ТАБИҒАТПЕН ҮЙЛЕСІМ ТАПҚАН ТУЫНДЫЛАР
22.01.2025
259
1

2024 жылы ұйымдастырылған «Тұран таулары» халықаралық симпозиум-пленэрі көрнекті суретшілер Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналды.

Жоба Қазақ­стан, Қырғызстан және Өзбекстан суретшілерін біріктірген Орталық Азияның мәдени өміріндегі жарқын оқиға болды. Симпозиум-пленэр түркі елдері арасындағы шығармашылық алмасу мен мәдени байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, түрлі бағыт­тар мен стильдерде жұмыс жасайтын бірнеше буын суретшілерінің өзара тәжірибе алаңына айналды.
Халықаралық жоба Болатбек Дәлелханұлы «АRmenТЕК» жеке қорының қолдауымен өт­ті. Қор қызметінің саласы – қоғамды жан-жақты дамытуға бағыт­талған мәдени-әлеумет­тік жобаларды іске асыру. Симпозиум-пленэр Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың өнердегі дәстүрлерін жаңғыртып, олардың шығармашылығынан алған әсер мен рухани мұраға құрметпен қоса, қылқалам шеберлеріне шабыт сыйлап, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Жоба алғаш рет үш түрлі географиялық алаңда өткізіліп, бірнеше айға созылды. Олардың әрқайсысы іс-шараның шығармашылық атмосферасына үлес қосты. Шілде айында суретшілер Ыстықкөлдің тыныш, сұлу табиғатымен шабыт­танып, қырғыз жерінің көркем пейзаждарын бейнеледі. Тамызда пленэрдің келесі кезеңі Қазақ­станның Тянь-Шань тауында орналасқан Кеген ауданына қарасты Меркі жайлауында өт­ті. Ал қазан айында, Өзбекстанның мәдени және сәулет мұралары болып есептелетін, Орталық Азияның тарихи қала­лары – Самарқанд, Бұхара және Ташкент­те суретшілердің пленэрі жалғасын тапты. Бұл үш қала да Орталық Азияның рухани тірегіне айналған, ғасырлар бойы өнер мен мәдениет­тің ошағы болған мекендер. Халықаралық жобаның тағы бір ерекшелігі – бірнеше буын суретшілерінің қатысуы. Әрбір суретші өзінің қалыптасқан стилінде жұмыс істей отырып, түрлі пішін мен қызықты композицияға құрылған туындылар жазды.
Елге, жерге деген шынайы махаббат өз елінің ерекше және әдемі жерлерін зерт­теу мен білуден басталады. Файзуллин Хамит­тің «Меркі жайлауы», Қабылбек Аршынның «Орта Меркі» кескіндемелері қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің дәстүрін жалғастыруда. Суретшілер табиғат­тан үйлесімділікке толы шабыт іздейді, туған жердің бел-белестерден ондағы уақыт пен кеңістік шексіздігін байланыстырады. Ал Даутбаев Арсен, Алексей Уткин сынды аға буын суретшілердің пейзаждары табиғат­тың сұлулығын нәзік сезініп, жанымен қабылдай отырып, оны шынайы жеткізуімен ерекшеленеді.
Кез келген шығармашыл адам үшін жаңа орын, бейтаныс орта әрқашанда тың әсер мен шабыт­тың, сондай-ақ бірінші кезекте мазмұнды жаңа туындылардың бастамасы екені сөзсіз. Осы орайда, қырғыз еліне сапардан Нұржан Сауытбековтің «Ыстықкөл», Шаттық Батанның «Теңіз және ару», Дәурен Бақназаровтың «Аптап. Қажысай», Жеңіс Молдабеков- тің «Қажысай орталығы», Аслан Қашқарбаевтың «Шың», Өркен Аяттың «Бұлбұл» жұмыстары айрықша тартымды, әрқайсысының өзіндік колориті, шындықты жазудағы мәнері бар. Мысалы, Нұржанның «Ыстықкөл» жұмысы сол аймақтың ерекше атмосферасын, көлдің тыныштығы мен кеңдігін тамаша жеткізеді. Шат­тықтың «Теңіз және ару» туындысы табиғат пен адам арасындағы нәзік байланысты көрсетіп, композицияны көне таңбалар негізінде қалыптастырған бірегей стильде жазылған. Дәуреннің «Тыныштық. Қажысай» туындысы аптап ыстықтың әсерін, дала мен шөлдің қатал сұлулығын ерекше әрі эмоционалды түрде ашады.
Көрнекті суретшілер Юристанбек Шығаев пен Араншы Шаржанов әрқашан шабыт­тың ұшқынымен, ойланбастан, терең ойға батпай, қажымай-талмай көрерменді өзінің суретшілік шеберлігімен баурап алды. Олардың батыл, қиялшыл, жай ғана кенепке жағылғандай көрінетін бояулары әрдайым дәл табылып, ал туындылары оркестрлік бояу шешімімен таңғалдырады. Олар ақынның өлеңдері секілді еркіндігімен, жеңілдігімен ерекшеленеді. «Қажысай таулары», «Орта Меркідегі аптап» туындылары – кеңістіктік қатынастардың нәзік сараланған түс иірімдері бар панорамалар. Композициялардың салтанат­ты тыныштығы көбіне экспрессивті қызыл, күлгін және көк түстердің үйлесіміне негізделген.
Көптеген суретшілерді қала тақырыбы, қала көріністері қызықтырады. Бұл пейзаждарда көне сәулет­тік ескерткіштер мен ескі көшелер, қаланың тыныс-тіршілігі мен Шығыс базары бейнеленген. Қылқалам щеберлері көне шаһарлар – Ташкент, Самарқанд және Бұхара қалаларының сан қырлы бейнесін шынайы жылулықпен және үлкен сүйіспеншілікпен көрсете алды. Файзулла Ахмадалиевтің «Бұхара», Сабыржан Рахметовтің «Ляби-Хауыз басында», Жұмақын Қайрамбаевтың «Бұхара», Геймран Баймұхановтың «Бұхарадағы кеш», Заир Мелиевтің «Таң», Жамбыл Натбаевтың «Талтүс. Әңгіме» және Суйутбек Торобековтің «Бұқара кеші» туындылары – табиғат күйінің, жарық әсерлерінің, колорит­тік өзгешеліктердің және жаңа композициялық шешімдерді табудың шынайы көріністері. Ал Нортой Диеровтің «Таңсәрі» кес­кіндемесінде ерекше сиқырлы тәсілмен күннің шығуын, ауаның қозғалысын, тыныштық күйді, жазғы ыстық күннің қызуын табиғи қалпында береді. Әрбір түстік жазықтық, әрбір бояу нәзік әрі әсерлі, көрерменді сол сәт­тің шынайы атмосферасына сүңгітіп, оның жанын тыныштандырады. Бұл шығармада асыра сурет­телген ешқандай детальдар, жасанды екпіндер жоқ. Барлығы табиғат­тағыдай біртұтас және үйлесімді.
«Тұран таулары» симпозиум-пленэрі – көрнекті суретшілердің шығармашылығын, олардың көзқарастары мен идеяларын танытуға арналған ауқымды іс-шара. Бұл халықаралық жоба тек Орталық Азияның өнері мен тарихымен терең байланысы бар бірегей қылқалам шеберлері Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевқа құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар еліміздің өнері мен мәдениетін сақтау, дамыту және насихат­тау жолындағы маңызды қадам болды. Пленэрге қатысушылардың әр елдің рухымен және өткенге деген құрметпен қаныққан заманауи жұмыстары арқылы қазіргі бейнелеу өнері дамуын жалғастырып, тарихи және мәдени дәстүрлер контекстінде жаңа үн таба береді деп сенеміз.

Самал Мамытова,
өнертанушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.01.2025 | 11:15

Википедияда «Урал Тансыкбаев – Народный художник Узбекской ССР (1944)» деп жазылған. Неге ол Өзбекстанда тұрды? Ол неге Қазақ­станда тұрмады?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір