Ш.Елеукенов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды
01.11.2024
354
0

2024 жылдың 31-қараша күні М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Рүстемұлы Елеукеновтің 1993-2020 жылдар аралығында Алмалы ауданы, Желтоқсан көшесі №129/135 мекенжайында тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Салтанатты шараға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы МАТЫЖАНОВ, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Өміржанұлы ЖАҚЫП, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Бәбиханұлы АҚЫШ, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Қаниұлы АХЕТОВ, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Бейсенбайұлы ХАЛБЕКОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Викторовна АНАНЬЕВА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы ОРДА, физика-математика ғылымдарының докторы Дастан Шериазданұлы ЕЛЕУКЕНОВ қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шараны мемлекеттік қызмет саласының үздігі Нұрмұха Рысбайұлы ШАЙМЕРДЕНОВ жүргізді.

Шараға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы, Абай атындағы ҚазҰП университетінің және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушылары және студенттері қатысты.

Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов – әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, жазушы. 1929 жылдың 3 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Аршалы ауылында дүниеге келген.

1951 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін ШҚО «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1951-59), ҚазМУ-да аға оқытушы (1959-63), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары (1967-71), Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы (1971-86), Қазақстан Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры (1986-1988) қызметтерін атқарды.

Ш.Р.Елеукенов тарихтағы «ақтаңдақтарды» жою, ұлттық әдеби мұраны түгендеу, бұрын ұлтшыл атанған, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ақын, жазушылардың шығармаларын қайта қарап жариялау жөніндегі Орталық Комитет құрған комиссия төрағасының орынбасары ретінде Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, заңсыз айып тағылған аса көрнекті ақын-жазушылардың асыл мұрасын халқына қайтару ісінде үлкен жұмыс жүргізді.

Алаштың аяулы тұлғалары Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтардың өмірі мен шығармагерлігі туралы зерттеуге алғашқылардың қатарында кірісті. «Мағжан» монографиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ ПЕН-клубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығына ие болды.

Ш.Елеукенов педагогика саласында да көп жыл тер төгіп ұстаздық етті. Журналистика, кітаптану курстарынан, әдебиет тарихынан сабақ оқыды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жаңадан Баспа және редакциялау кафедрасын ашуға мұрындық болды. Студенттерге оқылған дәріс негізінде «Кітаптану негіздері» (1997), «Қазақ кітабының тарихы» (1999) оқулықтарын жазды. «Мағжан Жұмабаев» (1990, 1991), «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), «Сұлулыққа іңкәрлік» (1999), «Еуразиялық бойтұмар» (1996), «Ғасырмен сырласу» (2004), «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» (2006), «Тәуелсіздік биігінен» (2007), «Казахская литература: новое прочтение» (2007), 6 томдық шығармалар жинағының авторы ретінде танымал.

Нұр Мағазбек,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір