КҮМБІРЛЕГЕН КҮЙ СЫРЫ
01.12.2023
1043
0

 Жаратушы жаратқан дүниеде артық құбылыстар жоқ екендігі рас, бәрі бір-бірімен үйлесімді, өз-өзара белгілі қарым-қатынаста тұратын, астарлы формалармен тұтасқан жүйелердің жиынтығы екені хақ. Ендеше біз қолға алып отырған күй өнері де дәл сондай табиғат және тіршілік әлеміндегі адамзат­тың жан дүниесімен қауышқан ғажайып гармонияға ие.
Бізден бұрынғы ата-бабаларымыз да күй өнерін тектен тек киелі өнер санамаса керек. Сондықтан домбырада немесе қобызда орындалатын күй дыбыстық, тілсіз тіл, ол бай мазмұнды, әсем ырғақты жан тебірентетін дыбыс толқыны болып, өмір құбылысымен қолдасып, табиғат болмыстарын бойына тоқи, идеялық мазмұны қою, шығу тегі бар, зарлы-мұңлы, ойнақы-қуа­нышты, қоңыр үнді, сыршыл-сыңғырлы, сағынышты, сазды, тәт­ті сарынды, ұғымға жеңіл, құрлымы қысқа көркем тақырып талғамынан туған. Былайша айт­қанда, асқақ сезім толқыны бар. Халықтың тарихтан белгілі күрес дүбірі, жеңіс туының желбіреген асқақтығынан тыс, қым-қуыт табиғат дүниесі мен жануарлар әлемінің қозғалыс-қимылымен сабақтаса жеткен ата-бабаларымыздың эстетикалық сезім шежіресі.
Сол қатпары мол ғасырдың қуа­нышы мен жұбанышын, қасіретті-кегі мен мұң-зарын бізге жеткізіп отырған күй атаулыға зер сала білсек, сол дәуірдің өмір шындығының архиві, шежіресі деуге болдады. Себебі әр күй ырғағына назар салар болсаңыз, бірі халықтың басынан өткен арпалыс күндерінің көрінісін, мылтық үнін, қан майданды көз алдыңа әкелсе, бірі ұлтымыздың типтік хикаяларынан бет ашады.
Ендеше осындай алуан түрлі құбылыстарды, тарих тартысын бізге жеткізіп жатқан бір құдірет­ті энцколопедиялық шығарманың «сандығы» қобызға, сыбызғыға салынып, домбырамен шертілген күй жайынан сөз қозғағымыз келеді.
Негізінен, күй аспапта орындалуы жағынан «төкпе күй», «шертпе күй», «терме күй», «соқпа күй», «тақпақ күй», «кеңес күй», «толғау күй» болып бірнешеге бөлінеді. Ал туындауы жағынан «ұласпалы» және «бір шертпе» күй, яғни «Тоғыспалы симфониялы күй» ретінде басталуы, дамуы, шарықтауы, шешілуі сынды сюжет­ті құрылым құрайды. Бұл тұрғыдан алғанда арғысы Қорқыт, Асан ата күйлерінен, бертінгі Байжігіт­тің «Қара жорға» күйінен дәлел табамыз. Шертуде «Қара жорғаның ұзақ жолға шығуы», «Елдің жорғаға таңырқап қарауы», «Жорғаның тайпала жорғалауы» деп бөлер болсақ, күй мазмұны байи түседі. 1931 жылы Өр-Алтай аталатын Шыңгілдің Шаған өңірінде өр керейдің төрт тәйжісінің бірі – Жапардың асы болғанда Шақабай Шалаптың тұқымы болған дауылпаз күйші Ырымбайдың қартайып қалған шағы екен. Оған арнаулы адам жіберіп, асқа алдыртады. Мәлкілдеп отырған Ырымбайды әкеліп, қолына домбырасын ұстатқан сәт­те ол әлгіндегі рухсыз күйден серпіліп, жанары күлімдеп, бәйге атынша тыпыршып, домбырасын қағып-қағып жіберіп, орныға отырып, «Толғау» күйін сұңқылдата шертіп барып ауыр күрсінеді де; «Бәйгеге көп шабылған жүйірік едім, қартайғанда бір серпіліп көрейін» деп күйін бастап кетеді. Ырымбай әрбір шерткен күйінің аңыздарын айта отырып шерткенде, тәмәм ел сілтідей тынып, ұйый тыңдап, таңды таңға жалғаған екен.
Көп ішінде отырған Бұратай, Қалел, Қүли, Ноғайбай, Боранбай бастаған ел ағалары бұл асқа тоғанағы толық келіп, астың дабралы өтуіне тілеулестік білдіріп, өздері де күміс көмей әнші, жез таңдай шешен, суырып салма ақын, сау­сақтары жорғалаған күйші, қобызшы, сыбызғышыларын ерте келген еді. Ырымбайдың мына өнерін көргенде оған тәнті болып, таңдай қаға тамсанады. Аршадан жасатқан шағын ғана домбыраның бетіне етінен арылған салалы саусақтарын еркін ойнатқанда он саусақтың құдыретімен бүкіл ғаламды домбыра шанағына сыйғызып, алуан сарын аңғарта, күй нөсерін бұрқырата отырып, шерткен күйлерінің шығу тарихына тоқталады. «Ақсақ аю» күйін: аңшының аюға шыққаны, аюдың қарағай ішінде бейқам кетіп бара жатқаны, оқ тиген аюдың ақсаңдап қашқаны, аңшының қуғаны, аңшының аюды атып алып, қуанышпен қайт­қаны, – деп шертсе, «Жалғыз қаз» күйін: қос қаздың су бетінде еркін жүзіп жүргені, мергеннің атқаны, сыңарынан айырылған жалғыз қаздың зары деп бөліп-бөліп шерткенде, төрде күй сарынына балқып жатқан құт­ты қонақтың бірі:
– Ау, ақсақал, өнердің құдіретін, күйдің тілін сізден ғана ұғып отырғандаймын. Сіз шерткен күйдің бәрі тізбекті ғой, басқалар күй шертсе күмбірлетіп өте шығады. Олары несі? – дегенде Ырымбай:
– Кезінде Еренқабыр, Боғда, Алтай, Сауырға мәлім Жәйір Салықбай деген данагөй, өнер атаулының «жілігін шағып, майын ішкен» адам болған, – деп бір тоқтады. – Ол тау бөктеріндегі қыстауындағы тас қораны іргелей тіккен қырық шоқпыт кигіз үйінде отырып, жер-жаһанды барлап отыратын қасиет қонған адам еді. Сақалын саумалып, ұзын мұртын рет­теп қойып: «Е-е балақай домбыраңды қолыңа ал!» – демесі барма. Мен дірілдеп-қалшылдап, домбырамен әуре боп отырғанымда ақсақал іргесіндегі үлкендігі қой терісіндей, төңірегі желініп, дөңгеленіп қалған сарғуаң тартқан кітабын парақтап көз жүгіртіп отырды да, әлден уақыт­та: «Жә, бала» – деді. Мен не шертіп, не қойғанымды білмей, есім шығып отырып, ақсақалдың үніне селт етіп, оқыс тоқтаған едім. Қария: «Бері қара, бала!» – деді де: «Күй деген – өзің сияқты бұйымтайыңды ұғындырып айтып, мақсатыңа жетектеп, жеткізетіндей ұғынықты болады. Сенің әзір шерткенің «Зауза» күйі екенін біліп отырмын. Күй қыздың қимыл-әрекетін, бозбаланы ғашық етерліктей сыпайылығын түсіндіретін болуы керек. Құр күңгір күй болмайды», – дегенде ұялғаным сонша, «Барлық күй солай ма?» – деп сұрақ қойғанымды да аңғармай қалдым. «Әлбет­те, ұғынықты болуы керек» деді қария. Абыз қарт­тың сол сөзі өмір бойы есімде қалды. – Расында оқиғасы шертілгенде сөйлеп тұруы керек, – деді ақсақал. Сәл қозғалақтаған ол: «Санаңа қайсысы сіңімді болса, содан ләззат ала алсаң болғаны», – деді.
– Сіз шерте түсіңіз, ақсақал! – деген еді отырғандар да дүркірей. – Шертіңіз, шерте түсіңіз!» – деп дуыласты жұрт.
Бұл мысалды айтып отырғаным, Ырымбай шерткен күйлер ғана «ұласпалы, тізбекті болады» дегенім емес, жалпы күй атаулы солай болуы керек екенін дәлелдеу. Өмір ағысына назар аударсақ, Жәйірдің ізін басқан мұрагері Ырымбай болса, ал Ырымбайды көрген көне көздердің не деріне назар аударайық.
Бір кез­де мұнда «Шақабай шалап» күйінің авторы Шалап, «Алаяқ ат­тың жүрісі» күйінің иесі Аспандияр, «Төрт жаяу» күйін дүниеге әкелген Наубел, «Ертіс толқыны» күйін шығарушы Мұқабала, «Әт­тең әлем» күйінің иесі Сайып Қалелұлы, тағы басқалар тыңдармандар көкейінде сақталған. Олардың ізбасарлары ретінде күйлерін солардың өздерінен үйреніп қалған аға, аталарымыздан Айдархан, Нәк Қасенұлы, Рәпіғат Ниғыменұлы, Тайыншабай Байкелеңұлы, Қабдай Рабайұлы, Сетерхан Мұрсанұлы, Шәймардан, Құсайын, Мағай Тәйебайұлы, Игібай Сақабаұлы, Белет Игібайұлы сынды күйшілер сол ұстаздардың тәліміне сай. Қазақ күйлері көбінесе оқиғалы, әрі ұласпалы болып келеді. Ал төкпе күйлер мен кеңес күйлерінде оқиға аз қамтылады. Бұл күйлер онша көп емес. Ал оқиғалы, тізбекті күйлер төрт түлік мал, аң, құстардың қимыл-әрекетін бейнелей келе, адамдардың жан дүниесінің ішкі сырын ақтарады. Халыққа кеңінен тараған мұндай күйлер баршылық. Орындаушы әр күйдің тарихын баяндап отырса, соғұрлым тыңдарманға ұғынықты болады.
Халық күйлерінің ішінде бөгенайы бөлек «Айтыс күйі» деген күйлер кезігеді. Бұлар айтыс ақындары сияқты бір-біріне суырып салып жауап беріп отырады. Кейбір күйші келесі бір күйшіні арнайы іздеп барып, домбыра тілімен танысып немесе бұйымтайын домбыра тілімен жеткізеді. Мұндайда әріптесі домбыра тілінен оның кім, не жұмыспен келгендігін біледі де, өзі де домбыра тілімен жауап береді. Сөйтіп, таныстық, махаббат, достық, құрмет, сый-сияпат басталады. Айтыс таңды таңға ұластырады. Күй айтысы жөнінде «Еркежанның қызбен айтысы», «Қойкелдінің қыздан жеңілуі» сынды күй айтыстарын мысалға келтіруге болады. Еркежан бір үйдің сыртынан өтіп бара жатып, күмбірлеген күй дауы­сына кідіре қалады. Күй дыбысының жетегімен үйге енгенде, шертіп отырған қыз домбырасын тоқтата қойып, бейсауат адаммен сәлемдесіп алып, күйін жалғастыра береді. Қыздың шерткен күйін тыңдап отырған Еркежан қыздың: «Қайдан жүрген сері едің?» – деп шерткен күйіне жауап беруге домбыра кезегін алып: «Сенің шерткен «күйің жетектеп әкелді», – деген жауапты күй тілімен қайтарады. Енді қыз кезегін алып: «Жолың болсын мырза-еке», – дейді. Еркежан: «Кеткім келмей қалған-ай…» – деп жауап береді. Осы аралықта үйге тыстан енген қыздың әкесі домбыраны қолына ала салып: «Тоқтатыңдар айтысты!», – деп тоқтатқан екен. Айтыс күйлері адамдардың бір-бірлерімен сөйлесіп, тіл қатып тұрғанындай қысқа-қысқа қайырыммен тілдеседі. Тарихтағы Кетбұғаның Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін естіртуі, «Бөкен жарғақ» күйіндегі қызға ағасының өлімін естіртуі сияқты дәлелдер бар. Мұндағы шарт – күйші күй тілін ұғып, өзі де жауап бере алатын қабылетке ие болуы тиіс.
Енді күй бәсекесі деген де болады. Бұнда күйшілер бірінің шерткен күйін белгілі жерге келгенде екінші күйші жалғастырып кетуі керек. Бұл – «сен білген күйді мен де білемін» деген бәсеке.
Халқымыз дыңғырлатқанның бәрін күй санамаған, күй өнерін өте биік талғаммен қабылдаған. Күйдің құрылымы мен көркемдік тазалығын биік деңгейде ұстаған. Мәселен, Сүгір қайда жүрсе де жанқалтасына немесе арнаулы дорбаға домбыраның тиегін толтырып алып жүреді екен. Тума талант күйшілер де әрбір күйге арналған тиек болады деседі. Ал Құрманғазы алдына келген домбыра жақпаса, күй шертуден бас тартқан. Сондықтан домбырасын өзімен бірге ала жүрген. Кей күйшілер күй ырғағымен қимыл жасап, құйрығымен жорғалап, бірде төрге, бірде есік көзіне дейін жылжып, қызына шерткен. Домбырасының құлағына көбелек қонған күйшінің ақ орданы күймен тербетіп, әлемді күй шанағына сыйғызған күй құдыреті арқылы аспандағы аққуды көлге қондырып, көлдегі қоңырқазға үн бітіріп, бұлбұлды күй сазына елітетін нағыз күй өнері деген – осы.
Халқымыздың күй құдыретін сезіне білмейтін жандарды «сиырдың құлағына домыра шерткенмен бірдей» деп күлкі ететіні – осыдан.

 

Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
ҚР Тарих және қоғамдық
ғылымдар академиясының
академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір