Жиырма алты томдық. Толық жинақ – толағай еңбек
11.06.2024
797
1

Қазақ­станда Мұхтар Мағауин шығармаларының жиырма алты томдық толық жинағы басылып шықты. Осыдан төрт жыл бұрын ғана Америка Құрама штат­тарының Мэриленд, Силвер-Сприң қаласында «Мagauin Publishing» баспа үйі арқылы атақты қаламгердің сексенге келуі мен алпыс жылдық шығармашылық қызметінің мерейлі қорытындысы ретінде шектеулі таралыммен жиырма бес томдық шыққан еді. Жаңа басылым осы көп томдықтарды ешқандай өзгеріссіз, қаз-қалпында қайталайды. Бар қосылғаны – жақында ғана жазылып біткен «Алтын Орда» шежіресі.
Осы ретте біз оқырман назарына Едіге Мағауиннің толық жинақ туралы жазбасын ұсынуды жөн көрдік.

Толық жинақ жанрлық, хронологиялық негізде түзілген. Әрбір кітаптың көлемі 550-650 бет­тен тұрады. Төл мәтіндер соңында дәйектеме түсініктер берілген. Жалпы тиражы – 2 мың данадан.
Aлғашқы үш том – әңгімелер. Оның ішінде, бірінші том – «Әуелгі әңгімелер», «Өткінші әңгімелер», «Иесіз әңгімелер», «Доңыз жылғы балалық» аталатын топтамалардан құралған. Атап айт­қанда, жиырма жаста жазылған «Бір уыс бидай», «Тіленші», жиырма бір жастағы «Кешқұрым», «Әйел махаббаты» әңгімелерінен басталып, тәуелсіздік қарсаңы, 1990 жылы жарыққа шыққан «Пұркоралдың көк аты», «Ең әділ сайлау», «Тас-судан өткен қашқындар», «Әбдіғаппар сері», «Абақтыда өлген Уан атам» дейтін әңгімелермен түйінделген.
Әңгімелердің екінші томы – тәуел­сіздік замандағы азат қаламгердің жаңа бір тұрпаты. «Еркіндік бастауындағы екі әңгіме», «Тамыздан соңғы әңгімелер», «Одағай әңгімелер», «Және одағай әңгімелер» топтамасы. Таратып айт­қанда: «Салах-ад-Диннің үкімі», «Коммунистік реализмнен» басталып, «Ұлтаралық жанжал», «Қасқыр-Бөрі», «Сұркөжек ат­тың соңғы шабысы», «Травеннің әңгімесі», «Қос ағаш», «Құмырс­қа-қырғын» және осылар қатарлас тағы бірнеше әңгіме.
Үшінші том – «Әдепкі әңгімелер», «Әрқилы әңгімелер», «Талайсыз әңгімелер», «Оқшау әңгімелер» аталатын топтамалардан құралған. Жіктеп атасақ: «Бір нәзік сәуле», «Эльза жеңешем», «Келде-мұнара», «Бесінші түлік», «Он жеті әйел алған Исақан ағам», «Түйеші Қамбар», «Өлі мен тірі» қатарлы әңгімелер. Бұл кітап «Құждың қу жілігі» аталатын әңгімемен түйінделеді.
«Толық жинақтың» келесі жеті кітабы – романдар мен хикаят­тар.
Бұл қатарда төртінші том – қаламгердің 1971 жылы жазылған алғашқы романы «Көк мұнар» және содан бұрынғы һәм ке­йінгі жазылған «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары» деген хикаят­тар.
Бесінші том – «Көкбалақ» романы және «Өмір жыры», «Жыланды жаз», «Жүйрік» қатарлы хикаят­тар.
Алтыншы, жетінші томдар – «Аласапыран» тарихи дилогиясы. Бұл – бір тарабы Мәскеу, екінші қиыры Пекин мен Берлинде басылған, авторына Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлық әперген атақты романның түпнұсқа қазақ тілінде тоғызыншы мәрте басылымы екен.
Сегізінші том – совет­тер заманында жазылып, жарыққа жеткен «Шақан-Шері», «Сары қазақ» романдары және тәуелсіздік кезеңінде еркін қаламға түскен «Шипалы Aрасан», «Қисық ағаш», «Оңғақ» хикаят­тары.
Тоғызыншы том – «Мен» дилогиясы: «Шытырман», «Қия жолдар» аталатын ғұмырбаяндық екі роман.
Оныншы том – өзгеше бітімді «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып хикаяты», «Жармақ» романдары.
Сонымен, бастапқы он том құрамында әрқилы тақырып, сан-салалы әдеби тәсілмен жазылған, Мұхтар Мағауиннің биік өрелі прозасы – сексен жеті әңгіме, он хикаят, он бір роман топталып отыр.
«Толық жинақтың» келесі он алты томы – әдебиет­тану, тарих тарабындағы ғылыми зерт­теулер мен мемуар, көсемсөз, аударма үлгілері. Таратып айтайық;
Он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші томдар – «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясы. Он бесінші том – «Шыңғыс ханның» тікелей жалғасы есепті, танымдық тауарих аталған «Алтын Орда».
Он алтыншы том – әдебиет тарихына қатысты зерт­теулер: жас ғалымның жиырма бес жасында жазылып, атағын шығарған және алдынан сара жол ашқан «Қобыз сарыны» монографиясы һәм «Ғасырлар бедері» деген атаумен жинақталған тетелес ғылыми еңбектер.
Он жетінші том – бұрындары үш қайтара кітапқа шыққан «Тасқа басылған қолжазбалар» – әдеби сын.
Он сегізінші том – ғылыми зерт­теулер: Бұқар-жырау, Шортанбай мен Мұрат, Абай мен Шәкәрім және Жамбыл. Сонымен қатар, ағымдағы әдеби сын үлгілері.
Он тоғызыншы том – «Қазақ тарихының әліппесі» және тәуелсіз заманның алғашқы жылдарында жазылған, «Ұлт­тың күре тамыры» деген тақырыппен топталған көсемсөз үлгілері.
Жиырмасыншы том – жазушының жас шағы – 1968-1973 жылдарда жасалған аудармалар: Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» романы және Сомерсет Моэмнің таңдамалы тоғыз әңгімесі.
Жиырма бірінші томның бастапқы жартысы – кітап ішіндегі кітап:
«Кұңфудзының даналық дәрістері» деп аталады. Ханзу жұртының ұлы ойшылы Кұңфудзының философиялық «Кеңес пен толғам» ғақылия кітабының өзгеше тәржімасы және толымды зерт­теу мақала мен ғұмырбаян, түсініктемелер. Сонымен қатар, бұл томда қазақ тарихындағы Шыңғыс хан, Абылай хан, Кенесары хан, Бердіқожа батыр және Кеңгірбай би, Жобалай би, Құнанбай қажы, Құрманғазы мен Абайға, Мұхтар Әуезовке қатысты шағын эсселер, ең ақыры – «Ешкі жетектеген екеу» және Шыңғыс хан тарихына қатысты көлемді мақала.
Жиырма екінші том – әйгілі «Ұлтсыздану ұраны» және бүгінгі күн тақырыбындағы «Кейісті мақалалар», «Оқшау мақалалар» ат­ты топтамалар және «Қарымта» деген ортақ тақырыппен жинақталған бес мақала: негізінен 2002-2006 жылдары, бірнеше жыл бойы Мұхаңа қарсы жаппай жүргізілген, жалалы, былғаныш науқанға қаламгердің өзіндік реакциясы көрініс тапқан амалсыз жазбалар. Мұхтар Мағауиннің ғұмырбаяны ғана емес, сол кезеңдегі әдеби және рухани ахуал туралы дерек беретін дәйектемелер ретінде қатарға қосылды.
Жиырма үшінші том – эмиграция кезеңіндегі көсемсөз. Бастапқы «Қазақсыз Қазақ­стан» деп аталатын топтама құрамындағы «Қан төгілді» – 2011 жылғы Жаңаөзен қырғынына байланысты, оқиғаның ізін суытпай жазылған сурет­теме һәм айыптау лепес. «Ғаламат апат шындығы» – 1931- 1933 жылдарғы қазақ ашаршылығы, себеп-салдары мен бүгінгі зардабы. Ал «Қазақсыз Қазақ­стан» дейтін көлемді толғам – Назарбаев билігі жеткізген сұмдық пен ұлтқа қарсы қылмыс, қазақтың елі мен жері, қазына байлығының жойдасыз тонауға ұшырауы, рухани жұт және саяси қысым турасында. Бұл томда Шәкәрімнің ғұмырбаяны мен мұрасы туралы көлемді екі зерт­теу мақала және Алаш арыстары: Міржақыпқа, Мағжанға, Әлімхан Ермековке қатысты шағын толғамдар һәм қазақ тілі мен руханияты төңірегіндегі бірнеше мақала бар.
Жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы томдар – тұтасымен мемуар. Қаламгердің жеке басы емес, көрген, білген, алдынан өткен, қатарлас жасаған белгілі тұлғалар туралы. «Естеліктер кітабы» деп аталады. Үлкендерден бастап айтсақ – өзі дәрісін тыңдаған Мұхтар Әуезов, игілікті ғылыми жетекші – Бейсенбай Кенжебаев, ықыласына бөленіп, қамқорлығын көрген Мәлік Ғабдуллин, Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Нығмет Ғабдуллин, қатарлас жасаған Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Кенжеғали Сағадиев, Мағауия Сембай және басқа да атпал тұлғалар қамтылған. Сондай-ақ, жастары үлкен, таныған һәм біліскен, жақсы қатынаста болған Гүлнар Дулатова, Әди Шәріпов, Темірғали Нұртазин, Өтебай Қанахин, Ләйла Әуезова, Әбдірәшит Ахметов, Әйтікеш Толғанбаев, ке­йінгі іні Жәнібек Кәрменов туралы толымды естеліктер.
Бұл қатарда соңғы жиырма алтыншы томның бір ерекшелігі – балалық шақ туралы «Балақан» ат­ты роман-мемуар енген. Сонымен қатар, осы ақырғы томда жазушының жеке басына қатысты ғұмырбаяндық деректер, бұрынғы-соңғы жазылған шығармалардың хронологиялық тізбесі, түпнұсқада және әрқилы аудармаларда шыққан кітаптар көрсеткіші және «Толық жинақтың» әліпби тізбесі берілген.
Анығын айт­қанда, академиялық басылым дәрежесінде, тұтас бір ғылыми-зерт­теу институтының тынымды шаруа­сы іспет­ті.
Атап айту керек, Мұхтар Мағауин шығармаларының жиырма алты томдық «Толық жинағы» бүгінгі Алаштың біртуар азаматы Ерлан Әшімнің тікелей демеу­шілігімен жүзеге асып отыр. Ешқандай сұрау, өтінішсіз, өз тарапынан құрмет, ықыласының нәтижесінде. Қазақ руханиятының тарихында қалар өзгеше оқиға дер едік. Мұхаңның «Қаз тойғанына емес, орғанына семіреді» дейтін сөзі бар еді. Ерлан бауырының танымына, ұлтшылдық, мемлекетшілдік кең өрісіне, тәуелсіз өр мінезіне мейлінше риза болды. Баба қазақтың ең үлкен батасын айтып отыр: «Тәңірі жарылқасын! Үй-орманы, бүкіл әулетімен өсіп-өніп, бар мұратына жетсін!» – деді.
Прозашы, ғалым зерт­теуші, әдебиет сыншысы, тарихшы Мұхтар Мағауиннің жиырма алты томдық «Толық жинағының» жарыққа жетуі – қаламгердің шығармашылық ғұмырбаяны ғана емес, қазақ әдебиеті, қазақ руханияты үшін үлкен оқиға, елеулі құбылыс деп білсек керек.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.06.2024 | 17:35

«Шыңғыс ханның» тікелей жалғасы есепті, танымдық тауарих аталған «Алтын Орда» шығармасын журналдан оқып, рухымыз бір көтерілді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір