Биліктен биік тұрған басшы
04.11.2024
228
0

23 қазан күні Түркістанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына орай Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ­стан және Нұртас Оңдасынов құбылысы: Мәдени-талдау аспектісі» ат­ты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өт­ті.

Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студент­тер қатысқан айтулы жиында «Қазақтың биік тұлғасы – ел мойындаған кемеңгер» тақырыбында Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов баян­дама жасады. Басты баяндамадан соң сөз алған Қазақ­станның құрмет­ті судьясы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса, Нұртас Оңдасыновтың өмір жолы мен мұрасын зерт­теуші, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Гүлсім Оразғалиева және басқалары Нұртас Оңдасыновтың қайраткерлік жолы, азамат­тық бейнесі туралы айтып, өз ойларын ортаға салды.
Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов Оңдасынов­тың рухына бағыштап берілген үлкен аста қоғам қайраткерінің атқарған еңбегі мен ол кісі туралы бала кезінен естіген естеліктерімен бөлісті. Нұртас Оңдасынов Оңтүстік Қазақ­стан облысы Түркістан ауданында туған. Ұлтын сүйген Нұртас Дәндібайұлы ұлт­тық кадрлар дайындау ісіне ерекше мән беріп, 1946 жылы Қазақ КСР-нің Ғылым академиясын құруға және Қазақтың қыздар педагогикалық институтының ашылуына ұйытқы болған. Осы рет­те қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаев кезінде Нұртас Оңдасынов жайлы: «Биліктен биік тұрған басшы», – деп жазғаны тегін болмаса керек.
       Халқымыз үшін аянбай еңбек еткен ұлтжанды азамат, аса көрнекті қайраткердің ерен еңбегін бүгінде елі ұлықтап, туған ауылы мен орта мектепке, көшелерге есімі берілген.
Конференцияға қатысуға келген қонақтар Нұртас Оңдасынов­тың туған ауылына, зират басына барып, елін сүйген асыл ердің рухына Құран бағыштады.

Сайтхуджа Томирис Маратқызы.
Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар
және әлем тілдер университетінің журналистика
мамандығының 2 курс студенті 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір