Құпиясы көп «Қоңыр әулие» үңгірі
14.06.2024
233
0

Қазақ даласында халық кие тұтып, қастерлейтін қасиетті мекендер көп-ақ. Солардың бірі – Абай облысындағы Қоңыр әулие үңгірі. Әулиелі мекен соңғы жылдары облыстағы туристер көп келетін орынға айналған. «Қоңыр әулие» үңгірі Қарауыл ауылынан 80 шақырым, ал Тоқтамыс ауылынан 20 шақырым қашықтықта Ақтас тауындағы шатқалда орналасқан. «Қоңыр әулие» үңгірі табиғи құбылыстың негізінде пайда болған.

Аңыз бойынша үңгірдің тереңінде 3 көл жасырылған. Үңгірге кірген адам баспалдақпен 120 метр тереңге түседі. Үңгірдің ені шамамен 12-15 метр, аумағы 120 метрге созылады. Үңгірдегі көл суының температурасы (4 градус) қысы-жазы өзгермейді, ал үңгірдің ішіндегі температура +7 градус.
«Қоңыр әулие» үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгіме көп. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шап­қыншылығымен байланысты. «Шаған шайқасы» осы үңгірдің маңында өткені тарихтан мәлім. Соның дәлеліндей тау бөктерінде көптеген рудың таңбалары тасқа қашалса, ұрыста қаза тапқан жауынгерлер жерленген қорым орны сақталған.
«Алаштың айбатын асырған Абылай хан әйгілі Қабанбай батырға «Дарабоз» атағын осы жерде берген» деген деректер де сақталған. «Сұрапыл соғыстарда жараланған сарбаздар осы үңгірдегі көлге шомылып, жараларын емдейтін болған» деген әңгімелер де әлі күнге ел ішінде жиі айтылады.
Аты аңызға айналған Қоңыр әулие үңгірі халық арасында рухани қасиетті орын ретінде қастерленеді. Ұзақ жылдар бойы ысталған үңгір төбесі тазартылды, көл түбіндегі өткір тастар алынып тасталды. Үңгірдің Қоңыр әулие аталуы аңыз бойынша сонау Нұқ пайғамдардың заманына кетеді. «Жерді топан су басады», – деп Нұқ үлкен кеме салғанда үш әулие солай қарай аттанған екен. Бірақ белгісіз себептермен кешігіп келген, олар жеткенде кемеде бос орын болмай шығады. Әулиелер енді бірнеше бөренені қосып байлап сал жасайды. Топан су басқанда ұзақ уақыт жүзіп жүрген олар тасқа соғылып үшеуі үш жаққа кеткен екен. Судың арыны басылғанда Қоңыр әулие мінген бөрене осы үңгірге келіп тоқтапты-мыс. Осы жерді мекен етіп қалған әулие қайта қоныстана бастаған халықты емдеп, ізгілікке шақырып, кейіннен үңгір Қоңыр әулие үңгірі атанып кеткен екен. Көне қария көздері ұрпаққа, Шыңғыстау тауы шыңдарының бірінде әлемді дүр сілкіндірген Темүжінді хан көтерген, содан кейін ол Шыңғысхан аталған деген аңызды жеткізуде.
Ерте заманнан бастап адамдар Қоңыр әулие үңгірін таза ұстаған. Қоңыр әулие үңгірінің бедеуліктегі емдік күші танымал. Нәресте сүйгісі келген ерлі-зайып­тылар осы үңгірге келіп нәрестелі болуды сұрайды. Шынында, салт бойынша, әйел адамның өзі ғана үңгірде түнеп шығуы керек. Қараңғы үңгір астындағы көл жаңа өмір сыйлайды және оған шын ниетпен, таза сеніммен түскендерге денсаулық дәру етеді.
Көлдің көлемі жерасты суының деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Суы тұщы әрі көптеген ауруларға ем. Шынында да көл суының емдік қасиеті бар екені еш күмән туғызбайды. Өйткені, үңгір орналасқан Ақтастың бетінде ертеден-ақ арша қалың өседі.
Үңгір кереметі сонау ерте заманнан басталады, ал алғаш рет ол ғылыми тұрғыда ХХ ғасырдың басында зерттелді. Үңгірдің ауызы тар, адам тек қырымен кіре алады. Ал биіктігі 2 метрден сәл асады. Бірақ бір жарым метрден кейін кірген адам кең алаңға тап болады. Үңгір түбі түсуі қиын үшкір тастармен көмкерілген. Үңгірге кіргенде үстіңдегі тастарды көріп денеңде қорқыныш үрейлейді. Олардың кейбіреулерін қолмен ұстап көруге болады, ал қалғандары биікте орналасқан. Кіреберістен бастап көлбеу бұрышы 50 градусқа созылады. Ары қарай үңгірдің түбінде үлкен тастар жатыр.
Үңгір аузынан 10 метр жерде әйел мүсіні орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл мүсінді «Қалмақ» деп атайды. Одан ары, сол жақта, үңгірдің екінші орамы, ол жерде кішігірім көл бар. Бірақ бұл үлкен көлдің бастамасы. Үңгір аузынан оң жақта негізгі үңгір жатыр. Жүруге қиын тастармен жүз елу метрдей жүресің, содан кейін көгілдір түстегі таза суға тап боласың, бұл – сол таңғажайып көл. Қалай болғанда да, суға келіп ниет білдірген адамдарға көл өзінің шипасын беруде. Бұл жердің табиғаты өте керемет, рухани атмосферасы керемет, айналасы шексіз кеңістік. Үңгірге түсіп көрген жандар өздерімен бірге жан тыныштығын, рухани ләззәт алып қайтады.
«Қоңыр әулие» үңгірі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 киелі жерлері» картасына енгізілді.
«Қоңыр әулие» үңгіріне келушілер саны күн сайын арта түскен соң туристерге қолайлы болу үшін қуаттылығы жоғары жарықшамдар құрылды. Ұзындығы 120 метр болатын ағаш баспалдақты жол салынып, жерасты көлінің суына барушыларға демалыс алаңдары да әзірленді. Сыртқы тау етегінен үңгірге баратын баспалдақты аяқжол жасалынды.
Үңгірге келетіндердің бір тобы туристік бағытта қызығушылықпен келсе, екінші бір тобы емделуге келеді. Сондықтан да «Қоңыр әулие» үңгірінің жанынан заманауи талаптарға сай барлық тиісті жабдықтармен қамтылған 20 адамға арналған қонақ үй орналасқан.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір