ЖИЫРМА МЫҢ АҚБОЗ АЙДАҒАН
Алмас Ахметбекұлы
(Реквием. Жошы хан рухына)
1224 жылы Хорезм жорығының жеңісіне орай,
Құланбасыда өткен ұлы тойға және осы жылдың күзінде
Ертіс бойы Бұқа шошығанда өткен жорық Құрылтайына Жошы қатыспаған.
Әкесіне екі түмен боз жылқы сыйға жіберіп қойып жатып алған.
Зардыхан Қинаятұлы
Ұлытау – күнгей беті қырат-қырат.
Көк шалғын, топ-топ тоғай,
бұлақ, суат.
Қайнаған буырыл құмы бүлк-бүлк етіп,
Мың тұма жер түбінен тұр атқылап.
Мап-майда толқын көшер көз ұшыңда,
Даланы сағым самал шуақ сылап.
Жылжыған аппақ-аппақ бұлт сияқты,
Жиырма мың кілең ақбоз шұбап, құлап.
Жер жапқан боз жылқы мен
жасыл айдын
Жазарсың теңеу тапсаң қуаттырақ.
Жиырма мың аққу түстес
жылқы жусар,
Ақ арман – аппақ тілек сияқтырақ.
Шыңғыс хан – хан бола ма ақ пейілді,
Алмаса қызыл қанға шылап-шылап.
Жошының сол тұстағы ақ арманы,
Әлі де қол жетпеген ұзақ мұрат.
Ал, бүгін одан бетер қанды қасап,
Қырқысқан, бірі – күйреп,
бірі – атқылап.
Бізде де «қан төгілмей келген жеңіс
Құнсыздау болды-ау?» деген сұрақ туат.
Жиырма мың ақбоз жылқы ақ өзендей,
Құлайды Ұлытауға шұбап-шұбап.
Жошы бұл жорықтарда жүрген үстем.
Кең иық, керіс кеуде, түр келіскен.
Қан құмар хан әкеден қайтқан көңіл,
Бір сұмдық болатынын білген іштен,
Шатынар Шағатайдай шамшыл емес,
Үгедей інісі еді сыр бөліскен.
Ол-дағы қарап тұрып, қырғын салды,
Жошыхан қатты ашынған бұл керістен.
Түңіліп ту ұстаудан,
туыстан да,
Күйініп қайтқан Шағы Үргеніштен.
Арқада ақ сәуледей алмағайып,
Орнаған бір құбылыс таңғажайып.
Жиырма мың кілең ақбоз жылқы жиса,
Сарыарқа, саған лайық, ханға лайық.
Шұбыртып шумақ-шумақ ақбоз ұйқас,
Екеуміз бірге отырып ән жазайық.
Хан Жошы көз салады тау басынан,
Күрсініп, жан құлазып, қан қарайып.
Үшбу хат хан әкеге жолдап еді:
«Айып па, қан төкпесем сол да» деді.
Он айда он бес халық бойұсынып,
Тып-тыныш тізе бүккен орман елі.
— Уа, Қаған,
Хандығыңа халық керек,—
деп қана Үргенішті қорғап еді.
Жошының адал жүрек, ақ тілегін,
Мысқылдап, қос інісі қорлап еді.
Қаһарлы хан әкеге қайрылғанмен,
Жошының жолы шіркін, болмап еді.
* * *
Бір сұмдық той бастаған Құланбасы.
Болады-ау, қанды қасап бұдан да ащы.
Ханы мен ханзадалар көзі қанды.
Түңілтті оған қарсы тұра алмасы.
Қалады-ау хан Жошыдан қайран дәурен,
Дүние, беу дүние, бұлаңдашы.
* * *
Жылжыды кілең ақбоз күншығысқа.
Оқушым, көңілмен көр, кең тыныста.
Ақ түсті арман-тілек қарсы кетті,
Қанғайға – қара түсті сұм сыбысқа.
Серттескен мың жылқышы қан
жаласып.
Болған соң қару қолда, жолда нәсіп,
Жирма мың жылқы шығып Сарыарқадан,
Еңкейді Ақертіске Қалбаны асып.
Мың жігіт мақсұт тұтып хан бұйрығын.
Барлайды әр жылқының әр қимылын.
Мың бірдей ақбоз айғыр мекіреніп,
Өзенге өзі бастап салды үйірін.
Жанасты Ақертіске ақымымен,
Жайылтып су бетіне жал-құйрығын.
Уақыттың мынау ғажап суретінен,
Таулар да сәл ауытқып тұрды есінен,
Көрінді сан мың аққу жүзген сынды,
Мөп-мөлдір аспан түстес су бетімен.
Марқакөл — ағарып таң атқан одан.
Нуынан құс тараған, бақ қараған.
Қойнауды жылқы басты ақ тұмандай,
Көк шалғын аңнан басқа таптамаған.
Бір түнеп, Аққайыңын бір толтырып,
Жиырма мың ақбоз өтті Аққабадан.
Бұлт қайсы, жылқы қайсы араласып.
Сай-сайды өрлей желіп, жағаласып,
Алтайдың қар кетпейтін кезеңінен,
Кекілін жел көтеріп барады асып.
Кекілін жел көтеріп барады асып,
«Таудан асқан бұлтпенен араласып».
Аспайды-ау, қайран Жошы енді
Алтайды,
Баспайды-ау қайран Жошы енді Алтайды,
Заман – тар, уақыт – жазым,
ара – қашық.
* * *
Ақ жылқы Жошы ханның арманы ма?
Ақ екен асудағы қар да мына.
Арқадан жосқан ақбоз жиырма мың,
Алтайдың асып түсті-ау ар жағына.
Тарихта жалғыз рет бола-тұғын,
Бұған тең бір құбылыс бар ма мына?
Ақбозбен араласқан мың жылқышы,
Көз түсер қызыл құлын-жарғағына.
Бір түсті мінгендері күрең айғыр.
Байлаған қызыл жібек жалдарына,
Құлағын қайшылатып қанкүреңнің,
Шығады боз жылқының әр жағына.
Көзге ұрар қызыл күрең мың жылқышы,
Ұқсап бір аққа тиген қан дағына.
* * *
Жөңкілген жиырма мың боз, не дейін-ақ.
Құрлықтан, құрлыққа өтер демей ұзақ,
Құрығын көлбей ұстап жылқы айдаған,
Мың жігіт — Арғын, Найман, Керей, Уақ.
Жібектей өлең сөздің жібін жалғап,
Жылқыға жыр жазушы ем бұрын
да арнап.
Жиырма мың ақ меруертті
шашқым келді,
Сөз деген көк мұхиттың түбін қармап.
Жылтылдар арасынан қызыл маржан,
Сияқты күрең айғыр, құлын жарғақ.
Шұрқырап ақбоз жетіп, шалғайдағы
Батқандай ақ мамыққа Қанғай маңы.
Қадалып таңғажайып құбылысқа,
Байланар екі жұлдыз маңдайдағы.
«Ұл қайда, келмеген бе?!» – деді Қаған,
Қарайып, қаһарланып, қан қайнады.
* * *
«Алдым» деп Хорезімді жар салғанда.
Жер жүзін Құланбасы қарсы алғанда.
«Әміршім, Шыңғыс қаған,
мың жаса!» – деп,
Күңіреніп күллі Азия ән салғанда.
Жиырма мың ақбоз жетіп Жошы ханнан,
Шыңғыс хан таң-тамаша, тамсанғанда.
Қып-қызыл құлын жарғақ, күрең айғыр,
Мың бірдей жылқышыға көз салғанда.
Аңғарлы Шыңғыс әке күдік алған,
Ұқсатып ақ жейдеге қан тамғанға.
Шұбырып ақбоз жетіп, шалғайдағы,
Тамсанып, таңғалғанда Қанғай маңы.
«Ұл қайда, ұлым қайда!» – деді қаған.
Кетбұға жыр толғады талмай жағы.
Езілді әке жүрек сезінгенде,
«Жорықтың қалды ма!» – деп қандай мәні.
Жошы хан мәңгі қалды
Ұлытауда!
Жұлдызың сөнді , Шыңғыс
маңдайдағы!
Р.S.
Ұлытау – күнгей беті қырат-қырат.
Көк шалғын, топ-топ тоғай,
бұлақ, суат.
Жиырма мың аққу түстес
жылқы жусар,
Ақ арман — аппақ тілек сияқтырақ.
Жошының сол тұстағы ақ ниеті,
Күллі әлем арман еткен ұзақ мұрат.
Бүгінде қоңсы қонған көрші халық
Қырқысқан, бірі – күйреп,
бірі – атқылап.
«Жошы хан, сегіз ғасыр өтсе-дағы,
Сендей бір жан тумай ма?».
Бір-ақ сұрақ!
* * *
Жиырма мың кілең ақбоз
көшкен бұлттай,
Арқадан алыстады шұбап-шұбап.
2024 қазан.
ПІКІРЛЕР2