Бауыржан Момышұлының 31 сағат­тық әңгіме-дәрісі
13.05.2025
394
0

Майдан даласында ауыр жарақат алып, госпитальда емделіп шыққаннан ке­йін 1943 жылдың аяғында Алматыға қысқа мерзімдік демалысқа келген Б.Момышұлын, ең алдымен, республика зиялы қауымы мен халқы батырына аса зор қошемет көрсетіп, қарсы алды.

Бұған де­йін М.Әуезовпен сырт­тай хат-хабар алысып біліскені болмаса жүзбе-жүз көріспеген хас батыр онымен алғаш рет кез­десіп, бірін-бірі бұрынғыдан да тереңірек ұғынып, түсінісе түседі. Атақ-даңқы 1941 жылы Москва іргесінде әлемде бұрын-соңды болмаған алапат ауыр шайқастарда жарқ етіп шыққан Б.Момышұлының батыр батальон командирі ғана емес, алғыр, терең ойлап ой қорытатын нағыз қолбасшы екенін, оның үстіне қаламы қарымды тұлға екенін Әуезов тереңірек танып білді. Олардың арасындағы шығармашылық байланыстың жемісті бір көрінісі Баукеңнің Ғылым академиясында оқыған осы тарихи әңгіме-дәрісі болды. Соғыс жылдарында өткен бұл кез­десуді Қ.Сәтбаев жүргізіп отырды. Әңгіме-дәріске атақты кинорежиссер Рошаль мен кинорежиссер В.П.Строева бастан аяқ қатысып, аса қызығушылық білдірген. Строевамен Момышұлының достық, жолдастық қарым-қатынасы, міне, осы әңгіме-дәрістің үстінде басталғаны күмән туғызбайды.
Б.Момышұлы оқыған лекциясы, шын мәнінде, сирек кез­десетін құбылыс деуіміз керек. Ұлы Отан соғысы тарихында орыс әскери ғылымында да жоқ, басқа елдер әдебиетінде де мұндай дәріс-әңгіме ұшыраспайды, өйткені екінші дүниежүзілік соғыстың бүкіл ауыртпалығын кеңес әскері, совет халқы өз иығымен көтерді, сондықтан майдан мәселелеріне қатысты салмақты сөз де кеңес азамат­тарының үлесіне тиістілігі заңды. Оқылған лекцияның 30-40 пайызының түсіп, қамтылмай қалғанының өзінде 310 бет­тік материалды оқып шыққан адам Алланың мұнысына да шүкіршілік дейді, соған да тәубе деріне күмән жоқ.
Б.Момышұлының бұл архив материалдары, сөйтіп, тұңғыш рет «Қазақ­стан» баспасынан Жеңістің 45 жылдық тойына арнап 1990 жылы орыс тілінде «Психология воины» (книга-хроника) деген атпен 20 000 данамен менің тікелей ұсынып жоспарға енгізуіммен жарық көрді, кітап тез арада жылға жетпей таралып кет­ті, сусаған оқырмандардың сұраныстарына орай, біз бұл материалды стенограммаға түсірілген бастапқы қалпын сақтай отырып, түпнұсқаға барынша жақын етіп аударып, 1991 жылы «Қанмен жазылған кітап» деген атпен аталмыш баспадан 40 000 данамен басып шығардық.
Сонымен, әңгіме-лекцияда қандай мәселелер айтылды деген сұрау туары сөзсіз. Әңгіме-дәріске кіріспес бұрын, алдымен, Б.Момышұлы дайындықты карта-схеманы жасаудан бастайды: ол Панфилов дивизиясының Москва түбінде жүргізген ұрыстары; дивизияның Старо-Русско-Холмск дәлізінде (коридорында) жүргізген ұрыс қимылдарының карта-схемалары болатын. М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтың әңгіме-дәріс өткізу туралы ұсыныстарын қабыл алған Б.Момышұлы, міне, осы екі карта-схемаларға Панфилов дивизиясының 1941 жылғы октябрь, ноябрь айларында аса ауыр жағдайда жүргізген қорғаныс ұрыстарының барысы түсірілген болатын.
1941 жылдың октябрь, ноябрь айларында жүргізген ауыр шайқастарда, бес рет қоршауда қалып, батальонын қоршаудан ақыл-айла, шебер қолдана білген тактикалық әдіспен шығынсыз алып шыға білген Б.Момышұлы комбат ретінде Панфиловтың назарына бірден-ақ ілігеді. Қарауындағы полк командирлерінің өзінің ішінен дәл Момышұлындай жау құрсауынан, жартылай қоршаудан дұшпанға ойсырата соққы беріп, сытылып шығып отырған командирлер аз еді. Сондықтан Панфилов полк қарауынан алып,
Б.Момышұлы батальонына дербес қимыл жасауға рұқсат береді. Бауыржанның батальоны Панфиловтың резервтегі батальоны болды. Тумысы, жаратылыс бітімі бөлек, ойлау жүйесі кесек, мінез-тұрысы қатал, батальон командиріне Москва түбіндегі күші мен техникасы төрт-бес есе басым, автоматпен, танкімен қаруланған жауға қарсы шайқастарының тәжірибесі, ең алдымен, соғыстың қару мен қарудың, техника мен техниканың ғана соғысы емес, бұл ақылдың сынға түсетінін, ақылмен ақылдың, айла-тәсілдің соғысы екенін барынша терең ұғынуына себеп болды. Бұл соғыстың, майданның ішкі заңдылығын ашып тани білу болатын. Соғысатын техника ғана емес, адамдар еді, ең алдымен, солдат­тар, соның ішінде, жаяу әскер болатын. Соғыста техникамен қатар кімнің моральдық-саяси рухы күшті болса, соның жеңетініне көз жеткізді. Солдат­тың рухы – бұл ең қуат­ты қару деп білді, бұл тұжырымы да солдат психологиясын, жаяу әскердің мінез-құлқын терең зерт­теген батальон командирінің жасаған қорытындысы болатын. Сондықтан Б.Момышұлы әңгіме-дәрісінің өзекті тақырыбын ойластырып тұжырымдаған кез­де ең басты мәселе бұл ұрыс және оның психологиясына баса назар аударды. Оған қосымша тақырып ретінде Панфилов, офицерлер, солдат­тарға тоқталуды, талдап, тұжырым жасап, қорытындылап түйіндеуді мақсат ет­ті.
Немістердің Москваға шабуыл жасау бағыты бұл Волоколамск тасжолы бағытымен жүргізілген екінші дүниежүзілік соғыстағы ең шешуші шабуылы болатын. Панфилов дивизиясының 60-70 шақырымға созылған шебі де немістердің шабуылына осы бағыт­та тойтарыс беруге міндет­телді. Баукеңнің әңгіме-дәрісінің салмақты тұсы осы Волоколамск бағытындағы ұрыстарға арналды. 1942 жылғы қысқы науқанда неміс әскерлерінің тұмсығы аяусыз соққыға тап болып, шегінуге мәжбүр болды. Б.Момышұлы үшінші күнгі дәрісін осы 1942 жылғы совет әскерлерінің қысқы науқанына арнады. Ал төртінші күні қорытынды жасап, сұрақтарға жауап берумен қорытындылау жоспарланды. Алайда аудитория әскери аудитория болмағандықтан, бұл төрт күнге есептелінген дәріс тағы да екі күнге созылып, жалпы саны 31 сағат­тық дәріс-әңгімеге ұласады.
Бұл дәріс-әңгіме қазақ әдебиетінің классиктерінің, қазақ ғылымының, өнерінің таңдаулы өкілдері алдында өткізілген тарихи дәріс болатын; ал мұндай адамның жан дүниесін тебірентіп, ақыл-ойын асқақтататып жіберетін, терең мазмұнды әңгіме-дәріс қазақ тарихында кез­дескен емес. Осы әңгіме-дәрісті ұйымдастырудағы М.Әуезовтің тарихи еңбегін атап өткен жөн, Әуезов болмаса, лекция да ұйымдастырылып өткізілмес еді, мынадай мол рухани қазына да біздің қолымызға жетпесі ақиқат болатын.
Сонымен, Момышұлы лекциясының басты тақырыптарын белгілеп, жоспарлап алғаннан ке­йін айтар ойы да, әңгіме барысы да нақтылана түседі. Баукең соғыс тақырыбына жазылып жатқан шығармалардың шындықтан алыстығын, соғыс мәселесін үстірт көрсетіп, баяндайтынын, ғұмыры қысқа болып келетінін сынға алып, орыс тіліндегі шығармалардың да 60 пайызы брак деді. Сондықтан соғыс тақырыбын шындық тұрғыдан жазып, көрсету, ұрыс пен ұрыстың психологиясын, командирдің міндеті мен парызын барынша ашып көрсету қажет­тігі міндет­ті нәрсе екеніне екпін түсірді. Өйткені соғыста барлық мәселе ұрыста, тек қана ұрыста ғана сынға түседі деп білді. Ал жауынгер бойындағы барлық қасиет, міне, ашылатын жер осы – ұрыс. Адам бойындағы сезімдерді Баукең талдай отырып, екіге бөліп қарастырады: күн мен түннің, жарық пен қараңғының, ыстық пен суықтың табиғи түрде алмасып отыруы қарама-қайшылықтың бірлігін көрсетсе, адам бойындағы сезім әлемінде де қарама-қайшылықтың бірлігінің көрініс беретінін түсінесің. Бауыржан адам сезімін жоғары сезімдер: парыз, адамгершілік, ержүректілік, ерлік, батырлық, қаһармандық және т.б.; төменгі сезімдерге: опасыздық, ұждансыздық, үрей, қорқыныш, шошу және т.б. деп бөліп қарастырды. Жауынгердің жан дүниесін тануда Баукеңнің бұл классификациясы, шын мәнінде, психология ғылымында жаңалық болды деп айту керек. Ұрыс психологиясын майдан жағдайында, ұрыс барысында зерт­теген Момышұлының мына схемасы бойынша кез келген адамның бойындағы қасиетін тап басып тани білуге болады.
Лекция барысында Баукең көптеген психологиялық терминдер мен ұғымдарға, түсініктерге арнайы тоқталып қана қоймай қысқа-қысқа анықтама да беріп отырады, рухани күші мықты адам моральдық, адамгершілік тұрғыдан да мықты болып келетіні мәлім, ал әлсіз адам жасық, боркемік, осалдығын көрсетіп алады. Қызыл армия уставында ұрыстың алты түріне анықтама берілген екен, бірақ Момышұлы жаңа жағдайға сәйкес, ұрыс ұғымын байыта түседі, ол ең алдымен, ұрыс дұшпанға ақылмен, психикамен, техникамен, қару-жарақ күшімен әсер ету деп білді, соның ішінде, ақылмен ықпал жасауға баса назар аударды. Ұрысты басқара білуге, ұрыстың психологиясына, ұрыс өнерінің негізіне, ұрыс идеалы ұғымына жеке-жеке анықтама беріп тоқталып өтеді. Ұрыс ұғымына жан-жақты талдау жасай отырып, ұрыс қауіпті емес, өйткені адам әлде бір аждаһамен емес, адаммен шайқасады. Сондықтан адам бойындағы барлық қасиет­тер: жоғары және төменгі сезімдер ұрыс жағдайында ғана барынша ашылады, өйткені сынға түседі. Ұрыстың психологиясына тереңдеп ене отырып қорқыныш сезіміне тоқталады. Бұл соғыс жағдайында аса үлкен проблемалық та мәселе болатын. Ал қорқыныш, үрей ұғымына әскери әдебиет­терде ғылыми анықтама берген бірден-бір адам – Б.Момышұлы. Қорқыныштың пайда болуы мен оны жеңу жолдары қандай деген мәселені де Баукең тайға таңба басқандай етіп айқындап, анықтап көрсетеді. Батылдық, ерлік ұғымдарын әскери термин ретінде қарастырып, ерлікке тәрбиелеу мәселесіне, оның қайнар көздеріне ой көзімен үңілте түседі. Ақыл, сезім, ерік, ойлау, сенімділік, күдік, ес, зерігу, селқостық, армандаушылық, қулық, екіжүзділік, сезім, әсер, парыз, абырой, ұят, жігерлендіру, үрей, зәресі ұшу, сасу, үміт үзу және т.б. көптеген майдан жағдайында жауынгер бойынан жиі көрініс табатын психологиялық ұғымдарға тоқталып, анықтама беріп, өзінің тәжірибелерімен бекіте түседі, мұнысы, шынында да, командирдің творчестволық тұлға екенін дәлелдей.
Патриотизм ұғымына, оның элемент­теріне арнайы назар аударып, кейбір «республикаларда ұлт­тық мәдениет пен тілдің негізі қорғалмайтынын» сынға алды, мәдениет­тің негізін бөлшектеуге жол бермеу қажет­тігіне екпін жасап, онсыз жауынгердің бойындағы патриот­тық сезімді дамыту оңай болмайтына назар аударды. Күншілдік, мақтан сүйгіштік, шешімсіздік, дәстүр, әскери айбындылық, тәртіп ұғымдары әскери тұрғыдан, жауынгерлерді тәрбиелеу мәселесі тұрғысынан алынып қарастырылды, мұның бәрі де жауынгерді моральдық рухани жағынан тәрбиелеу кезінде еске алатын аса күрделі мәселелер болатын. Баукеңнің әңгіме-дәрісті ұрыс психологиясынан бастауының себебі де осында жатқан еді. Өйткені ұрыс, соғыс психологиясын тереңірек түсінбе­йінше, көптеген мәселелерді ұғына алмайтыны мәлім болатын.
Ұрысты басқаратын тұлға командир болғандықтан Момышұлы командирлерге, офицерлерге, олардың рөлі мен атқаратын міндетіне тоқталып, өз тәжірибесі негізінде офицерлерді үш категорияға бөліп қарастырды: 1) жақын қашықтықта ұрыс жүргізетін офицерлер; 2) тактикалық ойлау мен тактикалық мақсат­тағы офицерлер; 3) оперативтік ойлау мен оперативтік мақсат­тағы офицерлер (генералдар) деп бөлді. Баукең өз тарапынан бұлайша офицерлерді категорияға бөліп қарастыруды сіздер әскери әдебиет­терден таба алмайсыздар деп ескерт­ті. Сондықтан да офицерлерді атқаратын міндетінің ауқымына қарай үш категорияға, осылайша, бөліп қарастыру – бұл да Момышұлының өзіндік ізденісінің нәтижесі, тың тұжырымы болатын.
Ол әскердің миы – командир деп білді, ол ұйымдастырушы, операцияны қамтамасыз етіп, жеңіске жеткізуші басты тұлға болғандықтан, Баукең командирді творчестволық еңбектің адамы, творчестволық тұлға ретінде ашып көрсетіп, дәлелдей білді. Командир солдат­тарды тәрбиелеуші, сондықтан ол қарамағындағы жауынгерлерді әскери міндеті мен Отан алдындағы парызын өтеуге жұмылдырады, оқытып, үйретеді, өзі де үйренеді. Командир үшін «…оның бөлімшесі оның академиясы болып саналады. Менің бөлімшем, менің полкім, менің академиям болды», – деп ерекше байлам, соны тұжырым түйіндеді.
Панфиловтың дивизиясы әскери кадрлардан емес, әскерге шақырылған жұмысшы, колхозшы, мұғалім, агроном, бухгалтер сияқты сан алуан мамандық иелерінен жасақталды. Әскери оқу-жат­тығу мен арнайы әскери даярлықтан өтпеген адамдардан құралған, мұндай құраммен бірде-бір генерал соғысқа қатысқан емес, Панфиловтың ұйымдастырушылық қызметі мен қабілеті, міне, осында жатыр деп даралап көрсет­ті. Момышұлы Панфиловтың бар болғаны бір-ақ айдың ішінде Ресейдің орманының ішінде, батпақты-шалшықты жерлерінде жүріп соғысуға, психологиялық факторларды тез арада игеруге, климат­тық жағдайға бейімделуге үйрет­ті, бұл тұрғыдан ол педагог қолбасшы ретінде көрінді, сондықтан да Панфиловты бір туар әскери ойшыл деп баға берді, «Момышұлы – ол өжет мінезді, тактикалық, стратегиялық міндет­терді шешуде жаңашылдық танытқан, дұшпанынан әскери ойлауда басымдыққа ие болған генерал» деп атап өтіп, оның бейнесін биіктете түсті. Б.Момышұлы бұрын-соңды әскери әдебиет­терде ұшыраспайтын Панфиловтың сегіз түрлі қасиет-қырын сомдап жасады. Панфилов парасат­ты генерал, ақылгөй генерал, нақты есеп жүргізе білетін генерал, сабырлы генерал, табанды генерал, қайсар генерал, мақсат­ты генерал, сонымен қатар ол жаңашыл (новатор) генерал болды. Панфиловтың кез­дейсоқ қазасына байланысты Момышұлы тебірене отырып атақты жыраулар үлгісімен арнайы ұзақ толғау жазды.
Баукең сондай-ақ өзі полк командирі болып тағайындалған кез­де «орныма кімді қойсам екен» деп, әбден толғанып, кіші лейтенант Исламқұловқа шешім жасалды. Ол Баукеңнің сенімін ақтап ерлікпен қаза тапқанда осы қайғылы хабарды естіген бойда іштей езіліп, көңіл күйін қойын дәптеріне өлең жолдарымен түсіріпті. Қайғылы сәт­терде қабырғасы қайысқан Бауыржанның бұл жоқтауы да алғаш рет Академияда өткізген әңгіме-дәрісінде қазақ тілінде оқылды.
Момышұлы аудиторияның ерекшелігін ескере отырып, әдебиет­тің міндетіне, жазушының парызына, әскери шығармаларда шындықты дұрыстап көрсете алмай келе жатқанымызға қынжылысын, ренішін білдірді. Шындық мәселесін арнайы қарастырып, шындықты жазу парыз деп санады, ал шындықты жазу оңай емес. «Шындық – суреткердің ұлы міндеті» деп атап көрсет­ті. Шындық ержүректілікті талап етеді, сондықтан Баукең: «Әдебиет майданында жүрген қорқақтар қаншама. Ең аз қарсылық көрсетілетін линиямен жүріп, әрбір қадам басқан сайын жалтақ-жалтақ қарап, сужүректік танытатын кейбір жазушылардың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына менің зығырданым қайнайды»,– деп өз тұжырым-пікірін кесіп айт­ты. Өліммен бетпе-бет келіп, талай шайқастардың тақсіретін, қайғы-қасіретін басынан өткерген тұлға ғана дәл осылай айта алады. «Әдебиетке атсалысып жүрген көптеген адамдар неліктен өз кәсібіне адал емес? Ал мұның өзі бүгінгі таңда өте қауіпті құбылыс емес пе?» деп аудитория алдына сұрау тастады. Бұл мәселе өз кәсібіне адалдық мәселесі Баукеңді қат­ты толғандырған, жауабын іздеуді талап ететін ділгір проблема еді. Кітап жөнінде толғана отырып «Кітап – адамзат әлемінің азаматы» деген қанат­ты ой-пікірін аудиторияның ортасына салды. Кітаптың адамзат тарихы мен тарихи прогресс жолындағы миссиясын мейлінше кең ауқымда көрсете алды.
Шындық мәселесіне үнемі қайта-қайта оралып отыратын Момышұлы: «Шындықты жазу – заң, себебі өтірік – әдебиетке, мәдениетке, келешегімізге кесір»,– деп түйіндеп тастады. Оның бұл аталы сөзінен ғибрат алуымыз қажет еді, бірақ ол күні бүгінге де­йін орындалмай келеді. «Ерліктің атаусыз кетуі – халықтың трагедиясы», – деп атап көрсете отырып – олардың ерлігін, қан төгіп ерлікпен соғысқанын жазбаған сендердің көбіңді тарих дарға асады. Масқара етіп байлайтын бағанаға таңады», деп ауыр күрсінді. Бекке ауыр міндет жүктеп өз еркіне мойынсындыра білген Момышұлы қазақ қаламгерлерінің де алдына тарихи міндет, азамат­тық міндет жүктеп, парыздарын орындай алмай келе жатқанына қат­ты-қат­ты сын айт­ты. Баукең жазушылардың, журналистердің, баспагерлердің міндет­теріне 1942 жылдың өзінде қаламгерлерге жазған хатында батыл әрі өткір қойған болатын. Майдан даласында, соғысып жүріп, жауынгерлерінің рухани мұраға сусындап отырғанын, бұл міндет­ті Қазақ­стан жазушылары мен баспагерлері орындай алмай келе жатқанына қынжылысын білдірген еді.
Баукең әңгіме-дәріс барысында баяндап отырған жағдайға байланысты Бекпен екеуінің бірлесіп істеп жатқан жұмысына жиі-жиі тоқталып отырғанын айту керек, онысы қажет­тілік те болатын, бұл материалдар дәріс мазмұнын толықтырып, аша түседі. Егер де 1944 жылғы дәріс-әңгіме өткізілмесе, Бектің «Арпалыс» повесінің жазылу тарихына байланысты көптеген ең маңызды әрі құнды мәлімет­тер бізге жетпей белгісіз күйде қалуы да сөзсіз еді.
Әңгіме-дәріс – «Арпалыс» повесінің жазылуының тарихын, бірлесіп істелген жұмыстардың ерекшеліктерін бізге жеткізген бірден-бір әдеби де құжат. Бектің әр повесінің үш рет қайта өңделіп толықтырылып барып, Баукеңнің ақтық қарап түзетулер енгізгеннен ке­йін ғана басуға ұсынылғанын осы архив материалдары ғана баяндайды. Баукең Бекпен арасындағы қарым-қатынастың оңай болмағанын, әр повестің қайта-қайта қаралып, әбден илеуін келтіргенше аса жауаптылықпен бірлесе тер төгіп, жұмыс істегенін бүкпесіз ашық айтуы тыңдаушыларды да бей-жай қалдырмағаны аян.
«Арпалыс» повесінің Мәскеуде екі рет талқыланып, жазушылар тарапынан қат­ты қызығушылық тудырғаны мәлім. Бірінші рет 1943 жылы талқылау кезінде Момышұлы бүкіл повестің бағдарламасына, повесте айтылып, көтерілетін мәселелерге, жазылып жатқан жайларға тоқталса, екінші рет 1944 жылы талқылауда тағыда алда істелініп жатқан жұмыстардың барысын баяндайды. Бірінші талқылаудағы сөзінің стенограммасы 24 бет болса, екінші рет талқылау кезінде сөйлеген сөзі – 19 бет.
Сонымен, Баукеңнің әңгіме-дәрісінде айтылған аса маңызды мәлімет­тер осы Бектің «Арпалыс» повесіне қатысты болуының себебі осында. Әңгіме барысында ұлт­тық ерекшелік, ұлт­тық мінез-құлық, ұлт­тық рух, ұлт­тық дәстүр мәселесіне Баукеңнің соншама терең үңіліп зерт­теп, зерделенгеніне қайран қаласың. Ұрыс даласында ұлт­тық ерекшеліктердің жаяу әскер бойынан, оның болмыс-бітімінен көрініс беретінін, бұл қасиет­тердің бетпе-бет шайқаста барынша айқын ашыла түсетінін соншама нәзіктікпен байқап, бақылай білген қолбасшының творчестволық тұлғаның нағыз өзі екеніне көзіңіз жете түседі. Қолбасшы ретінде Панфилов та солдат­тарға әкедей қамқорлық көрсетіп, олардың жай-күйін білу үшін алғы шепте, блиндаж бен окоптарда болып, жағдайды өз көзімен көріп, жауынгерлерге жігер, рух, қайрат бере білсе, Баукеңді де қарамағындағы жауынгерлері әділдігі, турашылдығы, батылдығы, тапқырлығы, әдіс айламен ұрыс жүргізе отырып күші әлденеше басым жаудың қоршауынан шығып командованиенің берген тапсырмасын абыроймен орындағанына сүйсініп, құрмет тұтатын. Ол да қарамағындағы жауынгерлерінің ерекше сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді. Баукеңнің солдат бейнесіне аса бір жылылықпен кеңірек тоқталып отыруында үлкен мән бар. Ол: «Мен солдат­тан нәзік, биязы жан жер бетінде жоқ деп сенімді түрде айта аламын»,– деп тұжырым жасады. «Командир – жеңістің атасы» болса, солдат – сол жеңісті қамтамасыз етуші, жеңістің тірегі.
Б.Момышұлы алғаш рет шешілмей келе жатқан өзекті мәселелер қатарында Қызыл Армиядағы ұлт мәселесі деп атап көрсет­ті. Бұл мәселеде айқын позиция ұстанды. Соғыс жағдайында, әсіресе армияда ұлт мәселесі ескеріле бермегені, әскери шовинизмнің зардабын ұлт солдат­тарының аз тартпағаны жасырын емес.
Осы жерде Момышұлы 1941 жылы 18 октябрьде түнгі сағат екіде Середа деревнясына алғашқы шабуыл жасағанын, тапсырманы сәт­ті орындап, жауынгерлер аман-есен қайтып оралғанын мысал ретінде келтірді. Ең алғашқы сәт­ті ұрыстың солдат­тардың психологиясына қат­ты әсер ететініне назар аударды.
Майор Шехманның 1077, Елиннің 1073-атқыштар полкіне, Капровтың 1075-полкінің ұрыс қимылдарына жеке-жеке тоқталып, ұрыстың барысын, қалыптасқан қиын жағдайды баяндады. 1941 жылдың 18–22 октябрь аралығындағы дивизияның ауыр шайқастар жүргізгенін, Лысенконың, Гариповтің, Т.Тоқтаровтың, М.Ғабдулиннің ерліктерін бөле-жара атап көрсетіп, бүкіл ұрысқа Панфиловтың басшылық жасағанына тоқталып, ұрыс жағдайын аудитория алдында барынша бейнелі тілмен баяндап береді. Б.Момышұлы әңгімесінде ең күрделі ұрыстың көптеген эпизодтарын әңгімелеп берді, ұрыс эпизодтарын шағын-шағын әңгіме сипатында көркем тілмен баяндады, ол тыңдаушыларға қат­ты әсер ет­ті, себебі бұл боямасы жоқ нағыз майдан шындығы болатын.
Матренино стансысы үшін соғыста батальон командирі тапқырлық, айла- әдіс қолданып, дұшпанды мықтап соғып, жүздеген жауды жер жастандырды. Дұшпанның қоршауында қалып қойған Момышұлының батальонына дивизия командирі Матренино мен Горюны ауданына көмекке бір ротаны жібереді. Панфиловтың аса ауыр қатерге тап болған Момышұлына уақыт тауып жазған запискісі сақталынып қалған екен. Онда: «17 ноябрь, түнгі сағат екі. Момышұлы жолдас, сіздің мәлімдемеңізді алдым. Іс-әрекетіңізге бәрі риза. Табыс тілеймін. Барлық жауынгерлерге менің ізгі ниет­тігімді жеткізіңіз». Бұл құжат Баукеңнің блокнотының ішінде сақталып қалыпты.
Момышұлы генерал Панфиловпен ең соңғы рет 17 ноябрь күні түнде байланыс жасады, бұл ең соңғы байланыс болатын, келесі күні дивизия генералы кез­дейсоқ жағдайда жүрек тұсына минаның жарықшағы қадалып, қаза тапты. Момышұлының батальоны дивизия командирі Панфиловтің тапсырмасын Отан ана алдындағы парыз ретінде қан төгіп орындап шықты.
1941 жылдың 17 ноябрі күні дивизия бөлімшелерінің жауынгерлері Отан тарихында жаппай ерлік көрсетудің айқын өнегесін көрсет­ті. 1077-атқыштар полкінің учаскесінде 11 сапер жаудың 20 танкісіне қарсы шайқасып, бәрі мерт болды, бұл Соколово деревнясында жасалынған ерлік болатын, Мыканино деревнясы маңында лейтенант Угрюмов, саяси жетекші Георгиев басшылық жасаған он жеті жауынгер 25 танкіге қарсы шайқаса отырып, 8-ін өртеп жіберді. 1075- полктің аға лейтенанты Гундиловичтің төртінші ротасының Клочков бастаған 28 жауынгері жаудың 50 танкісіне қарсы шайқасып, ілгері жібермей тоқтатып тастады. 28 батыр 50 танкты өртеп жіберді.
Б.Момышұлы «ең ауыр шайқас Крюкова теміржол стансысы үшін болды» деп атап көрсет­ті. Себебі дұшпан осы стансыны басып алып, Ленинград тасжолына шығуды жоспарлады. Міне, 1941 жылдың 1 желтоқсан күні таң атысымен шайқас басталып, бірінші күні немістерді алға жылжытпай қояды, екінші күні Крюковада алты сағатқа созылған, үшінші күні 12 сағатқа созылған ұрыс, ал төртінші күні он сегіз сағатқа созылған өте ауыр шайқас жүргізілді. Бұл кез­де бұған де­йін батальон командирі ретінде Момышұлы 27 ұрыс жүргізіп, жауынгерлерін қоршаудан аман-есен алып шыққан болса, полк командирі ретінде 13 шайқасқа басшылық ет­ті, мына сұрапыл жан алысып, жан беріскен шайқастан ке­йін полкінің саны мүлде селдіреп қалған еді. Осындай ауыр сын сағат­та картаға қайта үңілді: «Крюководан шегінгеннен ке­йін біз соғыса алатын Москва қаласының картасы көзіме қара дақтай, масқаралық дағындай көрінді. Москва көшелеріндегі жүргізілетін масқара ұрыстарға қатыспауға шешім қабылдап, мен өз картамның бәрінен Москва учаскесін қиып алдым да, бұл бөлікті адъютантыма беріп, отқа жақ деп бұйырдым. Москва учаскесі қиып алынған 31 ноябрь деп белгі қойылған картаны сіздер 19-гвардиялық полктің архивінен таба аласыздар». Крюковадан әрі шегінетін жер жоқ еді, арқамызда Москва тұрды.
Момышұлы полкін Крюкованың батыс жағына жылжытып, 31 ноябрь күні бекініске көшті. Сол күні барлық бөлімшелерінің командирлерін жинап алып: «Бірде-бір адал офицерге, командирге, солдатқа Крюковадан әріге баруға мен рұқсат етпеймін деген шешімімді хабарладым. Бұл полкті өліспей беріспеуге, жауды ілгері бастырмай тоқтатуға, өлімге, қатерге бас тігу болатын. Бірақ бұған де­йін күші әлденеше есе көп дұшпанмен шайқасып, ұрыста шеберлік көрсете білген дивизия бұл қатерден де тайсалмай, жол таба білді, 1941 жылы 8 декабрьде Крюково жаудан тазартылды. Сөйтіп, біздің әскерлеріміз қарсы шабуылға көшті. Момышұлы мына эпизодқа тоқталып өтеді.
Немістер қарсы соққы беру үшін Соколов деревнясын плацдарм ретінде қолданбақ болды. 1075-ші Момышұлы басқаратын полкке Соколов деревнясының солтүстік батыс тарапынан шығып, таңғы сағат 8-де Трошково деревнясын жаудан тартып алу міндеті қойылды.
«Егер жаудан ертең таңғы сағат 8-де деревняны тартып алсаң, онда мен сені Суворов деп атаймын»,– деді генерал Чистяков» ол бұл кез­де дивизияға басшылық ететін. Момышұлы барлық жайды зерт­теп, біліп, мынадай шешім қабылдайды: «Бір Трошковоны тартып алғанмен, міндет орындалмайды, «барлық алты жолды және барлық алты мекенді тартып алу қажет». Бауыржан Момышұлы генерал Чистяковтың қойған міндетін абыроймен орындап шықты.
Лекцияны конспектілеп, жазып отырған М.Әуезовтің жазушылық қиялына Трошковоны алу операциясы қат­ты қозғау салды, ол осы уақиғаны сипат­тап, әңгімелеп беруге арналған «Ер серігі – сергек ой» деген шығарма жазды. Онда Бауыржан баяндаған оқиға әңгіме желісіне арқау болып тартылды. Бұл «Намыс гвардиясы» ат­ты пьесадан ке­йін Баукең туралы оның өз әңгімесінің әсерімен жазылып тасталған шағын эпизод болатын. Тегінде, М.Әуезов Момышұлы өз шығармасының кейіпкері етпек болған ниеті осы әңгімеде байқалады.
Б.Момышұлы әңгімесін 1942 жылғы қысқы науқанмен аяқтайды. Ол: «Жаманның қолына бергенше, жақсының жолына таста! Мен біт­тім! Мен тастадым!» – деп сөзін бітірді, сөйтіп, өзінің қоятын шарт­тарына назар аудартады. Баукеңнің қойған шарт­тары Сәтбаевқа арнап жазылған еді, онда осы өзі қалдырып кетіп бара жатқан материалдарды, онымен жұмыс істейтін кісілердің міндеті туралы айтылған.
Алты күнге созылған лекция, шын мәнінде, аса жемісті болды, ол ғылыми, шығармашылық мүдде тұрғысынан алғанда да аса жоғары ғылымилық, көркемдік деңгейде, философиялық толғаныс, психологиялық пайымдау өресінде өткізілді, шешендік өнердің, көсем сөйлеудің бұл нағыз үлгісі болды.
Б.Момышұлы командир ретінде генералдық қызмет атқарса да, шовинистік пиғылдылардың жолына кесе көлденең жатып алуы салдарынан генералдық шенге ие бола алмады. Ұлы тұлғаға көрер көзге қиянат, тарихи әділетсіздік жасалынды, ондаған жыл бойы әскери шені өсірілмеді, содан амалсыз отставкіге кет­ті. Баукең әскери ойлау деңгейі жағынан генерал түгілі маршалдық деңгейдегі интеллектуалды тұлға болатын. Бірақ ол әдебиет майданында, қазақ әскери әдебиетінің негізін салды, классик жазушы деңге­йіне көтерілді, қазақ, орыс түгілі дүниежүзі халықтарының ең сүйікті жазушысына айналды. Ол әдеби даңқ тұғырына көтерілді.

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,
жазушы
Қарлығаш ҚАЗЫБЕКОВА,
педагог, психолог

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір