ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰПИЯСЫ
14.02.2025
202
0

Осы ел еркектің астына көпшік қоярда немесе оның таланты туралы айтқанда әңгімеге міндетті түрде әйелін қосып қоймаса іші кебеді. Мәселен, «Оның әйелі қандай сұлу!» дейді. Сонда жақсылық атау­лыны еркекке қиғысы келмегені ғой.
Ал әйелдің сұлулығы туралы айтқанда, мүлде керісінше: «Оның күйеуі барып тұрған ақымақ!» дейді, неге? Айнала­йын-ау, ондай ақымаққа сондай сұлу әйел тиер ме еді, ақымақтығын білмей, байқамай тиіп қойса, баяғыда-ақ ажырасып кетпес пе еді?! Түсінбеймін.
Меніңше, еркектердің бәрі бірдей, бір-бірінен түк те айырмасы жоқ. Мәселе олардың елге көрсетіп алатын айлығының, елге көрсетпей алатын парасының көлемінде ғана болса керек.
Әйелдер ешқашан жаужүрек батырларды сүймейді, өйтіп-бүйтіп жеңіске жеткендерді жақсы көреді. Батыр болам деп оққа ұшқан ашықауыз Төлеген мен қамсыз Қозы Көрпеш қазіргі болашақты болжағыш әйелдерді мүлде қызықтырмайды. Оларға еті тірі, берместі тартып алатын Бекежандар мен Қодарлар керек!
Сократ айтқан: «Әйел – бүкіл зұлымдықтың қайнары» деп. Демокрит: «Адам үшін ең қауіпті – от, су және әйел» депті. Мұхаммед: «Бағынбаған әйелді сабап ал» дейді. Ницше айтады: «Әйелге бара жатсаң, қолыңда қамшың болсын» деп.Қазақ айтады: «Атың жаман болса, сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтып құтыларсың?» деп. Осыдан-ақ олардың тарихтағы орнын ажырата бер.
Еркек байғұс момын: 5 жасқа келгенше емізігін құшақтап ұйықтайды екен; 5 пен 10-ның арасында ойыншығын құшақтап ұйықтайды; 10 мен 15-тің арасында кітапты құшақтап ұйықтайды; 15 пен 20-ның арасында арман-қиялдың құшағында
ұйықтайды; 20 мен 40-тың арасында өзінің әйелін құшақтап ұйықтайды; 40 пен 50-дің арасында қасына кім жатқызса, сонымен ұйықтайды; 50 мен 60-тың арасында грелкі-жылытқышты құшақтап ұйықтайды; 60 пен 70-тің арасында желдеткіш-терезені жауып, көрпені қымтап ұйықтайды.
Еркекті әуре-сарсаңға салатын, құпиясын ешқашан аша бермейтін әйелдерде қандай сиқыр бар осы?

 

Алуан-алуан қылығы бар не түрлі,
Маздататын жүректегі отыңды.
Әйелдердің тілін табу еркекке,
Ашылмаған ғылым табу секілді.

Табынбаған, сағынбаған бар ма адам?!
Ақын біткен арқалы жыр арнаған.
Әйел деген – жан баспаған арал ғой,
Робинзон Крузолар бармаған!

Сұлулық пен қулықты олар тең көрген,
Қарсы қақпан құрғаныңмен он жерден.
Ала алмайсың,
өйткені олар айланың
Алпыс алты әдіс-түрін меңгерген.

Ажарына сүйсінетін айнала,
Теңегенбіз Жұлдызға да, Айға да.
Ару Күннің қасына да апарып,
Тамсанғанбыз таңдай қағып жай ғана.

Ора үптеп үлде менен бүлдеге,
Ұқсат, мейлі, үзілмеген гүлге де.
Мақтасаң да, баптасаң да, әйтеуір,
Жетіспей-ақ тұрады екен бірдеңе.

Жүрегіңмен қадасаң да көзіне оқ,
Алып-қашпа ұстатпайтын сөзі көп.
Көңіл тербер қанша әңгіме айтсаң да,
«Иә» дейтін бас изеген кезі жоқ.

Сонысымен қиялыңды аулайды,
Сонысымен сезіміңді жаулайды.
Саясаты, қулығы да қитұрқы,
Дипломат-елшілерден аумайды.

Жасап, қане, байқайық та төрелік,
Төрелікпен әділ баға берелік.
Қатар қойып дипломат пен әйелді,
Салыстырып, таныстырып көрелік.

Айтылмайтын соңғы сөзі, байламы,
Ақтарылмас ашық-шашық ойдағы.
«Иә» десе дипломат бас изеп,
Онда оның «көреміз» деп қойғаны.

Ашу мінез байқатпайтын бұлдана,
Ішін бермес өтірікке, шынға да.
Дипломат «көреміз» деп күлсе егер,
Онда оның «жоқ» дегені қулана.

Саясаттың білер қырын, жөн-жолын,
Тең сермейтін оң қолын да сол қолын.
«Жоқ» десе егер үзілді де кесілді,
Дипломат болмағаны онда оның.

Сөзіңе де салғырт қарап кіл майда,
Ә дегеннен көнбес бірден ыңғайға.
Дипломат-елшілерден аумайтын,
Ал, әйелдер не дейді екен мұндайда?!

Төзімдерді қытықтауға құмар шын,
«Мақұлдары» қол жетпейтін шынар шың.
«Жоқ» десе егер әйел көзін тасалап,
«Көреміз»-ді айтқаны деп ұғарсың.

Көздегеннің мүлт жібермес мергені,
Жүйкеге ойнау – жұмысы да ермегі.
«Көреміз» деп күмілжісе әйелдер,
«Иә» деген келісімін бергені.

Әйел – сенің көңіліңнің көктемі,
Тілегіңнің, жүрегіңнің от-демі.
«Иә» десе егер әйел әй-шәй жоқ,
Онда одан бар қызықтың кеткені!

Көрінгенмен мөлдір шықтай таңдағы,
Сезімінің мина толы жан-жағы.
Әйел жайлы айтқан менің пәлсапам–
Ашылмаған ғылымның бір тармағы.

БІЗДІҢ ЖЕҢГЕЙ – «ЖЕНТЕЛМЕН»

(Оспанханша)

Заман мынау өртенген,
Тұрып алып ертеңмен,
Күш жинайтын гантельмен,
Біздің жеңгей – жентелмен.

Бәріміз де көнгенбіз,
Ағамыз да өңгеміз.
Қамын ойлап баланың,
Шапқылайтын жеңгеміз.

Жеңгеме бас иемін,
Мінезін де сүйемін.
Басқа әйелдер секілді,
Аңдымайды күйеуін.
Әжелердей баяғы,
Тыным таппай аяғы,
Жұмысқа жоқ ағайды,
Еркелетіп қояды.

Қосыла алмай үйірге,
Ағам жатыр үйінде.
Жеңгем ғана ойлайды,

Барлығының күйін де.

Байлығымыз, теңгеміз –
Есепке бар болғанмен,
Өсекке жоқ жеңгеміз.

Тірлік десе белсенген,
Аға сенген, ел сенген.
Басқалардан өзгеше,
Біздің жеңгей – жентелмен.
Біздің жеңгей,
біздің жеңгей,
біздің жеңгей жентелмен!

ӘЙЕЛ МЕН АҚША…

Ақылды әйел күйеуінің ойнап
айтқанын ойлап талдайды.
Халық мәтелі
Ақша –
Адамды қоршап қойған жақша,
Өкпеңді қысып тұрады.
Бір қарасаң, гүлдеп тұрған бақша –
Жеміс-жидегі пісіп тұрады.
Ал әйел дегенің – мүлде басқа,
Оны түсінде көрген адам,
Түнде төсегінен ұшып тұрады.
Ақшасы бар болса,
Оны-мұныны ішіп тұрады.
Жоқ болса,
Мұрыны қышып тұрады.
«Ақшаң болса қалтаңда,
Талтаңда да талтаңда».
Байисың, шірисің.
Ақша шығатын жаққа қарап,
қасқырша ұлисың.
Көк тиының болмай қалсыншы,
Өзің-ақ құрисың.
Қысқасы,
ақшаң болса да, болмаса да
сорлайсың.
Ал жол тап,
Таппасаң – оңбайсың!
Ақша – осындай зәлім,
Малың,
Жаның сияқты тәтті.
Соны кім ойлап тапты?
Ал әйелге келсек,
Ол – қабырғаң,
Сүйек болған соң, қатты,
Ол да тәтті,
Бірақ
Майыспайды, морт кетеді.
Оның артынан өрт кетеді.
Ол да ақша секілді керек.
Алып жүруге қиын,
Тастап кетейін десең,
Тәп-тәуір бұйым.
                                                                 Атала болды миым.

 

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір