23 сәуір — Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күні: Кітап пен кітапхана еңбегіне құрмет
21.04.2026
692
11

23 сәуір — күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл — кітап пен руханияттың тынысы сезілетін, үнсіз еңбектің үн табатын ерекше күн. Биыл Қазақстанда бұл мереке алғаш рет Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күнін қатар тоғыстырып отыр.

Бұл — тек кітапты емес, сол кітапты сақтап, ұрпаққа жеткізіп жүрген жандарға деген іштей құрметтің, рухани тағзымның күні.

Кітапхана — қабырғамен шектелмейтін кеңістік. Ол — уақыт пен ұрпақты жалғайтын рухани көпір. Ал сол көпірдің берік болуы көзге көп түсе бермейтін, бірақ маңызы зор еңбектің нәтижесі.

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасы — 1936 жылдан бері жас оқырмандарға қызмет етіп келе жатқан рухани орда. Мұнда 94 мыңнан астам кітап сақталып, талай буынның білім мен қиял әлеміне жол ашқан.

Бұл үлкен қордың артында күнделікті тынымсыз еңбек бар. Сол еңбекті атқарып жүрген жандардың бірі — Тыныбекова Күлжан Баталовна.

Тыныбекова Күлжан Баталовна — жоғары санатты, жоғары білікті маман. Ол Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының кітап қорын сақтау бөлімінде еңбек етеді.

1964 жылы туған. Білімі — жоғары. Жалпы еңбек өтілі — 44 жыл, оның 37 жылы кітапхана саласына арналған.

Күлжан Баталқызы 1984–1988 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих-кітапханатану факультетін «кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданындағы Черновая орта мектебінде тәрбиеші болып бастаған. Кейін сол мектептің кітапханасында кітапханашы болып жұмыс істеп, кәсіби жолын қалыптастырды.

1994 жылдан бастап оның негізгі қызметі Алматы қаласындағы И.А. Крылов атындағы балалар кітапханасымен тығыз байланысты. Мұнда ол ұзақ жылдар бойы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде бас кітапханашы болды. 2007 жылы кітап қорын сақтау бөліміне ауысып, 2009 жылдан бастап осы бөлімді басқарып келеді.

Күлжан апай зейнеткерлік жасқа жетсе де, сүйікті ісін жалғастырып келеді. Ол үшін кітаппен жұмыс істеу — міндет емес, өмір салты. Кітаптарды реттеу, сақтау, жүйелеу, әр басылымның орнын дұрыс табу — оның күнделікті тынысы.

Ол әр кітапқа аса ұқыптылықпен қарап, оның сақталуын өмірлік жауапкершілік ретінде қабылдайды. Ұзақ жылғы тәжірибе мен адалдық оның еңбегін ерекше деңгейге көтеріп отыр. Күлжан Баталқызы үшін әр кітап — жай ғана баспа өнімі емес, ол — ұрпаққа аманат етілетін рухани мұра.

 Ол үшін бұл жұмыс тек міндет емес, рухани жауапкершілік пен өмірлік ұстаным.

Күлжан Баталқызы еңбек ететін орта — үлкен әрі тату ұжым. Кітап қорының сақталуы мен жүйеленуі — бір адамның ғана емес, бірлесе атқарылатын жауапты жұмыс.

Бұл бөлімде кітап қорын сақтау ісіне Есниязова Гүлмира (кітап қорының меңгерушісі), Тастанова Шолпан сынды тәжербиелі және Смадияр Гүлнәзия сынды  жас мамандар да өз үлесін қосып келеді. Олар күнделікті кітаптарды қабылдау, жүйелеу, реттеу және сақтау жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарады.

Есниязова Г., Тастанова Г.

Кітап қоры — жай ғана сөрелер жиынтығы емес, ол — әр кітаптың тағдыры. Сол тағдырдың дұрыс сақталуына осы мамандардың ұқыптылығы мен адалдығы тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар Қаржаубаева Д. (кітапхана жеткшісі), Суматохина Н. (меңгеруші), Мамынжанова Ә., Кенже Г., Атамкулова Г. сияқты мамандар да кітапхана жұмысының әр саласына өз үлесін қосып келеді. Барлығы бір мақсатқа жұмылған ұжым ретінде кітап әлемінің тыныштығы мен тәртібін сақтап келеді

Бүгінде кітапхана ісі жаңа кезеңге қадам басты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында кітап қорларын цифрландыру, электронды каталогтар жасау және оқырманға қашықтан қолжетімділік кеңейіп келеді.

Күлжан апай сияқты тәжірибелі мамандар бұл өзгерістерге де белсене араласып, дәстүрлі кітап қорын сақтай отырып, оны жаңа форматқа бейімдеуге үлес қосуда.

Бүгінде кітапхана ісі жаңа кезеңге қадам басты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында кітап қорлары цифрланып, электронды каталогтар дамып, оқырманға қолжетімділік кеңейіп келеді. Тәжірибелі мамандар дәстүрлі кітап қорын сақтай отырып, оны цифрлық форматқа көшіру ісіне де белсенді атсалысуда. Сирек кітаптарды сканерлеу, электронды базаға енгізу, онлайн қолжетімділік жасау — олардың күнделікті жұмысына айналған.

Мамынжанова Ә.

Бұл — өткен мен болашақты жалғайтын жауапты миссия.

Кітапхана ісінің болашағы жаңа буынның көзқарасымен де тығыз байланысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Өмірбай Жадыра Лакбайқызы — ізденімпаз, белсенді жас маман. Ол «Елбасы медалі» жобасының күміс медаль иегері атанып, өз еңбегі мен талпынысын дәлелдеген. 2023 жылғы 14 қыркүйекте өткен қалалық марапаттау рәсімінде осы жоғары марапатқа ие болған.

Сондай-ақ ол қалада өткен марафонға белсене қатысып, жастар арасындағы белсенділігімен және қоғамдық бастамаларға деген қызығушылығымен көзге түсті. Бұл оның тек білімге емес, қоғам өміріне де сергек қарайтын жан екенін көрсетеді.

Бүгінде Жадыра халықаралық тәжірибе алмасу аясында «Work and Travel USA» бағдарламасы бойынша үш айлық жұмыс тәжірибесіне Америка Құрама Штаттарына аттанбақ. Бұл сапар оның кәсіби көкжиегін кеңейтіп, жаңа тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.

Ол әлем кітапханаларының жұмыс жүйесін зерттеп, әр елдің кітапхана мәдениетін салыстырып үйренуді армандайды. Оның ойынша, кітапхана ісі — тек сақтау емес, ол — ашық, қолжетімді әрі заманауи мәдени кеңістік.

Өмірбай Ж.

Жадыра халықаралық тәжірибелерге де назар аударады. Мәселен, Түркияда бір қалада алынған кітапты екінші қала кітапханасына еркін тапсыру мүмкіндігі бар екенін айтып, ал біздің жүйеде мұндай икемділіктің әлі де шектеулі екенін атап өтеді. Осындай тәжірибелерді зерттеп, болашақта отандық кітапхана ісін дамытуға өз үлесін қосуды мақсат етеді

Кітапхана — үнсіз еңбек пен үлкен жауапкершіліктің мекені. Бір жағында — тәжірибелі мамандардың өмірлік жолы, екінші жағында — болашаққа ұмтылған жас буын.

Оларды біріктіретін бір ғана құндылық бар — кітапқа деген шынайы құрмет.

23 сәуір құтты болсын, әріптестер!

 

                                                                                                                      А.ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
қаламгер,
кітапханашы

ПІКІРЛЕР11
Аноним 22.04.2026 | 19:49

Гулжан еңбегің жана берсін кластасым.

Аноним 22.04.2026 | 19:49

Керемет!!!👍👍👍👍

Аноним 22.04.2026 | 19:52

Керемет Гүлжан тек алға құрбым

Аноним 22.04.2026 | 20:26

❤️❤️❤️ Жарайсыз, Гүлжан Баталовна!

Аноним 22.04.2026 | 20:36

Досым,еңбегің елене берсін.Сен үшін мақтанамын!🌹🌹🌹🌹🌹❤️

Аноним 22.04.2026 | 20:48

23 Сәуір кітапханашылар күні құтты болсын! Еңбектеріңіз жана берсін 🌹🌸🌺🌸🌸🌸🌸🌹🌹🌺🌺🌺🌺🌺🌺

Аноним 22.04.2026 | 21:50

Қыздар мерекелеріңмен!!

Аноним 22.04.2026 | 22:01

Гульжан, мерекеніз кутты болсын, еңбегініз жана берсін

Аноним 22.04.2026 | 22:10

Гульжан,керемет,құтты болсын,,аман есен бол.

Аноним 23.04.2026 | 01:35

Жаным ботам Жадыра тек алга ❤️❤️❤️❤️💋💋

Аноним 23.04.2026 | 22:05

Жадыра үлкен белестерді бағындырабер 👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір