Ұлттық рухтың бастауы – кітап пен тарихи жады
11.09.2026
39
0

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің белсенді студенттері Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды.
Университеттің Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев жетекшілік еткен студенттер тобы музейдегі өлке тарихына қатысты 350-ге жуық тарихи экспонатты тамашалады. Олар Қаратал ауданының өткені мен бүгінін, сондай-ақ қазақтың көрнекті жазушысы, детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректермен танысты.


Музей қызметкері білім алушыларға Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Жұмбақ із», «Арнаулы тапсырма», «Тасқын», «Қастандық» сынды шығармалары туралы айтып, жазушының әдеби мұрасы мен шығармаларының танымдық мәніне тоқталды.
Студенттер жазушының жеке суреттері мен өміріне қатысты құнды деректерді, сондай-ақ газет бетінде жарияланған фотосурет негізінде жасалған жұмыс үстелі мен орындығының үлгісін көрді.


Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков студенттерді арнайы қарсы алып, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу барысында жастарға өлке тарихын білу, мәдени мұра және кітап оқудың маңызын атап өтті.


«Кітап оқу – жастардың ой-өрісін кеңейтіп, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды терең тануға жол ашады. Бүгінгі кездесу студенттердің кітапқа деген қызығушылығын арттырып, жерлесіміз Кемел Тоқаевтың шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді», – деді проректор Болат Сериев.
Сапар студенттер үшін әсерлі әрі танымдық болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір