Көне мазарлардың сыры қандай?
Тарихи мұра объектілеріне жеткізетін жолдар салып, ішкі туризмді дамытуға ден қойып отырған елімізде көне мазарлар мен қасиет-кие қонған жерлер жетіп артылады. Әйгілі Алтын Орда империясы ту көтерген Дешті қыпшақ даласы – бүгінгі қазақ даласы. Ұлы дала. Осыноу байтақ та баябан өлкеде күмбірлеп сөйлей жөнелетіндей көне күмбездер тұр. Сол көне күмбездердің бірі «Жошы хан» мазары мен «Домбауыл кешені». Қазақ хандарының бабасы ұлы Жошы хан іргесін қалаған Ұлық ұлыс мемлекетінің 800 жылдығын ағымдағы жылы атап өткелі отырмыз. Осы орайда біз жазушы Амантай Сатаевтың академик Әлкей Марғұланға жазған хатын және ұлы ғалымның жазушыға жауабын жариялап отырмыз.
Академик Әлкей Марғұланға ашық хат
Қадірлі Әлеке! Сізге газет арқылы осы хатты арнайы жолдауыма төмендегідей бір жайлар себеп болды.
Жуырда мен Сарыкеңгір және Қаракеңгір өзендерінің бойын аралап, «Алаша хан» мен «Жошы хан» мавзолейлерін көріп қайттым. Сол араның тұрғындарының айтуы бойынша, сіз бастаған ғылыми экспедиция Қаракеңгір бойындағы «Алаша ханның келіні жерленген» деп аталатын төбені зерттеп, тарихи зор мәні бар соны бұйымдар тапқанға ұқсайсыздар. Сіздің бастауыңызбен жазылып, жарыққа шыққан «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» деген құнды еңбегіңізді де біршама ақтарған жайым бар. Еліміздің көне мәдениетін зерттеуде Шідерті өзені бойындағы Тасмола қоймаларының да ерекше мәні барын, олардың белгілі бір дәуірді көрсететінін осы кітаптан оқып-білдім. Бүгінгі сізден білгім келіп отырғаны мыналар еді.
Өзіңіз зерттеп жүрген Ұлытау төңірегінде бірнеше дәуірдің тілсіз шежіресі ретінде бір-біріне ұқсас, күйдірген қызыл кірпіштен салынған күмбездер бар. Солардың ішінде бүкіл Арқа алабында кездесетін ең ескі құрылыстың бірі – «Домбауыл кешені» екені байқалады. Бұл ескерткіш сәулет құрылысы, қалаған тастары бойынша Аягөз бойында тұрған «Қозы-Көрпеш – Баян сұлудың кешеніне» өте ұқсас. Сонда Домбауыл дегеніміз кім болған? Бұл – бірінші сауал.
Шоқан атамыздың ғылыми еңбектерін жинастырып, бүгінгі ұрпаққа табыс етудегі тамаша өнегеңізді еске ала отырып, екінші күмбез – Жошы хан зиратының құпиясына да көңіл бөлелік. Рас болса, сонау Еділ өзені жағасында қаза болған Жошы ханның сүйегі қалайша Ұлытау алабындағы Қаракеңгір өзенінің бойында жерленеді? Орта Азия мен Қазақстан тарихының Х-ХVІ ғасыр аралығын жете зерттеген академик В.В.Бартольд та өзінің «Моңғол басқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» деген еңбегінде Жошы ханның осы Қаракеңгір жағасында жерленгеніне шүбә келтіреді. Ал белгілі совет жазушысы Василий Ян «Шыңғыс хан» романында: «Шыңғыстың тапсырмасы бойынша жіберілген жансыздар Жошыны аң аулап жүрген кезінде моңғол тәсілімен белін қайырып, омыртқасын сындырып тастап кеткен», – деп жазады. Сонда тарихи романның авторы да бір дерекке сүйенді ме? Бұл – екінші сауал.
Қаракеңгір бойындағы әдемі күмбездің бірі – «Алаша хан» күмбезі. Бұл күмбез қашан, кімге тұрғызылғаны туралы тарихи әңгімелер толық сақталмай, ұмытылған сияқты. Жалғыз-ақ Сарыкеңгір бойында бір тамаша кәрі құлақ кісіге жолықтым, ол – Оразбаев Әбіл. Ол кісінің айтуынша, Алаша ханның кім болғаны туралы ертеден келе жатқан қазақша аңыз бар екені сезілді. Бұл аңыз бойынша, Шыңғыс ханның жорығынан анағұрлым бұрын ел-жұртынан аласталған адамның бірі өз ордасы ханының бақылауынан қашып шығып, осы өлкеге келеді. Әлгі адамнан көп ұрпақ тарап, айналасына қадірлі, ықпалды болады. Содан аймағына «Алаш хан» атанған екен дейді.
Тағы бір есте боларлық жай: «Тарихи Рашидиден» Шоқан жазып алған деректерде Жүніс ханнан тарайтын ұрпақтың шежіресі келтірілген. Осында Жүністің бесінші баласы ретінде Сұлтан Ахмед хан дегеннің есімі аталады. Оның «ел арасындағы алаша екен, «алаша» қалмақ тілінде «қанішер» деген мағынада қолданылатын сөз екен» дегенді бертінде Сәкен Сейфуллин де еске салады. Сонда бүгінде біздің Алаша хан деп жүргеніміз осы Жүніс ханның баласы Ахмед хан емес пе? Қадырғали Жалаири шежіресінен келтірілген Шоқан жазбаларының бір тұсында «Ахмед ханды Орақмырза мерт қылып, шәйіт етті» деген ескертпе тағы бар.
Бүгінде осы күмбездер тұрған аймақтың тұрғындары: «Алаша ханның күмбезін Жошы хандікінен де ерте салынған», – дейді. Қадірлі Әлеке! Үшінші сауалымның ұзақ-сонары – осы. Бәлкім, бұл жазғандарым мен кейбір топшылауларым археолог-тарихшыларға тым тұрпайылау да үстірттеу көрінер. Ондай жағдайда алдын ала көптен-көп кешірім өтінемін.
Көне мазарлар
сырынан
А.Сатаевқа жауап
Қадірлі Амантай! Сенің «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы менің атыма арнайы жолдаған ашық хатыңды оқып шықтым. Қойған сауалыңның бәрі де орынды. Қай адам болсын көне тарих беттеріне үңілген сайын бұрын-соңды байқалмаған жайттарды аңғарады. Ал тарихтан кімдер өтпеді. Сонау Арқа алабында кездесетін ең ескі құрылыстың бірі – «Домбауыл кешені» де соның айғағындай.
Домбауыл кім? Қазақтың ескі шежіресінде, аңыз-әңгімесінде оның есімі көп кездеседі. Сол шежіренің айтуы бойынша, Домбауыл дала кезген атақты мерген боп суреттеледі. Ол қият тұқымынан. Домбауылдың есімін біз Қорқыт әңгімесінен де табамыз. Себебі ол – онымен аталас, замандас кісі. Жаз айлары Кеңгір бойын жайлап, сонда қос тігеді екен. Ол осында жазғы жайлауда жүргенде қайтыс болғанға ұқсайды.
«Домбауыл кешенінің» сәулет құрылысы жағынан Аягөз бойында тұрған «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу кешеніне» өте ұқсастығы заңды. Ертеде (VІІІ-ІХ ғасырлар) мұндай ескерткіштердің барлығы тастан салынды. Олардың бір-бірінен айнымайтындығы да содан.
Енді Жошыхан зиратының құпиясына тоқталық. Жошы Ұлытауда жерленді. Ол қыпшақ ұлысының (Алтын орда) бірінші ресми ханы атанса да, ордасы Еділ бойында емес, Ұлытау төңірегінде болды. Өйткені Ұлытау ол кездегі қыпшақ ордасының ең атақты жерінің бірі еді. Жошының Еділ бойына бармауының ең үлкен себебі – әкесі Шыңғыс ханның саяси бағытына әр уақыт қарсы шығуында. Міне, осыған орай ол бар өмірін бір ғана Сарыарқада аңшылықпен өткізеді. Қасына ылғи әнші-күйші жігіттерді жинап, сауық құрады. Сөйтіп, Орталық Қазақстанда ең алғаш серілік тұрмысты көркейтуге негіз жасайды.
Қазақ халқының шежіресі бойынша Жошы хан Бетпақдалада аңда жүргенде көп құланның бір топ айғырына кездесіп, олармен жалғыз айқасқа түскенде құланның айғыры шайнап өлтіреді. Денесі табылмайды, тек одан қалған сыңар қолы ғана жерленіп, үстіне әдемі күмбез орнатылады.
1946 жылы «Жошы ханның» күмбезі жақсылап зерттелді. Жошының денесі күмбез астынан тұтас табылып, жазғыз-ақ оның оң қолы жоқ болып шықты. Бұған қарағанда тегінде халық шежіресінің негізгі идеясы дұрыс сияқты. Атақты серінің оң жақ қолын дала тағысының алысқанда жұлып алуы ғажап емес.
Жошының Сарыарқада қайтыс болғанын ХІІІ ғасырдағы араб жиһанкездері де білген. Олардың жазбаларына қарағанда Жошы ханды Бетпақдалада аң шайнап өлтіргенін қыпшақ ұлысының атақты билері оның алапатты әкесі Шыңғысқа көп уақыт естірте алмайды. Ең соңында атақты жыршы, әрі күйші Кет-Бұқа деген кісі:
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар, уа ханым?
Өзен суы былғанды,
Кім тұндырар, уа ханым? – деп естіртеді. Бұл жырды алғаш жазып алған арабтың ғалымы ибн әл-Әсір деген кісі.
1966 ж
ПІКІРЛЕР1