Баймаханбет АХМЕТ. ЛҮП-ЛҮП СОҒЫП ТҰРҒАН ЫСТЫҚ ЖҮРЕК ЕҢ…

БІР ЕЛ БАР….
Тәуелсіздік, саған көп-ау бересім
Туымды тік ұстап, жықпай келесің!
Аспан асты, жер үстінің иікпес
Иен байтақ байлығына егесің!
Көздегі нұр, жүректегі отым да ең…
Белің будым қақпай әсте бетіңнен,
Тәңір сыйы – алтын айдар ұлсың ғой,
Әлпештеумен, аялаумен жетілген.
Сезімімді сөзбен жеткізе алмаспын,
«Сен» деп сергіп, от, су кештім, тауды астым.
Әлдеқашан ержетсең де, өзіңді
Өліп-өшіп сүюден бір танбаспын.
Өкінішім, өкпем де жоқ өткенге…
Сен аман бол! Басқа тілек жоқ менде.
Дүниеге келіп едің… сорлы елім
«Шіркін ұл» деп кенезесі кепкенде!
Оянды әлем қаламымның ұшында үр…
Жазам елдің игілігі үшін жыр…
Қасиеттім менің, сені төңіректеп,
Періштелер ұшып жүр..
Саған тіктеп түсер көктен нұр енді әр…
Сенен бізге даритынын да білем нәр!
Тәбәріктеп тұсына іліп тұмар ғып,
Сені көкке көтеретін бір ел бар!
Әр таң сайын қуанышқа кенелдім,
Бір бұтағы сынбаса екен еменнің…
Басына кеп қонған тәуелсіздігі,
Енді мәңгі болса екен деп сол елдің!
Туған елім, түр-бәденің ғажап-ақ,
Сен аз жылда-ақ аяғыңнан қаз басып.
Тұрған едің… жыр да мені мазалап,
Құшағымды келем жарқын жазға ашып!
Дәуір-санаң оянды ма самарқау,
Тәңір саған шұғыласын төгеді.
Басылмаған жалыны әлі жанартау,
Ашылмаған аралдарың көп еді!
Сезімнің сел-дариясын ақтарған,
Көзімнің сен қарасы мен ағысың.
Бұлбұл әні төгіліп гүл бақтардан,
Айға азуын білеген жас барысым!
Менің туған жерім, Қазақстаным –
Бейбіт, еркін, кең де байтақ кеңістік!
Сенің арқаң менің шаттық құшқаным,
Әлемдегі құт бесігім ең ыстық!
Мақтанышы оның, менің, сенің де,
Елім, барыс жүректі, құс қанатты!
Қандай рахат ғұмыр кешу төрінде
«Қазақстан» аталатын жәннаттың!
Күннен түскен сәуле ем жасыл жоныңа,
Көкжиегі сағымменен шектелген.
Көлеңкемді көп ертермін соңыма,
Көсегеңді көгертермін деп келгем!
ӘУЛИЕАТАМ, ӘУЛИЕМСІҢ СЕН!
Ақының болам – менсінсең,
Жақының болам – жерсінсем…
Таңдайымдағы сұлу сөз,
Маңдайымдағы меңсің сен!
Арқамнан алты айырық,
Тамшылаған қара терсің сен.
Әке, шешемнен ерте айырып,
«Қамшылаған» да сенсің, мен білсем…
Кәрі тарлан тарих – тәнсің жас,
Шерменде күйсің – шертілсең…
Толғасам, таңға таусылмас
Әулиеата, шежіре-шерсің сен.
Айналаң түгел тола көл…
Жерсінер сені, жерсінсе ел!
Шегі мен шеті жоқ әлем –
Жиделібайсын елсің сен!
ЕСІЛ АҒАДЫ…
Алтыншы күн бүгін Астанадағы…
Сәл қатулы қабағы, су – балағы.
Ауа райы күнде он-сан құбылып,
Күзің қысқа ауыңқырап барады…
Сол қалпы әлі, сол салтанат, сол іңір…
Шоң шаһардың бізбен жаны, тәні бір.
Оқта-текте дым бүркеді сараңдау…
Жылы қойны суымай тұр бәрібір…
***
Күні де бір ашылар, бір түнеріп…
Құйқылжытар көңіліңді, шіркін, ерік!
Көкке ұмсына асқақтай түсті қала
Жататұғын өзені үрпін еміп…
Жел сабалап жер-көкті алады өшін,
Жаңбырдан соң жиғанда жаңада есін…
Толқын үйіріп төсіне, іштен тына,
Арнасымен атқақтай ағады Есіл.
Тұманытқан жағалау тұр қабарып,
Ақ қайыңдар «балтырын» суға малып…
Іштен тынар әлдене айтқысы кеп,
Толқындар ше… толқындар зулап ағып!
Мойынсұнып күзге Арқа атырабы,
Сары уайым, мұңға да батырады.
Дір-дір қаға желге ұшып жатыр әні…
Астаналық ақ қайың жапырағы…
ХАТЫМДЫ АЛМА…
Хатымды алма, оқыма не жазғанымды,
Бекер, босқа қайтесің уайымыңды үстеп!
Сенен де жақсы біледі қағаз халімді…
Оған жазғам бүкпей бар жайымды,
іште – от!
Бәрібір менің басылмас сағыныш – мауқым,
Қиналғаныңды хатты оқып көргім келмейді
Сезіндім, сездім әлдебір «жарылыс қаупін»…
Хат жазбасқа ал… іштегі «өртім» көнбейді.
Оны оқуға өзімнің дәтім бармас,
(Қайбір оңған көңіл күй бізде бүгін…)
Сырыңды ашсаң, сұлуым, ақындарға аш,
Үмітін үсте, беймезгіл үзбе гүлін!
Саған көп сыр ашпаймын әйтеуір мен,
Жүрсің (шүкір) мендей бір қыртқа көніп.
Құсамды айтып, құлазып, қайтейін мен,
Көңіл күйін жетпістің қырыққа теліп!
Уайым-мұң, қайғысы мол ақынмын
Тағдырының тоңдырған ақ бораны.
Мен сен жазған хаттарды ғана оқимын,
Жаным жаймашуақ бір лепке оранып!
Жиі хат жолдап тұршы…
ДАТ
Жеткізем деумен өзіңе арзу-датымды,
Жыр жазып, ел деп қапылды.
Еңбегін қашан елер екенсің ақынның?
Қалдыра берме көңілін азаматыңның.
Енді өткен күннің ол үшін-дағы көбі елес,
Талқыға түскен өмірінде көріп көп егес.
Азамат болып қалыптасуында аз-мұз
себің бар…
Ал ақын еткен сен емес!
Оны ақын еткен берілген талант Құдайдан,
Тәңірдің сыйы – төгілген сәуле күн, айдан.
Содан да әрбір сөзінде оның құдірет бар,
Жадырататұғын жаныңды налып, мұңайған!
Асаулау ақын ноқтаға басы сыймаған,
Бөлене алмады содан да құрмет, сыйға да!
Өрде кіл самғап жүруі үшін де тым қүрыса
Үмітін ұштап, бермедің жер де, үй де оған!
Сен жайлы «аңыз» ойлап та тапты сан қилы…
Өзгерсін деумен өнбойыңа аздап қан құйды.
Ал содан оның шыққаны қане ұшпаққа?
Сен деп ол… өлер болды ғой… сенсең, әй, билік!
МЕРКІ МАҚАМДАРЫ
Лүп-лүп соғып тұрған ыстық жүрек ең…
Мен келдім ғой,
Меркім, өре түрегел!
Сезім қылын шертер сымбат, сипатың…
Жазбау – обал… әр келгенде бір өлең!
Жаз нөсерің төкті-ай күні-түнімен,
Иә, солай ақтарылатыныңды біліп ем.
Шумақ-шумақ болып шыға келердей,
Өлең өріп әр бұтаңның түбінен!
Жамалың сол қалпында, әлі оңбапты,
Иен түзге бастап сүрлеу жол жатты.
Ырғалады майсаң мұрты бұзылмай,
Жырға-дағы түні бойы толғаттың!
Мен келдім ғой шарпығанда көркіңді от,
Өзіңді аңсап, өлең жазу дертім боп!
Мейіріммен қарсы алғаның ба екен бұл,
Айда, жылда келгенімде «Меркім» деп!
ТУҒАН КҮНІҢМЕН!
Жетті-дағы құлаққа «шыр» етіп үн,
Осы күні сен тудың білетінім.
Әнсің шырқар, ауасың демалатын,
Өмір сенсің мен үшін, сүре-тұғын!
Анаға тән мінезің еркімді ап тым…
Алғаш сәби «іңгәсін» сен тыңдаттың.
Әуелі Алла, сосын, сен боларсың-ау,
Мынау жер үстіндегі ең қымбаттым!
Сен туған күн жырға осы толғатып ем,
Жаман ойлар жоқ қой, жоқ сенде атымен!
Бар мен жоққа келесің бірдей төзіп,
Отбасы отын үстеумен, лаулатумен!
«Немере» деп емініп, жазбай бір бой,
Еңбегіңнің есесін қайтардың ғой!
Туған күнің ғана емес бүгін, бүгін
Саған аппақ алғыстар айтар күн ғой!
ҚҰСНИ ХАТ
Хат жазып (өтті-ау бірер күн),
Көгершіннің қанатына байлап жібердім.
Хабарыңды терезеге кеп қонған,
Аппақ құс уілінен білермін.
Уа, сенсіз мына дүние маған неге жат?
Құшағына алар ма мені келе бақ.
Көгершін құсым (өзің де көгершіндейсің),
Әкелер екен не жауап?
Келемін аңсап тыңдауды салған әніңді әр,
Тәуекел, өмір тағдырымды менің тағы ырғар.
Құп-құйттай құсты мұнары
үстінде қалқытып,
Хатымды саған апарып берер сағымдар!
Біраз жыл елдің шетіне, желдің өтіне,
Хабарсыз, хатсыз шығандай ұзап кетіп ем.
Сенсіз өмір тұл, сәлемімді менің жеткізген,
Көгершін құсты өкпелете көрме, өтінем!
ЭКСПРОМТ
Алдымда эскиздер,
Жазылып бітпеген өлеңдер.
Уа, қайда бастайды ескі іздер?
Өлеңдер менен де өр!
Қазіргі өзімнен көп кіші,
Иесі жас ақын кемеңгер!
Айды да келеді өпкісі,
Құшам деп күнді де, елеңдер!
Жарқ етті жадымда, әттең, ол,
Жылдардың парағы жабылып кеткенде.
О, қандай отты өлең!
Ал қазір ондай жыр жоқ менде!
О, сосын, тебірене толқиды,
Ой тұнық, мөлдір һәм шынайы.
Баяғы кезімді сол күйі,
Оралта гөр маған, Құдайым!
Эскиздер, айтпағы мол да екен!
Санамнан мәні өшкен жоқ әлі!
Жас ақын нені айтпақ болды екен?
Жалғай да алмадым оны әрі!
ПЕРІШТЕ ЕМЕСПІЗ…
Бүркеп үлгерді былапыт маңды,
Жауды да қыстың алғашқы қары.
Бір апта ғана уақыт қалды
Жыл келіп, жылды алмастырады!
Оранған қыстың қар-ішігіне,
Естілді өзеннің дауысы, міне!
Қыстағы ғажайып осы ма, әлде,
Суық пен сұлулық жарысы деген!
Ақ жайнақ дүние, аппақ-ау, аппақ!
Тұр ару ақынның өлеңін жаттап.
Әлдебір әнді айтады ызыңдап,
Жел шайқап шиін төбенің қатқақ.
Сұлулық, көзге көзден көшіңіз!
Селсоқпыз неге кездерде осы, біз,
Тұмса табиғат түгел түлеп жатса да,
Белгісіз өзгерер, өзгермесіміз.
Ақ қырау, көк мұз айбаты да аңыз,
Мінекей, қыстың жаннаты нағыз!
Ақ қар жасырды қоқыс пен кірді,
Күнәмізді ал біз, қайда тығамыз?
ШЫРМАУЫҚ ГҮЛІНІҢ ИІСІ
Мұзартты маңай… мұздай боп тәніне,
Тоңазытты да жіберді таңның самжылын…
Ауылдағы енеу қауындықтан құзар сәріде
Шырмауық гүлінің иісі әлемді алып аңқыды!
Осы бір иіс, Құдай-ау, таңның деміндей,
Бес бұрыш күле – сүюге ұмсынған еріндей!
Жазғы шілде де адыраспанды да
ашып ақ гүлін…
Ауып-ай, шіркін… күлдің бір жұмақ төріндей!
Таң атса-ақ қырға саулатып көктен ерек нұр,
Жаңбырдың уыз иісі-ай, шіркін, о да өткір!
Шырмауық гүлдің ерінінен сүйіп, әбестеп,
Көбелек түсте періштелері желеп-жебеп жүр!
Ақ, қызғылт гүлдер күннің кірпігіне сүйенген…
Иісін алуға оның сапарға шығам жиі елге!
Шырмауық гүлінің иісі – ол, ол… жаз иісі,
Арам шөп болса да жұпары үшін оны сүйем мен!
Берігір оған – есіне ап сағын, сағынба,
Бет-жүзін жұп қылып қиып бір әдемі
аунаған…
Шырмауық гүлі жатыр-ау, шіркін, қош аңқып,
Ауылда, енеу шарбақтың аяқ жағында!