Бөрінің рухын оятқан экспедиция
20.05.2025
51
0

Қазақ­станның Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Калифорния университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан ғалымдарымыз Калифорния штатында туып-өскен, өмір сүрген жазушылардың мұражай-үйлеріне сериялық ғылыми экспедициясын бастады. Маған қызықтысы – солардың ішінде балалар жазушыларының лабораториясымен танысу. Алғашқы сапар далалық ақыл-ой мен табиғат заңын терең түсінген жазушы Джек Лондонның ізімен басталды. Табиғатпен етене өмір сүріп, қасқыр мен бөріні шығармаларына арқау еткен америкалық жазушының өмір сүрген орнымен танысу, біз үшін шығармашылық пен рухани байланысты жаңғырту болды.

Д.Лондонның жазу машинкасы

 Джек Лондонның мұражай-үйі Сан-Францискодан бір сағат­тық жерде, Глен Эллен қаласында орналасқан жерде жазушы 29 жасында өзіне жылжымайтын мүлік сатып алады. Дәл осы жерде ол өзінің шытырман оқиғалы романдары мен публицистикалық мақалаларының көпшілігін жазады. Өзі Сан-Францискода туғанымен, үлкен қаладан ауылға қашу оның шығармашылығындағы негізгі өмірбаяндық мотивтердің біріне айналды.
Ол өзінің жазбаларында: «Маған осы жердегі (фермадағы үйдің үстіндегі) жоталар қат­ты ұнайды. Олар өте әдемі, көрдіңіз бе, мен осы сұлулықты қаладым. Сондықтан да мен үйдің шекарасын тау жоталарының бойына де­йін кеңейт­тім… Мен сұлулық сатып алдым және сол үшін мен өзіме ризамын. Қазір бұл маған бәрінен де артық рақат сыйлайды. Мен бұл ферманың барлығын қалыпқа келтіремін, бұл жерлерді нағыз пайдалы өндіріс орнына айналдырамын. Мен бұның барлығын болашақ үшін жасаймын…» деп жазады.
Өзі «Сұлулық фермасы» деп атаған, 600 гектарға жуық жерді алып жатқан жеке қожалығында Джек Лондон 1905–1916 жылдар аралығында жеміс-жидек, дәнді дақылдар мен көкөністерді өсіріп, керемет жылқылар, ірі қара мал мен шош­қа малын өсірген. Көптеген ғимарат­тарды Лондон барлық фермерлер қолдана алатын жаңа ауылшаруа­шылық техникасын әзірлеу және көрсету идеясының бөлігі ретінде жоспарлап салған. Аумағы бір ауылдың жерін алатын Джек Лондонның жеке қожалығында не бар десеңіздер, ең бірінші көзге түсетіні – эвкалипт ағаштары. Ортасында пикник алаңы орналасқан 81 000 түп эвкалипт ағашы бір кез­дері жиһаз жасауға пайдаланылған. Келесі Херес сарайы, 1884 жылы қытай жұмысшылары салған бұл сарай алғашында шарап жасау үшін қолданылса, ке­йін Джек Лондон оны ағылшын жылқыларын өсіретін қораға айналдырады. Лондон кот­теджі мен сарайлар ортасындағы ашық жерде Лютер Бербанктің тәжірибелік тікенсіз кактустар өсіріліп, малды азықтандыруға пайдаланылған. Одан ке­йін көң шұқыры. Джек Лондон 1914 жылы тыңайт­қыш сақтау үшін осы шұңқырды италияндық тас қалаушыларды жалдап салғызған, яғни Лондон өз бақшасының тыңайт­қышын өзі өндірген. Лондонның жақсы көрген жануары жылқылар үшін италиян және қытай жұмысшыларын жалдап салдырған ерекше сарайын көресіз. Мұндағы қызық қытай жұмысшылары тасты қабырғадан шығармай тегіс етіп қаласа, италиян тас қалаушылары тасты қабырғадан шығарып, көрсетіп соққан. Жазушы мұны ерекше бағалап, сол қалпында қалдырған. Мұнда жазушы жылқының алты асыл тұқымын өсірген. 
Жеке қожалықтағы ең басты ғимарат – қазір «Лондон кот­тедж» деп аталатын, өзі тұрған үйі. Бұл ағаш кот­теджді Лондон 1911 жылы Кехлер және Фролинг шарап зауытының ғимарат­тарымен бірге сатып алған. 280 шаршы метр жерді құрайтын үйдің батыс жақ бетіне 1914 жылы Джекке жеке кеңсе қосылады. Мұнда ол ке­йінірек көптеген әңгімелер мен романдар жазды. Бұл кеңседе Лондонның жеке үстелі, мәтін теруші көмекшісінің, редактор, корректордың жұмыс үстелдері орналасқан. Үйде екі балкон орналасқан. Алдыңғы есіктің оң жағындағы шыны балконда 1916 жылы, 22 қарашада Джек Лондон қайтыс болады.
Үйдің алдынан шарап зауытының қирандыларын көресіз. Бұл жер 1906 жылы жер сілкінісінен қат­ты зақымданған. Лондон оны ферма жұмысшылары үшін тұрғын үй және қонақтарға арналған бөлме ретінде пайдаланған. Үйдің шығыс жағындағы тас қабырғалар бір кез­дері шарап зауытының бір бөлігін құраған. Лондон бұл кеңістікті асхана ретінде пайдаланған. Ас бөлмесінде қолданылған зат­тар қаз-қалпында сақталған. Көзге түсетіні – кештерде Джек үшін әйелі ойнап беретін пианино мен өзі бір кез­дері жұмыс жасаған, Кәріс елінен арнайы алдырған сөре.

Д.Лондон тұрған үй

Джек Лондонның дарынын жазушылығынан ғана емес, жеке қожалығындағы әрбір ғимарат пен орынның жоспармен жасалғанынан да көруге болады. 1915 жылы салынған шошқа сарайын Лондон жоспарлы түрде 17 бөлікке бөлген. Ол жұмыс күшін үнемдейді және шошқалардың әрбір жұбын жеке ұстауға көмектеседі. Тағы бір таңғалдырған нәрсе Лондон үйінен алты шақырымдай жерде дөңгеленген тас бөгет салып, 2 гектар жерді алатын көл жасайды. Қасында қызыл ағаштан монша салады. Бұл жер Лондон отбасы мен оның қонақтарының сүйікті орнына айналады. Қазірде бұл көл – «Лондон көлі» деп аталады.
«Қасқыр үйі» – Джек Лондонның арманы болған алайда, шын мәнінде, толық өмір сүріп үлгермеген үйі. Бұл зәулім тастан салынған резиденция жазушының табиғатқа, еңбекке және еркіндікке деген махаббатын білдіретін символға айналады. 1905 жылдан бастап Лондон осы үйдің жобасын өзі жасап, құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда қадағалап отырған. Ол бұл үйді үлкен кітапханасы, жазатын арнайы кабинеті, қонақтарға арналған бөлмелері бар шығармашылықтың шынайы ордасы ретінде елестеткен. Лондон оны «Қасқыр үйі» деп өзі атайды, себебі ол өз бойындағы еркін, қайсар, бөрі мінезді табиғат­ты осы ғимаратпен бейнелегісі келді. Алайда бұл үлкен үміт пен шабыттан басталған құрылыс аяқталар шақта қайғылы жағдайға тап болады. 1913 жылдың тамыз айында, қоныстануға бірнеше апта қалғанда, үй күтпеген жерден отқа оранып, толықтай жанып кетеді. Бұл қайғылы оқиға Джек Лондонға қат­ты соққы болады. Сол күннен бастап бұл үйдің тек қирандылары ғана туристер көруге келетін жерге айналған.
«Бақыт­ты қабырғалар үйі» жазушы рухына қойылған ескерткіш деуімізге болады. «Қасқыр үйі» жанып кеткенінен ке­йін, Джек Лондонның жары Чармиан Лондон оның рухын мәңгі есте қалдыру мақсатында «Бақыт­ты қабырғалар үйін» (The House of Happy Walls) тұрғызады. Бұл үй де жазушы өмір сүрген жекежай аумағында орналасқан және бүгінде мұражай қызметін атқарады. 1920 жылдары салынған бұл үй Чармианның жоспары бойынша, Джек Лондонның армандары мен өмір салтын шынайы түрде бейнелеуге арналған. Үйдің атауы да ерекше «Бақыт­ты қабырғалар» деген тіркес Лондон мен Чармианның хат­тарында жиі кез­десетін, өзара үйлесім мен рухани тыныштықты білдіретін сөз тіркесі еді. Қазіргі таңда бұл үй Джек Лондон мұражайы ретінде жұмыс істейді. Мұнда жазушының жеке зат­тары, қолжазбалары, фотосурет­тері, кітаптары мен саяхат­тарынан жинаған жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ Чармианның өзі пайдаланған тұрмыстық бұйымдар мен музыкалық аспаптар да сақталған. Экспозициялар арқылы келушілер Джек Лондонның өмірлік философиясы, еңбекқорлығы, әлемге деген көзқарасы мен табиғатқа деген сүйіспеншілігі туралы мол мағлұмат ала алады. Бұл үй – тек өткеннің куәсі емес, болашақ ұрпаққа шабыт сыйлайтын мәдени-рухани кеңістік.

Д.Лондонның жұмыс бөлмесі

«Бақыт­ты қабырғалар үйі» мұражайы­ның бір бөлмесінде жазушының бүкіл шығармашылығын қамтыған дүкен орналасқан. Дүкен сөрелерінде Джек Лондонның барлық шығармаларының арнайы мұражайлық басылымдары, Чармиан Лондонның жазбалары, сондай-ақ жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы биографиялық еңбектер бар. Сонымен қатар балаларға арналған кітаптар, саябаққа қатысты карталар мен анықтамалықтар, естелік зат­тар да ұсынылады. Бұл дүкен – Джек Лондонның рухани мұрасын сақтап, келушілерге оның өмірі мен шығармашылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін маңызды орын. Ол туралы дүкен қызметкері Уильям Гибсонмен (William Gibson) сұхбат барсында да сөз қылдық. Біз де өз кезегімізде қазіргі 6-сыныптың Қазақ әдебиеті оқулығына енген Джек Лондонның «Мексикан ұлы» (The Mexican) шығармасының түпнұсқасын сатып алдық.
Оның зираты атақты «Қасқыр үйі» қирандыларынан алыс емес. Төбешіктің етегінде емен мен секвойя ағаштарының көлеңкесінде орналасқан бұл қарапа­йым зират­тың үстіне үлкен, өңделмеген тас қойылған. Тас ешқандай сән-салтанатсыз, жазусыз. Бұл – Лондонның табиғилық пен қарапайымдылыққа деген құрметінің айғағы. Жанында оның жары Чармиан Лондон да жерленген. Екеуінің мәңгілік тынысы табиғат аясында, тыныштық пен үйлесімділік орнаған мекенде тоғысты. Бұл жер — тек жазушының денесі қойылған орын ғана емес, оның бүкіл өмірлік философиясын, табиғатпен бітеқайнасқан болмысын паш ететін рухани мекен.
Бұл сапар Джек Лондонның үйіне Қазақ­станнан бірінші рет келген ғылыми экспедиция ғана емес, рухани толғанысқа толы ерекше күн болды. Джек Лондон өмір сүрген мекендермен, оның арманы болған «Қасқыр үйімен», мұрасын сақтаған «Бақыт­ты қабырғалар» мұражайымен, мәңгілік тыныстаған жерімен танысу әрқайсымыз үшін жеке әсер қалдырды. Ал ең тылсым сәт – қайтар жолда қасқырмен бетпе-бет келуіміз болды. Кәдімгі қара жолдың бойында бізге қасқыр кез­десті. Көлігіміздің қасқыр тұрған бетінде отырған ғалымдарымыздың бірі телефонын алып, видеоға түсіре бастады. Біз сол кісі түсіріп жатыр деп сеніп отырсақ, ол кісі қат­ты толқығаннан видеоны бастау тетігін баспай қалыпты. Қасқыр бізге қарады да, үнсіз кетіп қалды. Бізбен барған жергілікті кісілер, бұрын-соңды бұл маңнан қасқыр көрмегендерін айт­ты. Бұл кез­дейсоқ көрініс пе, әлде табиғат­тың өз тілімен айтылған белгі ме, білмедік. Бірақ жүректе ерекше бір әсер, түсініксіз тербеліс қалды. Әлдебір рухани байланысты, үндестікті сезінгендей болдық. Джек Лондон өз шығармаларында қасқыр бейнесі арқылы адам мен табиғат­тың арасындағы шынайы байланысты ашуға тырысқан еді. Біз де сол байланысты бір сәтке болсын сезгендей болдық. Сол сәт – біздің экспедициямыздың үнсіз символына айналды. Мүмкін, бұл Лондон рухының бізді естігенінің, бізге қарап бас изегенінің белгісі шығар. Бөрі рухы, еркіндік пен табиғатқа деген құрмет осы сапардан өзімізбен бірге ала қайт­қн ең қымбат олжамыз болды.

Жаңагүл Саметова,
PhD доктор,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты,
Калифорния университеті,
Девис, АҚШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір