Тылсымға толы туындылар
10.01.2026
58
0

Өзі туып-өскен ауыл бала Болат Тұрғынбайдың есінде ерекше қалды. Оның балалық шағы ауыл шетіндегі сырты түгел қоршалған, іші түрлі жеміс ағаштарына толы қорғанмен байланысты. Анасынан дәстүрлі аңыз-әңгімелерді де алғаш рет сол жерде естіген.

  Оның өнерге қызығушылығы, Ташкентте өнер академиясында оқып жүрген жездесінің суреттерін көрген кездегі таңғалысынан басталады. Міне, сол кезден бастап, небары төрт-бес жастағы бала Болат Тұрғынбай өзінің қиялынан туған суреттерді қағаз бетіне түсіре бастады. Салатын суретіндегі бейненің келбетін әжептәуір ұқсатуды үйренді, ал мектепке барғанда сурет сүйікті пәніне айналды. Суретші болуды да сол кезден бастап армандады. Біртіндеп бейнелеу өнерінің қыр-сырымен танысып, оны салудың әдіс-тәсілдеріне қолын машықтандырды.
Мектепті бітірген кезде ол өзінің суретші болатынына нық сенімді еді. Кәсіби білім алу үшін Әбілхан Қастеев атындағы өнер училищесінде 1977 – 1981 жылдар аралығында оқыды. 1984 жылы Мемлекеттік театр және көркем сурет институтына оқуға түсті. Оны 1989 жылы бітіріп, кәсіби өнер жолына қадам басты.
Бүгінгі күні өз шеберханасында көптеген шәкірттер тәрбиелеп, түлетіп отырған белгілі суретші Болат Тұрғынбай мерейлі 65 жасқа толып отыр. Өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шеберінің кескіндемешілік шығармашылығынан ізденістер легі бірден көрініп тұрады.
Болат Тұрғынбайдың «Базарлық» картинасына тұтастай қарасақ, әсем қозғалыстағы әйел қоржын толы базарлықты алып келе жатқандай әсер береді. Картинадағы бейнелер қазақы киізде өрнектелетін композицияға ұқсас.
Кескіндемеші бейнелерді бірінің артына бірін орналастырып, қатпарлы жазық бетті композицияда орындаған. Әйелдің киіміндегі, қоржынындағы өрнектер мен артқы жағындағы стильденген жануар мотивіндегі бейнелер – бақуатты қазақы дәстүрлі мәдениеттің көрінісі. Сонымен қатар қызыл, жасыл, көк, сары түстер сәнді ұлттық стильді одан әрі айқындай түседі. Ерекше көзге түсетіні, қазақтың киіз өрнегіне ұқсас әрбір кескіннің сыртынан жүргізілген қара түсті сызық бейнелерді айқындай түседі. Қазақ халқының дәстүрінде киіз басқанда алдымен қара түсті жүннен иректеп өрнегін сызып алып, оның ортасын әр түске боялған жүнге толтырып барып басады. Содан өрнектер қара түспен жиектеліп, анық, дара-дара болып көрініп тұрады. Бұндай тәсіл өрнекке даралық, монументальдылық береді.
Картинадағы әйел бейнесі қазақтың дәстүріндегі ошақ иесі, даналық пен дәстүрдің сақтаушысы, ұрпақ жалғастырушысы ұғымын айшықтап тұр. Сондықтан картинаның негізгі мазмұны рухани-мәдени байлықты шашпай-төкпей тарихи кезеңдерден алып келе жатқан қазақ әйелінің символдық бейнесін тұспалдайды деуге толықтай негіз бар.
Кескіндемешінің тағы бір туындысы «Ғұмыр» – өрнекті әрі нағыз сәнді стиль­де жазылған шығарма. Туынды ритм мен символизм принципінде және метафоралық, философиялық мазмұнда жазылған.
Композицияда ашық жасыл және қызыл түсті киім киген, басын иығына түсіріп, өзінің ішіне үңіліп, ойға шомған адам бейнесі суреттелген. Оның айналасындағы балықтар мен құстарды шахматты тәртіпте орналастырған. Мұндағы құс – жер мен аспанды жалғастырушы, еркіндіктің, адам жанының, ал балық – интуицияның, бейсаналықтың, өмірдің мәңгі қозғалысының, судың символы. Сарғыш-жасыл, көк, қызыл түстер картинаға кереғарлық дарытып тұрғанымен, туындыға вибрациялы қозғалыс бергендей, өзара үйлесімділік тапқан. Бояулар арқылы кеңістікті екіге бөліп, жер мен аспан, рух пен материя сияқты әлемнің дуализіне баса назар аудартады. Болат Тұрғынбай туындыдағы түстердің негізінде құрылған ырғақты қозғалыспен адамның ішкі рухани мазмұнын да ашып көрсеткен. Жалпы, суретші адам мен табиғат және космос тыныштығының мәңгі қарым-қатынаста болатынын аңғартып, әлемді рухани жүйе ретінде өрнектеген.
Болат Тұрғынбайдың шығармаларының көбі стилизациялы, декоративтік стильде жазылған. Оны әсіресе «Көкжайлау» туындысынан айқын көреміз. Суретші көрерменнің бар зейінін қара контурлы сызықтармен жазылған қою қара шыршалармен біртіндеп жоғарыға қарай өрлетіп, көкжиектегі таулы алқапқа жетелейтін пейзаждың орталығына аударған. Картинаның алдыңғы бөлігіндегі айқын сызықпен сызылып, әсем иілген үлкейтіліп берілген өсімдіктердің пластикасы көзге бірден түседі. Мұндай жазу мәнері модерндік суретшілердің витражды немесе аппликациялық картиналарының мәнеріне келеді.
Мұндағы шыршалардың ырғақты қайталануынан стильденген орман сәнді әрі өрнекті әсер береді. Болат Тұрғынбай үшін табиғаттың көшірмесінен гөрі, одан алған әсерді бейнелеу маңызды. Бейненің сыртқы жиегін қара сызықтармен жүргізу – модерн мен постмодернге тән стиль (бұл Ван Гог, Гоген және «Наби» тобының суретшілерінен байқалады).
Модерн суретшілері академистік сурет салудың қатаң ережелерінен бас тартқанымен, бейнелеудің сезімдік, терең рухани бастауларын туындыларында ұтымды қолдана білген. Сол сияқты Болат Тұрғынбай да өзінің ерекше жазу мәнерін дәстүрлі бейнелеу мен ұлттық сәнді стильдің тоғысынан іздестіреді.
Әдетте суретшілер кеңістікті берудің перспективалық заңдылығына жүгінеді, ал Болат Тұрғынбай ондай тәсілден саналы түрде бас тартып, өзінше жаңаша тәсілдерге бой ұрады. Суретшінің о бастағы мақсаты өзгеге ұқсамайтын жеке қолтаңбасын қалыптыстыру болатын, сол бағыттағы ұзақ ізденістердің нәтижесінде сәнді-символды, стильді қолтаңбасын қалыптастырды. Оның ерекшелігі табиғатты бақылау арқылы көріністі өзінше пайымдау. Оның пайым­дауынша, шынайылық табиғаттың, заттың сыртқы пішініне қарағанда, оның ішкі мазмұнында сақталады, ал мазмұн әрқашан да астарлы, сан қырлы болып келеді. Оның ойы қандай терең болса, табиғатты бейнелеуі де мистикалық сырға, асқан ұлылыққа толы.
Болат Тұрғынбайдың көптеген картиналарына ортақ қолтаңбалық ерекшілік – вибрациялы қозғалыс. Оның түстерді пульсивті-вибрациялы жазу тәсілі картинадағы фигуралар мен табиғат көріністерін қозғалысқа енгізеді. Қозғалысты берудің ырғақты, динамикалы деген дәстүрлі түсініктері бар. Дегенмен Болат Тұрғынбайдың картиналарындағы қозғалыс ғаламның көзге көрінбейтін, денемізбен сезінбейтін тоқтаусыз қозғалысына ұқсас. Картинаға алыстан көз салсаңыз, «Көкжайлау» туындысында жер дөңгеленіп тұрғандай көрінеді. Өнер дегеніміз қайталау емес, оны көре білу, сезіну және ой елегінен өткізу десек, Болат Тұрғынбайдың әр туындысында әлем мен табиғат­тың, жан баласының сыры, сұлулығы түстер мен қозғалыстар арқылы үлкен философиялық мән үстейді.

Қалдыкүл ОРАЗҚҰЛОВА,
Т.Жүргенов атындағы
ҚазақҰӨА профессоры,
өнертанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір