Нұрлыбек САМАТҰЛЫ. САҒЫНЫШТАН ТУҒАН КІТАП
Айтып отырғаны Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз бекеті маңындағы Аққұдық ауылы. Кітап авторы осы ауылда туып-өскен. Балалық балдуәрен шағы өткен жер де осы ауыл. Қазір мұнда тіршілік жоқ. Тұрғындары күнкөріс қамымен тарау-тарау жолға түсіп, қазақтың кең байтағына тарап кеткен. Жетімсіреп жатқан жұрты ғана. Көптен адам аяғы баспаған. Көлік доңғалағы таптамаған. Таптаурын жолдар балбырап босап, желбіреп жусан өскен. Бұл арадан ел кетсе де, жел кетпеген. Сол жел айналып келіп жаңағы желбіреп өскен жусанды ауық-ауық жұлмалап өтеді. Ауылда адам қалмағанына ол да ызалана ма екен?
«Туған үйімнің орны томпиған төбешік болып қалған» деп, мұңлы сөз жазады Кенжебек. Оның осы сөзі ауылда өскен қай-қайсымыздың да сағынышымызды оятып жіберердей. Сағыныштың үлкені – туған жерге деген сағыныш. Өйткені туған жерде қайта оралмас бақытты балалығымыз қалды.
Арман қуып, сан қиырға тарадық,
Бірте-бірте ұзай берді аралық.
Шиқылдаған шымшық торғай
екілді,
Туған жерде қалып қойды балалық, – деп өлең жазып едім әне бір жылы.
Біз туған ауылымызды сағынсақ, анамыздың құшағында, әкеміздің қамқорлығында қамсыз ойнаған балалығымызды аңсап сағынамыз. Сол бақытты шағымызға куә болған адамдарды, жерді, суды, бұтаны, шөпті, аң-құсты және тағы тағыларды көруге асығамыз.
Менің әкем Ақтөбенің Ырғыз ауданына қарасты «Басықара қопасы» деген жерде туып, кіндік қаны сонда тамса да, ес білген бала кезінен Сыр бойында тұрақтап қалыпты. Кейін ақсақалды, сартісті жасқа келген шағында да «Басықарасын» сағынып: «Шіркін-ай, бір барып қайтар ма еді», – деп, аңсап отыратын. «Қазір ол жерде ел жоқ қой», – десем, «Ел жоқ болса да, жер бар ғой», – дейтін еді жарықтық. Әкемнің сол сағынышын «Картада жоқ ауылды» оқығанда шын түсінгендей болдым.
Сағынып, алаңдаймын ел дегенде,
Ел жақтан жиі хабар келмегенге.
Мақпалкөл кіндік қаным тамған ауыл,
Жылына бір барамын кем дегенде.
«Мақпалкөл» қазір мемлекет және қоғам қайраткері, репрессия құрбаны Темірбек Жүргеновтің есімімен аталады. Жыл сайын ауылдастарыммен арқа-жарқа кездесіп, сағынышымды басып, туған топырағымнан ересен күш жинап қайтам. Ал уақыт желімен жұрты да өшіп бара жатқан туған ауылына жете алмаған қайран әкем сол сағынышын баса алмастан кетті-ау! Кенжебек те сол сияқты сағыныштан сарғаяр ма еді, қайтер еді? Бірақ ол бір амалын тауыпты. Ауылына деген іңкәр сезімін өзі лирикалық ыйқаят деп айдар таққан шығармасына сарқа сіңіруге тырысқан. Тұс-тұсқа тарап кеткен ауылдастарының басын бір мұқаба ішіне түгел жинаған. Осы әрекетімен картада жоқ «Аққұдығын» қайта тірілткендей. Ендігі жерді жүрегін сағыныш сазы сыздата бастаса, отырған орнынан ұшып тұрып, «Картада жоқ ауылды» сөреден суырып алатыны анық.
Кітапты оқыған сайын оның сағыныштан туғанына көзім жете түсті. Алғысөзін жазған жазушы Нұрлан Қами да осыны дұрыс аңғарған екен.
Кенжебектің бұл жолғы қалам сілтесі алабөтен серпімді. Су төгілмес жорғадай тайпалып тұр. Сөзден сүріндірмей өзіне ілестіріп еріксіз жетелей жөнеледі.
Ауылдастары туралы өрбіткен әңгімелері сырға толы. Шағын әңгімелері біріге келе, тұтас ауылдың тарихына айналады. Онда ардақты ауылдастарымен бірге, міндетті түрде туған ауылдың төрт түлік малы, трактор-машинасы, жер-суы, дала табиғаты, бұта-шөбі, аң-құсы, ит-мысығы, маса-сонасы, бақа-шаяны, құрт-құмырысқасы және тағы басқалары туралы баяндалып, біртұтас ауыл келбеті сомдалады. Әңгіме атаулары да «мені оқы, кәне мені…» дегендей оқырманның жүрегін қытықтап, ынтықтыра түсетіні қызық. Жеке кісі жайындағы еспелерінде (еспе – эссе) қосымша кейіпкер де мол. Сондықтан бұл кітапта бір ауылдың жүрген жолы, тыныс-тіршілігі түгел қамтылған деуге болады. Басқаларға қалай екенін қайдам, Кенжебектің кейіпкерлері мен үшін өз ауылымның адамдарынан аумайды.
Кітап бастан-аяқ, өзі жазғандай, тек тамаша адамдардың ғибратқа толы өмірінен тұрады. Олардың мінездері, дүниетанымы, қоғамда болып жатқан оқиғалар жайында кесіп айтқан шынайы пікірлері, тіршілік туралы түсініктері жазушылық зерделілікпен кестеленген. Оған осы кітаптан алып көп-көп мысал айтуға болады. Ол мысалдар жөпелдемеде жеңіл-желпі көрінгенімен, астарына үңілген жанға дала қазағының даналығы сезіледі. Қиын заманда анадан жетім қалған жалғызын жетелеп, түрікпен асып кеткен Сәтмағамбет атасы арыдан ойлайтын сұңғыла жан екен. Артынша соғыс өрті тұтанғанда ұлымды әскерге алып кетіп, ұрпағым үзілер деген қауіппен жат жерде бой тасалап жүріпті. Қазақтың мың өліп, мың тірілсе де, қайта бас көтере беретін жанкештілігі осы даналықтан бастау алатындай.
Жақсы батаның жаман адамға қор болған мысалын да осы кітаптан оқыдық.
Осынау жақсы шығармаға Құранның «Сендер қайда болсаңдар да, тіпті мықты қорғандарда болсаңдар да өлім жетеді» деген аятын қосқан екен. Сірә, Тәңіріне аттанған ауылдас аға буынның аруақтары үшін қолға түскенін мысал еткен шығар. Адам өмірінің мәңгі емесін меңзеген тұжырымды Құраннан да бұрынғы ежелгі бабаларымыз тасқа қашап жазып кеткенін осындайда айта өтсек айып болмас. «Тағдырды Тәңірі жасар. Кіші оғлы түгел өлгелі жаратылған» [Өд Теңірі йашар. Кіші оғлы қоп өлгелі төрүміш] деп жазылған Күлтегін ескерткішінің елуінші жолында.
«Аққұдық» ауылы тіршілігін тоқтатқанымен, осы ауылдан түлеп ұшқан ұрпақтың қазір төрт көзі түгел. Бір кездері ауған тұрмысын түзеп, өркен жайып, өсіп-өніп жер-жерде есен-сау жүріп жатыр. Соның бірі – Кенжебектің өзі. Алматының төрінде кітабын жазып, баспагерлік кәсіппен шұғылданып, ұрпағын тәрбиелеп, сау саламат зәулім үйде тұрады.
«Аққұдық» картадан өшсе де, Кенжебектің өзі жазғандай, ауылдастарының жүрегінен өшпейді. Жүректен өшпесе, бір заманда, «Аққұдық» ауылына жан бітетіні анық. Мына кітаптағы іңкәр сағыныш солай дейді.