Қазақ балалар әдебиеті – ұлттық рухани құндылықтың бастауы
13.05.2025
339
0

Шынын айтсақ, өткен 2024 жылы жарық көрген поэзиялық кітаптардың қолымызға тигені онша көп емес. Хабарландыру бірнеше рет берілгенімен, одақ басқармасына тапсырылған кітаптар саны өлшеулі ғана болды. Осылардың қатарында алдымен ауызға ілігуге лайықтылары Нұртан Төлепбергенұлының «Балалармен достар – алуан түрлі құстар», «Қорқақ қоян, ашулы арыстан», Арасанбай Естеннің «Алаш – біздің атамыз», Байбота Қошым-Ноғайдың «Сан алуан санамақ», Төлеужан Ғұмардың «Алтын бесік», Қажақымет Қасымұлының «Жұмбақ сыры», Серікбол Хасанның «Бас бармақ» атты поэзиялық кітаптары.
Нұртан Төлепбергенұлы мен Ғұмар Төлеужанның жинақтарына танымдық өлеңдер топтастырылған. Алдымен Нұртан ақынның өлеңдеріне тоқталайық. Жоғарыда аталған екі кітабында автор бүлдіршін оқырмандарға аңдар мен құстардың түрлерін таныстыруды мақсат етіпті. Ақынның өлеңдерін мектеп жасына дейінгі немесе бастауыш сынып деңгейіндегі балаларға арналған өлеңдердің жақсы үлгілері деп кідірмей айта аламыз. Бір қарағанда олардың көркемдік табиғаты қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ балалар поэзиясындағы ең қиын бағыт – осы: жас оқырманның жасы қанша кіші болған сайын оған арналған өлең жазу да қиындай бермекші. Бұл тұрғыдан алғанда, «Нұртан Төлепбергенұлын бүлдіршіндерге арнап үздік өлеңдер туғызған алдыңғы буын балалар ақындарының шығармашылық ұстанымын жалғастырушы ақын» деп бағалай аламыз. Танымдық жағы басым кітаптардың бірі – Төлеужан Ғұмардың «Алтын бесік» жинағы. Оны бір ауыз сөзбен қазақ этнографиясының поэзия тіліндегі сөздігі деп қабылдауға болады. Ақын қазақтың салт-дәстүрлерін балалар тіліне салып, жатық түсіндіріпті. Әсіресе ақынның қазақтың ырым-тыйымдары туралы жазған өлеңдерін бөле-жара айтуға тұрады. Арасанбай Естен – поэзия жанрында да, проза жанрында да қатар қалам тартып, өндіртіп жазып келе жатқан танымал қаламгеріміз. Оның өткен жылы шыққан «Алаш – біздің атамыз» деген позиялық жинағы Алаш арыстарына арналған өлеңдерден тұрады. Поэзияда ұлы тұлғалардың портреттерін өлеңмен сомдау оңай шаруа емес. Жинақта Алаштың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды арыстарынан бастап, жалпы саны 40-қа жуық тұлғалардың бейнелері өлең жолдарымен өрнектелген. Олардың арасында бұрын көпшілікке мәлім болмай келген Бақтыгерей Құлманов тәрізді тұлғаның да есім-сойы кезігеді. Ақын бұл тұлғалардың күрделі бейнелерін қарапайым, ширақ тілмен жеткізуге тырысып бағады. Оларды таныстыру барысында формалық ізденістерге бара отырып, автор өз ойын жас оқырманға жеткізудің кілтін таба білген. Танымдық жағы басым бұл жинақты қазіргі балалар поэзиясының ұлтық рухымызды көтеріп, жас ұрпаққа төл тарихын танытуға қосылған кезекті табысы деуге болады. Жасының егде тартқанына қарамастан, экспериментке батыл баратын ақындарымыздың бірі – Байбота Қошым-Ноғай. Әдебиет зерттеушісі Нұрбол Құдайбергеновтің айтуынша, ол – «Қазақ балалар поэзиясына ырғақтық трансформация жасаған ақындардың бірі». Жас зерттеу­шінің «ырғақтық трансформация» деген терминдік тіркесі баршамызға түсінікті бола бермеуі мүмкін. Жоғарыда аталған «Сан алуан санамақ» деген жинағындағы соны үлгілер осы ойдың дәлелі. Қажақымет Қасымұлы – мен үшін аса мәлім емес есімдердің бірі. Өткен жылы бұл авторымыз «Жұмбақ сыры» кітабын ұсыныпты. Оған 500-ге тарта жұмбақ және өтірік өлеңдер енген. Жанр табиғатына сай қысқа жазылған жұмбақтары ойнақы әрі тілге жеңіл болып келеді екен. Бұл кітапта назар аударатын талпыныстың бірі – ақынның балалар фольклорындағы қалыптасқан дәстүрді жазба әдебиетінде жалғастыруға тырысатындығы. Қазіргі балалар поэзиясының белді өкілі Серікбол Хасан «Мазмұндама» баспасынан «Бас бармақ» деген кітабын шығарыпты. Оның шығармаларында алдыңғы қатарға атойлап шығатын рухани құндылықтар. «Жан-жануарлардың жыл басына таласуы» бәрімізге белгілі. Серікболдың «Техникалар таласы» деген өлеңі соның ситуациясын еске түсіреді. Ақын компьютер, планшет, смартфон, тоқ көзін өзара айтыстыра отырып достық, ынтымақ, бірлік тәрізді адами құндылықтарды насихаттапты. Осындай ерекшелік «Скейтші», «Айфон болғым келеді», «Робот» сынды өлеңдерінен де байқалады. Ақын өлең құрылысына сақтықпен қарайды. Артық сөзге аяқ баспайды.
2024 жыл қазақ балалар поэзиясы үшін жемісті жыл бола қоймаған шығар. Бірақ өзіндік өрнектерімен есте қалатын болар деп ойлаймыз. Тарихи тақырып алға шықты. Мұсылмандық салт-сананы насихаттайтын өлеңдер де бар. Дәстүрлі қазақ қоғамының құндылықтарын көбірек жырлау жағы басым. Қысқасы, жас ұрпаққа төл мәдени-рухани құндылықтарын жаңғырта отырып, жас оқырманның санасына сіңіру қызметі бұл жылғы балалар поэзиясы кітаптарында ары қарай жалғасын тауыпты. Баз бір кезеңдердегі қазақ балалар прозасының қуатты қаламгерлері болған ардақты ағаларымыз бүгіндері ортамызда жоқ. Соңғы жылдарда балалар қаламгерлерінің тобына жалындаған жас буын өкілдері үсті-үстіне қосылуда. Олардың қатарында Қуат Ахетов, Ернұр Сейдахмет, Олжас Қасым, Еділбек Дүйсен, Асылан Тілеген, Елдос Тоқтарбай, Әлібек Байбол, Мейіржан Жылқыбай, Бағдат Мәжит және басқалары өздерінің көркемдік орындарын нығайта түсуде. Жас буын өкілдерінің туындыларын жариялауда мерзімді баспасөздің орны бөлек.
Енді таныстыру мақсатында өткен 2024 жылы жарық көрген кітаптардың аттарын атап кетейік. Есенәлі Ералының да бір жылда үш кітабы жарық көрген екен. Олар –«Жалғыз көзді диюді жеңген борсық», «Раушан гүл неге жылады?» және «Ай-арудың доланасы» деп аталатын жинақтары. Әңгімелер мен ертегілерден тұратын «Жалғыз көзді диюді жеңген борсық» кітабы өзіндік сипатқа ие деп білеміз. Ондағы шығармаларының оқиғалары тартымды. Мұндағы кейіпкерлер – қала балалары. Автор осындай ортада өскен ұрпаққа қазақы тәрбие беру мәселесі қалай іске асуда деген сұраққа жауап іздейді. Екінші кітапқа автордың соңғы уақытта жазған жабайы аңдар мен жануарлар туралы ертегілері еніп отыр. Кітаптың тілі шұрайлы, жеңіл оқылады. Бастауыш сынып шәкірттеріне арналған. Есенәлі Ералының «Раушан гүл неге жылады?» кітабына бастауыш сынып шәкірттеріне арналған қысқа әңгімелер мен ересектеу оқушыларға лайықталған қызықты хикаяттар еніпті. Осы жылы Ертай Айғалиұлы үшін де жемісті жыл болыпты. Оның «Алтын қаланың құпиясы» және «Ажал аралының тұтқыны» атты екі кітабы бірдей жарық көріпті. «Алтын қаланың құпиясы» кітабына 5 хикаят пен әңгімелер енгізілген. Кітап балалар мен жасөспірімдерге арналғанмен ондағы шығармалардың өзектілігі, шытырман, қилы-қилы оқиғаларға бай болуы ересектерді де өзіне еріксіз тартатыны сөзсіз… Ал «Ажал аралының тұтқыны» жинағына автордың осы аттас хикаяты, «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» қос арналы тарихи романы еніп отыр. Екі шығарма желісінде де шытырман оқиғалар, тарихи-танымдық тұрғыда айтылған мәселелер, ата-бабаларымыздың елін, жерін қорғаудағы жанқиярлық ерліктері мен тәуелсіздігіміз кезіндегі бүкіл өмір тынысы суреттелген. Тарихи тақырыпқа арналғандықтан да жинақтың танымдық сипаты басым. Өзіндік өрнегі бар, балалар тақырыбына жүйрік жазушы Сәбит Дүйсенбиев «Қағаз қайық» атты кітап шығарыпты. Баяғыда атақты сықақшымыз Оспанхан Әубәкіровтің бүлдіршіндер үшін жазған «Қағаз қалпақ» деген кітабы болған. Ал Сәбеңнің жаңа жинағының жанры да, көркемдік ұстанымы да оны қайталамайды. Кітапқа балалар мен жасөспірімдердің жүрегіне жол тапқан лирикалық әңгімелері мен ертегілері, хикаяттар мен жолжазба және аудармалары топтастырылған екен. Осы жылы Бердалы Рысбековтің әңгімелері мен ертегілері «Ізгілік туралы ертегі» деген атпен кітап болып шықты. Оған белгілі балалар жазушысының соңғы жылдардағы жазған шығармалары енген. Оқиғалары ширақ, балаларды еліктіре алатындай тартымды әрі жеңіл тілмен жазылған. Жаңа туындылардың дені бала психологиясын тап басып, табиғатты танып білуге деген ықыласын оята алар деген үміт бар. Жас оқырманның назарын аударуға лайықты кітаптардың бірі – Ділдар Мамырбаеваның «Мұң-толғақ» атты әңгімелер жинағы. Оны үңіліп оқыған бүлдіршіндеріміз кейбір философиялық иірімдерді жете түсініп алса, нұр үстіне нұр болмақшы. Ішінара бала психологиясына оң әсер ететін әңгімелері де өзінің тәрбиелік функциясын атқара алады деп болжауға болады. Кітаппен танысып шыққаннан кейін жалпы ардагер жаушының қуатты қаламы әлі де қайратты деген ой түйдік. Дәнеш Ахметұлының кейінгі кездегі шығармашылық ізденісінің жемісі – «Үкілі домбыра» жинағындағы туындылар. Ол хикаяттарында адам мен қоршаған орта, адамдардың жан-жануарларға деген кіршіксіз сүйіспеншілігі сөз етіледі. Ал әртүрлі тақырыпқа жазылған ертегілері заманауи оқырманның түсінік-талғамына жақын. Жазушының алдыңғы қатарға шығаратыны – ізгілік, адами асыл қасиеттер, кішіпейілділік. Зейнел Жекейұлының «Намыс оты» атты кітабы өмірдің көп қаламгер көңіл бөле бермейтін бір қырын қаузаған екен. Оның қаламының ұшына ілінген тақырып – мүгедек жандардың өмір сүруге деген құштарлығы. Оқырманды тәнті ететін – олардың бойындағы оптимистік рух. Жас оқырман үшін адамдардың күнделікті тіршіліктеріне сабыр мен төзімділікті сүйеніш еткен осынау санаты ерекше болып көрінеді. Ол заңды да. Жас ұрпақты қайсарлыққа шақыратын шығарманың тәрбиелік функциясы да айқын. Бүгінгі таңдағы мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігі , арқау ететін, сөйтіп шәкірттердің оқудағы, қоғамдық-пайдалы жұмыстардағы ізденістері, достық қарым-қатынастары жайынан сыр шертетін реалистік сипаттағы прозалық шығармалар қашан да қажет-ақ. Бейбіт Қойшыбаевтың «Ғажайып шақ» атты кітабына енген шағын хикаяттар мен әңгімелер осы сұранысты толтыра алады. Кітапта сонымен бірге ғылыми-техникалық фантастика жанрындағы дүнеиелер де бар. Қанат Қайымның «Хиромантия» деген кітабы жеткіншек ұрпақты ақылды, білімді, еңбекқор, әдепті, батыл да өнерлі, жігерлі әрі табанды, тапқыр әрі ізденгіш болуға шақыратын шығармалар топтастырған. Ежелден келе жатқан жырларды бала ұғымына сәйкес қара сөзбен ұсыну тәжірибесі бұрын да бар. Осы үлгіні ұстанған Маркиза Базарбайқызы «Батыр – елдің жүрегі» кітабында сондай жырларды әңгіме түрінде жазып шығыпты. Кейіпкерлері – есімі мен ерлігі кең таныла қоймаған батырлар. Ал оқиғалары тәуелсіздік жолындағы күрес үстінде суреттеледі. Пернебай Дүйсенбиннің «Елгезек ертегілер елінде» атты жинағына енген таңдамалы қысқа ертегілері мен қиял-ғажайып ертегілік хикаяттары. Қиялшыл жас кейіпкерлерінің көзімен ғажайып оқиғалар суреттеледі. Бекен Ыбырайымның кезінде бәйге алған шығармасы «Іздер құпиясы» да өткен жылы кітап болып шықты. Аңдатпасында қазақ балалар әдебиетіндегі шытырман оқиғалы алғашқы роман деп жазылған. Шығарманың кейіпкері Саян көптеген күтпеген оқиғаларға тап болады. Бұл туындының бас бәйгені жеңіп алуы да бекер болмаса керек. Толымбек Әбдірайымның «Құс ұясы» жинағына енген туындылар, ең алдымен, бүгінгі замандағы балалардың жан дүниесіне әр қырынан енуді, сөйтіп олардың адам ретіндегі бет-бейнесін ашуды көздепті. Жас оқырмандар үшін ықшам жазылған әңгімелерден тұратын кітаптардың бірі – Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Жиһанкез Ақкербез» атты жинағы. Кітаптың жас кейіпкерлері – бір нәрсені білуге деген әуесқой жандар. Олардың өміртану жолындағы алғашқы баспалдақтары қызық та қиын. Кейбір жеңілдеу көрінетін эпизодтардың астарына түсіністікпен қарау да керек. Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» кітабы шыға салысымен жақсы насихат­талып келеді. Ол бекер емес. Осындағы әр шығарма жас оқырманды елі мен жерін сүюге, төл тарихын құрметтей білуге ықпал етеді. Балалар жазушысы Д.Мағұлұмовтың пайымдауынша мерзімді басылымдарға да назар аударып отыру керек. «Бұл тұрғыдан алып қарағанда, «Үркер», «Балдырған», «Ақ желкен», «Жыл он екі ай», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек», «Балалар әлемі» тәрізді журналдардың атқарып келе жатқан қызметі олқы деп айта алмаймыз. Бұлардан басқа «Ертегілер елінде», «Ертегілер әлемінде» деп аталатын, аты айтып тұрғандай-ақ тақырыптық журналдар да бар. Одан қалса,«Ұлан» газетін қайда қоямыз. Рас, олардың барлығы балалар әдебиеті үлгілерін жариялап, насихаттауда бірдей рөл атқарып келе жатқан жоқ».
Қаламгерлеріміз қазір қай жанрда болсын әртүрлі формалық ізденістерге еркін барып, өз идеясын, өзінің ұстанған мақсатын, діттеген ойын еркін жүзеге асыруда. Әрине, жоғарыда аттары аталған кітаптарға енген туындылардың барлығы төрт аяғын тең басқан жорға бола қоймаса керек. Көркемдік-эстетикалық талаптар тұрғысынан кемшін түсіп жатқандары да жоқ емес. Ал соған қарамастан, қазақ балалар әдебиеті де өмірдің, уақыттың ағымынан қалмай, оқырман сұранысын хал-қадерінше қанағаттаныра алады деп бек сеніммен айта аламыз…

Нұрдәулет АҚЫШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір