңді сахналап кете бермейсің. Қуыршақ театрында әр өнерпазға берілген қуыршақты әбден жақсылап зерттеуің қажет. Бойыңдағы дауысыңды, іс-қимылыңды қуыршаққа саласың. Сол арқылы бейне шығарып, көрермен сенетіндей сахнаға жол тартады. Кейде қуыршақтың бейнесі, бітімі, техникасы өзің ойлағандай болмай шығуы мүмкін. Аяқ-қолы, басы  немесе көзі дегендей. Қуыршақ театрының артисі болудың қызығы – баламен бала боласың. Әрбір ертегіде, қойылымда балалармен бірге сонау алыстағы балалық шағыңа, балабақшадағы күндеріңе аттанғандай боласың. Балаларға қойылым ұсыну, оларды қуанту – түсінген адамға үлкен бақыт. Сондықтан да артында қанша қиындығы тұрса да, балалар үшін өнер көрсету мен үшін зор мәртебе. Ерекше атап өтерлігі – шығармашылық еркіндікте, қуыршақты «тірілту» процесінде және көрерменнің шынайы эмоциясын сезінуде жатыр. Қуыршақ артистерінің еңбегі – көрінбейтіндей көрінгенімен, бұл өнердің қоғамға тигізетін әсері мен маңызы өте зор.

— Қуыршақ театрының маңызы мен рөлі сіз үшін тек кәсіби салада ғана емес, өмірдің басқа аспектілерінде де қалай көрінеді?

— Қуыршақ театрының маңызы мен рөлі кәсіби саладан тыс өмірдің көптеген аспектілерінде көрініс табады. Бұл өнердің бірегейлігі оның адамдармен терең эмоционалдық, тәрбиелік және әлеуметтік байланыс орнату қабілетінде жатыр.  Тәрбиелік және дамытушылық тұрғыдан қуыршақ арқылы балаларға мейірімділік, әділдік, адалдық секілді өмірлік құндылықтарды түсіндіруге болады. Оқиғалар мен кейіпкерлер арқылы балалар өмірлік қиындықтарды түсініп, оларды шешуді үйренеді. Балалардың қиялын ұштап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Бұл болашақта олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Эмоциялық терапия және психологиялық көмек тұрғысынан қуыршақтар адамдардың эмоцияларын жеткізуде күшті құрал болып табылады және психологиялық саулыққа оң әсер етеді. Әлеуметтік байланыстарды нығайту тұрғысынан қуыршақ театрының қойылымдары отбасыларды біріктіріп, балалар мен ата-аналардың ортақ уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Мәдени мұраны сақтау және тарату тұрғысынан қуыршақтар арқылы халықтың салт-дәстүрлері, аңыздары мен ертегілері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі.

— Қуыршақпен жұмыс істеу кезінде актер ретінде қандай психологиялық және физикалық даярлық қажет?

— Қуыршақпен жұмыс істеу актерден ерекше психологиялық және физикалық даярлықты талап етеді. Қуыршақ актер үшін құрал ғана емес, ол толыққанды кейіпкер ретінде қарастырылады. Сондықтан актер қуыршақтың мінезін, эмоцияларын, және әрекеттерін толыққанды сезінуі керек. Қуыршаққа «жан бітіріп», оның өміршеңдігін сездіру үшін, актердің шығармашылық қиялы жоғары деңгейде болуы маңызды. Қуыршақты басқару кезінде актердің назары бірнеше аспектілерге бір мезетте бөлінуі керек: қуыршақтың қозғалысы, дыбыстық бейнесі және сахналық жағдай. Қуыршақпен жұмыс ұзақ дайындықты, қайталауды және күрделі техникаға машықтануды қажет етеді. Бұл үшін эмоционалдық шыдамдылық қажет. Қуыршақты басқаратын актердің қолдары мен саусақтары ерекше икемді және шапшаң болуы тиіс. Саусақтардың координациясы маңызды рөл атқарады. Қуыршақтың дауысын сомдау үшін, актердің дауыс диапазоны кең, дикциясы анық болуы қажет. Әр қуыршақтың өзіндік ерекше дауысы болуы мүмкін. Қуыршақпен жұмыс істеу актерлік шеберліктің ерекше бағыты болып табылады және көпқырлы даярлықты талап етеді. Сол үшін артистің бойында сабырлық, еңбекқорлық, төзімділік және ептілік сынды қасиеттер ерекше басым болуы тиіс.

— Өзіңіз үшін өнерде ең үлкен жетістік пен бақыт неде жатыр?

— Қуыршақ театры артистері үшін өнердегі ең үлкен жетістік пен бақыт бірнеше қырынан көрінуі мүмкін. Бұл, ең алдымен, олардың жеке кәсіби мақсаттарына, өнерге деген көзқарасына және көрерменмен қарым-қатынасына байланысты болса керек. Жалпы, театрға көрермен рухани азық алу үшін келеді. Сол үшін режиссердің сенімін ақтап, берілген рөлмен көрерменнің көзайымына айналу – мен үшін үлкен жетістік. Әр бала көңілдің, әр періштенің қуануы, сахналаған рөліме сенуі – менің өнердегі бақытым. Өнерің бағаланып жатса, ойнаған рөліңе көрермен сеніп жатса, сол рөлден өзіне қажетті тәлім алып жатса зор қуаныш емес пе?!  Көрермендердің, әсіресе балалардың, қуыршақ кейіпкерлерімен шынайы эмоциялық байланыс орнатып, шынайы қуанышқа бөленуі артистер үшін ең үлкен марапат болып табылады. Егер қойылым соңында көрермендер қуыршақ кейіпкерін ұмытпай, оны шын кейіпкер ретінде қабылдаса – бұл артистің шеберлігінің шыңы. Қуыршақ өнері – үздіксіз ізденіс, шеберлік шыңдау және шығармашылық жетілу жолы. Актер өзінің әрбір жаңа кейіпкері немесе қойылымы арқылы өсу мен жаңашылдықты сезінеді. Қойылымның табысты өтуі, халықаралық фестивальдерге қатысу, сыншылар мен көрермендердің оң пікірлері – бұл артистер үшін үлкен мотивация көзі. Жансыз қуыршақты шынайы кейіпкерге айналдырып, өнердің сиқырын сезініп, соны көрермендерге жеткізе білу – шынайы бақыт.

— Қуыршақ театрының спектакльдерін дайындау процесі барысында шығармашылық және техникалық қиындықтарды қалай жеңесіз?

— Әр саланың өз қиыншылығы болары сөзсіз. Қуыршақ театрының спектакльдерін дайындау барысында шығармашылық және техникалық қиындықтар жиі кездеседі. Бұл қиындықтарды жеңу үшін жоспарлау, ұжымдық жұмыс, тәжірибе және шығармашылық тәсілдер маңызды рөл атқарады. Көп жағдайда қуыршақта жасау барысында кедергілер мен қиыншылықтар туындап жатады. Біздің қолымыздағы қуыршақтарды театрдың өз шеберлері жасайды. Дегенмен, бір қуыршақ «майдан суырған қыл» сияқты өзіңнің ойыңдағыдай қолға ала салған сәттен жүріп кетеді, өкінішке қарай екінші қуыршағыңның жүрісі, тұрысы, іс-қимылы қиынға соғып жатады. Қолдан келгенше соны премьераға дейін теріні илегендей илеп, түзейтін жерін түзеп, икемге келтіресің. Кей қойылымдарда қуыршағың қолыңа екі-үш күн қалғанда тиюі мүмкін. Қысқаша айтқанда, артистке бағынбайтын, күрделі механизмдегі қуыршақтар да болады. Сахнадағы бұндай қиындықтарды еңбекпен, қажырмен, сабырлықпен, төзімділікпен ғана жеңесіз. Бұл қиындықтар артистер мен шығармашылық топтың шеберлігін шыңдап, олардың кәсіби дамуына ықпал етеді. Нәтижесінде, қойылым көрермендерге әсерлі әрі есте қаларлықтай болуы мүмкін.

— Қуыршақ театрының болашағы туралы ойларыңыз қандай?

— «Жас келсе, іске» демекші, біздің театрдағы қазіргі ортамыз көптеген жастармен толығып жатыр. Тұрақты көрермені, салмақты, жан-жақты қойылымдары бар республикадағы қуыршақ театрлар арасындағы танымал өнер ордасының болашағы зор деп білемін. Бүгінде шетелдегі фестивальдерге ғана қатыспай, екінші жыл қатарынан өзіміз Халықаралық деңгейде фестиваль ұйымдастырып, түрлі шеберлердің басын қосуға себепші болып отырмыз. Олар біздің өнерге тәнті болды. Біз олардың өнерін тамашалап, тамсандық. Түрлі қойылымдарды көру арқылы үлкен тәжірибе жинақтаудамыз. Театр басшылығының алға қойған мақсаты зор. Қуыршақ театрындағы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін табуға қажырлы еңбек етіп жатыр. Заманауи технологиялар мен шығармашылық тәсілдерді пайдалана отырып, қуыршақ театры өз маңыздылығын сақтап қана қоймай, жаңа деңгейге көтеріле алатыны анық. Біздің сала – көрермендерді таңдандырудың, тәрбиелеудің және біріктірудің мәңгілік және заманауи формасы ретінде дамып, өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпайтынына сенімдімін.

— Сіз үшін өнердің ең маңызды мақсаты қандай болуы керек: көрерменді ойландырып, эмоция тудыру ма, әлде белгілі бір идеяны жеткізу ме?

— Өнердің мақсаты біржақты болуы шарт емес. Оның басты құндылығы – адамның ішкі және сыртқы әлемімен терең байланыс орнату. Өнер адамдарға шабыт сыйлап, олардың рухани әлемін байытады. Жаңа идеяларға шабыт беріп, шығармашылық қабілеттерді оятады. Адамдарды ортақ құндылықтар мен идеялар төңірегінде біріктіреді деп ойлаймын. Өнердің ең маңызды мақсаты көрерменнің жүрегіне, ақылына және жанына әсер ету. Эмоция тудыру мен идея жеткізу – бір-бірін толықтыратын дүние. Әсерлі өнер көрерменді бір уақытта ойлантып, тебірентіп, шабыттандырып, оның өміріне жаңа көзқарас сыйлайды. Бұл тұрғыда, әрбір суретші мен артист үшін ең маңыздысы – өз өнерінің мәнін табу және оны шынайы әрі әсерлі түрде жеткізе білу.

— Бақытжан Шадиярбекұлы, сүбелі сұхбатыңыз үшін ыстық ықыласым мен зор алғысымды білдіремін. Шығармашылығыңыз шарықтасын!

Сұхбаттасқан: Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір