Бауыржан ЖАҚЫП. ТАМЫЗДЫҢ ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫ…
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жаһанға жалпақ жайылған,
Шықпайсың менің ойымнан.
Сен едің текті елімді,
Ата-жұртымнан айырған.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жанған Күн көкте өшкен күн,
Талай тағдырды шешкен күн.
Абыралымның бауырынан
Абдырап халқым көшкен күн.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Сұмдықты көрген кім болды.
Таң емес сол таң түн болды
Дүниені жұтқан үн болды,
Дүр сілкіндірген күн болды.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес Алып шар шықты,
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күн жан шықты.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Өлкемді түгел өрт шалды,
Даламды түгел дерт шалды.
Саңырауқұлақ бөліп шығарды
Төрт құбыламнан төрт шарды.
Сұрапыл дауыл соқтырды,
Жарылуға далам шақ тұрды.
Жер менен Көкте тұтасқан
Бұрын болмаған от тұрды.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Көзімді менің байлады,
Денеме дерт боп бойлады.
Жер-Ананың ақ шашын,
Ақ шашын жұлып ойнады.
Құстардың тоқтап сайрауы,
Бойымда қаным қайнады.
Өртенді атақонысым
Қырдағы мен ойдағы,
Әміренің әсем әні мен
Жанақ ақынның ойлары,
Абайдың асыл қыстауы,
Тәттімбеттің жасыл жайлауы.
Таптады жерді киелі
Қайдағы мен жайдағы.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Шерменде болған өтті күн,
Желбіреп енді Көк туым.
Тәуелсіз болып еліміз,
Полигон жабар жетті күн.
Кеудемді теуіп текті жыр,
Отыз бес тура
өтті жыл.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жандырып жанды өрт етті,
Айықпас тәнге дерт екті.
Балалар қанша ерте өтті,
Інілер қанша ерте өтті,
Апалар менен ағалар,
Әкелер менен аналар,
Қарындастар қанша ерте өтті.
Өткеннен белгі ескерткіш,
Сақтасын елдің тірісін.
Жапырақ үшін жайқалар,
Өртеңге өсер
гүл үшін.
Қазақстаным көркейсін,
Жарылыс мәңгі құрысын!
Тамыздың жиырма тоғызы…
Арқамнан қағып,Ұлы елім,
Алладан тілек тіледім,
Сыйғызып ойды өлеңге.
Жаһанды жұтқан жарылыс
Болмасын енді әлемде!
Тамыздың жиырма тоғызы!