Тұнып тұрған тағылым
01.08.2025
73
0

     

Сөздің, ойдың, сананың, идеяның күш-қуатын, мүмкіндігін біз әлі түсініп, бағалай алмай келеміз. Сөз көп, іске асып жатқаны аз. Егер де озық ой, идея санаға сіңіп, жүрекке жетсе, нақты күшке айналар еді.
      Елімізде «Бабалар сөзі» деген аты айтып тұрғандай, сұңғыла жинақ 100 том болып жарық көрді. Кітапханаларда сол томдар тізіліп тұр. Сұрап жатқан, оқып жатқан жастар көрінбейді. Бабалар сөзі тұнып тұрған тағылым, даналық, асыл қазына емес пе? Қазақ деген – дана халық. Би-шешендердің, ақын-жыраулардың сөздері, халқымыздың мақал-мәтелдері тұтас бір педагогикалық университет деуге болады. Кім оларға жүгініп, бойға сіңіріп, іске асырып жатыр?
      Француз философы Жан-Жак Руссо: «Егер де біз үлгілі азамат­тарды тәрбиелей алсақ, онда бізде бәрі де болады. Ал ондай адамдарды тәрбиелей алмасақ, онда бізде билік басындағылардан бастап, бәрі де басыбайлы құлдар ғана болады», – дейді. Солай болады екен деп келіспеске болмайды. Байлықтың, жемқорлықтың, құр мақтанның, дарақылықтың, атақ-мансаптың, лауазымның құлдары арамызда толып жүр.
      Экономикаға, өндіріске, ішкі-сыртқы саудаға, саясатқа көңіл бөліп жатырмыз. Өте орынды. Сонымен бірге ертең кеш қалып, өкінбеу үшін Руссо айтқан үлгілі адамдарды тәрбилеуге де жете көңіл бөлген дұрыс болар еді. Бұл арада Шәкәрімнің тілін алып, Абайға жүгінуге тура келеді. Шәкәрімнің жастарға өсиеті:
Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық…
…Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік…
        Абай деген – Мұхтар Әуезов айтқандай, таусылмас дария. Абайда бізге керек үлгі, нұсқа, ақыл-кеңестің бәрі бар. Абай заманынан бері, міне, 180 жыл өтіпті. Сол арада Абайдан біз не алып үлгердік екен? Кеңес заманында Абай басқа қырынан көрінді. Ақын дедік, ағартушы дедік. Солай көрсету керек болды. Даналығы, ойшылдығы, көрегендігі тасада қалды. Жоғарыда айтқандай үлгілі адамдарды тәрбиелеу үшін бізге Абайдың даналығы, ойшылдығы, яғни философиясы ауадай қажет. Мен философтарға тән аңғалдықпен кейде Абайдың шығармалары әрбір ата-ана, мұғалім, билік басындағылардың алдында күн сайын пайдаланатын кітап болып жатуы керек қой деп ойлаймын.
       Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өсиет сөзі бар: «Қолыңнан келсе ғалым бол, білімді бол. Оған мүмкіндігің жетпесе, ғалымның қасында жүр. Енді болмаса, оның айтқанын істе. Басқа жол жоқ». Абайға жақын болсақ, Құдайға жақындағандай болар едік. Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, пайғамбарымыздың өсиетін іске асырған болар едік.
        Абай бізге тек оқу үшін, үйрену үшін ғана емес, өсіп-жетілу үшін, Руссо айтқан үлгілі адам болу үшін керек. «Біз әлі есейген жоқпыз», – деген екен ойшыл жазушы Асқар Сүлейменов. Осы сөзді бүгін де қайталауға болады. Қазіргі адамдардың көксейтіні ақша, байлық болса, оған жету үшін ұрлыққа, зорлыққа, тонауға, жемқорлыққа барып жатса, біз есейдік, өсіп жетілдік деп қалай айтамыз? Есеюдің орнына кері кеткен сияқтымыз.
Философияда жатсыну – «отчуждение» деген ұғым бар. Адам мен табиғат­тың, адам мен қоғамның, адамдардың өздерінің арасында жатсыну, бір-бірін елемеу, бағаламау, қызғаныш, көреалмаушылық орын алады. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген Абайдың өсиеті назардан тыс қалады. Жатсыну деген осы болады.
       Тағы бір данышпан, ұлтжанды ақын Міржақып Дулатов:
Атымыз да, затымыз да қазақпыз.
Көп емеспіз, аз-ақпыз.
Ру болып ірімей,
Жүз болып жіктелмей,
Ұлт болып ұйыссақ – азатпыз, – деп ескертіп еді.
      Одан бері де бір ғасыр өт­ті деуге болады, тап бүгін айтылғандай әсер қалдырады.
      Шынында да, аз халықпыз, бірімізді-біріміз қолдап, демеу болып бірігудің орнына әркім көрпесін өзіне тартып жатсынар болса, көршілерге күлкі боламыз, тіпті Құдай басқа салмасын, жем болуымыз да мүмкін. Арамызда Абай айтқандай, «Әр қазақ – менің жалғызым» деп ойлайтын қазақтар көп болса, бізді кім басынар еді.
       Есеймегендіктің тағы бір белгісі – тек бүгінгі күнмен өмір сүру, ертеңгіні, ұрпағымыздың болашағын ойламау. Осы арада жан-жақты ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының ұлағат­ты сөзі еске түседі:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес, бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
       Тағы бір ғажап құбылысты атайын: капиталистік қоғамға адамды алға жетелейтін, ғылымды да, философияны да қолдайтын жаңа дін қажет болды. ХVI ғасырда сондай дін, христиан дінінің жаңа тармағы – протестантизм пайда болды. Еуропада капиталистік қатынастардың орнығып, нығаюына көрнекті неміс философы Макс Вебер атап көрсеткендей, протестантизмнің, әсіресе протестант­тық этиканың ықпалы зор болды. Менің айта­йын дегенім, ХІХ ғасырдың орта кезіндегі қазақ қоғамына, бодандықтағы қазақ халқына Абайдай кемеңгер ойшыл, ақын қажет болды. Абайдың миссиясы – қазаққа тығырықтан шығатын жолды ұсыну.
      Шоқан да, Ыбырай да, Абай да қазақты өркениетке бастайтын, қатарға қосатын қарулы көтеріліс емес, оқу, білім, ғылым жолы екенін жақсы түсінді. Абай «біз малы барлар билейтін елде өмір сүріп жатырмыз, басқа елдерді қуып жету үшін білімі барлар билейтін елге айналуымыз керек» деп есептеді.
Абайдың қазақ еліне, қазақ халқына ықпалы өз заманында ғана емес, ке­йінірек, әсіресе қазақ халқы егемендік алып өз жолымен дами бастаған ХХІ ғасырда басым болар деп үміт­тенемін. Замандастары Абайды түсінген жоқ, соңына ерген жоқ, айтқанына көнген жоқ. Ол кез­де халықтың көпшілігі надандықты бастан кешіп жат­ты, ақынның өзі айтқандай, жақсы мен жаманды айырмады.
      Маған Абайдың ойлары, сыншыл сөздері тап бүгінгі біздерге арнап айтылғандай әсер қалдырады. Әрбір өлеңінен, әрбір сөзінен мен бүгінгі біздің тірлігімізді, болмысымызды, қам-қарекетімізді, кем-кетігімізді көргендей боламын. «Ғылым таппай мақтанамыз, орын таппай баптанамыз». Бүгін де бізде «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ». Абайдың «Таласып босқа, жау болып досқа, қор болып, құрып барасың» дегені де шындық. «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда» немесе «Әркім жүр алар жердің ебін қамдап» десе, сондай пысықтар бірінен соң бірі алдымыздан шыға келеді. «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген сөзді де ешкім жоққа шығара алмайды. Бізде не көп, әкімдер, шенқұмарлар көп.
       Өркениет өрлеген, білім-ғылым дамыған кез­де ақыл-есі, түйгені, түсінігі мол адамдар көбейер десек, олай болмай жатыр. Қоғам өзгергенмен, адамның адамшылық жағынан өзгере қоюы қиын екен. Әсіресе сана деген алынбас қамал сияқты.
        Адам – сөз жоқ, өз заманының, өскен ортасының түлегі. Дегенмен өз уақытынан озық туған, сөзімен де, ісімен де болашақта өмір сүретін тұлғалар болады. Сократ өз уақытын басып озды. Конфуций он мың ұрпақтың ұстазына айналды. Абай да өз уақытын басып озды. Талант­тар, дара тұлғалар көпке қатысы бар жалпы заңдылықтың шеңберіне сыймайды. Олардың болмысында отбасының, қоғамдық ортаның ықпалымен бірге өзінің ынта-жігері, еңбегі, белсенділігі басым болады. Бір сөзбен айтқанда, олар өзін-өзі жасайды.
        Абай да өзін-өзі жасады деуге болады. Оған, әрине, ата-анасы, әжесі, өскен ортасы, шығыс, батыс, орыс әдебиеті зор ықпал ет­ті. Сонда да сахарада тұрған, рухани байланыстан тыс қалған, сөйлесіп ақылдасар, пікір алмасар, түсінер жан таппаған адамның біз білетін даналық, ғұламалық деңгейге көтерілуі Абайдың өзіне ғана байланысты болды. Ол өз еңбегімен, ынта-жігерімен, ізденісімен сондай дәрежеге жет­ті. Ол өскен ортасынан да, әлем әдебиетінен де өзіне керегін ала білді. Неге ол Сократ­ты жақсы көрді, бағалады? Неге ол Пушкин мен Лермонтовты сүйіп оқып, аударып, айналасына насихат­тады? Неге ол И.Крыловқа назар аударды, мысал өлеңдерін қазақшаға аударып жариялады? «Қалың елін, қазағын, қайран жұртын» ояту үшін, алға жетелеу үшін.
       Мен «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газет­терінде, «Ақиқат» журналында жарық көрген мақалаларымда, «Даналық пен түсініктің үлгілері», «Философия тарихы» деген кітаптарымда Абайдың тағылымға толы өлеңдері мен қара сөздеріне философиялық талдау жасадым. Қазір оларды қайталап жатқым келмейді. Осы мақалада Абайдың назардан тыс қалып келе жатқан терең мазмұнды «Келдік талай жерге енді» деген өлеңін талдап, түсіндіріп көре­йін. Бұл өлеңді мен ақынның ағынан жарылып айтқан жан сыры, халқына, ке­йінгі ұрпаққа қалдырған аманат-өсиеті деп білемін. Өлең «Келдік талай жерге енді, кіруге-ақ қалдық көрге енді» деп басталады. Бұдан Абайдың өткен өміріне шолу жасап, өзіне-өзі есеп беріп отырғаны байқалады. Ол өзінің неге ұмтылып, нені мақсат еткенін, не тындырып, неге қолы жеткенін, неге үміт артып, неден опық жегенін ашып айтады.
      Философияда «экзистенция» деген ұғым бар. Экзистенция – латын тілінде тіршілік деген мағынаны білдіреді. Бірақ философия тіршілік деп күнделікті жайбарақат жайлы тұрмысты айтпайды. Экзистенция деген өмірде кез­десетін қысылтаяң шақты, күйзелісті, түңілуді, тығырыққа тірелуді білдіреді.
Абайдың «Келдік талай жерге енді» деген өлеңі экзистенциалдық сарында жазылған. Абай өлеңіндегі мұң мен зар, уайым-қайғы, өкініш, торығу, жалғыздық экзистенциалдық тақырыптар қатарына жатады.
      Ақынның «Туған жерді қия алмай, Тентекті жеңіп тия алмай. Әлі отырмыз ұялмай, Таба алмадық өңге елді» деуі шарасыздықты, тығырыққа тірелуді меңзейді.
Абай, әрине, өзінің орнын, дарынын, ой-өрісін, сөзінің салмағын біледі. «Қазақта қара сөзге дес бермедім» десе, оған сенесің. «Қызыл тілім буынсыз, сөзімде жаз бар шыбынсыз» дегені де түсінікті. «Көңілде қайғы қалың зар. Айтатұғын сөзім бар, Салсын құлақ ұққандар» деп өз ойын көпшілікке арнайды. Абай қазағына сөзін батырып та, жеріне жеткізіп те айт­ты. Бірақ Тәңірі «тыңдаушысын ұғымсыз» етіп бергесін, сөзі өтпей күйінді. «Осы жасқа келгенше, Өршеленіп өлгенше, Таба алмадық бір адам, Біздің сөзге ергенді» деуге мәжбүр болды.
       Абай көргенін, білгенін, көңіліне түйгенін халқына жеткізуге асық. Жырлап та, көркем сөзбен сырлап та айта алады. Оған де­йін ешкім айтпаған, одан ке­йін де тап өзіндей етіп ешкім айта алмайтын «жалын мен от­тан жаралған сөздер». Бірақ сөзді ұғатын адам жоқ. Абай амалсыздан өзегін өртеген шындықты жайып салады: «Өзің жалғыз, надан көп, Ұқтырасың сен не деп, Әулекі, арсыз елге енді?» – дейді. Қандай ауыр, қандай ащы?! Абайдың сөзі есті адамның сай-сүйегін сырқыратады, опындырады, ашындырады. Абайды оқып отырып, өзің үшін, халқың үшін күйінесің, қиналасың. Би-шешендер заманындағы сөздің қадірін білетін, сөзге тоқтаған, құйма құлақ адамдар ғылым-білім, техника дамыған заманда болмағаны ма? «Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар», – деп бүгін де ол айтар ма еді?
       «Адам ата-анасына, жақын-жуықтарына, үкіметке, тіпті Құдайға да үміт арта алады. Бірақ адам өзі де қарап қалмауы керек. Түбі бәрі өзіне келіп тіреледі», – дейді неміс философы Кант.
Тап осындай сұраққа Абай да жауап береді:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Даналық деген осы болса керек. Ғажап қой. Терең ғой.
Жамбыл Абайдың суретіне қарап:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне, – дейді.
      Мен айтар едім: «Абай өлең – сөздің ғана емес, өлең мен сөз арқылы жеткізе білген даналық ойдың, философиялық ойдың құдіреті» деп.
Даналықтың үлгісі деп тағы бірер шумақ өлеңдерін келтіре­йін:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық арт­та қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Бар ма мұнда философия?
Толып тұр, тұнып тұр.
Немесе
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан! – дейді.
Өлмес, өшпес өсиет осы.
       Осылай Абайдың әрбір өлеңін, қара сөздерін талдап, философиялық тереңдігін, даналығын, көрегендігін аңғаруға болады.
Абай ХІХ ғасырда өмір сүрді, оның рухы қазір бізбен бірге өмір сүріп келеді, болашақта да халқымен бірге жасайды. «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп өшпейтін сөз, яғни мәңгі жасайтын мұра қалдырған Абайдың нақ өзі туралы айтуға болады.
       Мәселе Абайда емес, оның ұрпағы – біздерде, бізден ке­йінгі ұрпақтарда. Абайдан ке­йін, Абаймен бірге біз қалай өмір сүруіміз керек? Қазіргіше бейқам, жайбарақат, ойланбай жүре береміз бе, әлде Абайға қарап, Абайды оқып, ғибрат алып, рухани жұтаңдықтан, рухсыздықтан арылудың жолын іздеп күресеміз бе? Абайдың аманатын ақтай аламыз ба, жоқ па? Қазір де Абай арамызда жалғыз емес пе? Әркім алдына осындай сұрақтар қойып, есеюге, жетілуге тырысуы керек.
Абайдан басқа, Абайдың қыруар мұрасынан басқа бізге ешқандай ұлт­тық идеяның, идеологияның керегі жоқ. Абайда бізге керектің бәрі де бар. Тек соны игеріп, жүзеге асырып алайық. Ар жағындағысын көре жатармыз. Қытай халқы Конфуций жолымен жүріп, алдыңғы қатарға шықты. Бізге де Абай жолымен жүріп, қатарға қосылатын кез жет­ті. Абай – біздің арқа сүйер рухани темірқазығымыз.

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір