Жақып қарияның жан сыры
21.01.2026
195
0

Ауладағы ұзын орындықта еңкейе түсіп көздерімен жер шұқып, өзімен-өзі. Миына құжынаған ойлардың бірі кіріп, бірі шығуда.
– Ассалаумағалейкум, Жақа! Көтеріңкі леппен шыққан таныс дауыс жалт қаратты. Құдасы Нұрыш төбесінен төне қарап тұр. Аяқ тықырын естімегеніне таң. «Құлақ сыр бере бастаған-ау, сірә.»
– Әлейкүмассалам, – деп қолын ықылассыз ұстата салды. Әдетте, үй-іш, бала-шаға хал-жайын сұрап бәйек болушы еді. Бұ жолы ежелгі дағдысынан жаңылғандай. Жақыптың, сұсты жанарынан, қан түленген қара сұр өңінен ішкі күйінішін жазбай таныды. Орнынан созалаңдай көтеріліп құдасын үйге бастады. Шыға бере төңірегіне айнала қарап:
– Теңге-е, қайдасың? Тезірек шай дайында, құдаң келді, – деп жұбайына дауыстады.
Бақшада арамшөп жұлып күйбеңдеген отанасы төбе көрсетті.
– О-о, Нүке, келуіңізбен! Қалай, есен-саусыздар ма? Үй-іші, бала-шаға тегіс аман ба? – деп емен-жарқын сәлемдесті.
– Шүкір, аманшылық денсаулығыңыз жақсы ма? Көңіл-қарын тоқ па? Нұрыш құда да еруліге қарулы жасап, ұзақ амандасты.
– Тәуба, басы аманның малы түгел дегендей, күйбең тірліктің соңында жүріп жатқан жай.
– Дұрыс-дұрыс, бәріміздікі де сол.
– Біздегі жаңалықтан хабардар шығарсың? – деді үйге кіріп диванға жайғасқан құдасына Жақып сүзіле қарап.
– Естіп, біліп, күнаһармен тілдесіп келіп отыр емеспін бе.
– Іштен тынып, ішқұса боп-ақ біттім. Не біреуге айта алмайды екенсің сүйінші сұрағандай. Қазекемнің жалғыз қайғы, жала-пәледен сақтандыратыны тегін бе, тәйірі.
– Жазым ғой, Жақа. Әдейі істеген жоқ. Кім өзіне жамандық тілеуші еді.
– Ішімдікке сылқия тойып алып жүргізсе, әрине, арақ-шайтан бір пәлеге ұрындырары хақ. Атаңнан қалған ас емес. Арақ аздырады. Өз еркіңмен қоя алмасаң, оныңды айт, емдетейін деп құдайдың зарын қылдым. «Емдететін мен алқаш емеспін» деп түтікті.
– Өзінің айтуынша, татып алмапты.
– Қайдам… «Ішіп едім» деп айтушы ма еді. Ішімдікке әуестігін ауыздықтайтын күш жоқ Төреде. «Рульге отырудың үлкен жауапкершілігін сезіну санасына жетпеген тәрізді», – деп келінім шындықты жайып салды. Біреудің қымбат көлігін артынан соғыпты. Қыруар ақша мойнына жүктеліпті.
– Жәудір келген екен ғой.
– Иә, келген.
– Аман қалғанына шүкір дейік, Жақа. Құдай сақтады, олай-бұлай болып кетсе қайтер едік.
– Шүкір деумен келеміз ғой.
– Жаман ат жата ма. Солай бопты дегенді естісімен Тілеуқар екеуміз барып қайтқанбыз. Төреде түрден түр жоқ. Көзі бақырайып, құлағы қалқиып, аурудан тұрғандай. Қорқып та қалған сияқты ма. Сабырға шақырдық. Тілеуқар аштап, таңдайын көтеріп, ем-дом жасаған болды.
«Жұмыс керек» деді, тауып бердім. «Үй керек» деді, салып бердім. «Жігіттердің бәрі машина мініп жүр. Менде ғана жоқ» деді алып бердім. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Соның қыжалатынан артылған азын-аулақ малға көзін сатып, мәзгамды майыстырмасын. Баланың үлкені деп ештеңеден қолын қаққан жоқпын. Бұдан кейінгі қыздар ғой барған жерлеріне балдай батып, судай сіңіп, орындарын тауып кетті. Жақсылықты солардан көріп отырмыз. Келген сайын шешесі екеумізді бастан аяқ киіндіріп кетеді.
Осы сәт ішке отағасының кенжесі Ұлан бас сұғып, құдамен амандасты.
– Сіздерді шайға шақырып жатыр апам, – деді. Құдалар сыртқа шықса, анадай жерде қой сойылып, бас үйтіліп жатыр.
– Ойбай, Жақа бұларыңыз не? – деді Нұрыш.
– Нені айтасың?
– Мал сойып, әбігерге түскендеріңізді айтам.
– Алыстан ат арылтып келген қан құдам бір қойдың басын мүжитін құқы бар емес пе?
Кешке қарай Жақып қарияның арқа-басы кеңіп, құрыс-тырысы жазылып көңілденгендей кеп танытты. Үлкен астың дастарқаны жиналған соң бір әңгіменің тиегін ағытты.
– Ешқашан, ешкімге тіс жармаған, осы уақытқа дейін көкірек қуысымдағы сыр сандығымда сары майдай сақтап келген сырымды ашайын, – деді құдасына.
– Құлағым сізде, – деп Нұрышта қозғалақтап қойды.
– Отыздағы кезім. Кеңшар жұмысының соңында салпақтаудан әбден титықтап жүрген күндердің бірінде көрші ауылда тұратын досым қонаққа шақырды. Әйелім екеуміз келісілген мерзімде сол үйден табылдық. Сержан мен зайыбы Күмісай бізді құшақ жая қарсы алды. Көптен көріспеген екі дос қауышып, мәре-сәре болдық та қалдық. Өзіңді жете түсінетін досыңның бары бір ғанибет. Сондай-ақ қадіріңе жететін адамның шынайы сый-құрметіне бөлену рақат күйге бөлейтіні рас. Көп кешікпей дастарқанға шақырылдық. О кезде ұзын мойынның дастарқан сәніне айналып, дәуірі жүріп тұрғанын бәріміз білеміз. Қай үйге барсаң да, құлқиып наннан жоғары шығып алатынын қайтерсің. Досымның дастарқанындағы ақаңнан сілтеп отырып, әңгіме көрігін қыздыра түстік. Ащы су ішімізді күйдіріп қызуы басқа тепкен сайын екі езуіміз көпіріп лепіре сөйлейміз. Көңіл шіркін дариядай толқып, шалқып отырмыз. Бізден бақытты жан жоқтай. Еркін отырып, тартынбай ішіп-жедік. Үлкен ас алдында бой жазу үшін Сержан екеуміз тысқа шықтық. Ауыл шетін жанай ағатын шағын өзенге шомылып сергіп қалдық. Үйге жеткен соң, Сержанның төргі бөлмесі жақтан әлдекімнің жөткірінгенін құлағым шалып, елең еттім. Досымның 80-нен асқан әкесі бар-тұғын. Мана біз келгенде бұ кісі көрінбеген. Оның қайда екенін сұрап мен де бас қатырмағанмын. Ақсақал кілт есіме түсе кетті де, солай қарай елпеңдей қадам бастым. Төрге төселген төрт қабат көрпе үстінде малдастай отырып, ескі құран кітапқа үңілген қарияға сәлем бердім. Сәлемімді алған қарт:
– Кел, балам, төрлет деп қасынан орын ұсынды. Отырғым келмесе де үлкен кісінің көңілін жықпағандықтан көрпе шетіне тізе бүктім. Ол кітабын жауып, терезе алдына қойды да, бірдеңе айтуға ыңғайланып маған қарай еңсерілді.
– «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар» деген екен бұрынғы өткен көкірегі сара даналар, – деп бетіме сынай қарады. Қарияның нені меңзегенін біле қойдым, ішім қылп ете түсті.
– Ата, сізді бір жаққа жолаушылап кетті ме екен деп ойлаппын. Келген бетте сәлем бермегеніме кешірім өтінемін, – деп ағымнан жарылдым. Үлкен кісі томсыраңқы кейіппен сәл үнсіз ойланып отырды да:
– «Кейін кешірім сұрауға мәжбүр ететін іс жасаудан аулақ бол» деген екен Мұхаммед пайғамбарымыз. Бұл да үнемі есте ұстайтын нәрсе, – деді. Мен құптаған кейіппен басымды изедім. Үлкен кісі сөйлеп кетті. «Жастар кәріні тозығы жеткен керексіз бұйым­дай көретіндері бар. Біздің солар үшін жиған-тергеніміз мол екені қаперлерінде жоқ. Ол – өмір тәжірбиеміз, оқыған-тоқығанымыз, көрген-білгеніміз, көкірегімізге түйгеніміз. Көкірегіміздегі көп қазынамызды керегіне жаратар жастар табылса, кейінгіге тигізген пайдамыз деп білемін. Бірақ құйма құлақ ұлдарды таба алмай қиналатыным бар. Көнекөз көпті көрген біздерді тыңдаудан гөрі жастар анау тентек суға көбірек үйір боп барады. Бұл жақсылыққа апармайды. Жынды судың соңына түскеннің барқадар тапқанын көрген жоқпын. «Өлетін бала молаға қашады» демекші бұған бойын бір үйретіп алған ер азамат түбінде азып-тозып, адам сиқынан айрылады. Қолдан келсе, адам басқаларға пайдасын тигізгенге не жетсін.
Мына сен бала түріңе қараса, сөз түсінер тәп-тәуір-ақ жігіт сияқтысың. Араққа да алғырлығың бар екен. Сен де ішіп отырсың, келін де ішіп отыр. Сендерден туған бала не болар екен?» – деп салғаны ғой.
Міне, сол қарияның сондағы сөзі өзім қартайып, балаларым есейгенде еріксіз ойыма оралды. Сол шақта дүниеге келген үлкен ұғым Төренің ішімдікке үйірлігі дана қарттың көрегендігін мойындатқандай.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір