ЖӘДІГЕР мен ЖАДЫ
03.08.2026
50
0

Музей – тарихи-мәдени мұраны сақтайтын, ғылыми зерттеулер арқылы өткен мен бүгіннің сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың дүниетанымы мен қоғамдық санасының қалыптасуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік-мәдени институт. Сонымен қатар қазіргі заманғы музейлер келушілерге тек экспозиция ұсынып қана қоймай, демалыс пен мәдени тәжірибені қатар ұсынатын кеңістікке айналуда. Осы орайда жергілікті тарих пен археологиялық мұраны насихаттау, мәдени-ағартушылық қызмет, жас буынды музейге тарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде белгілі тарихшы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиевті әңгімеге тартқан едік.

– Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы, сұхбатқа уақыт бөліп, келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Сіз музей ісін де, ғылыми зерттеуді де қатар алып келе жатқан мамандардың бірісіз. Сондықтан бүгін тек музей жұмысы емес, Атыраудың тарихи жады мен мәдени мұрасы туралы кеңірек әңгімелесек дейміз. Тарихшы әрі музейтанушы ретінде сіз үшін қайсысы маңыздырақ: жәдігерді сақтау ма, әлде оның тарихын қоғамға түсіндіру ме?
– Жалпы айтқанда, сұрағыңыздағы бұл екі мәселе де музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі және олар бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Сондықтан бұл екеуін бөліп қарастыру мүмкін емес. Мәселен, жәдігерді сақтау – оны бүліндірмей, бастапқы қалпына барынша жақын күйде ұзақ уақыт бойы қорғауды білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, сақтау дегеніміз – музейлік затты (жәдігерді) температура, ылғалдылық, жарық, шаң, механикалық зақымдану секілді факторларды бақылау арқылы қорғау. Ал оның тарихын қоғамға түсіндіру мәселесіне келсек, бұл – жәдігердің табылған орны, мерзімделуі, қолданылуы, ғылыми маңызы мен тарихи контексі туралы ақпарат беру жұмыстарын қамтиды.
Осы тұрғыдан алғанда, музей жәдігері – жай ғана зат емес, ол өткен дәуірдің дереккөзі. Сондықтан оны сақтау – тарихи деректі жоғалтпау болса, ал оның тарихын түсіндіру – сол деректі ғылыми айналымға енгізу болып табылады. Бұл музейдің мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің негізін құрайды.
– Атырау өңірінің тарихында қоғам толық бағасын бере алмай жүрген қандай құбылыс немесе кезең бар деп ойлайсыз?
– Жалпы, тарих ғылымы басқа ғылымдардан зерттеу бағытының кеңдігімен ерекшеленеді және бірнеше саланы (археология, этнография, антропология және т.б.), сондай-ақ үлкен хронологиялық кезеңді (тас дәуірінен қазіргі уақытқа дейінгі аралықты) қамтиды. Тарих ғылымы жазба деректерді, археологиялық материалдарды, ауызша тарихты, карталарды және басқа да тарихи дереккөздерді пайдаланады, яғни тарихымыздың зерттелуі мен жазылуы жаңа деректердің анықталуына тікелей байланысты екенін ерекше атап өткен жөн. Осыған байланысты Атырау өңірінің тарихына келетін болсақ, біз оны толық зерттелген деп айта алмаймыз.
Мәселен, өңірімізде тас дәуірінде (мезолит, неолит, энеолит) өмір сүрген тайпалардың ескерткіштері арнайы зерттеуді қажет етеді. Себебі, археология ғылымындағы осы кезеңдерді зерттейтін мамандардың өзі еліміз бойынша санаулы ғана.
Кеңестік кезеңде зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектерін қайта зерделеп, қорытындылап, сол бағыттағы ғылыми жұмыстарды жалғастыру қажет. Мәселен, облыстық музей өткен жылы Қызылқоға ауданындағы Шошақшағыл аумағынан кездейсоқ энеолит дәуіріне жататын жерлеу орындарын анықтады. Табылған материалдарға жүргізілген зерттеу нәтижелері бұл ескерткіштің Ресейдің Саратов облысынан табылған «Хвалын» мәдениетіне өте ұқсас екенін көрсетті. Бұл – бұған дейін тек Солтүстік Кавказ бен Орта Еділ бойынан ғана белгілі болған археологиялық мәдениеттің Атырау жерінен табылуы еліміздің тарихы үшін маңызды әрі ерекше жаңалық екенін білдіреді.
Екіншіден, археология саласында бұрын зерттеу жүргізген бірқатар ғалымдардың еңбектері толық жарияланбай қалған жағдайлар да кездеседі. Мысалы, қола дәуірін бірнеше жыл зерттеп, сол тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған мәскеулік археолог Лев Галкиннің еңбегі жарық көрмей қалды. Сондай-ақ өңірімізде жан-жақты зерттеуді қажет ететін кезеңдердің бірі – орта ғасырлар дәуірі. Орта ғасырлар дегенде көпшілік ең алдымен Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалаларын біледі. Алайда өңірімізде ортағасырлық отырықшы мәдениетті көрсететін, бірақ әлі толық зерттелмеген ескерткіштер жеткілікті. Мәселен, Жылыой ауданындағы Қызылқорған қалашығы, сондай-ақ пайда болу кезеңі әлі толық анықталмаған Қызылқоға ауданындағы Қорғанша қалашығы.
Бұдан бөлек, ортағасырлық көшпелі мәдениетке қатысты қорғандар да зерттеуді қажет етеді. Қысқаша айтқанда, Атырау өңірінің қоғам тарапынан әлі толық бағаланбай келе жатқан тарихи кезеңдерінің негізгі бөлігі археология ғылымымен байланысты.
– Музей қорындағы қай жәдігерге ғылыми тұрғыдан әлі толық жауап табылмаған? Сізді қызықтырып жүрген жұмбақ бар ма?
– Ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген нақты бір жәдігер бар деп бөліп айту қиын. Мұндай жағдайлар музей тәжірибесінде жиі кездеседі. Әдетте ең көп сұрақ тудыратын дүниелер – жазуы толық оқылмаған немесе қызметі мен авторы белгісіз артефактілер. Мұндай жәдігерлер көбіне көне дәуірлерге, яғни археологиялық және этнографиялық мұраларға қатысты болады. Мәселен, музей қорында Қызылқоға ауданындағы Қарабау–2 қорғанынан табылған қоңыр түсті кесе сақтаулы тұр. Оның түбінде таңбаға ұқсас жазу бар. Әзірге оның жазу екендігі жөнінде ғылыми тоқтам болғанымен, онда нақты не жазылғаны әлі жұмбақ күйінде қалып отыр. Дегенмен, бұл – зерттеу тоқтайды деген сөз емес, ғылыми жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ музей қорында араб графикасымен жазылған тудың ұштығы сақталған. Ол XVIII ғасырға мерзімделген. Алайда бұл заттың кімге тиесілі болғаны және нақты қай уақытта қолданылғаны жөніндегі мәліметтер әзірге анықталмаған. Осыған ұқсас музей қорындағы этнографиялық бұйымдардың, яғни киімдер мен әшекейлердің авторларын анықтау да өте қиын. Себебі олар музейге тапсырылған кезде қажетті деректік ақпарат толық сақталмаған. Осындай мәселелер қорда сақталған фотосуреттерге де қатысты. Кейбір суреттердегі тұлғалардың кім екені немесе оларды түсірген авторлар туралы мәліметтер де белгісіз болып қалып жатады.
– Сіз археология, этнография, тарихи мұра саласында жұмыс істедіңіз. Осы тәжірибеңізден түйгеніңіз қандай: тарихты ең көп бұрмалайтын нәрсе ұмыту ма, әлде жеңіл түсіндіру ме?
– Сұрағыңызға жауап беру үшін алдымен бір маңызды жайтты еске салғым келеді. Тарих ғылымы басқа ғылым салаларына қарағанда саясатпен өте тығыз байланысты болды және қазір де солай. Мәселен, өткен ғасырдың 20-жылдарының соңынан бастап тарих ғылымы бұрынғы «буржуазиялық» бағыттан жаңа «маркстік идеяға» көше бастады. Соның нәтижесінде әрбір тарихи оқиға таптық қатынастар мен тап күресі тұрғысынан зерттелді. Осыдан кейін кеңестік тарихнамада қоғамды екі топқа – байлар мен кедейлерге бөлу үрдісі қалыптасты. Байлар кедей еңбегін пайдаланды деген біржақты көзқарас орнықты. Хандар мен билер түгелдей дерлік «қанаушы тап» ретінде сипатталды. Ал шын мәнінде жағдай анағұрлым күрделі болатын.
Біріншіден, қазақ қоғамында рулық-ағайындық қатынастар ерекше орын алды. Ағайын-туыс бір ауыл болып көшіп-қонып өмір сүрді. Әр ауылдың өз ақсақалы, биі, батыры, мал бағатын бақташысы болды, яғни әр адамның қоғамдағы орны мен міндеті айқын еді. Қазақ қоғамында тек өз ағайынына ғана емес, өзге рулардың өкілдеріне де қолдау көрсету дәстүрі болған. Мәселен, белгілі бір ауылға қоңсы болып келген адамдарға мал бөліп беру арқылы олардың өз шаруашылығын қалыптастыруына мүмкіндік жасалған жағдайлар тарихта кездеседі. Сондай-ақ кеңестік тарихнамада кері құбылыс ретінде бағаланған «татар-моңғол шапқыншылығы» мәселесіне де қазіргі тарих ғылымында жаңаша көзқарас қалыптасты. Кей зерттеулер бұл кезеңнің көптеген мемлекеттердің, соның ішінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына ықпал еткенін көрсетеді. Осыған байланысты кеңестік кезеңдегі идеологиялық саясат тарихтың бұрмалануына әсер етті және бірқатар тарихи оқиғалардың назардан тыс қалуына немесе әдейі көмескіленуіне себеп болды.
Екінші жағынан, тарихты нақты зерттеуші – тарихшы жазады. Сондықтан тарих ғылымында адами фактор да кездеседі. Оның ішінде белгілі бір тұлғаны әсірелеп көрсету немесе керісінше басқа біреудің еңбегін елеусіз қалдыру сияқты жағдайлар орын алады. Дегенмен, қазіргі уақытта тарих ғылымына мемлекет тарапынан қолдау күшейіп келеді. Мәселен, Атырау облысының үш томдық тарихы жарық көрді. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшының жетекшілігімен Қазақстан тарихының жеті томдығы дайындалу үстінде.
– Атыраудың тарихын бір ғана экспозиция арқылы әлемге таныстыру қажет болса, қай кезеңді таңдар едіңіз және неге?
– Жалпы, әлемдік музей тәжірибесінде белгілі бір елдің тарихына арналған көрме ұйымдастырылған кезде сол өңірдің барынша көне кезеңдерін және мәдени ерекшелігін айқын көрсететін түпнұсқа жәдігерлерге басымдық беріледі. Осыған байланысты, менің ойымша, Атырау тарихын әлемге археологиялық және этнографиялық коллекциялар арқылы таныстырған орынды болар еді.
Бұл жерде бір маңызды жайтты атап өткен жөн. Мәселен, әлемдік деңгейдегі Лувр және өзге де ірі музейлер халықаралық көрмелер ұйымдастырғанда тек түпнұсқа жәдігерлердің ұсынылуын талап етеді, яғни олар елімізде кеңінен жасалып жүрген «Алтын адамның» қалпына келтірілген көшірмелерін емес, нақты түпнұсқа бөліктері мен тарихи заттарын көргісі келеді. Себебі археологиялық коллекциялар – зауыттан жаппай шығарылған бұйым емес. Олардың басым бөлігі – мыңдаған жыл бұрын шебер қолымен жасалған бірегей әрі сирек музейлік заттар. Сол сияқты өзге елдер үшін халқымыздың өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін көрсететін бай әрі сан қырлы этнографиялық коллекциялар да ерекше қызығушылық тудырады деп есептеймін.
– Қазір жастар ақпаратты қысқа форматта қабылдайды. Терең тарихи білімді жоғалтпай, музейді жаңа буынға қалай жақындатуға болады?
– Қазіргі уақытта әлемдік музейлер тек экспозиция көрсететін орын ғана емес, сонымен қатар адамдардың уақытын мазмұнды өткізетін ірі мәдени орталықтарға айналып келеді. Бүгінде облыстық музейге балабақша тәрбиеленушілерінен бастап студенттерге дейін келеді. Әрине, олардың басым бөлігі оқу бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылған топтармен келеді. Дегенмен, жастардың өз бастамасымен музей аралау мәдениеті әлі де кеңінен қалыптасты деп айту қиын. Музейге келуші жастардың саны, әдетте, студенттері көп ірі қалаларда жоғары болады. Сонымен қатар қазіргі заманғы музейлер келушілерге тек экспозиция ұсынып қана қоймай, демалыс пен мәдени тәжірибені қатар ұсынатын кеңістікке айналуда. Мәселен, көптеген музейлерде интернет-аймақтар, кәдесый дүкендері, демалыс орындары жұмыс істейді.
Өзім көрген Ресейдегі ірі музейлердің бірі – Эрмитаж осы бағытта жақсы дамыған. Ал Вашингтондағы Смитсон институтына қарасты музейлердің кәдесый дүкендерінде адамдардың, әсіресе жастардың, музей жәдігерлерінің көшірмелерін алу үшін кезекке тұрғанын көргенмін. Сондықтан жас буынды музейге жақындату үшін, ең алдымен, музей ғимараты мен инфрақұрылымы жаңа заман талабына сай болуы қажет. Екіншіден, экспозициялар мен көрмелерде тарихты тартымды әрі түсінікті түрде жеткізетін интерактивті форматтарды, мультимедиялық шешімдерді және өзге де заманауи тәсілдерді кеңінен қолдану керек деп есептеймін.
– Сіздің ойыңызша, болашақта музейлер тек жәдігер сақтайтын орын емес, қоғамдық ой қалыптастыратын институтқа айнала ма?
– Жалпы, музейлер тарихи-мәдени мұраны сақтаушы ретінде қоғаммен тікелей жұмыс істейді. Өйткені музей өз экспозициясы арқылы әртүрлі ұрпақ өкілдерінің рухани құндылықтарын, адамгершілік ұстаным­дарын және отансүйгіштік сезімдерін қалыптас­тыратын маңызды кеңістік болып саналады. Бұған бірнеше дәлел келтіруге болады.
Біріншіден, музей экспозициялары арқылы ұлттық және өңірлік тарихи оқиғалар туралы қоғамдық түсінік қалыптасады. Екіншіден, музей білім беру және ғылыми орталық ретінде мектептер мен жоғары оқу орындарына қосымша білім беру бағдарламаларын ұсынады. Үшіншіден, қазіргі әлемдік музейлерде ғылыммен қатар әлеуметтік мәселелер де көтерілуде. Атап айтқанда, қоршаған орта, әлеуметтік теңдік, цифрлық технологиялар секілді тақырыптар көрмелер мен пікірталастар алаңына айналып отыр. Сондай-ақ соңғы жылдары еліміздегі музейлер жергілікті тарих пен археологиялық мұраны насихаттау ісінде белсенділік танытып келеді. Мұның өзі музейлердің ғылыми зерттеу жүргізетін, мәдени-ағартушылық қызмет атқаратын және қоғамдық құндылықтарды қалыптастыратын көпқырлы әлеуметтік институт екенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, музей – тарихи-мәдени мұраны сақтайтын, өткен мен бүгіннің сабақтастығын қамтамасыз ететін әрі азаматтардың дүниетанымы мен қоғамдық санасының қалыптасуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік-мәдени институт.
– Егер 100 жылдан кейін келешек зерттеушілер «Кипиев кезеңіндегі музей» туралы бір сөйлем жазса, оның қандай болғанын қалар едіңіз?
– Мен өз қызметіме баға беруден аулақпын. Бұл – болашақ тарихтың еншісіндегі мәселе. Сондықтан сұрағыңызға бір сөйлеммен жауап берер болсам, ол – жүз жылдан кейінгі тарихшының дереккөзге қалай қарайтынына және қандай бағалау өлшемдерін қолданатынына тікелей байланысты болады.

Сұхбатты жүргізген
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір