ОЯТҚАН ОЙ-САНАМДЫ, ШІРКІН, ӨЛЕҢ…
02.04.2024
386
0

Имашхан БАЙБАТЫРҰЛЫ

Атамұра – бабамның баспанасы

Ғасыр аман болсын деп, басым аман,
Жасымаған, байлықтан тасымаған.
Бабамыз бен әжеміз күн секілді,
Асыл адам шуағы шашыраған.

Жүріп өткен адалдық жолыменен,
Күні кеткен күресіп долыменен.
Қу тірліктің күрмеліп құрсауына,
Күліп өткен жасап ап қолыменен.

Бәс таласып өзіндей арлыменен,
Баспанасын қамдаған алдыменен.
Болыстығын, көрсеткен мол ыстығын,
Жас баласын аялап балғын әлем.

Шашы ағарған бейнетпен жаны күйіп
Тасаланған шағы жоқ ары биік,
Керегесін,
Уығын,
Шаңырағын,
Жасап алған орманның талын иіп.

Тайынбаған бейнет­тен көшерінде
Дайындаған сандық пен төсегін де,
Ер-тұрманын,
Астауын,
сынды аяғын,
Пайымдаған бақан мен көсеуін де.

Құбылды мың жеткенше күн бүгінге,
Қуырды мұң бір тұтам тірлігінде.
Жаулықтылар жасады киіз басып,
Туырлығын,
Үзігін,
Түндігін де.

Әсерледі көңілін жаңаша үміт,
Әсемдеді үй ішін тамаша ғып.
Жіп иіріп ұршықпен, өрмек тоқып,
Баса өңдеді басқұр ғып, алаша ғып.

Жөргек бағып, теңіз-ой кешкен еді,
Өрнек салып, тұскиіз кестеледі.
Ою салып сырмағын ойыстырып,
Шөлдеп барып жұмбағын шешкен еді.

Келеді-ау деп үйіме жиі қонақ,
Керек-ау деп тоқыды шиін орап.
Торсық, саба тігеді, жоқшылыққа
Керенау кеп,
алады үйін оңап.

Ертек екен айтары өлеңінде,
Елтеді екен сәбиі көкөрімде.
Бесік жырын, той әнін, айтыспенен,
Шертеді екен әйгілеп өнерін де.

Бір данышпан бабамыз ойына алып,
Ту қамыстан сыбызғы ойып алып.
Сырнай,
Қобыз,
Домбыра – бәрін жасап,
Жыр жарыстан қалмапты қойын бағып.

Бабамыздан бабамыз алмастырып,
Даламыздан алыпты қандас біліп,
Бізге әкепті әкеміз гүлдентер деп,
Алақызған ұрпақтар жалғастырып.

Қанағат қып, бас иіп ел-данаға
Аманат қып ұсындым мен балама,
Атамұра гүлдер деп,
көгершін ғып
Салауат­тық ұшырдым кең далама.

Тұскиіз

Жарқыраған құлындарым өзімдей,
Алтын адам болып өссе, сезінбей.
Қалмайын деп, түн ортасы ауғанша,
Марқұм анаң отыратын көз ілмей.

Жүрегі де балап ап­пақ құсына,
Іледі деп ержеткенде тұсына.
Кестеледі арнап бір-бір тұскиіз,
Біледі деп өнерді де тұшына.

Анасынан жасап жастай көргенін,
Таң асырған салып ою-өрнегін.
Тұскиіздің ұқтым сырын, ұйқысын,
Аласұрған ұлдарына бөлгенін.

Сан-саналы өнері бар күн елі,
Тамсанады, шеберлікті біледі.
Есіл Шәпем тапжылмастан отырды-ау,
Талса-дағы саусағы мен білегі.

Асыл мұра – бабамыздың кілемі,
Тапсырды да тамсандыра біледі.
Құлындарым, бас иіңдер сендер де,
Асуды да алған ана тілегі.

Тұнық таңдар сұрамайды құндарын,
Құлыптандар жүректерге мұңдарын.
Тұскиізді тұсқа құрып анаңды
Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар, ұлдарым!!!

Арман ағыс

Арманменен түскен шақта ағысқа,
Тарлан денең қорған болар намысқа
Әлің кетіп, тал қармаған шағыңда,
Арман деген жетелейді алысқа.

Барлауы ғой ақылы асқан алыптың,
Самғауы ғой «ұшқыш кілем» шабыт­тың.
Жертыңдағыш,
Көлұрт­тағыш,
Желаяқ –
Арманы ғой біздің момын халықтың.

Ұрпағымыз сол халықтың,
қолдасын!
Сұлтанымыз оймен тапқан олжасын.
Қол созамыз отыз жылдан әріге
Нұр таңымыз биіктерді болжасын.

Көк шыбықтың жүзін өпсін таң сәрі,
Көпшіліктің аусын солай аңсары.
Арман ағыс алдамаса бітер ме,
Жоқшылықтың қурап шала-жансары.

Тоған жасап, жерге түрен салармыз,
Тоналсақ та, біз де алтын табармыз.
Жоллбарыстан дәметейік әуелі,
Бола алмасақ мысық болып қалармыз…
Бақыт, қайдасың сен?
Бұлбұлдың жасырынып таңдайына,
Бір гүлдің қондың ба екен маңдайына.
Ей, бақыт, қайда жүрсің, сағымбысың?
Дүлдүлдің жете алмай жүр қандайы да.

Еріткен алтынды да атағымен,
Келіп пе ең таңның арай шапағымен.
Тоқтамай уысыма жоғалдың ба,
Желіккен өрт-дауылдың шатағымен.

Үрдісін тауып айтсам тобасын да,
Жыр-мүсін болып маған қонасың ба?
Шөлдетіп, зарықтырып қайда жүрсің,
Жүрмісің бабалардың моласында?

Бес түлік береке боп табысқанда,
Ес біліп, ара түсіп арыстанға.
Тұрмысың қызыл жалқын нұрға оранып,
Кешкілік аспан мен жер қауышқанда.

Иленіп көк теңіздің толқынында,
Үйге еніп папкалының қолтығына.
Басыңа байқаусызда тепкізіп ап,
Жиреніп жүрсің бе әлде жортуылда.

Бастықтың қол-аяғын тұсадың ба,
Жастықтың көз ілдің бе құшағында?
Біздейдің қойнынан сусып кетіп,
Бас бұқтың қайда барып ұшарыңда?

Тұп-тұнық таудың тастай бұлағына,
Мықтылық жасадың ба бір ағынға?
Осылай ұшады деп бақыт деген,
Ұқтырып шың басынан құладың ба?

* * *
Алған бір иіндідей сауып қырды,
Ақ жаңбыр сыбыр-сыбыр жауып тұрды.
Ойлардың өзектегі ойранынан,
Тарлан-жыр жан-жарасын
сауықтырды.
Сылқым бақ сымбатынан саз алдық па,
Сыр тыңдап жыр ұсындық базарлыққа.
Түндігін сәл еңкейтіп қойған үйде,
Бұрқылдап құрт қайнайды қазандықта.

Теңіздей толқындайды татыр ап­пақ,
Дегізбей сел-сергелдең, бақылап бақ.
Бір мезгіл отырсаң-ау құртқа салған
Мейіздей сүр қазыны жапырақтап.

* * *
Сезімнің шипасы еді қалжаң-дәрі,
Езілдім аман ба деп мал-жандары,
Көргенде топырағыңды
О, туған жер!
Көзімнің құлап түсті маржандары.

Өзгеге секілденіп арзан бәрі,
Көзге де көл тұнатын бар заңдары.
Ойласам туған жердің бар екен ғой,
Сөз-кеме қайырлайтын әр заңғары.

Солардан шашырадым болып ұшқын,
Мол арман найзағайға соғылыстым.
Басымды тебіремес тасқа соқтым
Қоларбам құлы болды долы күштің.

Құрандай имандықпен жолығыстым,
Жыландай бұлағынан сорып іштім.
Қанат қып қиялымды туған жердің,
Қырандай қиясына қонып ұштым.

* * *
Егізде­йін бет-жүзіңнен аймалап,
Кен іздеймін тау-тасыңнан тайғанап.
Келген сайын, көрген сайын өзіңді,
Мен іздеймін «Жалғызағаш қайдалап».

Сері мекен, сені көріп бұзылды ой,
Жерік еткен сенің дәм мен тұзың ғой,
Жер түбінде жатып алып ойласам –
Кенің екен, құтың екен қызыл қой.

Жұтым асын жұртқа беріп тәмамдар,
Құты қашып тозбасын деп алаңдар.
Жаны жайсаң талай абзал бар еді,
Ықыласын жоймасын сол адамдар.

Тағылымды ісің болса мақтайды ел,
Жаны ұғымды жасқа бәйге шап­пай бер.
Нәрің бітіп, әлің құрып қалғанша,
Балығыңды, шипа суды сақтай гөр.

* * *
Тіл дегенің қиып түсер қылыштай,
Тілде менің қуатым бар құрыштай.
Кім болсаң да күйе жақпа тіліме,
Білмегенің жөніңе жүр жуыспай.

Пірім менің көп аңсатқан тірілмей,
Тілім менің улы жылан тіліндей.
Сірнесі бар, ілмесі бар қармақтай,
Ілінгенің мерт боласың білінбей.

* * *
Пұлым жоқ ең болмаса ет бұйымдық,
Құлың боп көріп келем көп қиындық.
Оятқан ой-санамды, шіркін, өлең,
Құным жоқ сенсіз менің көк тиындық.

Береді маған ерік еріп ішім,
Жеңеді қолы біліп мені күшің.
Иіліп, жайшылықта кекжигендер,
Келеді Имекең деп сенің үшін.

Миында ой бар – «атақ алайын» деп,
Жиында көзге түсіп қалайын деп.
Жөн-жайын жатқанымда кеп қалады,
Қиырға мұны да бір салайын деп.

Болсам да ақылы жоқ ақымағың,
Сол шақта мен өзіңді шақырамын.
Лағылдан тілімдегі тізіп шығып,
Моншаққа белшесінен батырамын.

Мысырға апарсам да кәделі деп,
Тысын да жасатады ол әдемілеп,
Оқиды ұялмастан,
именбестен
Тұсында жиын-тойдың мәнері деп.

Күнсің сен гүлденетін билеп мені,
Күрсінсем, көңілімнен күй кеткені.
Ат беріп «ақын» деген әулие өлең
Жүрсің сен қырық бес жыл
сүйреп мені.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір