ШЕБЕРЛІК СЫРЫ — ШЫНДЫҚТА
Жазушы Нұрлыбек Саматұлының «Қаңбақ» әңгімесі хақында
Жазушы Нұрлыбек Саматұлының республикалық басылымдардың бірінде бірер жылдың мұғдарында жарық көрген «Қаңбақ» атты символдық әңгімесіне, біздің жете түйсініп білуімізше, сол сияқты зерделеп ой сараптауымызша, оқиғасы жедел қарқынды өрбіп отыратын, терең астармен берілген кешегі алмағайып замандардағы қым-қуат зұлматтарға толы ұлы төңкеріс кесірінен қабырғалы қазақ жұртының қаңбақтай қақпақылға түскен аянышты тағдыры шартты түрдегі әфсаналық сипат бойынша басты желі етіп алынған. Көзі қарақты оқырман ә дегеннен-ақ кәдуілгі қаңбақтың (жапан даладағы шөп тұқымдасының) тіршілік етіп, тірі қалу үшін аласұрған агониялық халдегі келбет- көрінісін жадына тоқып алса да, ал біз қаламгер ретінде шығарманың айтар ойы тым әріде жатқанын, сарыны сонау уақыт қатпарларынан қазірге күңірене жеткен, солай бола тұра қайсыбір көңілімізде әлі күнге қоламтадай маздап ояу қалған тұңғиық түпсананың ишарат ымымен, қилы мезгілдердің қисапсыз ауыртпалық жүгімен бүгінгі күнге дейін талайлы тарихымыздың жүріп өткен «тар жол, тайғақ кешулі» бедерлі белестерін астарлы мазмұн арқылы аңғартқан жайларды іштей ұғып, жете танығандай болдық.
Жалпы, қай шығарма болса да, оның мәйекті мазмұны мен көркемдік келбетін, беташар туынды ашып тұратыны белгілі. Сол қалыптасқан қағида ғадетімен біз де осы күрделі сюжетке құрылған «Шеңгелдің шешек атуы» кітабындағы «Қаңбақ» әңгімесіне арнайы тоқталмай кете алмадық. Әңгіме тұнжыраған кейіптегі күзгі сүреңсіз табиғат көріністерінің, үздіксіз қозғалыстағы қалыптасқан үдерістерін жанды кейіпте суреттеуден басталған.
…«Жалпақ жазықтың бір бүйірінде жалқы өскен Қаңбақ күннің біресе қызғылт реңденіп, біресе оған сарғыш бояу араласып, біресе жасылын жұқтырып, мың құбылған көзіне соңғы рет сұқтана қарады»…Жүдеу дала төсінде жел шайқап, ұшар мезеті мен қонар жерін алқымнан алатын қара суық ызғарымен жөңкілген жел ғана білетін қаңбақтың тағдыры ет пен сүйектен жаралған кәдуілгі адам баласының түрлі заңдылықтарға толы сан қырлы, сан түрлі фәнилік өмірсапарымен сабақтас өрілген. Бұл арада біз автордың алдағы кезде өрістеп дами түсетін әзірге беймәлім шығармалық оқиға өрісінің жандының (адам) және жансыздың (өсімдік) өзара жаратылыстық мінез құбылыстарының тағдырлас үйлесуі, ұқсас сарындағы образдық кейіптесуі, ортақ әрекеттік қатынастар жасауы арқылы жалғастыра келе сюжеттік желіні тың әдеби тәсілмен шебер жымдастыра отырып, параллельдік оқиға өрбіту тұрғысында оларды әрдайым қатарластыра алып жүргенін байқадық.
Тағы бір мезет аясында тек қазақи болмысқа тән ұлттық-этнографиялық, сонымен қатар мифологиялық шығарма табиғатын зерек зердемен жақын танып, қаламгер ғана емес, қатардағы қарапайым оқырман ретінде де терең түйсінгеніміз мына келесідегідей сипатта болып шыққанын айтпай кету ақиқатқа қиянат болар деп, әріптестік адал ниетпен әрдайым ағымыздан жарылсақ, әділдігімізден жаңылмасақ, бұл тұжырым әсте де артық айтқандық болмас еді. Жазушы қызу сарынға толы толғақты сезім ырғағында өз қиялын қияға шарықтатып, кей оралымдарда күтпеген тұстан эмоциялық сана сілкінісіне ерік беріп, екпінді ой иірімімен сюжеттік ширығу сәтінен бір де жаңылмай өрістеу желісін одан әрі дамытып, күрделі мағына түйінін сәтімен тарқатып кете береді. Оның бірден-бір айқын мысалы, шарықтау шегі мына динамикалық баяндаудан бар айқындауыштық толымды сипатынан, ішкі эстетикалық қуаттан, зерделілік жүйе жүлгесінен барынша толық көрінеді. Нақты дәлел келтірейік, әңгіме құрылымына жүгінейік.
…«Бетбақ жел беталды домалана жөнелген Қаңбақты құтырына қуалап, көкке ұшырып, көктен ұрып жерге түсіріп, сілесі қатқанша салды-ау ойнақты. Сонда айызы қанар түрі жоқ. Жерге соғылған сайын тұқым-тұяғы саулап төгіледі. Саулап төгілген сайын сықылықтап күле береді. Күлкісін тыя алмайды…»
Тағы да сол ілкімді ізденіс аясында көтеріңкі көңіл күйі ауанынан бір сәтке де көз жазып қалмай және де бұған қоса лықсып келген ағыл-тегіл тасқынды шалқар шабытының тізгінін тартпастан, әңгіме желісін одан әрі жалғап, оқырманды еліктіре түседі. Аталған әсерлі әңгімені бір деммен оқи отырып, бұған төмендегіше анық көз жеткізе түстік.
…«Соқ! Соққыла! Ұрғыла! Аяма! Жынды жел! Жынды жел! Жындысың сен!»
…«Аха-ха! Тамаша!..»
Осындайда Алтай табиғатының ғажайып жыршысы ретінде кең танылған қазақтың қара сөз өнерінің дара тұлға суреткері Оралхан Бөкейдің 1977 жылы жазылып, кейін қайта өңделіп, 1984 жылы сол кездегі қалың ұлт оқырманының көзайымына айналған, «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енген атақты «Қар қызы» повесі ойда-жоқта ойға оралып, еріксізден-еріксіз еске түседі. Оның осы айтулы шығармасындағы сан қырлы сипатқа ие уақыт пен шексіз кеңістік, тұмса табиғат пен әр алуан мінезді адамдар, олардың ішкі толғаныстары, екеуара диалогтері өзара шебер үйлесіп, тұтас бір дара дауыстағы гаммалық құраммен түзілген еді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, жазушы Нұрлыбек Саматұлының «Қаңбақ» әңгімесі біз үшін кейбір тұстарда астарлы да аянышты аллегориялық ой ұшқындары да қылаң беріп қалатын сюжеттік мазмұны, образ құраушы құрылымдық ерекшелігі, психологиялық суреттеулер, әрекет үстіндегі кейіп-кескіндер ұқсастық тауып, шебер үйлесіп жатқандай көрінеді.
«…Ұйысқан бір бұтағы (бұл арада аталған әңгімедегі Қаңбақтың бұтағы жайлы айтылып отыр. – Б.А.) шеңгелдің діңін қармап қалған екен, желдің айналдыра қуалағанына ажырай қоймады.
«Жіберші, шеңгел!» деді іштей жалынып. Шөптектестердің дауыстап сөйлей алмайтыны қандай жаман…
Шеңгел міз бақпады.
«Жел! Жел-ау, жел! Үйіріп соқшы!..»
«…Бір мезет қарсы алдынан ыстық леп лекілдеп білінгені. Шұбатыла шалқып, қызыл тілі жалаңдап, өршелене көкке ұмтылып, қарсы тұста алаулап от жанып жатыр. Қызуы сонадайдан бетке ұрды. Ырықсыз ұшып-қонып, қаңғалақ қаққан Қаңбақты желігі басылмаған әупілдек жел апшысын қуырған қалпы өкшелеп, құйындата қуалап кеп, лаулаған алаудың қып-қызыл өңешіне сүңгітті де жіберді.
Лап етіп ілезде жанып-сөнген Қаңбақтың күлі де қалмады».
Сюжеттік құрылымы тастүйін шымыр, жанрлық баяндау тәсілі мен көркемдеуіш-айқындауыш құралдары шығарманың өн бойынан мейлінше аз суреттеу тәсілі арқылы қаңбақ кейпіндегі саналы жаратылыс иесінің (адамның) жанұшырған жандалбаса қарекеттері, ішкі монологтері біртұтас желі ретінде қаламгердің бүгінгі қазақ прозасында қалыптасқан өзіндік дара қолтаңбасын танытып тұр. Онда түрлі тұлғалық кейіпкерлердің, яғни жойып-жаныштаушы жатжұрттық жойқын дүлей күш пен ен далада панасыз тірлік кешкен әлсіз қауым өкілінің (біздіңше, символдық ұғымдағы қазақ жұртының. –Б.А.) ситуациялық мінездік әрекет құбылыстары, ізгілік рухындағы моральдық асыл қасиетті және бұған қашан да атымен жат қараулық пиғыл көрінісін басты өзек етіп алған қарамақарсы полюстегі көзқарастар терең ойларға жетелейді, іштей толғануға еріксіз мәжбүрлейді. Осы орайда стилі модернистік дәстүрге негізделген қаламы қуатты қаламгер Нұрлыбек Саматұлының «Қаңбақ» деп аталатын бұл символдық әңгімесі өзіндік өрнекке ие, өзгеше пішіндегі табысты шығарма деп баға берген болар едік. Табысты шығарма болатын себебі, оның үзілмес алтын арқауы – қашан да шындықпен шендестіріле өрістейтін, оқырман үшін көптен іздеп жүрген қымбатын жоқ жерден тауып беріп, қолға ұстатып қуантардай кәдуілгі қарапайым ақиқат. Қаламгерлік шынайы шеберліктің басты сыры да – осында.
Бақытжан АБЫЗОВ,
ақын