Шыңғысханның жапондық құпиясы
30.01.2025
243
0

Ежелгі заманнан жаһандық деңгейдегі бірегей тұлға саналатын ұлы қағанның болмысы, өмірі мен материалдық мұралары қанша зерт­телсе де, оның құпиясы әлі ашылған жоқ. Шыңғысхан тұтас әлем, ұшы қиыры жоқ шетсіз, шексіз бір дүние. Сондықтан әр зерт­теуші Шыңғысхан туралы өз білгенін топшылаумен келеді. Көбінесе, бір-біріне ұқсас, бір қалыптан шыққан теория төңірегіндегі зерт­теулер.
Рас, әр халық Шыңғысханды өзінше қабылдайды. Кім не деп жазса да, Шыңғысхан – ешқандай қасаң қағидаға иілмейтін, болмысын кісі баласы түгел танып біле алмайтын ғажайып тұлға. Шыңғысхан жаратылыстың өзі жасаған ұлы мүсін болса, зерт­теушілердің оған берген бағасы сол мүсіннің тобығының деңге­йінде ғана. Жалпы, Шыңғысхан туралы жазу оңай емес. Жаһангер жайында отыз жыл зерт­теп, ештеңе жазбауға да болады. Жаһангер туралы жазсам деп өмір бойы армандап өткендер бар.
«Шыңғысхан және Жапония» деген тақырып төңірегінде он жылдан астам уақыт ойландық. Ұлы қаған туралы мәлімет­ті қағазға түрту үшін, алдымен, көне иероглифтерді зерт­теп, білу қажет деген қорытындыға келдік. Қазіргі зерт­теушілердің еңбектерінен бірнеше ғасыр бұрын жазылған кітаптарға зе­йін салу қажет болды. Ұлы қағанның Жапониядағы жүріп өткен жолына табан тіреп, материалдық мұралары сақталған мұражайларды араладық. Көне сарайларына, фольклортану орталықтарына бардық. Ұлы қағанның Жапонияға қатысын сөз еткенде Такаги Акимицу, Хаяши Радзан, Араи Хакусэки, Токугава Мицукуни, Суэмацу Кэнчоу, Оябэ Дзэничироу, Киндаичи Кйоускэ, Савада Гэннай, Мамия Риндзоу, Мацура Сэйдзан, Такахаши Тоуйоу, Яманака Хисаши, Янаи Ватари, Нумата Йорискэ, Накашима Рийчироу, Фудзисава Морихико, Торий Рюдзоу, Иноуэ Ясуши, Шимадзу Хисамото, Мори Масао, Чин Шюншин, Мацумия Кандзан т.б. авторлардың көркем туындылары, ғылыми кітаптары, диссертациялары еске түседі. Шыңғысханды зерт­тегенде көне иероглифтермен қоса, бірнеше тілді меңгеру қажет­тігі туындайды. Мәселе Шыңғысханның көп тіл білгендігінде. Оның ішінде, жапон тілі де бар.
Көне кітапта жазылған аңызда Шыңғысхан ұзақ жасаған абызды сарайына алдырып, одан «Ұзақ өмір сыйлайтын дәрі бар ма?» деп сұраған дейді. Абыздың айт­қандарын Шыңғысхан уәзіріне канджи (иероглиф) таңбаларымен бедерлеуге бұйырады. Шыңғысханның жапон тілін білгендігін осындай жазбаша түрде сақталған аңыздар, тарихи деректер арқылы дәлелдеген жапон ғалымдары ежелгі моңғолдар қолданды деген отыз үш жазу таңбасының арасында төртеуі жапонның хирагана таңбасы екенін анықтаған. Шыңғысхан дегенде оның моңғолға қатысы туралы әңгіме қозғалатыны белгілі. Шыңғысхантанушы жапондар ұлы қағанның моңғолдан шықпағандығын жазған. Шыңғысханның Күншығыс еліне қатысын зерт­теген ғалымдардың барлығы дерлік бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ғұламалар.
Жапонияда Шыңғысхан туралы әңгіме де, аңыз да көп, ежелгі заманның шежірелік кітаптары да мол деректі қамтиды. Жапонияда «Шыңғысхан – Минамото руынан шыққан самурай» деген теория бекіген. Ендігі әңгіме осы туралы.

Самурайлардың атасы – Шыңғысхан

Иә, көптеген бекіністер мен көп қабат­ты сарайларды салдырып, бушидоу­дың (самурай жолы) басында тұрған ұлы тұлға Йошицунэ Шыңғысханның дәл өзі деген түсінік халық арасына кең тараған. Ұлы қағанның жапонша бір есімі Йошицунэ екені, оның Хоккайдодан шығып, үлкен құрлықтағы мемлекет­терді орнатқаны туралы аңыздар тарихи деректерге негізделген.
Йошицунэ есімді қаһарман мен Шыңғысханның өмірін зерт­теген жапон ғалымдары олардың ғұмырларында сәйкестіктің толы екенін анықтаған. Көне жапон кітаптарында самурайдың 30 жасқа де­йінгі өмірі Йошицунэ есімімен берілсе, одан ке­йінгі ғұмыры Тэмудзин деген атпен баяндалыпты. «Отыз жасында Йошицунэ Коромогавадағы шайқасқа қатысты, одан ке­йін ол Тэмудзин болды» деген сөйлем ежелгі жапон шежірелерінде жазылуы тегін емес. Жеті жүз жыл бұрынғы тарихи кітаптарда баяндалғандай, Йошицунэ Хоккайдодан өтіп, Сібірге, Карафутоға (Сахалин) барған. Жапон самурайының өмірбаяны нақты болғанмен, Йошицунэ тарихындағы бірнеше жылдық кезеңде оның не істегені беймәлім болып қалыпты. Осы кезеңде Йошицунэ не істеді десек, жапондар «Моңғолияға барып, Шыңғысхан ретінде моңғол мемлекетін құрған» деген уәж айтады. Йошицунэнің Жапониядағы сая­си сахнадан көрінбей кеткен кезеңі мен Шыңғысханның моңғол мемлекетінің негізін қалаған уақыты дөп келеді екен. Жалпы, Шыңғысхан – бүкіл Жапонияға танымал тарихи тұлға, жапондық танымнан туған айрықша символ.
Шыңғысханның нұрдан жаралуы, ұлы қағанның Бабасының Көк Бөріден тууы т.б. көптеген аңыздар мен мифтер жапон фольклорында да сақталған. Айндар ұлы Пірі ретінде табынатын қағанның Йошицунэ есімімен тарихта қалуына шежірелік кітаптар тірек болады. Кейбір шежірелерде Йошицунэнің атасы да, өзі де нұрдан жаралғаны туралы көркем сурет­теулер бар. Жапондар үшін Шыңғысханға қатысты маңызды мәлімет­тің бірі осы. Төрт ғасыр бұрын өмір кешкен Хаяши Радзан Эдо дәуірінің алғашқы кезеңінде Йошицунэнің Эдзо аралына барып, ұрпақ өрбіткенін жаза келе «қаған бүкіл әлем табынатын тұлғаға айналған» дейді. Көне жапон кітаптары бойынша Сэй мен Гэн династияларының негізін де Шыңғысхан (Йошицунэ) ұрпақтары қалаған.
Айндар Йошицунэні Хонкансама (қазы, би) деп табынған. Хоккайдода Хонкансамаға арналған ғибадатханалар, көне замандық ескерткіштер бар. Ұлы тұлға болмысын зерт­теген Эдо дәуіріндегі ғұлама Асака Танпаку да Йошицунэнің кемемен үлкен құрлыққа сапар шеккеніне қатысты мәлімет­тер қалдырған. Жапониядағы тарихи жазбаларға сүйенсек, Йошицунэ құрлыққа (Орта Азияға) Чишима аралдары арқылы барған. Чишима – Хоккайдоның шығысынан бастап, Нэмуроши жағалауынан Камчатка жартыаралының оңтүстігі, Чишима бұғазына де­йін созылып жатқан аралдар тізбегі.
Мэйдзи дәуірінің алғашқы кезеңінде америкалық жапонтанушы Гриффис өзінің кітабында Шыңғысханның Йошицунэ екеніне сенетінін білдірген. Ал Филипп Франц фон Зибольд Жапония туралы кітабында «Йошицунэ үлкен құрлыққа барып, Шыңғысхан атанды» деп жазған. Ұлы қағанның Кореяға (Коу­курэй) сапары туралы аңыздар да жақсы сақталған. Йошицунэ өмірін жаңаша зерт­теп шыққан Мэйдзи, Тайшйоу кезеңдерінде өмір сүрген Суэмацу Кэнчоу мен айнтанушы Оябэ Дзэничироу жүздеген жыл бұрынғы деректерді жинақтап, ғылыми еңбектер шығарған. ІІ дүниежүзілік соғыстан соң, жазушы Такаги Акимицудің ұлы қағанның құпиясына бойлаған еңбегі жарық көрді. Ал еуропалықтардың жапон ғалымдарының Шыңғысхан туралы зерт­теулеріне деген қызығушылығы Мэйдзи дәуірінен басталады. Жапонияда Шыңғысхан, Йошицунэ туралы аңыздар, тарихи әңгімелер ежелгі Мураками заманынан бастап, Эдо дәуіріне де­йін жалғасып, бүгінге де­йін айтылады. Ұлы қағанның символикалық тұлғасы көне Дзйорури, Кабуки, Кйоугэн сахналық қойылымдарына арқау болған.

Дат­тан – қамшымен сабайтын ел

Самурай Йошицунэ образында сақталған ұлы қағанның дат­тан елінің негізін қалағандығы туралы да жапонның көне кітаптарында жазылған. Ежелгі түркі, татар, моңғолдарды жапондар «дат­тан» деп атаған. Бұл этноним екі иероглифтен тұрады: дацу – қамшымен сабау және тан – иленген тері. Гэн династиясының елін де «дат­тан» деген. Моңғолдарды «қара дат­тан», ал түркі халықтарын «ақ дат­тан» деген. Қамшымен сабайтын, иленген теріден тон жасайтын ел – дат­танға Йошицунэ самурай боп барғаны туралы аңыздарды Хакусэки зерт­теген. «Эдзошиде» жарияланған бұл еңбекті голландиялық көпес Исаак Тицинг аударып, Еуропаға таныстырған. Ұлы қағанның дат­тан еліне баруы туралы Фурукава Кошйоукэн, Мацура Сэйдзан сияқты бірнеше ғасыр бұрынғы ғұламалар жазып кеткен.
«Тоуюдзаккиде» және 1850 жылғы тарихи кітапта Шыңғысханның дат­тан (татар, түркі, моңғолдар) еліне барғаны туралы мәлімет­тер келтірілген. Жапонның негізі болып табылатын Минамото руынан шыққан Йошицунэ заманынан жеткен әдеби, тарихи шығармалар бір-бірімен байланысып жатыр. Шыңғысханның тарихына тікелей қатысы бар «Оғыз қаған дастаны» жазылған Оғыз заманында «Ушивакамару» ертегі-аңыздары да хатқа түскен. Бүгінде жапон балаларының сүйікті ертегісіне айналған «Ушивакамарудың» бас кейіпкерінің есімі қағанның дүниеге келгенде алған есімі ретінде ежелгі әдебиет­те таңбаланған. Бұл есімдегі таңбалар Оғыз қаған заманында қаһарман ат­тарына негіз болған.
Жапон тарихы бойынша Йошицунэ жеті жасында Хэйанға жақын жердегі Курама (Ерт­телген ат) ғибадатханасында тәлім алады. Самурайлардың бір атасы саналатын Йошицунэге арналған ғибадатханалар да бар. Олардың арасында Иватэ префектурасындағы Йошицунэ ғибадатханасының орны ерекше. Халық бұл ғибадат сарайына барып, арнайы ғұрыптық рәсімдер өткізеді. Самурайлар піріне арналған ғибадатхананың Иватэде орналасуы бекер емес. Жапон фольклористері Көк Бөрі туралы аңыздарды, негізінен, осы өңірден жазып алған. Иватэде қасқырларға арналған ескерткіш ықылым заманнан қалған. Көкке қарап ұлып тұрған тас бөрілердің қасына барсаңыз, Шыңғысхан заманы есіңізге түсері хақ. Жапон жазбаларына сүйенсек, Шыңғысхан батырлығымен қоса ғұлама, хакім, ақын болған. Оның иероглифтермен таңбаланған мұралары Жапонияда сақтаулы. Хоккайдода айндар Шыңғысханға арнап ғұрыптық рәсімдер өткізеді. Йошицунэнің атында тау және үңгір бар. Жапон ғалымдары Шыңғысханның Йошицунэ екендігін дәлелдеу үшін сол замандағы әскери өнерді де зерт­теген. Он бір жасында семсерлесуді үйренген Йошицунэ мен Шыңғысханның туған уақыты ғана емес, әскери өнері де бірдей боп шыққан. Оған қоса екеуінің нөкерлері, төңірегіндегі тұлғалар есімдері, жер-су атаулары сәйкес боп шыққан. «Чин мемлекетінің ресми құжат­тарында» Йошицунэнің ұлы Цзинь династиясының негізін қалағандығы туралы жазылған.

Қаған мен Хоукан

Шыңғысханның жапонға да қатысы бар екенін, оның Жапон мемлекетінің басында тұрған Минамото (бұл таңба «бәрінің бастауы» деген мағына береді) руынан шыққандығын дәлелдеу үшін жапон ғалымдары қаған болмысын бүге-шігесіне де­йін зерт­теген. Жапон ғалымдары тек бір нәрсені ғана ұмыт қалдырыпты. Ол Шыңғысхан және Йошицунэ есімдерінің мәндес екендігі. Бұл сәйкестікті жапондар аңғармаған болар. Қос есімнің сәйкестігін талдап жеткізсек, «Дзингисукан» (Чингисухан) аты төрт иероглифтен тұрады. Бұл есімді талдауға жеке кітап арнауға болады. Қысқаша келтірсек, бірінші таңба Дзин – толыққанды жүзеге асыру, пісіп, межесіне жету, шындық, әділет­тік, саф жүрек деген мәнді сыйдырады. «Ги» деп оқылатын екінші иероглиф «жақсы ырым» деген ұғымға сай. Ал «су» таңбасы – ойлау, жақсы көруді көрсетсе, «кан» маңдай терді білдіріп, көне түркілердің «ел билеушісін» бейнелейді, яғни «хан» мәніне сәйкес. Шыңғысханның образы саналатын Йошицунэнің есіміне мән берсек: Йоши (ги) иероглифі тура жол, әділет­тік, мән-мағына дегенді білдіреді. Цуно (кэй, кйоу, кин) – қасиет­ті жазуды айқындайды. Шыңғысхан (Чингисухан, Дзингисукан) мен Йошицунэ болмысы – әділет­ті, тура жолдағы, терең ойлы, мақсатын жүзеге асыру жолындағы парасат­ты, ойшыл ер адамды бейнелейді.
Йошицунэ – Шыңғысханға қатысты мұраларды, олардың жүріп өткен жерлерін, руларды тиянақты түрде зерт­теген жапондар нақты қорытынды жасаған. Соған сәйкес, Минамотоно Йошицунэ Мацумаэнің түбіндегі Сару деген жерден кемеге мініп, үлкен құрлыққа қатынаған, яғни Орта Азияға еркін барып-келіп жүрген. Бұл туралы тарихи шежіре кітаптарда толық жазылған. Сондай-ақ ұлы қаған есімімен байланысты аңыздар Хоккайдодан басқа Иватэ, Аомори, Ямагата префектураларында сақталған. Йошицунэнің тауы, Йошицунэнің тасы т.б. тарихи, географиялық белгілер бар. Йошицунэ есімінің екінші оқылуы – Гэнгикэй. Көне тарихи кітаптарда Коромогавадағы соғысқа де­йінгі өміріне қатысты деректерде Йошицунэ деген атпен жазылса, одан ке­йінгі өмірбаянында Тэмудзин (кейде Тэндзин) деген атпен жазылған. Тэндзин антропонимі бір оқылуында – аспан адамы деген мағына береді.
Шыңғысханды Пір тұтатын жапондар «Ұлы қаған Моңғол мемлекетінің негізін қалаған, бірақ ол моңғол емес» дейді. Шыңғысханмен байланысты рулардың барлығы жапонмен тектес боп шығады. Шыңғысханның таңбасында сасариндоу (аласа бамбук пен қоңыраугүл таңбасы) бейнеленген. Сасариндоу Минамото руының таңбасы болып табылады. Ал моңғолдарда ондай таңба жоқ. Шыңғысхан шыққан рудың бір атасы Нирон болса, бұл «нихон», яғни «жапон» деген ел атауымен бір негізді деген теория бар. Оның үстіне «ниронның» моңғол жырында «Күн елінен келген адам» деген мағына беруі, Шыңғысханның жапон мемлекетінің түпкі бастауында тұрған тұлға екендігін меңзесе керек.
Жапонның көп ғасыр бұрынғы, Муромачи, Эдо дәуірлерінде жазылған кітаптарында Шыңғысханның екінші аты Куроу делінген. Жапон жылнамаларында Шыңғысханды Куроуханкан дейді. Бұл Куроу би, абыз, қазы, әділ билеуші дегенді білдіреді. Бұл есім 9 санын бейнелейтін иероглифтен басталады. Тоғыз – жапондар үшін киелі сан. Шыңғысхан әділ би болғандығын білдіретін Куроуханкан есімі осындай үндестікке ие. Шыңғысханның тоғыз шашақты ақ туы болғандығы белгілі. Жапон ғалымдары бұндай ту тағы қай халықта бар деп ұзақ уақыт зерт­тей келе, «моңғолдарда бұндай байрақ болмаған» деген қорытындыға келеді.
Дат­тандардың ханы Шыңғысханға қатысты тағы бір деректе Моңғолиядағы бір сарайдың иесі Куроу деп жазылған екен. Шыңғысханның жас кезіндегі бір титулы хоукан (ханкан) болса, Охотск пен Владивосток арасында Ханган деген бұғаз бар, Куроуханган (Шыңғысхан) сол жерге аяқ тіреген деседі. Шыңғысханның қият­тан шығуына қатысты тарихи деректің бір шетін Киотомен байланысты деген көне заман лингвистерінің де деректері назар аударуды қажет етеді. Шыңғысханның ұрпақтары негізін қалаған Гэн династиясы болса, Минамото руы атауының екінші оқылуы да «гэн». Жапондар Йошицунэ мен Шыңғысханның көпшілікке белгілі өмірнамесінде орда бұзар отызында сая­си сахнаға көтерілуін дәлелді дәйектің бірі деп таниды.

Шыңғысхан таңбасын сақтаған жапон рулары

Шыңғысханның Күн нұрынан жаралғандығы, ақ киізге отырып, хан сайлануына қатысты көне деректер Жапониядан табылды. Муромачи, Эдо заманының тарихи кітаптарымен қоса елдің ежелгі мерекелері, аңыз-жырларындағы деректер осыған дәлел болады. Мәселен, желтоқсанның 23-і күні өтетін ғұрыптық мерекедегі салт-жоралғылар ақ киізге көтеріп хан сайлау салтанатын еске түсіретіні туралы 1967 жылы баспадан шыққан «Көшпенділердің мемлекет­тігі» деген кітапта жазылған. Кітап авторы Шыңғысханның ата тегі мен жапон ұлтының төркініне қатысты баяндағанда, арғы тарих ортақ шамандық түп негізден басталатынын ғылыми тұрғыдан талдаған.
Шыңғысханның хоукан, ханкан, коукан титулымен аталуында үлкен мән бар. Бұл Қаған сөзімен үндес, этимологиясын танытатын сөздер. Хоукан, ханкан жоғары дәрежелі би, қазы болса, коукан ең жоғары лауазым деген мәнге ие. Яғни Жапонияда оның қаған болмысын танытудың бір дәлелі. Айнтанушы Киндайичи Кйоускэ, Савада Гэннай айндар ұлы пірді ханкан деп атағандығын жазған. Айндарға жазу-сызуды, егіншілікті, кеме жасауды үйреткен, заң жүйесін жасап берген де осы ханкан аталары.
Айндар ұлы қағанға әлі күнге Ханканкамуй (Камуй – ұлы пір деген сөз) деп табынады. Шыңғысханның таңбасын жапон тілінде «сасариндоу» деп атайды. Жапон зерт­теушілері бұл таңбаны әбден зерт­теген. Нәтижесінде бұндай таңба моңғол тарихында болмағандығы анықталған. Жапониядағы Сэйва Гэндзи руында дәл осындай рулық таңба бар. Жапон ғалымдарының пікірінше, бұл Шыңғысханның моңғол еместігінің бір дәлелі.
Шыңғысхан қай руға тиесілі деген сұрақ төңірегінде бұрынғы жапон ғалымдары өзара пікір таластырған. Бірі – Шыңғысхан таңбасы Мураками Гэндзи руына қатысты десе, енді бірі – бұл таңба тек Сэйва Гэндзи самурайларының таңбасы екендігін алға тартады. Ғалымдар аталмыш рулар ұлы қағанның қай атасынан тарағанына қатысты да мақалалар жариялап, кітаптар шығарған. Бірақ жапон зерт­теушілері «Шыңғысхан тек жапонға тиесілі» деген тұжырымнан аулақ. Мақсат – көптеген халықтардың тарихында аса ұлы тұлға саналатын Шыңғысханның Жапон мемлекетін өркендетудегі рөлін анықтау болса керек. Бүгінде сасариндоу Камакура қаласының таңбасына айналған.

Тоғыз шашақты ақ тудың мәні

Жапон ғалымдары Йошицунэнің тоғыз шашақты ақ туы Шыңғысханның моңғолдан шықпағандығын дәлелдейтін бір факт деп санайды. Өйткені мұндай ту түркілерде болғанмен, моңғол әскеріне тән емес деседі. Бұл Сэйва Гэндзи руының тарихи туы екендігі мың жыл бұрынғы кітаптарда жазылған. Осы рет­тегі ғылыми пікірталаста кейбір ғалымдар бұл ту Мураками Гэндзи, Уда Гэндзи руларының әскери туы болған, сондықтан Сэйва Гэндзи руы таласпауы тиіс деген пікірлерін де білдірген. Бірақ бұл туды Сэйва Гэндзи руының самурайлары ұстағандығы дәлелденді.
Эдо дәуірінің ғұламасы Такахаши Тоуйоу Иватэ префектурасындағы ұлы қаған туралы аңыздарды зерт­теп, қолбасшының жәдігерлері жайында кітаптар жазған. Бұл өңірдегі ежелгі заманның әдеби, мәдени ескерткіштері мемлекет­тің материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енген. Минамото қағаны Йошицунэнің қару-жарақтарын зерт­теген жапон ғалымдары тарихи деректердегі Йошицунэ жәдігерлерімен пішіндік үйлесетінін, тіпті ою-өрнектерінің бірдей екендігін тапқан. Сонымен қатар бұл қару-жарақтар, оның ішінде, қағанның садағы да моңғолдарда болмаған ерекше пішінді екен. Жапонияда «Йошицунэ – Шыңғысхан» теориясы ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, ХІХ ғасырда докторлық диссертация да қорғалған. Бұл диссертациядағы тұжырымдарды ағылшын, неміс ғалымдары қоштап, оң пікірлерін білдірген. «Ұлы қолбасшы Шыңғысхан мен жапон қаһарманы Йошицунэнің бір тұлға екендігі туралы» деп аталатын ғылыми еңбек Мэйдзи дәуірінде жеті рет баспадан шығып, Еуропаға да белгілі болған.
Көне жапон жазбаларында Шыңғысханды Куроу Хоукан деп атаған. Шыңғысхан туы тоғыз шашақты болса, Йошицунэ атымен байланысты жапон деректерінде ол таққа отырған рәсім де сурет­теліп, «Минамото Куроухоукан Йошицунэ» деп жазылған. Бұндағы Куроухоукан таңбаларына мән берсек, ку – 9 санын бейнелейтін иероглиф.
Николаевск деген жерден 100 шақырым қашықтықта ұлы қаған есімі бейнеленген тас ескерткіште сасариндоу (Шыңғысханның таңбасы) қашалғандығы да анықталған. Айнтанушы Оябэ Дзэничироу 1925 жылғы мақаласында Николаевск маңындағы татарлардың өнерін тамашалағанын баяндайды. «Татарлардың сауыт-саймандарында сасариндоу таңбаланған» деп, таңба туралы татарлармен әңгімелескенін де жазған. Шыңғысханның образы Жапонияда әдеби шығармаларға, фильмдер мен мультфильмдерге, сахналық қойылымдарға арқау болған. 1980 жылы жапон телеарналарында Асахидің «Көк Бөрі Шыңғысханның өмірі» ат­ты драмасы көрсетілді.

Шыңғысханның қазаны

Қақпағы ежелгі батырдың дулығасынан аумайтын қазанның бұл түрі «Дзингисуканнабэ» (Шыңғысханның қазаны) деп аталады. Жапон тарихи кітаптарында ұлы қаған дәуірінде пайдаланылған көне қазанды Күншығыс елі (әсіресе Шығыс, Солтүстік өңірі) пішінін, ою-өрнектерін бұзбастан сақтап отыр. Шыңғысхан заманынан жеткен қазанның бұл түрі тек «Дзингисукан» (Чингисухан) – ұлы қаған есімімен аталатын тағамды пісіруге арналған. Қойды сойып, сан етін турап, қазанның үстіңгі қабатына қояды, астыңғы бөлігіне көкөністерді салып, дулыға пішіндес өрнекті қақпағын жабады. Ет піскен соң үлкен табаққа көкөністерді салып, үстіне ет­ті қояды. Ортаға қойылған табақтағы астан әркім өзіне қажет мөлшерде тәрелкесіне салып, хаши таяқшаларымен жейді.
«Шыңғысхан» – маңызды ас болған соң, көп адам жиналғанда тартылатын сыйлы табақ болып есептеледі. Ол, негізінен, көктемгі егіс кезінде, сакура гүлдегенде, ғұрыптық мерекелерде жамиғатқа ұсынылады. «Шыңғысхан» – бірліктің, ынтымақтың нышаны. Қазан атауы ұлы қаған есіміне тікелей қатысты болған соң, тарихы да үлкен құрлықпен байланысты.
Қазақша ет­ті көзге елестететін «Шыңғысхан» тағамы – Хоккайдоның символына айналған ас мәзірі. Тағамның тарихын зерт­теген жапон ғалымдары Қытай, Манчжурияның қойдың етінен әзірленетін тағамдарының ешқайсысы «Шыңғысханына» ұқсамайтынын дәлелдеген. 1931 жылы Мицуда деген ғалым «Шыңғысхан» туралы ғылыми мақала жариялап, қой етін қақтау арқылы әзірленетін тағам атауы жайында кеңінен жазған.
Жапонияда тарихы бірнеше жүзжылдық «Шыңғысхан» мейрамханалары бар. Бұл мейрамханаларда тек «Шыңғысхан» еті пісіріледі және жапон аспаздары ет­ті пісіру мен қонаққа ұсынудағы барлық ережелерді қатаң сақтайды. «Шыңғысхан» тағамы дайындалатын мейрамханаларда сиыр, доңыз еті жоқ, тазалық барлық жағынан сақталады. «Бұл Шыңғысхан заманында жамиғат қазанға пісіріп жеген тағам. Сондықтан оны дайындау әдіс-тәсілдерін қай заманда болсын берік сақтау керек», – дейді жапон аспаздары. Жапондар «Шыңғысхан» дәмін тату үшін солтүстіктегі префектураларға, Хоккайдо аралына арнайы барады. «Шыңғысхан» тағамы Хоккайдо, Нагано, Иватэ префектураларының ежелгі асы саналады. Ел астанасы Токиода да ұлы қаған атымен аталатын ас мәзірін ұсынатын арнайы мейрамханалар бар.
Ибараки префектурасында қой шаруашылығына арналған кең жайылым бар. Император сарайының қойлары осы жерде бағылады. Бұл жердің малының еті ерекше саналады. Дүниежүзі бойынша ең дәмді қойдың еті Ибаракиде деп есептейді жапондар. Кезінде Шйоу­ва император «Шыңғысхан» тағамын дайындау үшін осы жердің тауында қой бақтырған деседі. «Шыңғысхан» Шйоу­ва императордың сүйікті асы болғаны тарихтан белгілі.
Жапонияда «Шыңғысхан» тағамына қатысты клубтар, ассоциация жұмыс істейді. Мәселен, Саппоро малшыларының клубы 1908 жылы ашылған. Қой шаруашылығын өркендету, «Шыңғысхан» тағамын кеңінен насихат­тау мақсатында ашылған бұл клубқа қарапайым тұрғындардан бастап, шенеуніктер мен губернаторға де­йін мүше болып қабылданған. Ұйым мүшелері тағамның дәмін сақтап дайындау жөнінде кеңестер өткізеді, «Шыңғысханды» бабына келтіріп пісіру амалдарын басқа аймақтың тұрғындарына үйретеді. Тек қой етінен жасалатын бұл тағамға арналған журналдар, бюллетендер шығарылады. Аталмыш ас мәзіріне қатысты қатаң ұстанатын ереженің бірі – осы тағамға арналып жасалған «Шыңғысхан» қазанында пісіру. Сонымен қатар «Шыңғысхан» деген соус түрі де осы тағамға арналған тұздық ретінде пайдаланылады.
Жасыл желекті бақ ішінде, кең дастархан басында, ортаға қой еті толы табақты қойып, әңгімелесіп отырған жапонның атақты тұлғаларының 1953 жылғы сурет­тері мұрағат­тарда сақтаулы. Ұлы қаған атындағы клубтың «Шыңғысхан» тағамын кеңінен насихат­тау арқылы салт-дәстүрді сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу» деген ұстанымы әлі күнге де­йін берік. Жапондардың «Шыңғысхан» тағамынан дәм тата отырып, Жапония мемлекетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаған жайында айтатын әңгімесі әсте таусылмақ емес.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы, Жапония
фольклортанушылар
ассоциациясының мүшесі,
Токио

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір