ЖЕТІСТІК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖИЫРМА ЖЫЛ
14.02.2024
326
0

Тарихи-мәдени нысандарды жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары кез келген құрылыс компаниясының тісі бата беретін сала емес. Біліктілігі жоғары мамандары мен арнайы лицензиясы бар мекеме ғана аталмыш шаруаны шашау шығармай атқара алмақ. Еліміздің шығыс өңіріндегі бірқатар маңызды мұражайлар мен көне қорғандарды реставрациялап, білім, денсаулық саласы нысандарының құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп келе жатқан Damu Stroy QZ компаниясының құрылғанына биыл 20 жыл толмақ.
  

2004 жылдан бері Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық, археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге ІІ категориялы лицензия алған компания аз ғана уақыттың ішінде толайым табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Денсаулық сақтау саласы бойынша Өскемен қаласындағы сауықтыру кешенінің құрылысын, «Ана мен бала орталығы» нысанының әрлеу, Белоусовка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын ойдағыдай атқарып шыққан компания бұл күндері тәжірибесі толысқан мамандардың іргелі ұжымына айналған.
Білім саласы бойынша Алтай қаласындағы (бұрынғы Зырян) №6 орта мектептің күрделі жө+ндеуін, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы К.Билялов атындағы мектеп лицейінің және С.Сейфуллин атындағы Жаңалық орта мектебінің, сондай-ақ Глубокое ауданы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің (биылғы), Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің №9 корпусын, бірнеше ауылдағы Мәдениет үйлерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын стандартқа сай етіп жүргізген компания өңірде үлкен сұранысқа ие.
Семейдегі Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалды музейі – қаладағы басты мәдени нысандардың бірі. Шығармалары әлемнің 170-тен астам тіліне аударылған ұлы жазушының атындағы әдеби-мемориалды музейінде қытай, грек, араб, ағылшын, швед, испан, румын секілді 40 тілде жазылған кітаптар сақтаулы. Басшылықтың осы музейдің ағымдағы құрылыс жұмыстарын Damu Stroy QZ компаниясына сеніп тапсыруы да ұжымның біліктілігіне сенгендіктен болар. Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітін қайта қалпына келтіру шараларында да Дәулет Әскербекұлы басқаратын ұжым тарихи нысанның әрбір деталіне ыждаһаттылықпен қарап, үйлесімділіктің жоғалмауына үлкен мән берді. Қостанай қаласындағы салынғанына ғасырдан асқан «Пассаж купцов Яушевых» нысанындағы ғылыми-реставрациялық жұмыстар компанияның осы салаға дендеп енуіне жол ашты.
«Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің өркендеуі жолында қолынан келетін істі адалдықпен атқаруы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық бастамасын қолдап, тәуелсіз еліміздің іргесін берік қалау үшін аянып қалмаймыз. Біздің компания жиырма жылдан бері тынбай еңбектену мен ізденістің арқасында жетістік жолына түсті деп сеніммен айта аламын. Соңғы уақыттарда облыс, республика аумағында тарихи-мәдени кешендердің, атап айтсақ, музейлер мен мәдениет үйлерінің, театрлардың, сондай-ақ археологиялық нысандардың ғылыми-реставрациялық, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысып жатырмыз. Өзімізге артылған сенім мен міндет үдесінен шығып келеміз деген ойдамын. Компанияның үлкен жетістіктерінің бірі деп «Патшалар жазығы» аталған атақты «Берел» қорымындағы №11 обаның реконструкциялық жобалау, музейге айналдыру жұмыстарын атар едім», – дейді Damu Stroy QZ компаниясының директоры Дәулет Әскербекұлы.
Еліміздегі теңдессіз тарихи нысан, қасиетті мекен – «Берел» қорымын 1865 жылы В.Радлов ашқан болатын. Белгілі археолог-ғалым Зейнолла Самашев 1998 жылы мыңжылдық сырын ішіне бүккен қорымның №11 нысанынан алтынмен апталған 13 тұлпар мен өз дәуірінің көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапқан болатын. Осы нысанның реконструкциялық жобалау, музейге айналдыру жұмыстарын қолға алғанда Дәулет Әскербекұлы әуелі тарихқа қылдай қиянат жасамауға тырысты.
«Өйткені бұл – біздің тарихымыз. Ата-бабаларымыздың осыдан мыңдаған жыл бұрын қандай өмір сүргенін айғақтайтын артефакт. «Қазақта тарих болмаған», – деп жүрген жаңсақ пікір иелеріне нақты ғылыми жауап. Мұндай нысанның жұмыстарын қолға алғанда өткен тарихты қопарып, әлемдік реконструкциялық тәжірибелерге сүйенеміз. Ең басты міндет – кешеннің композициясын бұзып алмау. Біздің компанияның отызға жуық маманы мұндай іске машықтанған. Сондықтан мол тәжірибе мен өз ісімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында бұл істі де абыроймен атқарып шықтық. Біз кез келген диалог пен әріптестікке дайын­быз», – дейді компания басшысы.
Бұл күндері Астана қаласындағы мәдени-архитектуралық «Қазақ елі» монументін қайта реконструкциялау жұмыстарымен айналысып жатқан компания басшысы қайырымдылық шараларын да ұмыт қалдырмаған. Шығыс өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына жыл сайын тұрақты түрде мектепке қажетті құрал-жабдықтар, спорт инвентарларын сатып алып беруді компания өкілдері өздеріне бұлжымас міндет санайды.
«Қайырымдылық – барлық адам баласының бойынан табылуға тиісті қасиеттердің бірі. Әрине, материалдық көмек жасау екінің бірінің қолынан келе бермес. Алайда қайырымдылықтың басқа да түрлері бар. Бір-біріне көмектесу, қол ұшын беру, сөзбен, іспен демеп жіберу де жақсылыққа жатады. Ал енді жағдайың бола тұрып мұқтаж жандарға көмектеспеу, қарайласпау, қайырымдылықпен айналыспау – жүрегінде иманы бар адамның әрекеті емес. Сондықтан біз де өз компаниямыздың атынан жылда осындай игі істермен айналысамыз. Арнайы қаражат бөліп, көмекке зәру отбасылардың балаларына қолдау көрсетеміз. Біздің балаларымыз тәуелсіздік нығыметін сезініп өсуі тиіс. Қазіргі қоғам тек мейірімге зәру. Сол себепті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіну, қайырымдылық жасау – әрбір кәсіпкердің міндеті деп түсінемін өз басым», – дейді Дәулет Әскербекұлы.
Жиырма жылдық белесті абыроймен еңсерген Damu Stroy QZ компаниясы алдағы уақытта ауқымды жобаларды қолға алмақ. Дамудың даңыл жолына түскен ұжым еңсесі биік елімізбен бірге өркендей бермек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір