Ұлт санасын оятқан туындылар
24.09.2026
118
0

Ақтөбе қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназиясында «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – ұлт санасын оятқан туындылар» атты оқырман конференциясы және «Тіл, кітап және ұстаз мұрасы» кітап көрмесі өтті.

Бұл іс-шаралардың мақсаты –оқушыларға Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық руханияттағы орнын кеңінен таныту, ғалымның әдеби, ғылыми және ағартушылық мұрасын насихаттау, ана тіліне деген құрметті арттыру және жас ұрпақты кітап оқуға баулу. Конференцияға Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашылары, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Конференцияның ашылуында мектеп директоры Бекболат Бозшин сөз сөйлеп, Ахмет мұрасының бүгінгі ұрпақ арасында кеңінен насихат­талуының маңызына тоқталды.
Гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сауық Мәмбетырзаеваның айтуынша, мектепте «Ахмет аманаты: Тілге құрмет – ұлтқа қызмет» атты апталық өтіп жатыр екен, бұл конференция – апталық аясындағы бір ғана іс-шара.
– Апталық аясында Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық және ғылыми еңбектерін оқушыларға таныту мақсатында сынып сағат­тары, ғылыми-танымдық конференциялар мен әдеби кештер өтіп жатыр. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» бастамасы аясында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітап­ханасымен бірлесіп, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырдық. Мұғалімдер мен оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері бойынша ізденістері мен ғылыми баяндамаларын әзірледі, – деді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Қамажай Дошниязова мен Таңшолпан Сағынтай «Қазақ руханиятының көшбасшысы – Ахмет Байтұрсынұлы», «Қазақ» газеті және ұлттық тіл» тақырыптарында баяндамалар оқыса, оқушылар Таңшолпан Айдос пен Ботагөз Батиканова «Тіл білімінің темірқазығы – Ахмет Байтұрсынұлы» және «Қырық мысал» – ұлттық сананы оятқан шығарма» тақырыбында ізденістерімен бөлісті.
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының библиографы Гүлнұр Ихсанғалиева Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына, қазақ тіл білімі мен ағартушылық қызметіне арналған әдебиеттер қойылған кітап көрмесімен таныстырды. «Тіл, кітап және ұстаз мұрасы» тақырыбындағы көрмеге Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» сынды іргелі еңбектері қойылған. Кітапханашы әрбір еңбекке жеке-жеке тоқталып, олардың қазақ ғылымы мен білімінің қалыптасуындағы маңызын түсіндірді. Сондай-ақ ғалымның қазақ тілін жүйелеуге қосқан үлесі, оқу-ағарту ісіндегі еңбегі және ұлттық жазу мәдениетін дамытудағы қызметі туралы кеңінен әңгімеледі.
Айта кетейік, аталған мектепке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі 2022 жылы берілген. Гимназия сыныптарында қазақ тілі мен ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Оқушылар – болашақ лингвистер қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп келеді.
– Мектебіміз лингвистикалық гимназия болғандықтан, оқу жоспарының гимназиялық компоненті аясында арнайы сағаттар бөлдік. Мектептегі қазақ тілі мұғалімдерінен құрылған шығармашылық топтың ұйымдастыруымен «Ахметтану» курсы жазылды. Бұл курс 5-9-сыныптар арасындағы гимназия сыныптарында өтеді. Оқушыларымыз тілдер бойынша өтетін олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазіргі таңда ұжымымызбен бірге «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп» деген атқа лайықты жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғазиза Матенова.

                                                                                                                                                                                                                                                                         Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір