Жиырма теңгелік ұят

Баткяның дүкені ылғи ырду-дыру болып жатады. Бұл жолғы айқай-шу ауыл әкімі мен ішкіш Баханың арасында туды.
– Сен, алдымен, кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? – деді әкім.
Баха таңғы бас жазуға келген, сондықтан шала мас еді.
– Әрине, адаммен сөйлесіп тұрмын. Басқа кіммен болушы еді? – деді есінеп-құснай.
– Көзіңді ашып қара, біріншіден, осы ауылдың әкімімін, екіншіден, үкімет адамымын. Кішкене субардинация сақтау керек, – деді қолын шошаң еткізіп.
– Сен де көзіңді ашып қара, – деді күрк-күрк жөтелген Баха, – сен біріншіден, әкім емес, адамсың. Екінішіден, үкімет емес, осы ауылдың баласысың, – деді сыр-сыр еткен кеудесін сипап.
Әкім мұндай жауап күтпеген болса керек, тосылып қалды. Аузынан сөз жұтап:
– Қашаннан ақыл айтатын болғансың, – деді сасқанынан.
– Осыған да ақыл керек болып па, әкім мырза. Жай ғана шындықты шырылдатқаным ғой, – деді езуіне күлкі үйіріліп.
Баткя екеудің ісі насырға шаппасын деп:
– Баха, сенің-ақ әзілің бітпейді екен, жетер, қойсаңшы! – деді жалынғандай.
– Жә, жарайды! Баткя, әңгіме жоқ, қоямын, – деді Баха.
Сатушы әкімге не керегін сұрады. Әкім:
– Әдеттегідей, – деп ым жасады.
Баха күпәйкесінің ішкі қалтасына салған сырасынан екі ұрттап қойды да, әкімге тақап келді.
– Азғантай ғана уақытыңызды алайын, бір-екі сұрағыма жауап бересіз бе? – деді сыпайылап.
– Айтыңыз, – деді әкім жақтырмаса да жымиып.
– Рақмет! Әңгіме субардинациядан шықты ғой. Осы сіз екеуіміздің айырмашылығымыз қандай? – деді түйеден түскендей.
–Баха! – деп шаңқ етті Баткя, – саған қой дедім ғой. Кісінің мазасын масадай алдың ғой. Бұл жер саған әкімдік емес. Шаруаң болса сонда бар. Не ол, қайта-қайта қақсатып, – деп жыларман болды.
Әкім Бахаға жауап берген жоқ. Осы сұрақты өзіне төтелей қойды.
– Ым-м… өзің жауап бер дейсіз бе? Жалпы, сізден менің айырмашылығым биттей ғана, – деп Баха кассаға қарады.
Кассада әкімнің сатып алып жатқан қымбат арақтары мен шұжықтары, тұздалған қиярлары жатқан.
– Міне, мыналарды, – деп арақ пен колбасаны нұсқап, – мен көшеде қолыма ұстап еркін жүре аламын. Ал сіз өйте аласыз ба? – деп әкімнің бетіне қарады.
Әкім көп ойланған жоқ. Мырс етті да:
– Ұят емес пе?! – деп балықтай шоршып түсті.
– Неге ұяласыз? Ақыры оны үйіңізге барып ішесіз, үйіңіз болмаса, кеңсеңізге келіп сылқитасыз. Сонда сіз арақты ішкенге дейін ұялып, ішкеннен кейін ұялмайсыз ба? Міне, екеуміздің айырмамыз! Жалпы, мен арзан ұятпен өмір сүргім келмейді, – деді Баха сырасының түбін төңкеріп.
Баткяның тұла бойы қалшылдап кетті. Саудасының сапалағын шығарған кержақты әкесін танытуға дәл қазір дәрмені жетпес. Әдеттегідей сылқия мас болғанда қаңбақтай ұшырар еді. Қазір тісін-тісіне шықырлатқаннан басқа шаруасы жоқ.
– Сіз әлі субардинация сақтап тұрсыз ба? – деді әкімге әнтек қарап Баха, – сабырыңыз сарқылмаса екінші сұрағымды қояйын.
Әкім бұл жолы мырс еткен жоқ. Ашулануға да айла таппады. Қазір мынаумен жағаласса репутациясына нұқсан келеді. Сондықтан қой аузынан шөп алмастай жуасып тұр.
– Қазақ «үндемеген үйдей бәледен құтылады» десе, орыс үндемегенді келіскеннің белгісі санайды. Сіздің қазақша не орысша ойлайтыныңызда шаруам жоқ. Мен сізге қазақы қалпымда сұрақ қояйын. Ұятыңыздың құны қанша? – деп Баха екінші сырасын ашты.
Пыш-ш еткен сусынға аңқасы кепкен әкім жұтына қарап қойды. Баткя ауыл басшысынан кешірім сұрап әлек. Әкім болса маскүнемнің сұрағына ойланып қалған. Екі көзін бір нүктеге қадап, елпектеген дүкеншіні елемеді де.
– Әкім мырза, а-у-у… жауап беру қиын болса, қыстамайын, – деді Баха ыңылдап.
– Шаруаңыз қанша? Мен сізге жауап беруге міндетті емеспін, – деді әкім заттарын жинап.
– Шаруам шамалы, шамданбаңыз! Ашуланғанда не табасыз? Ұрасыз ба? Ал онда жағымнан қойып қалыңыз, мен сіздің көзіңізді көгертейін. Міне, қарнымнан теуіп жіберіңіз, тура тұмсығыңызды бұзайын. Не болады сонда, әкім мырза, айтыңызшы! Тағы да ұят болады. Жә, оған барыспайық. Сіз одан да ұрыс-талассыз ұятыңыздың тым арзан екенін мойындай салыңыз, – деді Баха тақымдап.
Әкім дүкеншіге ақша төлеп, арақ-шараптарын пакетке жиыстырып алды.
– Сонымен, ұятыңыздың құны қанша? – деді қайталап Баха.
– Сіздікінен қымбат болмаса, арзан емес, – деді сөз тапқандай әкім. Баха оның бетіне бажайлай қарап:
– Пәлі, әлі де сіз ештеңеге түсінбеген екенсіз. Мен сіздің ұятыңыз шылымнан да шли арзан екенін дәлелдеп берейін, – деді алақанын ысып.
– Қалай сонда? – деп әкім таңдана қарады.
– Былай, – деп Баха пакеттегі заттарды қайта шығарды, – тәк, мына арақты бір қолтығыңызға, екіншісін келесі қолтығыңызға қысыңыз. Ал шұжық пен қиярды кәстөміңіздің қалтасына сала салыңыз. Міне, осылай көшеге шығып жүріңізші, сізге басым жерге жеткенше алғыс айтайын, – деді Баха.
Әкім маскүнемнің мына мазағына жаны шыдамады:
– Басты қатырма, мен сен сияқты қалай болса солай жүретін ұятсыз емеспін, – деді көзі шатынап.
Баха жерден жеті қоян тапқандай:
– Зврика! – деп айқай салды, – міне, міне, әкім мырза, сіз боп, біз боп менің ұятсыз екенімді анықтадық. Ал сіз – ұятыңыз бар адамсыз. Сондықтан пакетсіз көшеге шыға алмайсыз. Дұрыс па, әкім мырза? – деді Баха.
– Дұрыс! – деді әкім сенімді түрде.
– Демек, сіздің ұятыңыз менің ұятымнан жиырма теңгеге болса да қымбат екен, – деді Баха.
– Неге жиырма теңге? – деп әкім шамданып қалды.
Баха басын шайқап қойды да:
– Сіз арақты көтеріп жүруге ұялған соң, жиырма теңгеге пакет сатып алған жоқсыз ба? – деді әкімге көзін қысып.

Аулақ болса болғаны
Карантин кезінде қазаққа ажал тек қана вирустан келді. Қалған айтып-айтпай келетін ауруларға мыңқ демедік. Мына әйелдердің әңгімесі соның айғағы.
– Просто, бас сүйегі сынған, – деді түкті әйел, – просто, балам көк тайғақтан тайып құлағанда, просто оң жақ мишығы 8 сәнті ғана сетінепті. Шатыры шайқалғаннан просто оң көзіне қан толып, сол көзіне жас шүмектейді, – деді түкірігі шашырап.
– Анау бәледен аулақ болса болғаны, – деді көккөз келіншек, – ол түк емес, – деді сөзін жалғап, – күйеуімді асау теуіп, қуығын жарып тастады. Бес күн болды, бейшара борбайсыз – деді сыбырлап.
– Иә, әйтеуір, анау бәледен аулақ қой, – деді екеуі күрсінісіп.
– Жарылған борбай жамалар… – деді түкті әйел, – просто менің көршіме обал болған. КамАЗ қағып, жүнін бұрқ еткізді. Просто ақкөңіл ғой. Шудадай ақтарылған ішегін беліне байлап, жұлынған қолын іздепті. Іздей жүріп, қағып кеткен кеңкелестен өзі кешірім сұрапты. Басқа болса, сол жерде өле қалар еді. Просто, көршім ақкөңіл. «Қол табылар, сәлем түзу болсын!» депті әлгі жүргізушіге.
– Е, шүкір, анау бәледен аулақ қой, – деді екеуі ернін салпыйтып.
Көккөз құрбысы жеңілсін бе, қолын беліне таянып:
– Міне, саған керек болса жаңалық. Біздің үйге өзге ғаламшарлықтар келді. Аппақ киім киген. Қолдарында қарулары бар. Менің маңдайыма тақап: «Көкетай, енеңді сыйла, жүз жастағы кемпір обаны да, шешекті де, қотырды да көрген. Қысатынды қыс та, үйде отыр. Сонда өлмейсің» – деді, – деп көзін сығырайтты.
– Иә, просто анау бәледен аулақ болса болды, – деді түкті әйел тіксініп.
– Аха, жеті атамнан аулақ, – деді көккөз әйел де есінеп.
Көккөз де, түкті де жеңілмеді. Отыра-отыра жамбас ойылып, тыңдай-тыңдай құлақ қажалды. Б-ды-ды, б-ды-ды… бітер емес. Зыпылдап жатыр, лыпылдап жатыр. Олармен омалып отыра берсең, бала ержетіп қатын алып, қыз бойжетіп тұрмыс құратын түрі бар.
Екеуінің әңгіме арасында еріндері кесеге тие бергенін пайдаланып, мен де сөйлеп қалдым.
– Беті аулақ! – дедім, – одан да көк көжеден ішіміз өтіп, көп ұйқыдан басымыз ауырсын. Тар топлиден өкшеміз қажалып, тазкепеден басымыз биттесін. Ары кетсе, қотырдан қаси-қаси қанымыз шықсын! Әйтеуір, сендер айтқан ана бәле – коронавирустан аулақ болайық! – деп ас қайырып тұрып кеттім.

Серікжан МҰРАСЫЛ
ПІКІРЛЕР2