ҚАРАШАШ (романнан үзінді)
18.09.2024
617
0

БЕЙІМБЕТ­ТІҢ «ҚАРАШАШЫ»

Қазақтың көрнекті қаламгері Бейімбет Майлиннің «Қарашаш» ат­ты шығармасы алғаш рет «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы 5-нөміріне арабша қаріппен жарияланғанда, оған «басылмаған романның бір тарауы» деп сілтеме қойылған еді.
«Қарашаш» бұдан кейін осы журналдың тағы екі нөміріне (№ 6 және біріктіріліп шыққан 7–8) жарияланды (Өкінішке қарай журналдың 6-нөміріндегі жарияланым табылмады). «Қарашаш» 7–8 нөмірде жарияланғанда, оған «басы жорналдың 21-санында» деп сілтеме жасалды. Ал 21-сан, нақ сол 6-нөмір болатын. Мәтін арасында үзік болғанымен, шығармадағы оқиға желісі үзілмейді.
Бейімбет­тің бұл еңбегі бұрын ешқашан қайта жарияланбаған, 1927 жылы журналда шыққан күйі қалған. Жазушының басқа белгісіз еңбектері арасынан бұған ұқсас жарияланым кез­деспейді. «Басылмаған романның бір тарауы» болғандықтан, «Қарашаш» шығармасының жазушы зертханасында толық нұсқасы болуы мүмкін еді, бірақ жазушы қолжазбалары сақталмағаны белгілі.
Қаламгердің бірөңкей «қара сөзге айналып», «қара сөзбен едәуір нәрсе жазып тастаған» кезі, 30-жылдардан басталады. 20-жылдары, негізінен, қысқа әңгімелер мен поэзиялық туындыларға көбірек көңіл бөлді. Белгісіз «Қарашаш» шығармасы жазушының осы уақыт­та көлемді прозалық шығармаға да бет бұрғанын көрсетеді.
Жазушы «басылмаған романды» 1927–1937 жылдар арасында жеке кітап етіп шығаруға ұмтылмаған. Өз шығармашылығы туралы қалдырған аз-кем сөздері мен мақалаларында да «Қарашаш» жайында әңгіме болмайды. Соған қарағанда, мұны алдағы жазылуы тиіс шығармаларына бір тарау ретінде кірістіру мақсаты болды ма деген ой да жоқ емес.
Осы орайда «роман» сөзіне бүгінгі биік талап тұрғысынан қарап, жанрлық тұлғада ғана қабылдамаған жөн. Жиырмасыншы жылдары «роман» сөзі жарияланымның айдары ретінде де қызмет ет­ті. Мысалы, әйгілі «Шұғаның белгісі» 1922 жылы «Қызыл Қазақ­стан» журналында жарияланғанда, оған «роман» деген тақырыпша қойылды. Ал «Шұғаның белгісі» басқа шығармаларымен бірге 1926 жылы жеке кітап болып шыққанда, 1933 жылы «Толық жинағының» 2-томына кіргенде, «әңгіме» деп көрсетілді. Аға буын зерт­теушілер «Шұғаның белгісін» повесть (хикаят) деп таниды; Бейімбет­тің өзіне салсаң, ««Шұғаның белгісі» ұзақ әңгіме ғана. Сол себепті, «Қарашаш»-тың да осындай жайы болуы мүмкін.
Біз бүгінгі қаріпке түсіріп, қайта жазып алған бұл шығарманы бір бөлігі табылмаған соң, біраз уақыт жеке архивімізде сақтап, табылмаған бөлігін іздестірумен болдық. Дегенмен белгісіз шығарма мәтіні толық табылмаса да, оның қолдағы бар бөлігін жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Отызыншы жылдардың ойранында қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгердің басқа да кейбір күрделі шығармаларының толық нұсқасы әлі қолға түспей жүргенде, жаңа мәлім болып болып отырған «Қарашаштың» қалған мәтінінің енді табылатыны неғайбыл. Сонда да үміт жоқ емес. Ұдайы ізденіс бір нәтижесін беріп қалар деген ойдамыз. Соңғы уақыт­та ғана Бейімбет­тің бірер белгісіз шығармасын үйіріне қосқанымыз, оқырманның есінде болар. Жазушының халық қазынасына айналған сөз мұрасының бір үзігі – «Қарашаш» туындысы арада 97 жыл өткен соң туған халқына қайта оралып отыр. Қабыл алыңыздар!

Әзірлеген
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
бейімбет­танушы,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақ­станның құрмет­ті журналисі 

І

Қара томардың басы қыбырлаған мал, быжынаған адам. Түн қатып көшіп келген ауыл ыстыққа ұрынбай үй тігіп алуға аласұрып жатыр. Қыз-қатындар уық шаншып, ши тартып, бозбалалар бір-бір бақан қолдарында, үйдің киізін сүйрегіштеп жүр. Көштің арты созылып, жалғыз қадамдап келіп жатыр. Әлдеқайдан айқай шықты:
– Көргенсіз ит, біреудің жұртына неге қонасың?!
Қара томар басының ен шалғыны, өзектеніп жатқан қара бұйрасы аз ғана ауылға қонысқа тарлық қылатын сияқты. Өз жұртын біреуге беріп, басқа жерге ауа қонса, бақ-дәулеті екінші адамға ауысып кететін секілді. Мұны үлкендер ойлағанмен де, айғайға жиналған балалар ойлайды іштерінен: «Апырмау, ұрыспай-ақ қона берсе қайтеді екен, жер жетпей ме екен?!» – деседі. Мұны жалғыз балалар ғана емес, ауылдың орта шенінде тігіліп жатқан ақ үйдің сыртында арбаның көлеңкесінде кітап оқып отырған Садық та ойлап отыр еді. Садыққа ауылдың ісінің бәрі ерсі секілді көрінеді. Қыстау осы жерден 35-40 шақырым жер. Жұмыстарын шала-пұла істеп, албар-қорасын ашық-тесік тастап, қайтіп көрместей болып жайлауға асығады. Көк шалғынға қонып алып, байы сапырып қымызын ішеді. Ақсақалы, ел басы адамдары ауылдан ауылға қыдырып дау аңдиды. Біреуге біреуді ұғыстырып, арасынан олжа түсіреді. Бай үйіне қона-түстене жатып, тәт­ті тамағын жейді.
Кедейде мұның бірі де жоқ. Қымыз түгілі, айранға тоқ емес. Әрқайсысы қымызы бар үйді сағалай қонып, соның жұмысын істеп, қонағын күтіп, бір тостаған саумал бере ме деп көзін сатып отырғаны. Алты айғы жаз кәсіппіз, біреудің шашбауын көтерумен жүргенде, қабағын түйіп қыс келсе, бала-шағасы аш-жалаңаш, отын жоқ, шөп жоқ, тамақ жоқ – ділгерлікке ұшыраған соң амалсыз байларға жалданады. Иә болмаса қарыз алып, өміріне арылмастық қарызға батады. Бұл – бір ғана рет емес, жыл сайын басына келеді. Бірақ осыны сезіп, керексізден бойын аулақ салған, алдағы күннің қамы үшін тырбанып кәсіп қылған бір кедей жоқ.
Осы ауылда Мәмет деген жігіт бар. Сыпайы жігіт, сөзшең, епті жігіт. Домбыра тартып, өлең айтады. Малы болса, құдіретінен келсе, жалғанды жалпағынан басатын жігіт. Бірақ дымы жоқ қой, қара лашығы түте-түте. Әке-шешесі қайыр сұраудың аз-ақ алдында. Өткен өмірінде өз үйінен тамақ ішкен емес.
Мәмет күндіз-түні Сауқымның үйін­де болады. Сауқымның мырзасының шашбауын көтеріп, соның ескі-құсқы киімін киіп, далаға шықса, атқосшы болып жанына еріп, сонымен өмірі өтеді. Бай баласының жанына еріп, әдемі тамақ жеген соң, байға қолы жеткен соң, өзінің кедейлігін ұмытып кеткен секілді. Іріліктен де дәмесі бар. Кедейлердің көбін менсініп сөйлеспейді. Бай баласы секілденіп, жақсылармен жанасып, атақ алғысы келеді, «пәленше» деген адам болғысы келеді.
Апырмау, бұл не деген жындылық? Әп-әдемі жігіт. Істесе қолынан кәсіп келеді. Тырбанса қайтеді? Үй болып, өз алдына күн көрудің жабдығына кіріссе қайтеді?! Бай баласы қашанғы серік? Бай баласының адам болғанының қанша керегі бар?!.
Садық бұл туралы ойлағанда, ой түбіне жете алмайды. Елде сана-сезім жоқ. Елде білім жоқ. Білімсіз елдің қатесін сезуі оңай емес. Өмір тартысында өз керегін сезіп, алдағы күннің жабдығын ойлау – ондай білімсіз елдің қолынан келмейді.
Елді білімдендіру, ел мәдениетін көтеру туралы Садық бірсыпыра сөздер естіп еді. Тысқы оқыған медіресесіндегі ұстазы ашық пікірлі адам болғандықтан, сабағының көбін әңгіме түрінде айтып, шәкірт­терге көбіне ұлт­тық пікірді таратушы еді. Әсіресе орыс пен мұсылман жұртының арасындағы қайшылықты айтып, пәленің бәрін жұртына аударған секілді еді.
Садық өзі осылай түсініп еді.
Ол кез­де қалада жүргенде, жалпы елдің қалпы қайғыртса, енді елге келген соң, екінші түрлі күйге түскен секілденеді. Елдегі түрлі қиянат­тарды, байлардың кедейлерге істеп отырған өктемдігін, кедейлердің көбі бұған налып… «Құдай бұйрығы» деп, іштен тынып көнетінін, бірсыпыра кедейлер байға қолшоқпар болып, кедейлерді бірге езісетінін – осының бәрін көргенде, екінші түрлі ой келеді. «Ел мәдениетін көтергенде, әсіресе кедей жағын еске алу керек қой. Көпшілік кедей білімді болса, байға бүйтіп жалынбас еді, өз алдына өмір сүруге тырысар еді…» деп ойлайды. Бірақ кедейді қалай білімді қылу керек? Ел ішінде ашылып отырған мектеп бар ма? Қаладағы мектептерге кедей баласы қалай кірмекші?! Міне, бұл сұрау – Садықтың басын мықтап қатырады. Қанша ойласа да, Садық бұған жауапты таба алмайды. Табу мүмкін де емес, тұрмыста көріп жүргені бұған қарсы. Садық өзінен тәжірибе алса, кедей баласының бірі өзі – өзі неғып жүр? Бір-екі жыл ауыл медресесінде оқыды. «Бала молда» болды. Байлардың қонағын күтіп, малын бақты. Ақырында, Қасеннің себебімен ескі оқуды тастап, жаңалыққа бет бұрған болды. Бірақ мардымды еш нәрсе жоқ. Ноғай медресесіне екі жыл оқыған болды. Оқығанмен керекті білім ала алмады. Алты айғы қысты тұтас оқуға, қаражаты жетпеді. Бір-екі ай оқығанмен, еш нәрсе ала алмады. Бұдан әрі де бұл күйден құтылу екіталай. Осымен жүріп күн өтпекші. Не онда, не мұнда жоқ, әуре-сарсаң адам болмақшы. Бұл – қайта кедей баласының ішіндегі ерлегені. Ноғай медреселерінде оқып жүрген қазақ балаларының көпшілігі бай баласы. Орыс үшкелдеріндегі қазақ балаларын көрсең, пәленше-төленшелердің баласы болып шығады!..
Садық ойлана келе, өзінен-өзі күбірледі.
– Ендеше кедей оқи алмайды. Нақ бұл күнде кедейге тура күн жоқ! – деді.
Садықтың ойын Қарашаш бөлді. Уықтың байлауын шешіп жатып, Садыққа қарап күлді.
– Молдеке, үй тігіспейсіз бе? – деді.
Күлзипа бәйбіше араға түсе кет­ті.
– Өзің ерінген соң, енді молданы жұмсағың келген екен.
– Жұмсаған болушы ма еді? Молданың өз үйі есепті емес пе? Өз үйіне жұмыс қылғанның несі айып?! Солай емес пе, молдеке? – деп, Қарашаш тағы қарады.
Өткір көзі күлімсіреп, Садықтың ішіне от болып түсіп, күйдіріп жіберген секілденді. Садық ыржиып күлді. Кітабын жиып орнынан тұрып, үйге қарай жақындады. Бірақ үй тігіспеді, екі көзі Қарашаштың уық байлаған қолында еді…

ІІ

Сақан бөркін қоқырайтыңқырап киіп, алдындағы қымызын шайқап отырып, Садыққа қарап қойды.
– Молдеке, сіз үлкен жерде оқып келдіңіз ғой, біздің бұрынғы молдаларымыз жұмақ-тамұқ деген бар деуші еді. Ғибадат қылмаған адам тамұққа кіреді деуші еді. Көк өгіз деген өгіз бар, мүйізімен жерді көтеріп тұрады; қиямет-қайым болғанда, пайғамбар мен Ғайса қосылып, соның тойына сояды деуші еді, солары рас па? – деді.
Қымыз ішіп отырған жұрт­тың бәрі әңгімелерін қойып, Садыққа қарай қалды. Қырықбай – сақалды қара кісі. Жанындағы бір жігітке көзін қысып, сыбырласып бірдеңе айт­ты. Үйдің ортасында мырзамен қатарласып отырған Мәмет мысқыл ретінде күлді:
– Молда сирағынан іліккен шығар, – деді.
Сақанның сұрауы Садыққа бұрыннан таныс еді. Жалғыз Сақан емес, мұны Садықтан басқалар да сұрап көрген. Садық өзінің білгенінше оларға жауап берген. Бірақ жауабы бұрынғы молдалардыкі секілденіп шықпаған соң, жұрт екшеп сұрай беретін еді. Кейбір сопылар Садықтың берген жауабын сырт­тай естіп, Садыққа кәпірлік «таңбасын» басып та үлгеріп еді.
Садық болдырмай сөзге кірді.
– Сіздердің осы сұрауларыңызға түсіне алмаймын. Жұмақ-тамұқ туралы мен білгенімді әлдеқашан айт­тым. Оны елдің бәрі естіп жүр. Сол айт­қанымнан өзгертер еш нәрсем жоқ. Мен өзгерткенмен де, ғылым өзгертпейді. Не нәрсенің болса да, білімпаздар қазір анығына жетіп келеді. Бұрынғы әңгімелердің бәрі де ертегіге айналып барады. Оны айта бергенмен май шықпайды. Өнімсіз нәрсе. Біздің барлық нәрсеміз түп-түгел болып, жалғыз сол жұмақ-тамұққа қарап отырғанымыз жоқ. Біздің керегіміздің мыңнан бірі де жоқ. Біз – білімсіз наданбыз. Оқымысты жұрт­тар қазір аспанда құстай ұшып, суда балықтай жүзіп жүр. Соның бәрі керемет емес, білімнің арқасы. Білімді болсақ, біз де соны істер едік. Қазіргідей жерімізден айырылып, екі күннің бірінде орыстың егініне потрава1 тартып, мал іздеп барған адамымыз таяқ жеп қайтпас еді. Біз жұрт боламыз деп тырыссақ, шеткі жұрт­ты қояйықшы, мына өзімізбен көрші отырған орыстарға теңелер едік. Орыстардың істеп отырғанының біз, мыңнан бірін істейміз бе? Орыстағы бар нәрсенің бізде мыңнан бірі бар ма? Осы күні не керегіміздің бәрін де сол қаладан алып отырған жоқпыз ба? Ең арғысы, жайлауға көшу үшін арбаны да сол орыстан алып отырмыз… Міне, бас қосылғанда біздің сөйлесетініміз осындай нәрселер болу керек. «Игі жақсылар» бас қосқанда оқу, білім туралы сөйлесіп, мектеп ашып, елдің баласын оқытудың қамын қылу керек…
Садық қыза келе көп сөздерге кірді. Бұрыннан сақтанып айтпай жүрген сөздерін де айтып салды. Ақсақал және ел бастаған адамдардың өз пайдаларын ғана ойлап, елді аздырып жүргеніне шейін барды.
Сақан мұны жаратпай мұрнын тыржит­ты. Кекете, іле сөйледі:
– Олай болса, дінді қоюымыз керек екен ғой.
– Дінді қой деп отырған ешкім жоқ. Дініңізде отыра беріңіз. Бірақ мынадай ел игілігін қарастыру керек…
Төменгі жаққа таман отырған Нұрман дейтін шоқша сақалды сары кісі:
– Молданыкінің де жаны бар-ау, орыстың өнерлі екені талассыз. Осы поселке түскен жылы, Андрей дейтін тамырым менің соқамды айдап еді. Соның осы күні 20 шақты қарасы бар. Менің сол күнде 10 шақты қарам бар еді, осы күні бір ат, бір бұзаулы сиырға қалып отырмыз, – деп Садықты қолдай сөйледі.
Нұрманның сөзі Сақанға да, басқа отырғандарға да шаншу секілді түйі­леді. Сақан ежірейіп қарады, Мәмет Сақанның көңілін табайын дегендей, Нұрманды келекеге айналдырды:
– Нөке, осы, шоқынып орыс болсаңыз қайтеді, Андрей сияқты болып байымас па екенсіз?
Сақан кеңкілдеп күлді. Нұрман Мәмет­тің сөзін ауыр алды. Түсі сұрғылт тартып, Мәметке шүйлікті:
– Құйысқанға қыстырылған боқ сияқтанбай отырсаң, бірдемең кете ме!
Сұлу мұрт­ты Күркебай мырза Мәмет­ті қорғай кет­ті:
– Нөке, шамданбаңыз. Сіз шамданарлық еш нәрсе болған жоқ.
– Неге шамданбайын, ана итке үргізбе!
– Үріп саған не деді?
– Не демей отыр? Шоқынарлық халге жеткенім жоқ. Жаны ашыса, ана әкесі мен шешесін шоқындырсын. Көрінгенге көзтүрткі қылып елді безіретпей…
– Тіліңді тарт, Нұрман! – деп, Мәмет жүгініп-ақ алды. Көзі қанталап, сұрланып кет­ті…
– Тартпағанда қайтесің?!.
– Мә, тартпасаң!..
Екеуі шарт та шұрт төбелесті де қалды. Үй іші астан-кестен.
Арашаға кірген Сақан, Күркебайлар Мәмет­ті ұстаған болып жүріп, Нұрманға бір-екі жұдырықты батырып та қалды. Ойбайын салып, үрей болып Күлзипа жүр:
– Мені жесір қатын деп басынып, үйімде төбелес қылдыңдар-ау! – деп жылайды.
Садық бастапқы кез­де аң-таң болып тұрса да, Нұрманға таяқ батып бара жатқан соң, жан салып арашалады. Екі жағына да тоқтау айт­қан болды. Күркебай мырза екі иінінен демін алып жүріп:
– Осы – сенің ылаңың, молда! – деді. Құдіретінен келсе, сол күні-ақ қудырып жіберетін адам секілденіп қарады. Бірақ ойламаған жерден Күлзипа келіп араға килікті:
– Күркебай шырағым, ол бассыздығыңды маған істеме! Менің молдам ешқайсыңның сөзіңе кірген жоқ. Жесір қатын деп басынып, үйімде төбелесті істеп отырып, енді молдама да қол салдың ба? Еріккеннен, сәндік құрып ұстаған молда емес, ана байымнан қалған жалғыз баланы оқытқалы ұстап отырмын, – деп мұңын айтып, жылап жіберді.
Күлзипаның арашалағанын Сақан да, Күркебай да жақтырмады. Сақан кейіген пішінмен:
– Ай, бәйбіше-ай, жесірлігіңді алдымызға тартып, бізді мұқатып-ақ болдың-ау! Әт­тең, сенімен ырылдасып жату қиын. Әйтпесе… – деп сөзін бітірмей тоқтады.
Садық Сақаннан кіжінуінің себебін сұраса да, жауап қайырмады. Жұрт біртіндеп тарай бастады. Үй оңаша қалған соң Күлзипа жайлап сөйлеп, Садыққа мұңын айт­ты:
– Қарағым, екі жылдан бері тұрып, өзіміздің адамымыз секілденіп кетіп едің. Сені қимаймыз, сені шандып біреу сөз айтса, арашалап шыж-быж келіп қаламын. Елдің ыңғайын өзің де байқап жүрген шығарсың. Тым қарсы кете бермей, ыңғайына жүрсең де болар еді. Түнеугүні Қауқылдақ өлгенде, сенің жаназаға келмегеніңді сөз қылып, мазамды алды. Сосын, кейіп кетіп: «Жұмыстарың болмасын, шоқынып кетсе де балама аузы дуалы, хат танып, адам болып қалды. Маған керегі баламның оқығаны», – деп едім, бәрі де жым болды. Саған дегенде бәрінің де қаны қарайған, бірақ мені сыйлай ма, әлде аруақты сыйлай ма болмаса төркінімнен қаймыға ма, әйтеуір іштерінен тынып жүр…
Садық қайырып еш нәрсе айтпады.
Жұрт­тың көзқарасын әлдеқашаннан сезуші еді. Бірақ олар кінәлайды екен деп, дұрыстықты жасырғысы келмеуші еді. Ескі молдалар секілді елді алдауға Садық жан-тәнімен қарсы еді…
Керегенің басында қыстырулы тұрған газет­терді, кітаптарды алып, Садық оқуға кірісті. Бірден көзіне түскені бір ақынның жазған өлеңі болды:
«Тышқан аңдып мысық жүр,
Алдап көзін қысып жүр.
Іс таба алмай сары шұнақ,
Сорлы сасып-пысып жүр…»
Садық күрсінді:
– Сақан секілді жалмауыздар, Күркебай секілді борсық мырзалар, Мәмет секілді құйыршықтар жоғалмай, қазақтың ел болуы қиын. Қазақты ел қыламын дегенде, алдымен, осыларды жою керек! Осылармен күресу керек! – деді.

ІІІ

Шілдеханаға жиналған жұрт үйдің азуы-мұрнынан шығып тұр. Қыз-келіншектер үйдің оң жағынан төрге шейін отырған. Оған таяу бозбалалар. Бозбалалардың көрнектілері болмаса, көбісі орын тимей түрегеліп шығып тұр. Жас балалар далада асыр салып ойнап, даланы басына көтеріп жатыр.
Қыздарға таяу отырған Мәмет. Жанында Күркебай мырза бар. Мәмет домбыраны шертіп, біраз өлең айт­ты да, екінші жігіт­терге берді, өзі қисайып жатып қыздармен әзілге кірді. Қыздардың дәл ортасында Қарашаш отыр еді. Мәмет сөзді көбіне соған қарап нұсқап отырды:
– Сыйлы қарындас, тым сыздап кеткен екенсіз, әлде күтіп отырған адамыңыз бар ма? – деп күлімсіреді.
Қарашаш баста мұны кімге айт­қанын сезбесе де, Мәмет­тің ойнақшыған сұр көзі қадалған соң, өзіне арналған сөз екенін білді. Тұла бойы мұздап, ашу кернеп, тітіркеніп кеткен секілденді. Қадалған жексұрын көзден бұрылыңқырап еді, Мәмет­тің улы тілі шағуын қоймады:
– Бұртимаңыз, қарындас! Бізді елемейтініңізді білеміз. Елейтін адамыңызды да білеміз, – деді.
Қарашаш естімегенге салынып, шыдайын десе де, көптің көзінше айт­қан сөзіне шыдап отыра алмады.
– Көргенсіздіктің бәрін біздің елдің жігіт­теріне жиып берген білемін, – деп күңк ете қалып еді, Мәмет бұрынғыдан да бетер іле түсті:
– Дұрыс айтасыз, өзіңіздікінен басқаның бәрі көргенсіз…
Дабырлап отырған қатындар, сыбырласып отырған қыздар, Мәмет пен Қарашаштың шәлкем-шалыс сөздерін есітіп, құлақтарын түріп тыңдай бастады. Жұрт­тың көзі бәрі бірдей қадалған соң әрі Мәмет­тің сөзіне күйіп кетіп, Қарашаш төзе алмай, жылап жіберді. Жақын жеңгесі баста абайламай қалса да, маңындағы қатындардан сұрап біліп, Қарашаштың өшін Мәмет­тен ала бастады:
– Сандалып… мырзаның делбеге­йін ұстағанға булана ма екен? Ойнап отырған балада несі бар екен?! – деп дауысын шығара сөйледі.
Күркебай бұл жерде де қатысты:
– Әй, қатын, шаптықпа, әзіл көтере алмасаңдар, ойында нелерің бар, үйлеріңе бар да жатыңдар! – деді.
Мәметпен қарсыласса да, Күләш мырзамен қарсыласа алмады. Қарсыласуға қорықты, Күләштің үйінің сауып отырған сиыры Күркебайдыкі еді. Оған қарсы келсе, сиырын алып қоятын секілденді. Сондықтан Қарашашты ертіп алып, ойыннан шығып кет­ті. Қарашаштың кеткеніне бірен-саран қатындар, үй іші реніш қылды. «Күлзипа ертең шаңымызды қағады-ау» десіп, қауіп қылысты. Бірақ сенікі теріс деп мырзаға еш нәрсе де айта алмады…
Көптің ортасынан шығып кету, Қарашашқа өте ауыр тиді. Мәмет­тің неге өшігетінін Қарашаш сезеді. Мәмет жақын жеңгелерін салып, мырза үшін Қарашашқа талай сөз айт­қызған. Қарашаш ешбіріне көнген емес, Мәмет­тікі соның кегін алу. Таңып отырған адамы – Садық. Садық екі жылдан бері осы үйде мұғалім. Бойжеткен қыз бен жас жігіт бір үйде жатқан соң, текке жүр деп ешкім ойламайды.
Жеңгесі Күләш түрлі әңгімелерді айтып келе жат­ты да, сөзінің аяғына әкеп Садықты қосты:
– Молданың өзі сыпайы жігіт-ау. Екі жылдан бері осы ауылда жүр, бір қат­ты сөзін естіген емеспіз. Өзін балалар да жақсы көреді. Бұрынғы молдалардан балалар безіреп болушы еді…
Күләш сөзінде Садықты аспанға көтере мақтады. Күләштің бұлай Садыққа қызыққан пішінмен мақтауын Қарашаш әлденеге ұнатпайтын тәрізденді. Садық мақтауға тұрмастық жігіт емес, бірақ мұнша мақтауының сыры не? Әлде… Күләш қызығып жүр ме екен?.. Садық пен екі арасында жасырын сыр бар ма екен?.. Болғанда қайтеді? Садық бойдақ жігіт. Күләш та кәрі әйел емес. Замандас адам болған соң ойнап-күлетін шығар. Оны қызғануға Қарашаштың қақы бар ма?..
Қарашаш бұл жағын ойлай келгенде, бұдан екі жыл бұрынғы бір оқиға есіне түсті. Үйінде уақытша жатқан Садық Қарашашқа қызыққандық көңіл білдірген. Қарашаш онда жас қой әрі әкесі өліп, қайғылы болып отырған кезі болған соң, ашып еш нәрсе айта алмаған. Бірақ Садықтың келер жылы келіп, осы үйге бала оқытуына Қарашаштың сөзі себеп болып еді. Қарашаш айырылысарында: «Ендігі жылы тағы кел», – деп еді. Садық келді. Екі жылдан бері бала оқытып тұр, ол кез­дегі жас Қарашаш, енді бойжеткен қыз болды. Қатын іздеген бойдақтар, тоқал алғыш байлар, бір күндікке әуес мырзалар Қарашашқа көз сала бастады. Қарашаш шешесін билеп кет­ті. Айт­тырған жердің ешбіріне де ырзалық көрсетпеді. «Астыртын жүріп қызық көрейік» деген мырзалардың ешбіріне қызықпады. Бұл – басқа қыздармен салыстырғанда, Қарашаштың артықшылығы. Қарашаштың тәрбиелі өскендігі… Бірақ осы күймен қашанғы жүрмекші? Өткен өмірінде үйінде отырмақ па? Үйінде отырмайтын болса, басқа қыздар құсап бұ да күйеуге шығатын болса, кімге шықпақшы?
Міне, бұл ой Қарашаштың басына келіп орнағалы біраз болып еді. Бүгін бұрынғысынан өзгеше болып түрленді. «Өмірлік үйде отырмайтын болсам, керекті адамды енді іздестіруім керек екен» деген ойға келді. Керекті адамды қарастырғанда, жүрегінің түкпірінде көптен сақтаулы келген бір сыр «мен ше?!» деп, алдына тартылғандай болды. Қарашаш өзінен-өзі ыржиып күлді.
– Бәсе, сол ше! – деді.
Кернеген ашу, лоблыған жүрек, құбылған оймен Қарашаш үйіне келіп кіргенде, қап-қараңғы болып қалың ұйқыға шомған меңіреу үй, әлденеге жат сияқты көрінгендей болды, ұрлық қылатын адамша ептеп қана басып, Қарашаш әжесінің төсегіне келді. Әжесі өз орнында жатыр. От жағында жалғыз інісі шалқалы. Ірге жақта Қарашаштың өз төсегі. Күнде жатып, қысқа таңды кірпік қақпай өткізетін төсегі… Қарашаш көп ойланды. Оймен жатып, көрер таңды көзімен атқызады. Не ойлайды? Ол жағын түгел айту қиын. Өйткені кейде ойлаған ойынан Қарашаш өзі де ұялады, жерінеді… Бүгін сол төсегі өзіне жат секілді. Бұдан басқа да, іздеп тапса қадірлі, ләззатты төсек бар секілді. Ондай төсекке жұрттың бәрінің де қолы жеткен. Соның бәрі «бақытты» кісілер болып, жалғыз Қарашаш қана қарғалған бола ма? Әлде Қарашаш та ойлаған ойының ұшығына шығып, басқалар секілді «бақытты төсекті» таба ма?

Түрген есіктен дала азырақ бозарған сияқтанды. Үй ішіне бұлдыр сәуле енген сияқтанды. Бұлдыр сәуленің жарығымен бұлдырап қана, көрпесін орап жамылып, монтиып ұйықтап жатқан біреудің суреті көз алдына елестеген секілді болады… Әне, төр алдында жатыр. Жалғыз жатыр… Жалғыздықтан жерінбей ме екен? Күнде жатқан төсегінен безірей ме екен?! Әлде…
Қарашаштың көзіне Күләш елестеді. Көзі күлімсіреп, жаулығын доғалай бас қылып орап, «сол төсекке» келіп үңіліп тұрған тәрізді… Қой болмас! Күләш оны істегенмен де, Садық көнбес, Садық оның жігіті емес. Садық – жігіттің ішіндегі періштесі. Садық – ұялшақ жігіт. Ойындағы мүддесін ашып айтуға ұялатын шығар, қызыққанмен де, іштен өртеніп, сыртқа шығарып айта алмай жүрген шығар, о да Қарашаш секілденіп, ұзақты түнді ойлаумен өткізген шығар!.. Қарашаш мұны бір ретте байқаған да…
Жаңбырлы түн еді. Қара жаңбыр сіркіреп қана жауып, жел жоқ, құз жоқ маужырап тынған сиқырлы түн адамның ішкі сырын еріксіз ақтарғандай еді. Сол түні Қарашаш ояу жатып еді. Қарашаш әлденелерді ойлап жатып еді. Қарашаштың ояулығын сезгендей, Қарашаштың не ойлап жатқанын білетіндей, Садық ауыр күрсініп еді… Қарашаштың ойы кенет өзгеріп, Садықты жанына келіп төніп тұрғандай көріп еді. Бірақ ол, шынында, болмап еді…
Қарашаштың ойы екінші жаққа көшті. Қарашашқа қауіп кірейін деді: «апырмау, әлде сүймей ме екен? Менен басқа сүйіп жүрген адамы бар ма екен? Мені әншейін алдау үшін, көңіл жұбату үшін ғана ынтығып қарай ма екен?! Ынтығып қарауы – сүйетінін білдіреді. Ендеше, адам емес пе, кеудесінде жаны бар емес пе? Екі жылдан бері сөз қатса бірдеме болып па? Әлде баяғыны кек қылып жүр ме екен? Бірақ онда Қарашаш жас еді ғой. Жас болса да, тілегін со сағатында орындай қоймаса да, Қарашаш қарсылық білдірмеп еді ғой».
Ірге жақ сыбдыр ете қалғандай болды. Қарашаш жалт бұрылып еді, шиді жоғары көтеріп жіберіп, керегенің қуысынан біреу қол жүгіртіп жатыр екен. Қарашашты ашу кернеп кетті. Жалма-жан қолды шап беріп ұстай алды. Етженді келген быттиған быртық қол екен. Сұқ қолында жалпақ алтын балдақ. Қарашаш қолдың кімдікі екенін сезді. Салғаннан балдаққа жабысты. Быртық қол кейін қарай шегініп еді, жібермеді. Балдақ суырылды. Жұлқып тартқан қолды шидің түбіріне жырдырып, қанатып қоя берді.
– Шірік неме! – деді Қарашаш. – Сендейге қолжаулық болатын қызың мен емес. Мен кіммен ойнап күлетінімді, кіммен бірге өмір сүретінімді білемін! Мен «соныкімін», «ол» мені сүйеді. Осындай адам менің тыныштығымды алған, менің ойыннан шығып кетуіме себепкер болған «жамандардан» кек алу үшін «соған» өзім барсам ба екен? Сүйгеніне, жан сүйген адамына барғанның несі айып! Барамын!..
Жүрегі аттай шапты. Буыны босап, тұла бойы қалтыранып, демін зорға дегенде ішіне тартып, орнынан тұрып жүрді. Төрге қарай жүрді…
Садық мұның келе жатқанын білгендей, аунап түсіп, көрпесін дұрыстап жамылды…
Қарашаш ұйықтап түс көрді. Садықпен екеуі қосылған екен. Аппақ… бір жасар баласы бар екен… Садық атқа мініп кеткен екен. Соның келуін күтіп, баласын көтеріп тұрғанда, Садық жетіп келеді. «Қалқам!» – деп баласын құшақтап сүйсе, «мені сүймедің» деп Қарашаш назданып, бұртиып, ашуланған болады. Садық күлімсіреп: «бетіңді әкел, сені де сүйейін!» – деп аузын аша бергенде «қалқам, тұр, шай іш, шай қайнады», – деп, біреу қозғап оятты.
Қарашаш басын көтеріп алса, үйдің іші тегіс оянған. Төр алдында газет оқып отыр. Қарашашқа көзі түсіп кетіп, Садық жымиып күлді.
Қарашаш та күлді…

V

Күләштің атасы – Сәрсенбай дейтін Тышқанбайдың жақыны. Жалғыз баласы бар. Келіні, кемпірі – бәрі төрт жан. Бір-екі қарасы бар. Сәрсенбай жастан кедейлікке үйренген адам. Мал жиып баю – Сәрсенбайдың ойына кірген нәрсе емес. Ішетін тамақ болса, мінетін бірер ат болса, одан артықты Сәрсенбай іздеген емес. Мінезі салдыр-салақтау, сөзі көп, мақтаншақ. Қызып кетсе өтірікті де соғып жібереді. Ерегісіп кетсе, төбелесе салатын әдеті де бар. Осындай қалпына қарап, жұрт оған «әпербақан Сәрсенбай» деп ат қойған болатын.
Әлдеқалай кездесе қалсаң, Сәрсенбай әңгімесіз қылмайды. Мүйізді шақшадан насыбайын атып алып, бөркін көтеріңкіреп қойып, сөзін бастайды. Көбіне айтатыны – өзінің жасындағы ерлігі, ерлік емес, өзінің өз болып араласқан бір жұмысы. Арғын-қыпшақтың арасын жол ғып болған Телеу Тұрабай деген ұры болады. Тұрабай атқа мініп жүрген сапарының бірінде, Сәрсенбайдың ауылынан он шақты атты алып кетеді. Ішінде Сәрсенбайдың жалғыз аты да бар. Ауылдың епті жігіттері сайлап ат мініп, Тұрабайды қумақшы болады. Қуғыншылардың ішінде Сәрсенбай да бар… Міне, осы сапарын Сәрсенбай жыр қылады:
– Күн бұрқақтау еді. Түс кезінде ауылдан шықтық, – деп Сәрсенбай сөзін бастайды. – Тышқанбай марқұмның астында Ысмағұлдікінен келетін ала ат, менің астымда Тышқанбайдың аңға мінетін тай торысы. Тай торының жүрісі қандай, қыза келе ауыздығымен қарысып, алып-алып кетеді… Он шақты атты адам жайлауды қақ жарып, сары қарды быртылдатып ойып жүріп келеміз…
Сәрсенбай бұдан кейін Тұрабаймен кездескен жерін қолға алады:
– Дембелше келген жуантық жігіт екен. Түсі қап-қара. Жанында төрт жігіті бар, Сарының белінен аса бергенімізде, қарсы кездесті. Сұрамай-ақ жұмысымыздың жайын сезді. Тышқанбай марқұм олай-былай деп сөзге тартып көріп еді, пәтшағардың қарыспалығын айтамын-ау, бір дұрыс жауап бермеді. Бізді көп екен деп, инедей қауіп қылмады… Жасқанбай дейтін Тұрсынның бір інісі бар еді, қызық жігіт еді. Тұрабайдың қарыспалығына кейіп кетті білем, ай-шайға қарамастан, сойылмен салып өтті. Шарт та шұрт төбелес. «Уа, Келден бабам, қолдай гөр!» – деп, тиісіп келіп кеттік. Біреулер аттан ауып түсіп жатыр. Біреулердің басынан қан ағып жүр… Өзім де сезбей қалдым, біреу ту сыртымнан салып өтті. «Алла!»– деп, аттың жалын құшып қалдым. Есім ауытқып кеткен екен. Басымды көтеріп алсам, Тұрабай Тышқанбайды көтеріп алып, төсіне мінгізіп, енді болмаса жерге соғайын деп жатыр екен. Жалма-жан сойылды ала салып, барған қарқыныммен салып өткенімде, Тұрабай сылқ етіп құлай кетті. Сойылым бір жақ шекесін тіліп кеткен екен.
Сәрсенбай басқа төбелестерін де әңгіме қылады. Бірақ мынаны бөтенінен гөрі көп айтады. Әсіресе Тышқанбай өлгеннен бері, осы оқиғаны айтуды жиілеткен. Басында қысқа ғана айтылатын оқиға болса да, әр айтқан сайын екі-үш сөзден қосылып-қосылып отырғандықтан ақырында ұзақ бір әңгіме болып шыққан. «Сәрсенбайдың бұл әңгімені айтуында үлкен бір мән бар» деп кейбір қулар аңыз қылады. Сәрсенбай – Тышқанбайдың жақыны. Тышқанбай өліп отыр. Азды-көпті қарасымен, бір-екі баламен Күлзипа жесір қалып отыр. Күлзипа – 40-қа жетпеген әйел. Қазақ әдетінше Күлзипа байға тием дегенде, алатын әмеңгері Сәрсенбай екенінде ешкімнің дауы болмаса керек. Сәрсенбай Тышқанбаймен туысқандық жөнінен бір жақын болса, іс жүзінде одан да жақын болған. Тышқанбай Сәрсенбайды ылғи қасына ертіп жүретін болған. Соның бәрін жоғарғы әңгімені айтқанда, Сәрсенбай өзі санап қолыңа береді.
Тышқанбайдың жылы толған соң, ағайын жиналып бірдеңе қылмас па екен деп Сәрсенбай дәмеленеді. «Егер ел жиналып, ал дейтін болса, жақынымыз ғой әрі малы да бар, менің алуым керек. Сен қарсы болмасаң», – деп, Сәрсенбай бір рет қатынына да айтқан болатын. Қатыны онша жас болмаса да, үстіне тоқал алдыруды лайық көрмей, қарсы тұруға ойланса да, Күлзипаның дәулетіне қол сұғуға қызығып, Сәрсекеңе рұқсат береді.
– Біздің шал әмеңгерін алғысы келіп жүр, ұзамай тойы болатын шығар, – деп Сәрсенбайдың қатыны сырлас қатындарына мақтаншылық қылып айтып қойды. Мұны Күлзипа естіп, Сәрсенбайдың үйіне келіп отырып, байының да, қатынының да шаңын аспаннан келтіреді. Содан кейін Күлзипаны алудан Сәрсекең күдер үзген секілденеді. Бірақ туысқандық жөнінен араластары үзілмейді. Күлзипаның істелмей жатқан жұмысы болса, жоғалған малы болса, Сәрсенбай өзінікінен бетер соған кіріседі. Кейде Күлзипаның үйінде қымыз ішіп отырып, шаруашылық жөнінен ақыл да айтып қояды. Күлзипа баста ашуланып бір ұрысса да, содан қайтып үнді қояды. Қауқылдақ шалға бар тамағын беріп, өз үйінің адамындай көріп жұмсап, соны арқасына қағу қылған секілді болады…
Сәрсекең әңгімені желдіртіп, Тышқанбаймен бірге дуанға барып, тары сатқандағы бір әңгімесін айтып отырғанда, есіктен қатыны кіріп келді. «Сорлы-ай, құр сөзден басқа қолыңнан келері жоқ-ау» деген адам тәрізденіп жаман көзімен қарады. Қатынының ашулы қалпын Сәрсекең сезе қалды.
– Немене, қатын, жай ма?
– Жай болушы ма еді? Ана ініңнің үйін жау шабайын деп жатыр.
– Жау шапқаны несі? Қайдағы жау?
– Билер жиналып, Ұмсынайдың байы­на келініңді қоспақшы дейді…
Сәрсенбай түксиіп кетті. Дүниені астан-кестен қылатындай, айбарлы ашуына мінді.
– Боқ жеген иттердің ісін!.. Тумаласы мен тұрғанда, әлдеқайдағы естек жесір алушы ма еді?!. Мен алмасам, осы Қарашолақтың басқа біреуі алар. Ермағанбет – Қарашолақ емес. Ермағанбеттің тұқымы – естек. Ермағанбет батыр атамның естек күңінен туған. Сорлы құл, енді келіп, «батырдың тұқымымын» деп иығын көтеретін болыпты. Көрейін күшін! – деп қалш-қалш етті.
Сәрсекеңнің ызғарынан қатыны сескенсе де, бірақ мардымының қанша болатынына көзі жетпеді…

Күлзипа бәйбішенің үйі толған адам. Төрде билер: Қалыбай, Пірімжан, Апбазбай, Сақан. Оларға таяу қырықпа сақалын сипай түсіп, Налдыбай ауылнай отыр. Күркебай мырза, жанында Мәмет бар, оң жақ босағаға таман өз алдына бір бөлек болып отыр. Есік жақта бала-шаға, Күлзипаның жанында мыжырайған кемпірлер, сары қарын қатындар көр-жерді әңгіме қылған болып көңіл жұбатып отыр.
Төрде отырған Тоқтышақ ақсақал ескі батырлардың ертегісін айта келіп, сөзін шариғатқа тіреді. Сол туралы Садықтан шариғат сұрамақшы болды. Үлкен адам сұраған соң, Садық мүдірмей білгенінше жауап берейін деп еді, Сақан сөзді бөлді:
– Молданың шариғаты естіліп жүрген шариғат қой. Текке отырғанша келген жұмысымызды қолға ала отырғанымыз жөн емес пе? – деді.
Осыныңыз мақұл дегендей, Ермағанбет салбыраған басын көтеріп, иығын қозғаңқырап қойды. Сыбыр сөзге кіріп отырған ауылнай, Күркебайлар да сөздерін тоқтатып, құлақтарын сала қойды. Қатындар да тынды. Ержанның қатынының бастап отырған әңгімесі – сабын былғаған күнгі Дарылдақтың қатынымен ұрысқаны аяқсыз қалды. Олар да күтіп отырған жаңа хабарын естуге құмартқан пішін білдірді. Жалғыз-ақ Күлзипа ашулы жүзбен тымырайып, отырған жұртпен, айтылған сөзбен ісі болмайтын секілденіп отырды…
Сөзді Пірекең бастады. Пірекең шариғатты жанастыра соқты. Байы өлген әйелдің асының арамдығы, жесір әйелдің әмеңгеріне тиюге тиістілігі туралы бірсыпыра айтып өтті. Сөзінің аяғын Күлзипаға тіреді:
– Келін шырағым, жесір отыр едің. Балаң болса жас. Аз ғана қара-құраң бар. «Бақпаса, мал кетеді, қарамаса, қатын кетеді» деген мақал бар. Өздеріңнің ілесіп күн көрулеріңе де, шаруашылығыңның тозбауына да дәйек болатын адам керек. Ол сендерде жоқ. Онсыз күндерің қиын болмақшы… Бүгін шалдар бас қосып, арнап келіп отырмыз… Бұл туралы не айтасың? – деді.
Күлзипа біразға шейін үндемеді. Күлзипаны ашу кернеді. Байы өліп, жесір отырса да, екі-үш жылдың ішінде Күлзипа шаруасын ақсатқан жоқ. Мал тұяғы бұрынғыдан аспаса, кем емес. Енді бір екі-үш жылда баласы да ержетпекші. Бала ержетсе, аз ғана шаруашылығын өзі меңгеріп кетпей ме? Оған шейін нақ адамсыз тұра алмайтын болса, жанашыр жақыны Сәрсенбай бар. Екі-үш жылдан бері Сәрсенбай жұмысын істеп-ақ келеді. Не кемшілігі бар? Осыны көре-біле отырып, бұлардың іздегені не? Жетім бала, жесір қатын еді деп, шын жаны ашитын болса, қайта сырттан тілектес болып қана отырып, нақ бүлініп бара жатқанда сөз қылу керек емес пе?
Күлзипа көпке шейін жауап бермеді. Күлзипа ойға шомды. Ақсақалдарға дәлелді сөз тауып, қазіргі қысымнан қалуды да ойлады.
– Келін шырағым, сөйле, күтіп отырмыз, – деп, Пірімжан тағы қозғап қойды.
Күлзипаның маңайындағы қатындар да демдей бастады:
– Көрдегісі болмаса, төрдегісі келіп отыр ғой. Бұларға жауап бер, ұят болар, – деп мазасын алып барады.
Сақан Күлзипаны ызаландырайын дегендей, көлгірлене сөйледі.
– Күлзипа жеңгейдің айтатын не сөзі бар дейсің. «Аға өлсе – жеңге мұра» деген бұрыннан үлгілі сөз бар, қайнысының қайсысына қосса да, Күлзипа сөз айтар дейсің бе? – деді.
Отырған қатындардың біреуі Сақанды іле сөйлеген болды:
– Қайнысы деп жалпы айтып отырсың, әлде өзіңнің дәмең бар ма?
– Өй, құрып қал, ілген жерін қара, Қарашолақ өлмей маған жесірін берер ме?
– Бермесе, былтыр Зейнепті неге алдыңдар?
– Е, ол өз алдына бір әңгіме ғой…
Пірімжан Күлзипадан үшінші рет сұрады:
– Келін шырағым, бірдеме айтсайшы?
– Не айт дейсіз?
– Не айт дейік: мына тәуір-пәуір қайныларың бар, соның біріне жіп тақ, – деп отырмыз. Жалғыз сіздің басыңызға келген нәрсе емес, талайлар осындай күйге түскен. Бірақ ел-жұрты бар адам азбас-тозбас болар…
– Мен азып-тозып отырған жоқпын. Аз ғана қара-құрам өз өміріме жетеді. Мені «байға ти» деп, зорламасаңыздар екен деймін.
Отырған жұрттың бәрі Күлзипаға ажырая қарады.
Сақан Апбазбайды түртіп қалды:
– Мынауың бір көкайыл ғой!
Мәмет Күркебайдың құлағына сыбырлап:
– Бақтыбайдың қатыны құсап, күйек астынан бала табайын деп жүр ғой, – деді.
Жұрт азырақ иіріліп отырған соң, әңгімені Сақан қолға алды. Күлзипаға майдалап айтып көріп еді, бір сөзіне екі жауап беріп, беттетпеді.
Сақан ашуға мініп, айқайлай сөйледі:
– Сендей бетімен кеткен қатынды тіліп алатынбыз. Осынша жұрттың айтқанына көнбейтін қайдан шықтың?!
Күлзипа ойбайын салып жылады. Әжесінің дауысын естіп, даладан жылап Қарашаш кірді. Үй іші ың-жың болып кетті.
Сәрсенбай үйінде отыр еді. Билердің жұмысын есітсе де, өз аяғынан бармап еді. Қатынды маған бермегенмен де, соны сөз қыларда қайтсе де алдырады ғой, айтатынымды сол жерде айтармын деп отыр еді. Енді Күлзипа мен Қарашаштың жанкүйді дауысын естіген соң, Сәрсенбай шіміркеніп кетті. Ай-шайға қарамастан, керегеде қыстырулы тұрған қол шоқпарын ала-сала жүгіріп жетті. Кірген қарқында, жүгініп алып, жұлқынып сөйлеп отырған Сақанды көрді. Құшақтасып жылап үйді басына көтеріп отырған Күлзипа мен Қарашашты көрді. Сәрсенбай қалш-қалш етті:
– Әй, имансыздар! Тоқсан үй Тоқанның қыз-қатыны аздық қылып, енді Қарашолаққа қол салдыңдар ма?!
Жұрт ажырая қарады. Сақан сөзін тастай беріп, Сәрсенбайға тиісті:
– Ау, сенің мұнда жұмысың не?
– Менің неге жұмысым болмайды? Тайберген, Тәңірбергеннің бірге туысқанын білесің бе? Тышқанбаймен екеуміз Тайберген тұқымы боламыз. Сен білмесең де, ана сопы біледі. Әй, сопы, осыным өтірік пе, айтшы! – деп Сәрсенбай Пірімжанға төнді. Пірімжан «мұнысы рас еді» дей алмады, қабағын тыржита түсіп:
– Мына шіркінге не жоқ! – деді.
Апбазбай мысқыл қылды:
– Піреке, сіз аңғармай отырсыз. Сәрсенбай жақындығын айтып, ана келінінен дәме қылып отыр ғой, – деді.
– Дәме қылсам, менікінің жөні бар. Мен алсам, мал-мүлкін шашпай, ана баласы ер жеткен соң қолына тапсырам. Сендердікі бір құлқын, сендер Ермағамбетке қосып, аз ғана малын бөліп алғалы отырсыңдар… Аруақ атар, бәлем, қоссаңдар Қарашолақтан адам таппадыңдар ма? Ермағамбет Қарашолақ емес, Ермағамбет – құл…
Ермағамбет тікірейіп-ақ алды:
– Сәрсеке, байқап сөйлеңіз.
– Байқап сөйлемегенде қайтесің?!
Сақан ым қаққандай болып еді, Ермағамбет тура Сәрсенбайға жабысты. Қой-қойлаған болып, бір жағынан Мәмет те жабысты. Екеуі бірдей өлмелі шалды төпей бастаған соң, Садық төзіп отыра алмады, арашаға кірді. Қызып жүрген жұдырық Сәрсенбайды тастай салып, Садыққа жауа бастады…

* * *

Екінді әлеті, күн тынық, маужырап тұр. Жұрт биесін ағытып, бұзауын байлап, кешкі малына қарбаласып жатыр. Ауыл сыртында он шақты адам алқа-қотан отырып, әңгіме соғып отыр. Ермағамбеттің үйінің жер-ошақ басы жыбырлаған адам, мал сойып, қазан асып, бас үйтіп, абыр-сабыр болып жүр. Қайқы танау қара қатын, жаулығы май-май болып, құдықтан екі шелек су алып келді.
– Келін-ау, құтты болсын!
Қара қатын назаланып сөйледі:
– Шешей-ай, осы шақпа тілдеріңді қойсаңдар екен!
– Байғұс басым, не дейді? Мен кекетіп айтып тұрған жоқпын, шыныммен айтам. Бірталай малы бар, осы ауылдың бізден соңғы байы. Ен дәулетке қолың кіргелі отыр. Бұған қайырлы болсын айтпағанда, қайда айтамыз!
Қара қатын күрсінді:
– Өйткен малдың қайыры құрысын. Күндесті болып, күнде таяқ жеп, өткізген өмірдің не қызығы бар дейсің?! Маған салса, алдырар ма едім, қайтейін!.. Көріңде өкіргір ана билердің істеп жүргені ғой… – деді.
Қара қатынның сөзіне азырақ құлақ салып отырды да, ішек-қарын аршып отырған екі қатын өздерінше сөзге кірді:
– Осы обал дегеннен қорқу жоқ шығар деймін. Күлзипа бәйбіше екі бетін бірдей тырнап жара қылыпты. Ерке қыз талып қалып, есін зорға жиыпты…
– Келін-ау, «Екі нар сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген рас-ау. Қарағаннан қарап жүріп, ана Дыбырлақ атамның таяқ жеп қалғанын көрдің бе?! Байғұсқа мүлде обал болыпты, басынан аққан қан сақалына сауыс болып қатып қалған екен.
– Ойбай-ау, молданы айтсайшы, молданың да басын жарып тастапты ғой!
Үлкендеу қатын сыбырлап, дауысын төмендетіп айтты:
– Молданы ұрып жүрген Мәмет қой. Ерке қыздың өшін содан алайын дегені ғой.
– Айтпақшы, Ерке қыз сол молдаға тие­мін деп айтады деп еді, енді қайтер екен.
– Қой, мына шалдар тірі тұрғанда, оңайлықпен бере қоймас. Қазір де малының өзін бөліп алатын көрінеді, Ақтабан атты сопы алмақшы білем. Әй, шалдар көрінде өкірер ғой.

VII

Төрт-бес баланы жиып алып, Садық ортасында сөз сөйлеп отыр.
– Екі жылдан бері оқып, хат танып қалдыңдар… Енді, міне, айырлысасыңдар, мен елге жүрмекпін.
Бойшаңдау келген сары бала Садықтың сөзін бөліп жіберді:
– Былтыр күзге шейін оқытып едіңіз ғой.
– Биыл реті келмей отыр, балалар. Айып менде емес. Ерік өзімде болғанда, мен сендерді күзге шейін оқытпақ түгіл, ендігі жылы да оқытатын едім. Менің шарамды құртқан – жалмауыз шалдар. Жалмауыз шалдар өздерінің құлқындары үшін әп-әдемі үйдің күлін көкке ұшырғалы отыр. Өздерінің бас пайдалары үшін сендердің оқуларыңды құрбан қылып отыр. Біздің қазақ баласы, байлардың, билердің тырнағынан құтылмай ел болмайды. Оларға елдің ел болғандығы емес, елдің азып-тозғандығы керек. Ел азып-тозса, оларға олжа түседі. Өздері олжалы болса, былайғының не болғанымен жұмыстары жоқ. Үрім-бұтақтарының, келешек жас буындарының не болатынымен істері жоқ.
Сары бала тағы сөзге кірді:
– Оларды іске араластырмаса қайтеді? Сөзін тыңдамаса қайтеді?
Садық күлді.
– Ондай атты күн туғанша, шашымыз ағарады ғой! – деді.
Балаларын таратқанда, әрқайсысының бетінен сүйіп, қамығып көзіне жас алды. Хат танитындарына белгі қылып кітап үлестіріп берді.
Үй оңаша. Үйде Күлзипа, Қарашаш, Садық – үшеуі ғана. Үшеуі де ауыр ойға шомып, әлденелерді ойлап отырған секілді. Әсіресе Күлзипа мен Қарашаш уһлегенде, жүректері жарылғандай болады.
Қараңғы түн түнеріп қою қараңғылығын бүркеген сайын бұлардың қайғысы үдей бергендей болады. Садық өз орнында жатып, өткен күндерді, соңғы оқиғаларды көз алдынан біртіндеп өткізе бастады. Бұл үйге бастап таныс болғаны, Қойлыбайдың үйінде тұрған жылы еді. Бәйбішенің жұмсақ мінезділігі, Қарашаштың сүйкімділігі Садықты бір көргенде-ақ қызықтырып еді. Ақырында, Қарашаштың айтуымен Садық өткен жылы келіп кіріп еді. Тұрғаннан бері араларында бір ренжіш болған емес. Күлзипа өзінің туған шешесінен де жақын болып кетті. Кейде шаруашылығын да айтып, ақылдасып отыратын болды.
Қарашаш ішті өртеді. Қарашашқа Садық басқа түрлі көзбен қараса да, түрлі сөздерді айтуға оқталса да, Қарашаштың періште сияқты жаратылысына соны лайықтысынбады. Қойлыбай ауылында тұрғандағы Нағима, Қаламқастарды әйел­дің азғыны деп білді. «Қарашаш бақытты болуға тиіс. Бақытын өзі қаласын. Мен арасына тікенек болмайын» деп ойлап еді. Қарашаш Садықтың ойынан шығып жүр екен. Садықты сүйеді екен. Ақырында сүйіскен жүрек бірін-бірі іздеп тауып еді…
Садықтың тұрмысы әдемі еді. Бірақ осы тұрмысты Садыққа әлдекімдер көпсінетін секілді еді. Мұндай тұрмысты көруге Садықты лайықсынбайтын секілді еді. Мұны Садық екі жылдың ішінде сезіп жүрді. Жұрттың басы қосылған жерде билер, мырзалар Садықтан шариғат сұрайтын болды, Садық шариғат айтса, бір сөзін мың сөз қылып елге таратып, Садыққа «кәпір» деген атты таңды. Садықтың оқып жүрген баласын сиретті. Кезі келіп сөйлесе қалса, билер менсініп сөз айтпайтын болды.
Садық өзінің тұрған үйімен тату еді. Маңайындағы 4-5 үй көршілерімен де тату еді. Бірен-саран сөз тимейтін бозбалалар, қойшы-қолаңдар, Садыққа үйір еді. Садыққа жақын таныс болғандардың бәрі де Садықты жанындай көруші еді.
Бұдан артықты Садық істей алмады, ең арғысы, Күлзипа мен Қарашаш қысымға түскен сағатында да, Садықтың қолынан дым келмеді. Жетім-жесір әйелдерді қорғап, ақсақал-билердің ісінің терістігін көрсетіп, бір ауыз сөз айта алмады.
Міне, мұны ойлағанда Садық күйіп кетеді:
– Кісі қатарына кіре алмаған соң, дұрыс пікіріңді жұртқа ашып айта алмаған соң, жәбір көргенге қол ұшын бере алмаған соң, адам болып жаратылғаннан да, жаратылмағанның өзі артық қой! – дейді.
Төсекте жатқан Күлзипа мен Қарашаш әлсін-әлсін күрсінеді. Кім білсін, Садықтың қолынан іс келмейтіндігіне, қиянатты көріп отырып бір ауыз сөз айта алмағандығына олар да кейіп жатыр ма? Әлде екі жетім алдағы күндерінің не болатынына көздері жетпей, тұңғиық тереңге батып бара жатқан соң, жаны ышқынғаннан шығып жатқан жалын ба?!.
Әлдекім үй ішінде қараңдап жүрген секілденді. Бұ кім деп Садық басын көтеріп алғанша, жанына төніп келіп қалды, Қарашаш екен. Ақтық түн бірге жатқалы, бір күн болса да қайғысын ортақтасқалы келген екен!.. Құшақтасты…
– Енді қайтеміз? – деді Қарашаш.
– «Енді қайтеміз?»
Қиын сұрау ғой. Бұл сұрау күн ұзаққа Садықтың да басын қатырып болып еді. Бірақ қанша ойланса да, ұшығына шыға алмап еді. Өзі шаршаған соң, бұл ауыр сұраудың шешуін Қарашаш табар деп ойлап еді. Періште сымбатты Қарашаштың қолынан мұндай шешуді шешерлік құдірет келер деп ойлап еді.
Ұзақ сөйлесті, екеуі де көңіл қанағаттанарлық ешбір жол таба алмады. Дағдарған көңілді жұбатпақ болған тәрізді екеуі де серт қылысып:
Екеумізді қараңғы көр айырсын! – десті.

(Ескерту: Бейімбет Майлиннің толық мәтіні табылмаған шығармасы – «Қарашаш» романынан үзінді. Үзіндіні араб қарпінен кирллицаға көшіріп, «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынған бейімбат­танушы ғалым Серікқали Байменше).

* Потрава – шабындықты,
егінжайды бүлдіру, таптап кету. – С.Б.

Бейімбет МАЙЛИН

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір