Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ. Суықжалдың салқын сыры («Жұлдызың жоғары» хикаятынан үзінді)
05.11.2026
46
0

– …Балам, көтер басыңды! – деді алып қоңырау күмбіріндей бір үн. – Сен мұншама әлсіз емес едің ғой?!.
Елестей толықсыған бір тұлға. Ол алып қария. Ақ сақалды, ақ шапанды. Ертегіден әлде кинодан сияқты. Заңғар шың басынан, өзі де биік жартас секілденіп, еңсеріле төніп, бұған сынай көз салып, басын шайқап тұр.
Ал мұның әлденеге демі бітіп барады.
Дүниені түгел қымтап алған тұман, кенет біртіндеп тарай бастағандай болды. Демі де ашыла бастаған сияқты… Мөлтілдеген, мойыл-қара моншақтар… Әдемі көздер… Олар өзіне қадала қарайды. Әлгі бір зіл-тұманды таратып әкеткен, өзінің де демін ашқан осыбір мөлдір көздер нұры сияқты.
Бағанағы, үсті-басы алба-жұлба, қорқынышты біреу емес, кәдімгі адам өзіне таңданып қарап, жүзіне төніп отыр. Адам болғанда да… Жанары жып-жылы… Жүзі жарқын… Өзі сүйкімді… Үстінде желбей сияқты ақшаңқан костюм. Көк күлте, жасыл жапырақтар бедерінде аппақ гүл сияқты тым айқын, тым әсем ол. «Ақ гүл!..»
– Мен сенің әніңді есіт­тім, сосын, өзіңді тауып алдым, – деді нәзік, бірақ тау суы шуылынан анығырақ сыңғырлап жеткен үн.
Сол-ақ екен, күлдір-күлдір етіп, бұлқына жөңкілген тау өзені көз алдына тағы келді. Өзен жағасында екеуі ғана. Аяғы суға малына сұлап жатқан өзі және басын сүйеп, жүзіне үңілген осынау бір жанашыр жан…
–…Сендердің мұнда келгендеріңді әуелі сауысқан айтып берді. Сосын бір ән есіт­тім. Сол жақсы болды, әйтпегенде өзіңді біражола тентек су алып кетуі мүмкін еді…
Ол соны айтқанда байқады, қыздың көк жапырақтар бедеріндегі ақ күмістей спорт костюмі малмандай су. Ақ күлпара астынан ретсіз төгілген шаштарынан да су тамшылайды. Көгістеу еріндері дірілдейтін сияқты. Ол мұның өзін мына тентек судан алып шыққан ба?!.
Төңірекке көз салуға тырысты. Не болып, не қойғанын әлі де түсіне алар емес. Қастарында бір жолқапшық томпияды. Оған сүйеулі жатқан дараауыз мылтықтың ұңғысы сораяды. Қыздың белінде қынапты пышақ салбырайды. Есіне кенет әлдене түсіп, шошына жан-жағына қарады.
– Рамазан! Рамазан қайда?
Ол сондай бір бала… Ойнаймын деп жүріп, сені жоғалтып алды… Ол енді өзі де адасып кеткен сияқты… Көзге түсер емес…
– Оны шайтан алып кеткен жоқ па?
– Қайдағы шайтан?
Бұл бойындағы дірілді басуға тырысты және ойына түскен соңғы жайт­тарды өзі де жүйелеп есіне түсіргісі келгендей дауыстап айта бастады:
Біз залым қасқырлар адамды аңдыған бір жерден өт­тік… Шайтансайда бізге ешкім тиіскен жоқ… Түнде ескі үйдің есігін бір мүйізді апай келіп қақпады… Ал Аюапанда мені аю… жоқ-жоқ, қар адамы ұстап алғысы келді…
Әдемі қыз сықылықтап, көңілді күлді. Беті қызарып, ернінің дірілі де басылғандай болды.
– Сендер мұның бәрін қайдан алып жүрсіңдер? Қандай қызық атаулар тауып алғансыңдар?!. Бірақ ол залым қасқырлар адам аңдитын жер емес – Қайыңды бел; Шайтансай емес – Самалды сай: Аюапан емес – Аюбұлақ… Жабайы адам деген Алқамтөрде жоқ… Бәрін солай деп жүрген анау Рамазан деген бала ма?
– Рамазан өтірік айтпайды…
Қыз бұған қарап, біраз үнсіз қалды.


– Сен анау, «Сол Босаға» басынан ән айтатын баласың ба? – деді нәзік үн кенет.
Бұл селк еткендей болып, ақ желбейлі қызға қадала қарады.
– Ал сен… «Оң Босағадағы»… «Ақ гүлсің» бе?
– Ақ гүл?!.
Қара көз қыз үнсіз жымиып, тағы да әдемі күлді.
Бұл да күлді және қайтадан ұйықтап кеткен сияқты бір тұманға бата берді.
«Оң Босаға» үстінде ән тыңдайтын «Ақ гүл»!..
– …Ол сені іздеп, өзеннің төменгі жағына қарай кеткен. Мен су жағалап келе жатып, сені анау жерден, екі шоңғал тастың арасынан көріп қалдым. Сосын, Рамазанды айқайлап шақырып едім, ол естімеді. Мылтық атуға болар еді, бірақ бұл аумақта ол болмайды… Сосын, суға өзім түстім, енді болмағанда ағыс сені тереңге тартып немесе иірімге алып кетуі мүмкін еді… Жаңбырдан кейін Алқамтөрдің сулары адуын тартады…
Сонан кейін, «Рауан» ат­ты бұл жұмбақ қыз өзін сүйемелдей демеп, әлдебір күркеге жеткізген еді. Арқасындағы жолқап­шығын шешіп, онан зат­тар шығарды. Мұның шоқ қарығандай болып тұрған шекесін йодпен сүрт­ті. Кәдімгідей қан ағып тұр екен. Бұл ауырсына қиналса да, үн шығармауға тырысты. Рауан сосын жұп-жұмсақ, жып-жылы алақанымен мұның шекесіне бір сықпа дәрі жағып, басын жұп-жұмсақ жып-жылы дәкемен орап, жеп-жеңіл етіп таңып тастады.
Басы айналып, құсқысы келетін сияқты. Оң жақ тобығы да зырқ-зырқ етіп ауыратынын енді байқады. Рауан мұның жағдайын жаймен сұрағыштап отырып, ауырған аяғына да сондай жып-жылы, жұп-жұмсақ ем жасады. «Тобығының сіңірі созылған болуы керек, сүйегі, буыны аман сияқты». Сосын, жолқап­шығынан шығарған термос қақпағына ыстық шай құйып, өзіне ұсынды. Кішкентай дастарқанда тәбет­ті тамақтар пайда болды.
Рауанның бар істері дәл бір үлкен адамның байыпты, сенімді қамқорлығы секілді. Өзі мұнан шамалы үлкен, Рамазанмен қатар сияқты ма?..
– Кордонға шейін өзің жүріп жете аласың ба? – деп сұрады ол. Бұл үнсіз иығын көтерді. – Тоғыз шақырымдай бар. Екі ара таулы-тасты…
– Егер мен кордонға кетсем, сен жалғыз қалудан қорықпайсың ба? – деп ойлана отырып тағы сұрады ол сәлден соң.
– Қорықпаймын.
Рауан сәл ойланып, беліндегі қынапты пышақты шешіп, мұның жанына қойды. Ыстық шайлы термосты, ішінде тамағы бар бірнеше қалтаны, бір қорап шырпы мен кішкентай қолшамды да қалдырды. Желбейінің күлпарасын көтеріп, қостан үнсіз шығып кет­ті.
Суықжал деген таудың баурайына қараңғылық тез үйірілетін сияқты. Тек Араншыңның жалаңаш кеудесі ғана әлі бата қоймаған күн шұғыласымен біраз жарық шашып тұрды. Алысырақта тау өзені күркірейді. Салқындықтан ба, әлде басқа бір әсер ме, бүкіл денесі ерік бермей қалтырай бастады. Рауан кеткен соң денесінің ауырғаны тым қат­ты сезіле бастағандай еді. Түн қараңғылығы төңірекке анық төніп келді. Бір ұйықтап, бір оянып жатқандай. Кенет қостың алдындағы ашық алаңқайда ағарған әлдене көзіне шалынды. Айдың жүзінде бұлт бар ма, төңірек мұнартып, анық көрінбейді. Бұл қындағы пышақты суырып, әлденені тынысын тарта күт­ті.
– Ақниет, бұл мен ғой, – деді нәзік үн.
Рауан!
– Сені жалғыз қалдыруға қорықтым. Қимадым…
Жанына кеп, тізе бүкті. Мұның маңдайына жып-жылы алақанын басты. Қалтырап жатқан денесіне ақ желбейін жапты. Өзі сәл шегініп, қос қабырғасына арқасын сүйей, жеңіл күрсінді.
– Әнші бала нәзік… жо-жоқ, сезімтал болар деп ойладым…
– Мен… сезімтал емеспін, – деп күбірледі бұл.
– …Таудың ішінде тосын жағдайлар көп. Сен тағы да жоғалып кетуің мүмкін ғой…
– Рахмет!.. Мен жоғалмаймын…
– Жарайды… Ұйықта енді… Әкем мен анам уайымдайтын болды. Бірақ әкем менің аман екенімді сезеді. Ол маған сенеді…
***
Көзін ашқанында айнала жап-жарық екен.
– …Ех, Рауан, сен бәрін бүлдірдің! – деп жат­ты Рамазанның кейісті үні. – Бұл бала тау қызықтарын көремін деп сондай армандап келген еді. Сондықтан да мен оған сондай бір қызықтар көрсетсем бе деп едім…
Рауан мен Рамазан лашықтың ашық есігі алдында тұр. Рамазан әбден шаршаған. Үсті-басы үрпе-түрпе. Бірақ өзінің сонша әбіржігенін сездіргісі келмейтін сияқты.
– Ал мен сені адамға шапқан аю әлде бір жабайы біреу екен деп атып ала жаздадым. Түрің сондай қорқынышты көрінді, – деді Рауан.
– Рас па?.. Ол солай болуы керек еді!.. Тек, бұл өзі таутеке сияқты сондай секіргіш деп кім ойлаған?
– Өйтіп ойнауға болмайды ғой.
– Ничего. Адам деген тек ән айта беруіне болмайды. Ол әр нәрсені көруі керек. Ол болашақ сарбаз…
– Сенің кейбір ойындарың… Оны сонша қорқытып нең бар еді? Бұл бала сол өзеннен шыға алмай немесе тастан құлап кетіп, әлде шынымен тау ішінде жоғалып кетсе қайтесің?
– Өй… ол өлмейді!.. Оны әнімен тауып аласың!..
Енді бір сәт ну орманның қалыңында, әлденелерді күбірлеп, біреудің өзін арқалап келе жатқанын байқады бұл. Арқалап келе жатқан Рамазан. Есін жиған бұған алая бір қарап қойды.
– …Ей, сен өзі қорқу дегенді білмейтін немесің бе, немене?!. – деді бір кез­де мұны жерге сылқ тастай салғандай етіп.
– Байқасаңшы! – деді Рауанның үні.
– Неден қорқу керек еді? – деді бұл тұруға талпынып жатып.
– Ну… Қасқыр… шайтан… аю…
– Мен түсіндім, оның бәрі де – фантазия…
– Иә, менің фәнтәзияларым… Бірақ, таудың іші абайламасаң, сенің нағыз фәнтәзияңды шығарып жібереді, бала! Соны айтқым келген еді менің…
– Жүрейік! – деді Рауан.
Енді бір шамада орман арасында қарсы кез­дескен үлкен екі адамның бірі Рауанды құшақтай кеудесіне басып, қат­ты айқайлап сөйледі:
– Балам-ау, амансың ба? Мылтық атып, белгі бермедің бе?
– Атпадым.
– Мына Алқамтөр мақұлқат­тарының жүрегі түгел жарылып кетсе де мылтық атып, белгі бергенің жөн еді!.. Алдыңды қараңғы қылып, түнемелік жолға шықпағаның дұрыс болған, балам… «Босаға» жақтан хабар келді: екі бала тауға шығандап кеткен. Соларды кез­дестіргеніңді сездім. Сол екеу – мына жүгермектер ғой?!.
Екі «жүгермекті» орманшы Бақтығұл ағай «Босағаның» арғы жағына мотоциклімен жеткізіп салды. Бұл жерде пішеншілер де абыр-сабыр болып, жоғалған балаларды іздеуге кіріскен екен.
– Балаларға абай болыңыз, ағасы! – деді орманшы Қайыржұмаға екі саяхатшыны тапсырып тұрып. – Білесіз ғой, тыйымды аймақтың жөні бір басқа, тау дегеніңіз ойын баласы қыдырыстап жүре беретін жер емес.
– Алғабас кентінің доқтыры өзін әрі-бері қарағыштап, «қатерлі еш нәрсе жоқ, – деп шешті. – Басынан шамалы соққы алған. Тобық сіңірі созылған. Салқын тиген…»
Рамазан өзіне қызыл талдан добалдай етіп, таяқ кесіп берді. Бұл соған сүйеніп, олай-бұлай жүруді де үйренді.
– Ей, саған таяқ ұстап, шойнаңдап жүрген жарасады екен. Оллаһи шыным, сен тура соғыстан қайтқан солдат сияқтысың!..
Әйтсе де, Рамазан біраз уақыт өзіне тура қарамай, жүзі төменшіктеп жүргені рас еді.
– …Саған жаман болсын деген ешкім жоқ. Бірақ бәрі осылай шығады деп кім ойлаған?.. Сен мені, былай… кешір! – деді ол бірде. – Сенің әкең… Әділетжан көке өзіңе «нағыз еркектің өнерін үйрет» деп еді әнеукүні. Оны басқа ешкімге емес, қоштасарда маған ғана айт­ты. Оллаһи шыным!.. Грек деген елде сондай мықты тәрбие болған деді…
– Білем. Спартан мектебі.
– Иә, сондай бірдеңеге ұқсайды… Тек, тәуекелге ақыл керек!.. Жә, жәр-райды… Сен қашан ән айтасың? Әнің үзіліп қалды. Бәрі сұрап жүр. Бәрі… Тіпті таудың арғы жағынан Рауан да… Мен сені «Сол Босағаның» басына апарамын! – деді бір кез­де шешімді Рамазан.
– Қалай?
– Сен шойнаңдап, жүре алмайсың…
– Мен… шойнаңдасам да, өзім жүре аламын!
Бірақ Ақниет «шойнаңдаса» да өзі жүре алмады.
Енді, міне, сол Рамазан «Қия жол, ирек соқпақпен» Ақниет­ті босаға биіктің басына қарай емпелеңдей арқалап келеді. Әр қадамын санап келеді: – Біреу, екеу, үшеу, төрт, бес қадам…
– …Мені бұған ешкім жұмсаған жоқ. Мен өзім осылай шештім: сен тау басында ән айтуың керек!
– Рамазан, қоя бер! – деді біраз шыдаған Ақниет.
– Қоя беруге болмайды!
– Сахнаға адамды арқалап шықпайды…
– Керек болады екен, арқалап шығады!
– Олай ән айтылмайды!
– Айтылады! Әйтпесес пішеншілер маған «мат қояды». Сен олардың кейіс­тігін есітсең ғой… Общым, бәріне кінәлі мен болдым…
Бұл күні, расымен де, ән айтылмады. Ән дегенді ешкім биікке арқалап шығара алмайды ғой. Ол өз қанат қағысымен, еркін құстай ғана қалықтап ұша алады. Сол – нағыз ән. Көкке шырқап көтеріле алатын ән. Адамды өзімен бірге алып ұшатын ән… Рамазанның мұны түсінбегені өкінішті… Ол бәрін түсінетін бала сияқты еді… Ал ол айтса, бұл төңіректе бәрі-бәрі ән күтіп жүр.
«Оң Босағада» «Ақ гүл» таңғы самалымен тербеле бой көтеретіндей.
Бәрібір, бір ән-құс қанат қаға алмады…
Кейінгі кез­дері ұйқысынан әлденеге кеуде тұсы шымылдап оянатын болды. Сонау көңілді де сүйікті қаласын, ондағы достарды сағынды бұл. Тек, оларға енді тұнық таңда бозторғай әнін тыңдаған, жаңа орылған шөп иісін иіскеген, кең даланың ауасымен кеуде кере дем алған, Алқамтөр деген ғажайып тауларды аралаған, жұмбақ «Ақ гүлді» көрген, Рамазан сияқты қиялшыл баламен достасқан Ақниет болып оралады бұл! Бұның бәрі олар үшін де қызықты болуы керек!
Алқамтөр мен кең даланың фантазиясы. Керемет!..
Сонау Үлкен қалада, баяғы, абдыраған ақ жаулықты әже есіне түседі.
– …Шырақтарым-ау, мен қай ауылда жүрмін?!. Бұл кімнің ауылы?!. – деп аңтарылып еді сол үлкен әже балалар алаңына қарап тұрып.
Мұның өзінің алаңсыз ойнайтын сүйікті алаңы еді сол… Сондай көңілді алаңда «өзге жұрт­тың «шүлдірі» өте көп екен», «сол «шүлдірден» аман біреуі де жоқ екен. Тек ілеуде бір ғана «өз сөздері» естіліп қалады екен. Өз сөздері… Өте сирек… Қарадомалақ, қаракөздер арасында… Ол әже сонан аңтарылған…
«Босаға» биік басында тұрды бұл.
«Қалаға ескен ақ самал» деген бір сөздер ойына келе береді. Осы сөздер дала күніндей жарқын, өріс самалындай жұпар иісті сияқты. Осындай бір ән барса онда! Мына, дала құстары көңілді сайраған, қиырынан ғажайып самал ескен, адамдары көңілді сөйлеп, жарқын күлген өлкенің суреті үлкен қалаға «ақ самал» болып, өзімен бірге жетсе! Керемет болар еді-ау!..
– Олар солай барады онда!
– …Біздің соңғы дидарласуымыздан кейін қатынасымыз үзіліп қалды. Мұнда сенің де, менің де кінәміз жоқ. Жағдайлардың жалпы аты – «тағдыр» дегенге келеді. Тек оған ерік бере бермеу керек, жас достым!
– Ол ерікті мен түсінбедім…
– Тауға тәуекел етіп, талай хикаят­ты бастан кешкендеріңді білемін. Оның еш әбестігі жоқ. Жігіт дегенің хикаят­тар қалыңында жүруі керек! Қызықты ұлағат­ты хикаят­тар… Бәріне ақыл дос болса жақсы…
– Қайыржұма көке де солай деген… – Ақниет жанында жатқан добардай тал таяқты бір сипап қойды.
– Ау, Рамазан досың бүгін көрінбейді ғой? Қайда жүр?
– Ол соңғы кез­де ұялшақ па… сондай болды.
«Абыз ата» әлденені түсінгендей үнсіз күліп қойды.
– Жақсы да, жаман да үнемі қасымызан қалмай жүре беретіндей сезім болады пендеде. Бірақ бәрі өткінші. Өткінші бәрі. Тек, сол өткіншіні өкінбестей етіп өткізу, сондағы өз орның мен міндетіңді түстеп, тани білу, абыройда атқару – адамның адами қасиетіне сын…
Ақниет бұл сөздерден бір нәрсе түсіне қоймады.
– Адам мен қарлығаш деген құстың арақатынасы… Сен ол хикаят­ты естіген боларсың? – деді қария келесі сәт.
– Есіт­тім…
– Адам мен қарлығаш – ежелден достар. Бұл туралы әдемі аңыздар бар, солардан өрбіген неше түрлі көркем хикаят­тар да жетеді. Сен оларды білуің керек… Бәрі жақсы, бәрі ғажап… Ал енді, көңіл көзімен қараған адамға адам мен қарлығаштың сол достығы жай табиғат қалыптастырған тіршіліктер қатынасынан тереңірек екенін аңдамау мүмкін емес. Сол достықта тілмен айтып жеткізуге келмейтіндей бір адалдық, қасиет­ті сенім, тіпті, ұлы махаббат бар, жас достым.
Қарт адам бір нәрселерді есіне түсіре алмағандай, қинала ойланып қалды. Ары қарай не айтарын білмегендей ме?
– Бұны енді бір қызықшыл сөз деп қабылдамау керек… – деді сәлден соң. – Оның беті аулақ, қарлығаш ұя салған үйді бірде өрт алуы мүмкін. Сонда, қол басындай ғана сол құс әлгі алапат өрт­ті сөндіру үшін тұмсығымен су тасиды. Сұрапыл отқа қарсы бір тамшы су не болады? Онан не қайран?.. Біз өзімізге мәлім қисынмен солай деп ойлаймыз. Бірақ байқай білген ойға осында бір керемет хикмет бар: Қарлығаштың тұмсығындағы сол бір тамшы су сол алапат өрт­тің бетін қайтаруы мүмкін!
– Қалай?!. – деді Ақниет таңданысын жасыра алмай.
– Ол солай! Сол тамшы судан сол ғаламат от жасқанады!
«Абыз ата» алауға көбірек шөпшек салып, от­ты лаулата жағып жіберді.
– …Иә, жас достым, ізгі ниет­тердің кей амалдары алапат өртке тұмсығымен су тасыған сол қарлығаш әрекетіне ұқсас келеді. Тамшы су болса да, қарлығаш-тілектің өрт алдындағы күші қайтарымсыз деседі даналық сөз… Сол қарлығаш-тілекте сұрапыл өрт­тің бетін қайтара алатын ұлы күш бар…
– Ертегі сияқты…
– Ертегі деген – аталар естелігі ғой, жас достым. Оларды тыңдап, ішінен асыл дәнін танып ала білсең, сол – ақыл ісі… Қарлығаш туралы хикаят­та тамаша ғақлия бар: Әз басыңа қандай іс кезіксе де, мен әлсіз едім деуші болма! Менің қолымнан келмейді деген дәрменсіздік пен үмітсіздік көңіліңе жақын болмасын! Қай істе де сенім, талпыныс, тәуекел жаныңды тастап кетпесін! Сол жеңіске жеткізеді. Сол абырой әкеледі. Не деген сұрапыл қиындықтардың беті сонан қайтады!
Қарт лаулаған от жарығында, қалың қабағы астынан көмескі жанарлары жылтырай, өзіне қадала қарап отырды.
– Ұлық істер – кішкентай талпыныс кірпіштерінен қаланған, балам.

«Босағаның» базары да тарқайтын кез келді…»
Шөпшілердің арасында осындай сөз жиірек естілетін болды. Ал Рамазан айтса, «көк бейнет­тің де көтегі көріне бастаған кез бұл!..»
Алқамтөрдің бер жағындағы кешегі шалғыны теңіздей толықсыған алап енді шашын қырғызған баланың тықыр төбесі сияқты. Бірақ ол сонда да қарай бергің келетіндей тартымды, тіпті көркем. Қаражал бет даланың сағымды кең көкжиегі мен салқын самалы сол баяғысынша. Кең алқапта моншақтай тізілген тай-тай шөп қатарлары бұл жерде «ала жаздай бейнет кешкен» адамдардың өзінше бір жеңіс салтанаты секілді. Көңілде бір мақтаныш сезімі бар. Ол шамасы, бұл далада еткен еңбектің, біткен істің сондай бір жақсы сезімі болар?
«Босаға» басындағы әндер сиреді…

Суықжалдың салқын түні мен жып-жылы бір алақандар ойына жиі оралады енді…
«Алқамтөрдің ақ гүлі».
Сондай бір ән болуға тиіс сияқты. Сондай, әдемі ән ол. Адамды таңғы мөлдір көкке қалықтатып алып ұшатын керемет ән ол. Түсінде келеді. Қиялында айтылады. Оянып кетсе, ол да жым-жылас жоғалады. Сосын есіне түспейді. Келмейді. Алыстағы жұмбақ сол бір ақ гүлдей, жақындамай беймәлім алыстарда көлбең қағып тұрып алады.
Бұл енді ән жаза ма?!. Ол қалай жазылады?.. Қалай жазады?..
Бір үзік-үзік әуендер. Ызыңдайды, ұстатпайды.
Жұма күнінің кеші еді. Ақниет Сарыбел деп аталатын қостан әудем жердегі жатаған жонға қарай таяғына сүйеніп, елеусіз жылжып шыққан. Жолшыбай бір жерге жиып қойған шөпшектерін де қолтығына қысып ала кет­ті. Кешкі алау сол маңдарда жағылатын еді.
От жанатын «шарт­ты орында» ешкім көзіне түсе қоймады. Жан-жағына елегізи қарап, біраз тұрды. Рамазанның да осындайда бір жақтарға жоғалып кететіні бар. Қараңғылықта бозараңдаған бір тұлға біраздан кейін көзіне шалынды. Енді қайтып кетсем бе деп те тұр еді.
– Кел, балам! – деген қарияның көтеріңкі дауысы естілді. Лып етіп шырпы тұтанды да, алау от лаулай көтерілді. – Рамазан досың қайда?
– Білмеймін.
– Ол өзі сендей емес, бір беймаза ғой. Бір нәрселерді бүлдіріп те жүреді, бір нәрселерді тындырып та жүреді… Сөйтпесе, мына Қаражалдың «бөлтірігі» атанар ма ол?!.
– Рамазанның мұндай да «аты» бар екен-ау?!.
Қарияның оң жақ қапталындағы домбыраны жаңа байқады.
– Домбыра тарта аласың ба? – деді ол.
– Тарта алмаймын. Әзірге… тарта алмаймын…
– Жігіт­тің жан серігі, сынды сәт­тердегі үні мен тілі ғой бұл!.. Қызыл тілден де жүйріктеу домбыра сөйлейді бүгін. Қазақтың алқау сөзінен кем түсе қоймас айтары!
Сөйдеп, бауырына бүгіле басқан домбыраны «сөйлете» жөнелді қария. Ақниет ол тартқан күйлерді таныды. Аңдап басқан ауыр қадамдардай, әлде сабырмен, түнере жылжыған қалың қолдай тымырсықтана тынып келіп, кенет ғаламат бір күштің жарылуындай әсер беретін қуат­ты сарын. «Кішкентай». Құрманғазы… Тағы бір күй. Ол енді мына даланың сағымнан есіп жеткен самалындай. «Сарыжайлау». Тәт­тімбет… Тағы… Тағы… Көп күй…
Арасына сөз қосуды қажет етпейтіндей, ұзақ дүмпіген домбыра күмбірі бір сәт тым-тырыс тынды.
– Аңыздар таусылады, – деді қария домбыраны жанына күрсіне жантайтып жатып. – Жоқ, менің бұлай деуім қате. Біздің мына пенде-көзе орта тартуы мүмкін, бірақ ол – дүние асылдары таусылды деген сөз емес… Аталар қазынасы таусылуы мүмкін емес! Аңыздар таусылмайды! Олар таусылмаса екен! – деді үні бәсең Ақниет. Ал шындық қында тұрған өткір пышақ сияқты, ол бір күні жарқ етіп, жалаңаштануы керек! Шындық ұзақ үнсіз қала алмайды!..
Сөйдеп, от жарығында тау самалымен желбіреген мол күміс сақалын баптай сипап отырып, кенет сол ақ күміс шумақты иегінен жұлып алды қария. Ақниет тосын жайт­тан селк ет­ті.
Сен ақылды баласың, – деді қарсы алдында, от жарығындағы енді мүлде басқа адам. – Ал ақылды балаларды көп ертегімен алдандыра берудің қажеті шамалы. Міне, біздің аңыздың біткен жері осы!
Ақниет кенет өзгеріп кеткен «Абыз атаға» аңтарыла қарады. – Ертегілер дегенің әдемі ғой. Ал шындық бізге ертегілерден мәндірек, қажетірек, достым!
– Бұл не, сонда?!. – деді Ақниет үні тіпті бәсең.
Біз бір ойын ойнадық. Енді, мұнан әрі шындықпен өмір сүру керек болады, жас достым. Басқаша жол – бекер іс болмақ; ал жалған ойын жас көңілді, тілекті талпынысқа жауап бере алмайды. Бір нәрсеге сенімің кәміл болсын: сақалым өтірік болғанымен, айтқандарым шын. Олардың ішінде бір де өтірік ниет жоқ!
Арықша келген қараторы адам біраз үнсіз отырды. – Еш нәрсеге таңғалудың қажеті жоқ. Мұның бәрі де өзіңе деген игі тілектің амалдары болатын… Өзіңе деген жақсы ниет­тен бәрі…
Солай деп орнынан тұрып, ақ шапанының шалғайын қаққыштап, ендігі сәт қараңғылыққа сіңіп ұзай берді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір