ҰЛТ РУХЫН ОЯТҚАН ТҰЛҒА
14.03.2025
82
0

ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлт­тық музе­йінің және Торғайдың «Жанкелдин музейлер кешенінің» ұйымдастыруымен Астанада «Қазақ рухын оятқан тұлға» ат­ты дөңгелек үстел өткізіліп, көрме ашылды.
Дөңгелек үстелге модераторлық еткен Ұлт­тық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Алаш арысы, ұлтының болашағы үшін басын қатерге байлап пассионарлық қызмет жасаған Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына байланысты іс-шаралардың бүгіннен бастау алып, еліміз бойынша жаппай атап өтілетініне сенім білдірді.
Одан әрі Торғайдағы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейі дайындаған бейнебаян көрсетіліп, Ұлт­тық музейдің ғылыми кітапханасында отырған қатысушылар қос алыптың туған мекеніне барып, олардың өміріне, күрескерлік қияметіне қаныққандай болып, ұшан-теңіз әдеби мұрасының мұхитына кенелгендей қанағат сезімге бөленіп, әр детальды көз алдынан өткізе ықылас таныт­ты.
Алғашқы сөзді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов алып, Торғай-Тобыл өңірінде осы айтулы датаға байланысты 140 іс-шараның белгіленіп, алдыңғы легі жүзеге асырыла бастағанын тілге тиек ет­ті. Ең басты жаңалығы – қайраткердің кесенесі мен музейі орналасқан Бидайыққа Қызбел ауылы арқылы өтетін күре жолдың күрделі жөндеуден өткізіле бастағаны көңілге үміт ұялат­ты. Сондағы кесене мен музейді де жаңғырту жұмыстары тиянақталып жатқанға ұқсайды.
Облыс әкімі Қ.Ақсақалов жақында өңір зиялыларымен кез­десіп, осы мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізудің жай-жапсарын ақылдасыпты. Былайша әр тараптан түсіп жатқан ұсыныс-пікірлерді сараптап, тың ойларды екшеп, той мазмұнын байыта түсерлік шешім қабылданбақ екен. Осы рет­те режиссер Е.Төлеубайдың облыстық театрда ертеректе қойыл­ған «Міржақып» драмасына шақырған қонақтарын өзі ертіп апарып қайыра көріп, ой елегінен өткізсе керек. Бұл да болса өңір басшысының той қамына кіріскендегі елгезектігі ретінде дәтке қуат беретіндей мысал ғой. Арман Тарғынұлы өз кезегінде қостанайлық суретші салған М.Дулатұлының жаңа кескіндемесін музей директорына табыс ет­ті.
Пікірлесеу барысында Міржақыпқа қатысты өрбіген ойлар сорабынан таңғажайып тұлғаның әлі де ашылмаған қат-қабат қырлары барына көз жеткізуге болатын тәрізді. ҚР Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің «Ұлы Дала өркениеті күйреп жатқан кез­де, ақын-жыршылар мемлекет­тігімізден айрылып, бодан болдық деп айтып жүрген кез­де ұлтымыздың рухани жаңғыруын жасаған осы Алаш зиялылары еді. Міржақып сынды қайраткерлер – қазақты саяси ұлтқа айналдырған тұлғалар. «Қазақ рухын оятқан тұлға» дегеніміз – көркем сөз емес, бұл нақты факт», – деп айт­қанынан шындық салтанаты айқындалатындай еді. Ал осы жиынға Міржақыптың үш жиені (Нұрлан, Жаннат, Ерлан Сатыбалдиевтер) әдейі келіп қатысқаны мәртебе санарлық болатын. «Мектеп» баспасының директоры, жазушы-аудармашы Ерлан Сатыбалдиев туған нағашы атасы Дулатұлына қатысты Петропавл қаласында 1906 жылы татарлардың тойында түсірілген тарихи сурет туралы тың деректермен түсіндіріп берді.
Ал белгілі алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, професссор Айгүл Ісмақова Міржақыптың тіл біліміне, қазақ тарихына қатысты тың деректі байламдарын нақты мысалдармен өрнектей білді. Кезінде оның айт­қан көптеген өмірлік тұжырымдары айналысқа түскенімен, нақты сілтемеде иесі көрсетілмегендіктен меншіктік құқығы шектеліп қалғандай көрінеді екен. Бұл жағын да ескерген дұрыс-ау!
Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министр­лігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің доценті Сәбира Иманбаева, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсемет,елордадағы М.Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры Лаура Сәрсембекова және Торғайдың «Жанкелдин музейлер кешенінің» директоры Гүлбану Сәрсекей Алаш арысы М.Дулатұлының мерейтойына байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Осы жолдардың авторы кезінде М.Дулатұлының мүрдесін Карелиядан 57 жылдан соң алып келу сапарының жол-жөнекей барысы «Егемен Қазақ­стан» газеті арқылы қалай насихат­талғаны туралы айта келіп, даңқты тұлғаны туған жеріне қайта табыстудың қаралы сәт­терінен түсірілген екі бейнебаян жазылған кассетаны музей директорына табыс ет­ті.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған көрнек­ті жазушы, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңінен: «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, Айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып Алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын, сонда қайда едің?» деп бірнеше шумағын төкпелете келіп, Дулатұлының сол аласапыран заманның сұрқия өткелектерінен өтудің амалдарын ашпақ болған ішкі бұлқыныстарын зерделеп, бүгінгі күнмен қабысатын идеяларына басымдық бере сараптама жасады. Сонымен қатар Парламент Сенатының депутат­тары Нұртөре Жүсіп пен Бибігүл Аққожина, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалив, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов мерейгер М.Дулатұлының 140 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге бүкіл халық болып жұмылудың жай-жапсарын айта келіп, аталмыш көрменің өскелең ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие берерлік қуатын қостап, оған көрермендерді молынан тартудың қажет­тігіне назар аударды.
Соңында салтанатқа қатысушылар М.Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Қазақ рухын оятқан тұлға» ат­ты көрмені тамашалады. Онда бұрын мәлім болмаған біраз экспонат­тар назарға ұсынылған.

Қайсар ӘЛІМ,
міржақыптанушы,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Астана

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір