Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК. ЕРТЕ ТҰРҒАН ЖІГІтТІҢ ЫРЫСЫ АРТЫҚ
«КӘМШАТ» ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ?
Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман адамның ісі қандай ғажап. Оның барлық ісі қайырлы. Бұл қасиет тек мұсылманға ғана тән. Егер ол қуанышқа бөленсе, шүкір етеді, бұл оған қайырлы болады. Ал егер басына бір қиындық келсе, сабыр етеді, бұл да оған қайырлы болады».
Жарас өткен күндеріне көз жіберсе, талай-талай белестерден аcыпты. Өмір асфальттанған теп-тегіс жол емес, оның ой-шұқыры да, қиын асулары да жетерлік. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, көздеген мақсатқа кездескен қиындықты жеңе білетін төзімді жандар ғана жетеді. Жарас және оның командасы үшін Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында ашылған «Ақ қанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бизнестің нағыз мектебіне айналды. Дәл осындай қиын шақта Жарас өзінің инженерлік біліктілігімен, қаржылық сауаттылығымен және табандылығымен ерекше көзге түсті. Кездескен бюрократизмді жеңіп, банктен несие алып, оған өзінің азын-аулақ қаражатын қосып, Жаңабазар ауылынан өз кәсібін ашты. Мен кейбір жайларды қосымша айтқанды жөн санадым. Шымкент және Леңгір қалаларындағы бұрынғы тігін фабрикларынан 22 класқа жататын тігін машиналарын сатып алып, жөндеуден өткізді. Ол заманда қат емес зат жоқ, өндіріске керек ине, жіп, түйме табу оңайға соқпады. Жарас жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, бұл заттарды Ташкент қаласынан тапты. Фуфайка тігетін біз, сәтін маталары Алматы мақта-мата комбинатынан табылды. Қолынан іс келетін тігіншілерді, техникалық қызмет көрсететін мамандарды жұмысқа тарту қолға алынып, күніне 500 фуфайка тігіле бастады. Бұл әрине жоғары көрсеткіш, бірақ дайын тігін өнімдерін өткізу оңайға түспеді. Шымкент қаласындағы ішінара жұмыс істеп тұрған химия, механикалық заводтарымен шартқа тұрып, дайын өнім өткізіле бастады. Ол кезде малшаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығы тарап кетпей, жұмыс істеп тұрған болатын. Сондықтан да, жұмыс киіміне сұраныс көп болды. Осының нәтижесінде жұмыс көлемі әжептәуір ұлғайды. Ізденістің нәтижесінде түрлі-түсті металл өнімдерін шығаратын министрліктен тапсырыс түсетін болды. Жезқазған, Балқаш, Қарағанды комбинаттарына арнайы жұмыс киімдері партия-партиясымен жіберіліп жатты. Талдықорған қаласындағы акумулятор жасайтын заводпен де келісім жасалды. Нарықтық экономика аяғын ептеп басып, қаржының тапшы болып тұрған кезі, бартерлік сауда өріс алған шақ. Ақша болмағандықтан қойшылар қойын беріп, есептесетін. Талдықорғандағы акумулятор заводы өз өнімдерін беріп, қарыздарынан құтылып жүрді. Басқа да кәсіпорындар өздері шығаратын өнімдермен есептесіп жатты. Біріне бірін айырбастап зыр жүгіруге тура келді.

«Ақ қанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты қызметкерлері де Шымкенттің базарларына шығып, қой, акумулятор, кір сабын, кір жуатын ерітінділерін сатып, қаржы тапты. Өйтпеске амалы жоқ, жүзден астам шаруа еңбек ететін ұжымды ұстап тұру оңай емес. Айтулы бизнестің өрісі тарылып бара жатқанын алдын ала сезген Жарас басқа мүмкіндіктерді іздестіре бастады.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы экономикалық және әлеуметтік қиындықтар Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Шымкент қаласын да айналып өтпеді. Әртүрлі шағын кәсіпорындарды айтпағанның өзінде Бүкілодақтық маңызы бар үлкен зауыттар мен фабрикалар жарым-жартылай жұмыс істеп, адал еңбегімен күнін көріп, бала-шағасын асырап отырған қала тұрғындарының көбісі жұмыссыз қалды. Бірақ заман қиын екен деп, қолды қусырып отыруға болмайды, алға ұмтылыс қажет. Шымкенттіктер бұдан бұрын да талай қиындықтарды бастан кешірген, еңбексүйгіштігімен, табандылығымен, төзімділігімен, ынтымаққа толы ауызбіршілігімен бәрін жеңе білді. Ырыс пен береке үлкен шаһарға қайта оралды.
Осы қиын-қыстау кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болатын. Өмірден көргені мен түйгені мол, билік пен іскерліктің тізгінін қатар ұстаған азамат экономикалық қиындықтан шығуда үлкен жұмыстарды нақты жүзеге асырып, батыл шешімдер қабылдай білді. Сол кезде 500 000 халық тұратын үлкен қалада құрылысы аяқталмаған нысаналар жетіп артылатын. Облыс және қалалық әкімшілігі бірлесе отырып, сол объектілерді тегін беру жөнінде шешім қабылдады. Әрине, судың да сұрауы бар. Босқа тұрған нысандарды аламын дегендерге мынандай шарттар қойылды. Ел мүддесі үшін жұмыс істейтін кәсіп ашып, атқаратын іс көлеміне қарай қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуі керек. Жұмыс жасаймын, бір кәсіп ашамын деген кәсіпкерге бұл үлкен жеңілдік еді. Солай болды да көптеген кәсіпкерлер осы игі іс арқылы аяқтарынан тік тұрып кетті.
Жарас Қонаев даңғылы мен Иляев көшесінің қиылысындағы құрылысы бітпей қалған бір нысанды алып, кафе ашуды мақсат тұтты. Жастайынан талай қиындықты жеңіп, жігер мен табандылық көрсете білетін Жарас нар тәуекелге барып, іске қызу кірісіп кетті. Әжетке жарамай қалған құрылыстың істен шыққан құбырларын, жылу жүйелерін алып тастап, аяқ алып жүре алмайтын қоқысты тазалады. Жарастың алдында енді өзіне де, халыққа да тиімді кәсіп ашу мақсаты тұрды. Кезінде «Ақ қанат», «Серпер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ашып, біршама тәжірибе жинақтаған Жарас жанындағы серіктес достарымен ақылдаса келіп, тамақтандыру жүйесін ашуға тоқталды. «Ас – адамның арқауы» деп қазақ бекер айтпаған. Егер бұл кәсіптің көзін тауып, келген көпшіліктің үдесінен шыға білсең, ол нағыз табыстың қайнар көзіне айналмақ. Қолдағы бар қаржы шамалы, құрылысқа қажетті материалдар қымбат, әйтсе де, «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, Жарас ауыртпалықтан қашпады. Еңбек етемін деген адамға қара жер де болысады. Жаратқан иеміз ісіне береке беріп, жұмыс қызу жүріп жатты. «Кәмшат» тамақтандыру кешенінің негізін қалаған алғашқы кафенің қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабылған соң, он үстел, үш даяшы, бір бармен, үш аспазы бар дәмхана жұмысын бастап кетті. Алғашқыда тамақтандыру орны түс кезінде ғана жұмыс істеді. Мұнда, негізінен, жақын маңайдағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері түстеніп жүрді. Тәй-тәй басып, енді ғана жұмысын бастаған дәмхананың дастарқан мәзірі онша бай болған жоқ, түскі астың бағасы да қолжетімді болатын. Нақты айтқанда, борщ – сексен, сорпа – сексен бес, палау – сексен, кәуап – қырық теңгеге сатылатын. Жаңа істі бастаған Жарас әу баста дайындалатын ас түрлерінің дәмді болуына, даяшылардың мінсіз қызмет етуіне айрықша көңіл бөлді.
Самарқан қаласындағы аспаздық-кулинарлық техникумын бітірген сайрамдық Хусан деген өзбек жігіттің есімі Шымкенттегі тамақтандыру жүйесінде үлкен құрметпен аталатын. Ол, шын мәнінде, палау басудың қас шебері еді. Адам баласын тани білетін, еңбегін бағалайтын Жарас Хусанды да жұмысқа шақырып, кафенің ісі жандана түсті.
Басқаны алдасаң да, халықты алдай алмайсың, олар ненің жақсы, ненің жаман, ненің осал, ненің жасық екенін бірден біледі. Аяғын тәй-тәй басқан кафенің жұмысы жанданып, күннен-күнге келушілердің саны молайып, түскі тамақ кезінде кезекке тұратын болды. Күн суытып, қараша айы соңына жақындап қалғанда дәмхананың терезелері салынып үлгермегендіктен, іші салқындау болды. Соған қарамастан, жұмыс тоқтаған жоқ, даяшылардың жарқын жүздері, келушілерге деген ыстық ықыласы, мінсіз қызметі айналасын жаймашуаққа бөлеп жіберетін. Жан жылуы болса, дәмхана ішінің салқын болуы жайына қалатынына Жарастың көзі анық жеткендей осы тұста. 16 желтоқсан күні есік-терезелері толық салынып, жылу келіп, дәмхана жұмысы жанданып жүре берді.
Жастайынан еңбектің қадірін түсініп өскен Жарастың әкесі «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген халық мақалын жиі айтып отыратын. «Еңбек етсең, емерсің, ерінбесең, жеңерсің» деген қағиданы ойына алған Жарас тамақтандыру жүйесін кеңейтуді алдына үлкен мақсат етіп қойды.
Жасаған істің санына емес, сапасына бала кезінен назар аударып өскен Жарас кафенің сырты да, іші де тартымды болуын қадағалады. Көпшілік келетін орын зәулім, жарық, жайлы әрі ыңғайлы болуы қажет. Талай шаруаны бірге бастап, бірге атқарған Жарастың әріптесі Еркінбек сол күндерді былай деп еске алады.
– Мен Жарастың сабырлығына, ұстамдылығына осы күнге дейін таңғаламын. Аспан төңкеріліп, жер қозғалып жатса да былқ етпей бәрін ақылмен шешеді. 1993 жылы 500 рубль 1 теңгеге айналып шыға келді де, бүкіл халық абдырап қалды. Небір мықтымын дегендер жерге қарап, күйзеліске ұшырады. Ұзақ жылдар бойы қажымай еңбек етіп, жинақ кассасына тірнектеп жинаған қаржысынан айырылған әйелдердің «Енді күніміз не болмақ?» деп еңіреп жылағанын да көрдік.
Жарас ес білгелі еңбек етіп, Кеңес дәуірінде бақуатты, дәулетті жігіттің бірі болды. Кооперативтік қозғалыс енді-енді басталғанда, «Ақ қанат» және «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, кездескен қиындықтарға қарамастан, істің көзін тауып, біршама табысқа кенелді. Уақытпен есептеспестен жұмыс жасап, маңдай терімен тапқан дәулет пен табыс бір күнде көзден бұл-бұл ұшқанда Жарастың да іші күйгені рас. Бірақ кейбіреулер тәрізді морт сынған жоқ, есін тез жиып алды.
«Еркінбек, босқа еңсемізді түсірмейік, ата-бабаларымыз «Мың қайғы бір борышты өтейді» деп бекер айтпаған. Қараңғы түннің артында арайлы таң бар екенін ұмытпағайсың. Бұл Жаратқан иеміздің бір сынағы шығар. Бабаларымыздың бұдан да қиын күндерден аман қалып, ертеңгі күнге үміт артқанын естен шығармайық. Оған қарағанда бүгінгі қиындық түк те емес. Ел аман болса, заман түзеледі. Ерте тұрған жігіттің алдынан күн шығатынын еске салайын. Қорқатын ештеңесі жоқ. Шайтан ғана үмітсіз болады, бәрін де қайтадан бастаймыз. Тоқтыққа да, аштыққа да шыдап, бір Құдайға сеніп, адал еңбек еткен адам баласы сөз жоқ биіктен көрінеді. Бейнет, бейнет түбі – зейнет, бауырым. Амандық болса, байлық та, дәулет те болады. Тек бір-бірімізге деген сенімімізді, сыйластығымызды, адамдығымызды бірінші орынға қоя білейік. Сонда бәрі ретіне келеді. Береке мен ырыс ынтымағы жарасқан жерге барады», – дегенін ұмытқан емеспін.
Иә, «Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің» деген осы. Құдайға шүкір, ертеңгі күнге деген нық сенімділік, ізденіс пен қажырлы еңбек зая кетпеді. Осыдан отыз жыл бұрын салынған шағын дәмхана құрамында бірнеше кафе, екі мейрамхана, басқа да тамақтандыру орындары бар «Кәмшат» кешенінде бүгінгі таңда 600-ге жуық адам еңбек етіп, табыс тауып, отбасыларын асырап отыр. Олар Алланың адал пендесі, тұлғалы азамат Жарас Ертаевқа шексіз риза. Үлкен де, кіші де сол кісінің амандығын тілеп, үнемі тілектес болып отырады.
Иә, елін сүйген ер болар, ердің сыншысы – елі. Өмірдің қуанышты сәттерін, қиын кезеңдерін бірге көтерген Еркінбек осылайша тебіренеді, толғанады.
Мен еңбегі адал, өмірі өнегелі, тұла бойына ізеттілігі мен парасаттылығы жарасқан іскер азамат Жараспен үш күн бірге жүріп, етене жақын болып, өзімді бұрыннан араласып жүргендей сезіндім. Замандасымның жүрек кілтін тапқандай болдым, өзі де ағынан жарылды, сәуле мен нұр шашқан кеудесінде бұғып жатқан талай сырлар ақтарылды. «Жан қаламай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» дегендей, Жарас «Кәмшат» кафесінің құрылысын бастағанда қатты қиналды. Қаржы аз, құрылыс материалдары жетіспейді әрі қымбат. Қымбатшылық қанша қысып тұрса да болашақ тамақтандыру орнының іргетасының мықты қалануына, су тартатын құбырдың, газдың, электр қуатының сапалы атқарылуына Жарас инженер ретінде қаржысын аяған жоқ.
«Ақша жетпей жатқанда диометрі үлкен құбырлардың, киловаты жоғары транспорматордың қажеті не, кәдімгі қолжетімді заттарды алса жетеді» дегендер де табылды.
– Жігіттер, – деді Жарас сонда сөзін салмақты етіп, – Қасиетті Құранда: «Жаратқан ием, Алла Тағала! Мені сараңдықтан сақтай көр» деген ұлағатты сөз бар. Қолға алған жұмысты өз игілігімізге жаратайық деп отырған жоқпыз ба? Сөзім нақты болу үшін айтайын, өздеріңіз де көріп жүрсіздер, Шымкентте жаз басталса, көшелерді тас-талқан етіп, бұзып, жаңа су құбырларын ауыстыра бастайды. Оның себебі неде дейсіздер ғой? Өйткені әлгі құбырлардың сапасы нашар, диаметрі шағын болған соң, су өткізу қабілеті де төмен. Болашақта біз бір кафемен ғана шектеліп қалмаймыз, амандық болса, бірнеше кафе, мейрамхана салынады. Сондықтан, бағасы қымбат, сапалы, диометрі үлкен құбырлар орнатсақ, біз ұтамыз. Алдағы уақытта салатын тамақтандыру орындарына су құбырын тартуға үлкен жеңілдік болады.
Кафе, мейрамхана электр энергиясымен, көгілдір отын – газбен жұмыс істейді, яғни электр қуатын беретін транспорматордың киловаты жоғары болуы тиіс. Газ тартатын құбырлардың сапасы да стандартқа сай болуы қажет. Игілікті іс дегенде сараңдықтан сақ болайық. Дүниеде бір істі қайтадан жасаған жаман.
Жеті рет ойлап, бір шешімге келгенге, бітер іске байыппен, сауаттылықпен, инженерлік көзқараспен қарағанға не жетсін! Жарастың алысты болжай білетіні, іске деген үлкен жанашырлығы өз жемісін берді. Міне, отыз жыл болды, «Кәмшат» тамақтандыру кешені судан, газдан, электр қуатынан ешқандай қиындық көрмей, бір ырғақты, жемісті еңбек етуде.
Кафенің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішін әрлеу басталғанда Жарас оның да көз сүйсіндіретін көркем болуына аса мән берді.
Шымкентте Сәрсен есімді өнерлі жігіт ағасы бар. Он саусағынан өнер тамған замандасымыз нағыз суретші. Ол жасаған арыстанның, бүркіттің және басқа да жануарлардың мүсіндері алып шаһардың көрікті жерлерінен орын алып, қаланың көркіне көрік қосып тұр. Сәрсен осыдан отыз жыл бұрын өз кәсібін жаңадан бастаған жігіт болатын. Ол бірде Жарасқа келіп, жаңадан ашылып жатқан кафенің ішін өрнектеу жөнінде өз ұсынысын айтты. Жаңалыққа, әсемдікке жақын кафе иесі суретші берген эскизге мұқият зер салып шықты. Қабырғаларды әртүрлі қиыршық тастармен өрнектеу, қос арыстанның мүсінін жасау, қазақ батырының аңшылық жасаған көрінісін бейнелеу жөніндегі ұсынысы Жарасқа бірден ұнады. Екеуара келісімшарт жасалып, Сәрсен жанындағы үш көмекшісімен іске кірісіп кетті. Кафе қабырғасын өрнектеп, ерекше әр беруге 120 000 түйіршік тас пайдаланылып, ағын аққа, қарасын қараға, қызылын қызылға шебер үйлестіріп, үйлесімділігі мен гармониясы толысқан керемет дүние шықты. Айбаттанған қос арыстан, сәйгүлік мініп, қолына найза ұстаған батыр мүсіні де көңілдегіні тап басты. Содан бері отыз бірінші жылға аяқ басып барады, Сәрсен шебер және оның командасы жасаған дүние өзінің сапасымен, көркемдігімен көз тартып тұр. Нағыз шығармашылық ізденіс ешқашан да зая кетпейді. Сәрсеннің қолынан шығып, жүзеге асқан жоба оның өнердегі жолын ашуға үлкен мүмкіндік берді.
Сөз реті келгенде айта кететін бір жайт – алғашқы жұмыс істеп бастаған кафенің атын қою да өз алдына бөлек хикая. Жақын дос-жарандары, туыс-жекжаттары бас қосқан Жарас пен Гүлжанның берекелі дастарқаны үстінде кафенің атын қою туралы әңгіме қозғалды. Бәрі ақылдаса келіп, кафеге Жарастың тұңғышы Кәмшаттың атын беруге келіседі. Тұлымшағы желбіреген кішкентай Кәмшаттың қуанышында шек жоқ.
«Алақай! Алақай! Кафе енді менің атыммен аталады» деп мәз-мейрам болып жүр. Осы кезде дастархан үстінде монтиып отырған үйдің ең кенжесі Нұриланың аяқ асты шатақ шығарғаны бар емес пе…
– Папа, мама! Бәрің Кәмшатты жақсы көресіңдер, оның атында кафе бар. Неге менің атымды бермейсіңдер? – дейді бұртиып, – Мені жақсы көрмейсіңдер!
Әкесі, анасы, нағашылары болып, кішкентай Нұриланың ренішін әрең басып, конфеттің түр-түрін, жап-жаңа жүз теңгелік ақша беріп, Кәмшаттың бәсекелесін «сатып» алуға тура келді.
БЕТБҰРЫС
«Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» демекші, шырайлы Шымкент қаласының орталығында бой көтерген «Кәмшат» кафесі Жарас пен оның әулетінің ғана емес, көптің ырыс, береке көзіне айналды. «Алтын көрсең, белден қаз» деген данышпан ата-бабаларымыз. Иә, еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің. Тамақтандыру кешенінің қыры мен сырына үңіліп, табыс кілтін табудың нәтижесінде жұмыс ауқымы артып, қанатын кеңге жайып, отыз жылдың ішінде бүгінгі күннің талабына сай келетін «Кәмшат», «Кәмшат – Восток», «Жанти – Кәмшат», «Jam bakery – Кәмшат» кафе-мейрамханалары, Нұрсат, Кәмшат кофеханалары жұмыс атқарып, талабы биік қала тұрғындарына, қонақтарға мінсіз қызмет етіп, көп көңілінен шығуда.
– Қазіргі таңда «Кәмшат» тамақтандыру жүйесі бойынша бес жүзден астам адам еңбек етіп, ортақ іске өз үлестерін қосуда. Шынын айтатын болсақ, біз өзімізді мерекеге, қуанышқа келгендей сезінеміз. Өйткені мұнда еңбегің бағаланады. Отыз жылдың ішінде еселі ісімен көп құрметіне бөленген отызға жуық қызметкерге пәтер берілді. Біздің демалуымызға, емделуімізге басшылық тарапынан айрықша көңіл бөлінеді. Отыз жылдың ішінде қызметкерлердің жалақысын уақытында бермеу деген болған емес. 2008 жылдың басында басталған экономикалық дағдарыста бірде-бір адам жұмыстан қысқарған жоқ. Сондай-ақ бірде-бір адамның басқа жұмысқа ауысқанын естіген емеспін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, еңбек ұжымы «Қайып ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Жарас Қайыпұлына риза, сол кісінің амандығын Құдайдан сұрап отырамыз, – дейді «Кәмшат» кафесіің бас аспазы Хусаин ризашылығын білдіріп.
Орыстардың «Век живи, век учись» деген мәтелі бар. Ғылым мен техника асқан жылдамдықпен дамып отырған мына заманда ізденіп, озық технологияларды енгізе отырып, еңбек етпесең, көп нәрседен ұтыласың. Жарас инженер, білікті кәсіпкер ретінде бүкіл Еуропаны аралап шықты. Қызмет бабымен Қытайда, Біріккен Араб Әмірлігінде, Үндістанда және басқа да елдерде болды. Сапарларының барысында аңғарғаны: дамып, өркендеген мемлекеттер сан алуан бизнеспен бірге өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Онсыз мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеуі мүмкін емес. Көптеген елдердің ғылыми-техникалық жетістіктерін жұрт назарына ұсынатын көрмелерде болғанда Жарас қайран қалады. Әсіресе ол Қытайда болғанда көрші елдің небәрі оншақты жылдың ішінде экономика саласында қарыштап, өсіп кеткенінің куәсі болды.
Тек шикізат есебінен біз алысқа бара алмаймыз. Өнеркәсіпті дамытып, отандық өнімдерді шығармай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселесі толық шешілмейді.
Жарас инженер, кәсіпкер ретінде отандық өнім шығаратын бір завод ашу жөнінде жан-жақты экономикалық сараптама-талдау жасады. Отандық өнім шығаратын бір заводқа жұмсалатын қаржыға үш мейрамхана сатып алуға болады екен. Еңбекпен тапқан табысыңды қалыптасқан бизнесіңе жұмсап, дәулетіңді еселеп арттыра бер, былайша айтқанда, құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бірақ Жарас елінің ертеңі мен болашағын ойлайтын іскер, зиялы азаматы ретінде өмірінде үлкен бетбұрыс жасады.
Қазақстан бойынша қағаз өндіру өте күрделі мәселе. Айтулы өнімді Қытайдан, Ресейден, басқа да елдерден сатып алуға мәжбүрміз.
Жарас және оның командасы республикада алғашқылардың бірі болып, бұл күрделі проблеманы қолға алды. Ізденістің, қажырлы еңбектің нәтижесінде 2021 жылы Шымкент аймағында «Шымкент қағаз» зауыты іске қосылды. Жарас Ертаев негізін қалаған бұл кәсіпорын Қазақстандағы бірегей зауыттардың бірінен саналады.
Бүгінгі күннің озық технологиясымен жабдықталған бірегей кәсіпорында сапалы қағаз өнімдерін өндіруге барлық мүмкіндік бар. Бүкіл жұмыс процесі компьютерлік жүйе бойынша жүргізіледі. «Шымкент қағазы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірілетін өнімнің сапасын жетік қадағалайтын зертхана жұмыс істейді. Бүгігі таңда тәулігіне 60 тонна қағаз өндіретін зауытта елуге жуық инженер-техник мамандары, білікті жұмысшылар жемісті, тыңғылықты еңбек етуде.
Түркістан облысының экономикасының дамуына үлкен үлес қосып отырған «Шымкент қағазы» зауытының сапалы өнімдері бір Қазақстан ғана емес, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне кеңінен мәлім. Болашақта кәсіпорынның өндірістік қуаты ұлғайып, мұнда 100 адам еңбек ететін болады.
Жарас Ертаевтың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округінен травертин тас өнімдерін шығаратын карьерді іске қосты. Дүниежүзі бойынша дәл осындай өте құнды тас өнімдерін өндіретін орындар сирек кездеседі. Травертин тастарына ұқсас карьерлер Италияда, Турцияда және Иранда кездеседі. Бәйдібек ауданында өндірілетін тас өнімдері тығыздық және сапалық жағынан әлдеқайда жоғары. Оның өндірістік қуаты толық қосылғанда тәулігіне мыңдаған текше метр тас өнімдері өдірілмек.
Қазіргі таңда жұмыс істеп, өндіріс қуатын арттырған «КазТравертин» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Дегерес» карьерінде өндірілетін тас өнімдерін өңдеумен шұғылданады. Италия, Турция және Қытай мемлекеттерінің бүгігі заманғы озық технологиясымен жабдықталған орында 80 адам еңбек етеді. Ұйымшыл еңбек ұжымына Құдайберген
Смаилов жетекшілік етіп, биік табысқа бастауда. Құрылыс ғимараттарының сырты мен ішін қаптап, ерекше рең беретін тас өнімдеріне сұраныс көп. Сапалы өнімге Ресейден, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен тапсырыс көптеп түсуде.
Жаңадан бой көтеріп, қазіргі кезде реконструкциялау және монтаждау жұмыстары жүріп жатқан «Арман юггруп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келешегі зор.
Көршілес жатқан Қытайдың ең үздік заманауи технологиясымен жабдықталып жатқан бірегей кәсіпорынға 3,5 миллиард теңгенің инвестициясы құйылды. Зауыт пен жанындағы қойма іске толық қосылғанда 200 адам еңбек ететін болады.
Қалқаман Бейбіт Сәбитұлы жетекшілік ететін жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ерлерге және балаларға арналаған аяқ киімдер тігіледі. Отыз адам еңбек ететін кәсіпорында жылына 50 000 жұп аяқ киім тігіліп, сапалық жағынан жоғарғы баға алуда. Мұнда өз кәсіптерін бағалай білетін, қолы алтын адамдар еңбек етеді. Аяқ киім тігетін кәсіпорынның болашағы үлкен. Еңбек ұжымы өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өніммен елді қуантатын болады.
ЕЛ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН!..
«Өз елің – алтын бесігің» демекші, Жарас қолы қалт етіп босай қалса, Қазығұрттағы туған ауылы Жаңабазарға асығады. Оңтүстік өңірінің шұрайлы жеріне орналасқан мекен Жарас үшін оттан да ыстық. Себебі осы қасиетті жерде кіндік қаны тамды. Алғашқы еңбек жолын осында бастады. Кішкентайынан тай-құлындай тебісіп өскен құрдастары да осында. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» демекші, ата-анасымен қатар өскен, сыйлас, дәмдес болған қариялар да бар. Ауылға барғанда ақсақалдарға арнайы соғып, сәлем беруді, құрмет көрсетуді борышы санайды.
Қариялар «Асылдың сынығысың, тұлпардың тұяғысың, айналайын! Бізді сыйласаң, Құдай сені сыйласын!» деп батасын беріп жатады. Иә, ауыл адамдары халыққа, елге жасаған жақсылығыңды ешқашан да ұмытпайды.
– Әлі есімде, 1943 жылы әкем соғыстан ауыр жараланып, мүгедек болып оралды. Анамыз бізді тастап кетіп, қиындықты көп көрдік. Ол кезде аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жігіттердің өзі теміржолға жұмысқа әрең орналасатын. Әкем шойын жолға жарамай, көрші совхозда отыз жылдай қой бағып, туған жеріміз Жаңабазарға көшіп келдік. Қайып ағамның жарқын бейнесі әлі көз алдымда. Сол кезде совхоздың кассирі болып қызмет атқаратын. Беделді, біреудің ала жібін аттамайтын әділ, қара қалды қақ жаратын адал кісі еді. Сондықтан да үлкен де, кіші де ағамыздың алдынан қия өтпейтін. Бәрі де қадір тұтып, сыйлайтын.
Араға отыз жыл салып, туған ауылымызға көшіп келгенде Қайып аға, әкем екеумізге қамқор болып, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Арқа тұтар ағам болған соң, туысымның үйіне жиі барып тұрамын. Барғанымда Ханшайым жеңешем үнемі нан пісіріп жатады.
Үйге қайтарымда жеңгем міндетті түрде жаңа піскен бір таба нан беретін. Күрткемнің астына салған сол ыстық нан менің жанымды жылытып тұратын, – дейді бұрынғы атақты шопан, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сарыпбек Жаңабаев тебірене әңгіме айтып.
Қазығұрт ауданында ел игілігі үшін жасалатын игі шаралар тұрақты өтіп тұрады. Бір қуаныштысы, еңбек жолын Қазығұртта бастап, елеулі жетістіктерге жетіп жүрген азаматтардың көбі игілікті іске қолдарын созып, көмегін аяған емес. Солардың алдында үлгі болып, туған жерге туын тігіп жүрген ардақты жандардың бірі – Жарас Қайыпұлы.
– Қазақстанның Халық Қаһарманы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы туған жері Жуалыға келгенде ел азаматтарына: «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып істеңдер», – деп айтып отырады екен. Бауыржан атамыздың осы ұлағатты сөздерін оқыған сайын Қазығұрттың тумасы, Жаңабазар ауылының түлегі Жарас Ертаевтың туған жері, ауылы, жерлестері үшін жүзеге асырып жүрген небір тағылымды істерін көріп, ол кісінің еліне деген сүйіспеншілігіне, жомарттығы мен дархандығына қайран қаламын. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазығұрт ауданы бойынша «Туған жеріңе үлесіңді қос» атты игілікті акция жарияланып, оны қолдағандардың бірі жерлесіміз Жарас Қайыпұлы болды. Жарас аға нағыз мәрттік көрсетіп, екі жүз орындық балалар бақшасын салуға үлес қосты. Сонымен қатар Жаңабазардағы орта мектептің, спорт мектебінің күрделі жөндеуден өтуіне үлкен қолғабыс жасады. Өз қаражатына ауылдық аурухана мен перзентхананы күрделі жөндеуден өткізді. Ел қарияларына қымызхана салып берді, – дейді Жаңабазар ауылының тұрғыны Асқар Ақжолов ризалық сезіммен.
Атқаратын жұмыстары бір басынан асып жатса да, жаны шуаққа толы Жарас ағамыз соның бел ортасында жүреді, үнемі қаржылай демеушілік жасайды. «Елі сүйген ер болар» деген осы болса керек.
Иә, айта берсе, Жарас туралы жүрекжарды әңгіме көп. Дүниедегі ең үлкен бақыттың бірі – ел алғысына бөлену. Біздің заманымыздың қаһарманына айналған Жарас Қайыпұлы, шын мәнінде, өзі – мырза, өзі – құл азамат.
«Жауынмен жер көгереді, алғыспен ел көгереді» демекші, ел ардақтысы Жарас Ертаев «Құрмет» орденімен және көптеген мемлекеттік медалдармен марапатталды. Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы атанды. Бір өзі мың адамның жұмысын тындырып жүрген Жарас үшін ең үлкен мәртебе – халықтың алғысы мен сүйіспеншілігі.
…Жарас бүгін қалыптасқан әдеті бойынша ерте тұрып, қасиетті Қазығұрт ауданындағы туған ауылы Жаңабазарға бару үшін жолға жинала бастады. Белгілі кәсіпкер туған жеріне тағы бір игілікті іс жасауға асығып келеді.