ТАРИХИ ШЫНДЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН «Жошы хан» тарихи драма қойылымы туралы
04.08.2026
32
0

Қазіргі таңда көзі қарақты, көкірегі ояу қазақ жұртшылығы мен әдебиет сүйер қауымға журналист әрі аудармашы, зерттеуші, әрі жазушы-драматург Думан Рамазанның есімі өте жақсы таныс деп ойлаймын. Алғашында туған еліне өзін журналистика саласы арқылы танытқан ол, мыңжылдықтар тоғысында өмір жолындағы шығармашылығының бағытын біржолата көркем проза мен драматургия саласына бұрып, ширек ғасырдай уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай мол жетістіктерге қол жеткізді. Оның қаламынан туған көркем туындыларды оқырмандардың аса жылы қабылдағанын, әдебиет сыншылары да турасын айтып, әділ бағаларын беріп, сын елегінен өткізгенін ақпарат құралдары арқылы оқып та, естіп те жатамыз.

Думан Рамазанның драматургия саласындағы еңбектері оның шығармашылығының негізгі бөлігін құрайды десек, артық айтқандық емес. Болашақта ол жөнінде арнайы зерттеу­ші-мамандар өз сөздерін айта жатар. Ал біз бұл жерде 2023 жылы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында сахналанған «Жошы хан» тарихи драмасына тоқталып, ондағы тарихи шынайылықтың әдебиетте, оның ішінде драматургияда қалай көрініс тапқанына қатысты бірді-екілі ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Дарынды драматург бұдан бұрын да халықтың көңілінен шығып, театр сыншыларынан жоғары баға алған «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан», «Пешене», «Бейуақ» және «Қанатталды» сынды драматургиялық шығармалар жазған. Аталған туындылардың бәрі дерлік еліміздің орталық және облыстық драма театрларында сахналанғанын білеміз және ол жөніндегі кәсіби мамандардың да жылы пікірлерімен жақсы таныспыз. Ал «Жошы хан» атты тарихи драмасын талантты режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың 2023 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыка театрында сахналанғаны, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барып көріп, оң баға бергені туралы ақпаратты да естіп-білдік. Соның арқасында Президенттің жарлығымен Қаллеки театрына ұлттық мәртебе берілді. Спектакльдің алғашқы тұсаукесер қойылымын тамашалаған мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау», – деп атап өтіп, тарихи туындының мән-маңызына айрықша тоқталып, шығармашылық ұжымның өнеріне өте жоғары баға берді. Мемлекет басшысының ыстық ілтипатына ие болу, жоғары бағасын алу екі өнерпаздың біріне бұйыра бермес бақыт.
Мемлекет басшысы айтса айтқандай, ата тарихымызға қатысты сондай бір алыпқашпа сөздердің, жаңсақ ой-пікірлердің айтылып жүргені рас. Осы тұрғыдан алғанда «Жошы хан» қойылымы аузына келгенін айтатын арамойлы керауыздарға тосқауыл қойғандай, тарихи шындықты тайға таңба басқандай қылып көрсеткен ғажайып өнер туындысы болды. Біз бұл мақаламызда, мінеғ осы Жошы ханға арналған қойылымға тарихшының көзімен қарап, тарихи шынайылық жөнінде аз-кем әңгіме өрбітпекпіз.
Тарихи тақырыптарға арналған кез-келген туындының негізін уақыт пен кеңістік секілді жалпыфилософиялық ұғымдар құрайды. Өйткені тарихи оқиға, тұлға, құбылыс тек қана белгілі бір уақыт шеңберінде және нақты бір аумақта болады, өмір сүреді немесе жүреді. Жошы ханға келсек, ол шамамен XII ғасырдың 70-80 жылдары қазіргі Моңғолия жерінде дүниеге келіп, 1227 жылы Қазақстан аумағында қайтыс болған. Жошы ханның нақты қай жылы дүниеге келгені туралы әртүрлі жорамалдар айтылатындықтан, біз оны шамалап беріп отырмыз. Ол – Шыңғыс ханның бәйбішесінен туған төрт ұлының үлкені. Жас кезінен бастап әкесі секілді батырлығымен, қолбасшылығымен, ақылдылығымен көзге түскен айтулы тұлға. Әкесінің тірі кезінде Дешті-Қыпшақ аумағын басқаруға алып, билік жүргізген. Сол кезден бастап ол иелігіне алған аймақ жаңа атаумен – Жошы ұлысы деп атала бастайды.
«Жошы хан» тарихи драмасының оқиғасы Шыңғыс хан әскерінің Мауереннахр мен Дешті-Қыпшақ аумағын жаулап алғаннан кейін, тіпті 1223 жылғы Жебе мен Сүбедей батырлардың Қалқа өзені бойындағы біріккен қыпшақ-орыс әскерлерін талқандағаннан кейін өткен. Дәлірек айтсақ, оқиға барысы 1224–1226 жылдар шамасында өрбиді. Негізгі кейіпкерлер – Шыңғыс хан, інісі – Отшығын, тоқалы – Құлан қатын, Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле және Жошының ұлы – Бату, Жебе нояндар, нақты өмірде болған тарихи тұлғалар. Сондай-ақ Кетбұқа жырау, Майқы би, Бауырты би, Мәуке би, Сунақ көсем, Баян батыр, Сартақ батыр, Шыңқай батыр, Қалтай батырлар – жергілікті халықтың өкілдері.
Автор туындыдағы оқиғалар барысын Шыңғыс хан әулеті арасындағы негізгі кейіпкерлер арасында өрбітеді. Сол замандағы қатыгездік пен аяушылық, мейрімсіздік пен мейрімділік секілді принциптерге негізделген негізгі кейіпкерлердің көзқарастары қанды қырғындар мен қолға түсірілген тұтқындарға қатысты, тақты мұралану мәселелеріндегі диалогтарда қарама-қарсы қақтығыстар арқылы дамытылады. Автор кейіпкерлерінің аузына сөз сала отырып, олардың мінездерін айшықтай түсіп, тарихи бейнелерін сомдайды. Бірін-бірі толықтырар диалогтар, жұп-жұмыр сөздер, қарама-қайшылықты ойлар шығарманың өзегін құрап, көрерменді елтіп, еліктіріп әкетеді. Келесі көріністе не болар екен деген қызығушылықтары оянып, тағатсыздана көз тігіп, мазасыз күй кешеді.
Енді тарихи драмадағы Шыңғыс хан әулеті өкілдерінің іс-әрекеттері мен сөздері шындыққа жанаса ма, жоқ әлде автордың өз қиялынан туған дүние ме деген сауалдар төңірегінде ойымызды өрбітіп көрелік.
Алтын Орда, Шағатай ұлысы, Ирандағы Елхандар әулеті тарихымен айналысатын зерттеуші мамандар XIII ғасырдың алғашқы ширегінен XIV ғасырдың ортасына дейінгі аралықта жаулап алынған елдер мен халықтарға қатысты алғашқы моңғол хандарының жүргізген саясатында бір-біріне қарама-қарсы екі ағымның болғанын айтады. Бірінші ағым – бағындырған халық өкілдерін билікке жақындатпау, араластырмау, халықтың дәстүрлі шаруашылығын елемей, көшпелі мал шаруашылығын күштеп енгізу, талан-таражға салып, үнемі талап-тонап отыру болса, оған қарсы екінші ағым тұрды. Ол – бағындырылған халықтың өкілдерін билікке араластыру, жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығын құрметтеу және талан-тараждар мен тонауларды тоқтатып, оның орнына тұрақты салықтарды енгізу болатын. Бірінші ағымның басында Шыңғыс ханның өзі тұрып, ұлы – Шағатай хан, немересі – Гүйік қаған одан әрі қолдаса, екінші ағымның басынан – Жошы ханды көреміз. Ал Үгедей қаған, Мөңке қаған екінші ағымды жалғастырушылар болып табылады. Екінші ағым 1269 жылғы Талас Құрылтайында толығымен үстемдікке жетеді.
Тарих ғылымындағы бұл мәселені шығарма авторы Думан Рамазан толық біледі, ғалымдар мен мамандардың алғашқы моңғол билеу­шілеріне қатысты көзқарастарымен де жақсы таныс. Автордың көптеген арнайы монографиялық зерттеулер мен ғылыми мақалаларды, академиялық басылымдар мен тарих оқулықтарын, ортағасырлық қолжетімді жазба деректерді қарап, олардағы материалдар мен мәліметтерді ой елегінен өткізгені анық байқалады. Қалай десек те, автор XIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы алып империяның басында тұрған Шыңғыс хан әулеті ішіндегі саяси ахуалды дөп басып, шығармасының желісін соған сай құрған. Сол себепті де автордың шығармаға таңдап алған желісі – шынайы, тарихи шындыққа негізделіп құрылған. Драмадағы кейіпкерлер диалогтарын автор жазғанымен, олар тарихи дамудың барысын жалпылама түрде болса да көрсетіп тұр.
Қалай десек те, кез-келген шығарманың ішкі өзегінде қарама-қарсы тұрған күштердің бір-бірімен өзара қақтығысы болмаса, бір-біріне оқтай атылмаса, сол күрес диалектика заңына сәйкес ширықпаса, шиыршық атпаса, онда оны өлі, жансыз шығарма деуге болады. «Жошы ханда» қарама-қарсы күштердің бір жағын Шыңғыс хан бастап тұрса, екінші жағының басында үлкен ұлы Жошы тұр. Тарихи драмада өлім мен өмір мәселесінде әке мен ұлы арасындағы алғашқы күрестердің бастап­қы қадамдары байқалады. Жеңілген Хорезм билеушісі Мұхаммед шахтың немересі, Жалаладдиннің қолға түскен 13 жасар ұлын Шыңғыс хан өлтіруге бұйырғанда, Жошының: «Қаған-әке, бұл әлі аузынан ана сүті кеппеген, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас бала ғой! Не жазығы бар? Обал емес пе? Қанын төкпейік!» – деген сөздері оның жүрегіндегі мейірім мен жанындағы жылылықты сездіріп тұр. Жошыға мұрагер болатын жас Батуға атасы Шыңғыс ханның: «Ендеше әкеңнің қанжарын ал да, мына отырған аңның жүрегін жарып жіберші», – деген сөзіне, жас Батудың: «Бұл аң емес, адам ғой», – деуі, оның ата емес, әке тәрбиесімен өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Көп ұзамай Жошы ұлысының тізгінін қолына алғанда оның қандай билеуші болатынын анық аңғартып тұр. Жазба дерек мәліметтері мен халық арасында кең таралған ауыз әдебиетінің материалдарында Сайын хан атанған Бату ханның жас кезіндегі сөздері мен іс-әрекеттері тура әкесінің жолын көрсетіп тұрғандай әсер береді.


Шығарманың соңғы екі көрінісі Дешті-Қыпшақ аумағында жаңа құрылымның – Жошы үлысының қалыптаса бастағанынан хабардар етеді. Ең бастысы, жаңа билеуші Жошы хан ұлан-ғайыр орасан зор аумақты жергілікті халықтың өкілдері – билер мен абыздар, бектер мен батырлар арқылы басқаруды, олардың ақыл-кеңестерінің көмегімен билеуді қолға ала бастағанын көрсетеді. Шындығында да, Жошы ұлысы өмірге келген кезден бастап Шыңғыс әулетінің хандары Дешті-Қыпшақ аумағындағы билікке жергілікті ру-тайпа жетекшілерін араластыра бастайды. Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» еңбегінде «Шыңғыс хан заманында Сартақ атты ноянның болғаны, оның ұлы Жалайыр Саба еді» делінеді. Басқа жазба деректер арқылы Саба ноян Жошы ханға аталық болады және бұл қызмет әрі лауазым Дешті-Қыпшақ аумағында бірнеше ғасыр бойы атадан балаға ауысып отырады. Қадырғали Жалайыр сол әулеттің өкілі болып саналады.
Хандар тақырыбын сахналауда мол тәжірибесі бар талантты режиссер Болат Ұзақов «Жошы хан» тарихи драмасын өте жоғары деңгейде сахналады. Бұдан бұрын да Қалибек Қуанышбаев театрында Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмаларын өте сәтті қойып, үлкен табыспен өткен. Сондай-ақ Думан Рамазанның «Керей – Жәнібек» тарихи драмасын да Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Болат Ұзақовтың өзі сахналаған. Бір сөзбен айтқанда дарыны да, білім-білігі де, тәжірибесі де жеткілікті. Драматург пен режиссердің өнердегі тандемі әдемі үйлескен. Біз сөз етіп отырған «Жошы хан» спектаклінде Болат Ұзақовтың режиссерлік шешімдері атап айтарлықтай қиыннан қиыстырылған, кеңінен ойластырылған. Жаттандылықтан мүлде ада, жаңашылыққа ұмтылған. Әрі сол үдеден шыққан. Тарының қауызына сыйдырғандай жұп-жұмыр дүние жасаған. Бөлек-салақ қалған, шашау шыққан ештеңе жоқ. Бәрі де рет-ретімен, кезегімен жалғасып жатады, бастан-аяқ бір деммен жүреді. Көрерменді шаршатпайды, жалықтырмайды, бір сәтке де босаңсуға мұрша бермейді. Деміңді ішіңе алып, көз алмай қадаласың да қаласың. Сол дәуірдегі тарихи оқиғалар тұлғалы кейіпкерлер арқылы көз алдыңнан керуендей көшіп жатады. Санаңа жарқылдаған сәуле шашып, кеудеңді нұрға бөлеп, жан-дүниеңді баурап алып, түрлі ойларға жетелейді. Сол бір тарихи оқиғалардың бел ортасында, кейіпкерлердің арасында өзің де бірге жүргендей күй кешесің, ерекше әсерге бөленесің.


«Жошы хан» өте сәтті шыққан қойы­лым деп айттық қой. Шын мәнінде солай! Қазақ өнер әлеміне дүбірлетіп, дүрілдетіп келді. Үш жылдан бері тек аншлагпен өтіп жатыр. Халық ағылып келіп жатыр. Бір көргендер қайталып көруге асық. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген шығарма осындай-ақ болсын! Көрген жандар таңдай қағып, таң қалады, бек риза. Оны мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар мен әлеуметтік желілерде толассыз жазылып жататын жазбалардан-ақ анық байқауға болады.
Ал енді «Жошы хан» халықтың ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметіне осыншалықты дәреже-дәргейде қалайша ие болды? Неліктен талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, жүрегін жаулап алды? Енді осы сауалға жауап іздеп көрсек. Біріншіден, сөз жоқ, төрт аяғын тең басып тұрған ғажайып өнер туындысы. Екіншіден, драматургиялық шығарманың өзі шебер жазылған, яғни алғашқы шарт – материалы жақсы. Үшіншіден, Президент тап басып атап өткендей, «Өте керемет қойылым. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған». Төртіншіден, дарынды режиссер Болат Ұзақов сол жақсы материалдың илеуін әбден қандырып, үздік қойылым жасап шығарған. Өзі жақсы жазылған тарихи драмаға жан беріп, тірілткен, рух сіңдірген, түрлендірген, нәрлендірген. Бесіншіден, спектакльге музыка жазған композитор, талантты этномузыкант Еділ Құсайынов әуенмен қапысыз әрлеген. Көне дәуірдің қоңыр үнін көрерменнің құлағына жеткізіп, бойына шым-шымдап шымырлата сіңіріп, жан-дүниесін тербеп, кеудесін сазға бөлейді. Алтыншыдан, қойылым суретшісі Ерлан Тұяқов кең байтақ қазақ даласының ғажайып суретін көрерменнің көз алдында көлбең қақтырып, тылсым құдіретін сездіріп-ұқтырады. Қойылым декорациясы мен кейіпкерлердің киімдері қандай керемет. Көңіл марқайып, көз тояды. Жетіншіден, спектаклде тарихи тұлғаларды сомдаған артистер қауымының да өнері көңілімізден шықты, шын тәнті болдық. Шетінен сен тұр, мен атайындар екен. Әсіресе, бас кейіпкерлер Шыңғыс хан мен Жошы ханды кейіптеген Асылбек Қапаев пен Қайыржан Садықовтардың таланттарына бас идік. Әкелі-балалы қос ханның көркем бейнесін сүйсіне тамашалап, ризашылықпен ұзақ қол соқтық.
Иә, драматург жазды, режиссер қойды, суретші сәндеді, композитор әуенмен әрледі. Айтары жоқ, бәрінің де еңбегі ерен. Осынау өнер қайраткерлерінің қай-қайсысы да өз салаларында кеңінен танылған, өздерін қалың көпшілікке мойындатқан талантты тұлғалар. Дегенмен, өнер туындысын халыққа жеткізетін, көрерменмен тікелей байланыс орнататын артистер ғой! Қуанышбаев театрының актерлері мықты екен. Осыны ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысы тегіннен-тегін театрға ұлттық мәртебе бермепті. Сондай құрметті атаққа шын лайық екен. Мәселен, қойылымда 43 өнерпаз өнер көрсетеді. Кейіпкерлері – Шыңғыс хан мен тоқалы Құлан қатын, Жошы мен бәйбішесі Бектомыш, Үгедей, Шағатай, Төле, Майқы би, Кетбұға жырау, Жебе ноян, Қолтуған ханзада, Көкеші бақсы сынды кілең жақсылар мен жайсаңдар, бек-бағландар, қолбасшылар мен батырлар. Әрине, алдымен осынау тарихи тұлғалардың аузына өздеріне лайықтап сөз салған драма авторы Думан Рамазанның кәсіби шеберлігіне тәнті болдым. Десе де, мірдің оғындай жүрегіңді дір, ойыңды селт еткізер жалынды сөздер актерлердің аузынан шыққанда тарихи тұлғалардың өздері тіріліп келгендей әсерге бөленесің. Бір сәт ойнап жүргендер бүгінгі өнерпаздар емес, кешегі сол тарихи тұлғалардың өздері ме деп қаласың. Артистер өздері ғана ойнап қоймай, сөзді де ойната алатынына куә болдық Айтайын дегенім, драматург жазған әсерлі де шымыр сөздерді артистердің өздері кейіптеп жүрген тарихи тұлғаларға сай шып-шырғасын шығармай жеткізе алуында. Көркем бейнелерді шебер кейіптеулерінде. Қаллеки театрының артисері жай ғана ойнамайды, сахнада шын мәнінде өмір сүреді екен. Соған көзім анық жетті. Өнер құдіреті деген, міне, осы.
Қысқаша қайырып айтқанда, театр ұжымдық еңбектің қосындысы. Аталмыш қойылымның шығармашылық ұжымы қай жағынан болсын бірін-бірі толықтырып тұр. Спектакльде тұтастық, үйлесімділік, жарасымдылық бар. Бәрі өз орнында тұр, әрі өз ретімен қиюластырылып жасалған. Әрине, режиссердің, композитордың, суретшінің, артистердің еңбегіне театр сыншылары мен мамандары менен де толығырақ пікір білдіріп, кеңірек талдап-таразылай жатар. Кәсіби тарихшы болғандықтан мен негізінен «Жошы хан» тарихи драмасын тарихи тұрғыдан талдап-таразылап, өз ойымды білдірдім.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы әдеби шығарма болғанымен, тарихи шынайылыққа негізделген, өмір шындығын көркемдеген еңбек деп санаймыз. Бұл шығарманың оқырмандарға берер тәлім-тәрбиесі де, танымдық жағы да өте зор. Ендеше, «Жошы хан» қойылымы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық.

Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒа академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір