САҒЫНЫШТАН ТУҒАН АҢСАР ЕСІМ
07.10.2023
316
0

Бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі жазушы, композитор, баспагер Арасанбай Естенов Шығыс Түркістанның Құлжасында туған екен. Оның арғы аталары дәулетті кісілер еді. Қапал-Арасан атырабындағы тоғыз дуанның бірі – Көлдей-Жұмай болысы деп аталатын. Сол ауыл-аймаққа сөзі өтімді, билігі жүрген Қонысбай деген жақсының жалғасы. Үркіншілік жылдарында Қапал-Арасанның Есенқұл қажы Маманұлы бастаған кіл ауқат­тылары шетінен ұсталып, итжеккенге айдалған қуғында Қонысбай төре де сүргіннің құрығынан құтыла алмады. Дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі атылып кеткен. Зираты да, белгісі де жоқ. Бірақ жомарт байдың зәузатына Жаратқан жар болып, арғы бетке бас сауғалап, Құлжадан пана тапты.
Туған жерін сағынбайтын, аңсамайтын жан болмас, сірә?! Қонысбайдан қалған жетімек Жексенбек те кір жуып, кіндік кескен жұртын сағынып, жиі ойлап жүреді екен. Туған жұрт түсіне де талай мәрте кіріпті. Көңілі атақонысқа ауып жүрген сағым жылдарында Жексенбек шекесі торсықтай ұл сүйеді. Ұлының есімін арманға айналған туған жерінің құрметіне
Арасанбай деп қойған екен.
Көреген Жексенбек әке ұлына үнемі «Құдай тілеуіңді берсін. Жазушы бол!» деп отырыпты. Қандықасап жылдары ет жақын ағайынынан тірідей айы­рылған жүрек ендігі сәтте баласына сол қасіретті хатқа түсірер деп үміт артқан болар… Иә, тағдыры таланға түскен бұл тұқымның маңдайына ауылдың малын бағу ғана жазылып па екен? «Халық жауының» бір баласы жазушы атанса несі айып?!
Зұлым Сталин өлген соң, арғы беттегі жамағат кіндігі байланған қара шаңыраққа, атажұртқа қайта көшіп келді. Байырғы өз жұрты Арасан ауылына келіп, қоныстанып, тамыр жайды. Менің Тоқтарбай бабам да осы көшпен бірге келген. Жексенбек пен
Тоқтарбайдың үйінің арасында үш-төрт үй ғана бар. Құдай қосқан көршілер-тін. Сол көшені ауыл тұрғындары әлі күнге дейін «Қытай көшесі» деп атайды. Советтің жергілікті идеологтары Шығыс Түркістаннан келген ағайындарды бір көшенің бойына қаздай тізіп орналастырған екен.
Сол Арасанбай бабалары билік құрған, салтанатты шақтары өткен қасиетті суы бар, емдік шөбі бар алқалы ауылдың мектебін тәмамдап, қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналды. Әкенің тілегі орындалды. Үміт еткен баласы «Шырғалаң» деген
повесть жазып, жазықсыз шапа шеккен бабаларына әдеби ескерткіш орнат­ты. Банды атанған атасының халық батыры екенін дәлелдеп, аласапыран кезеңнің ақиқатын шынайы бейнеледі. 1977 жылы осы туындысы оның бақ-жұлдызын жағып, есімін әйгіледі. Республикалық «Жалын» әдеби байқауының жүлдегері ретінде танылды. Міне, сол күннен бері ол әкесі артқан үміт үдесінен шығып, қаламына адал болып келеді.
Қонысбайдың Арасанбайы – әдебиет­тің барлық жанрына қабілет-қарымы барын көрсеткен қабырғалы қаламгер. Ересектерге де, балдырғандарға да қатар шығарма жазу оңай емес. Біздің кейіпкер үлкенді де, кішіні де қуантты. Жазғанымен сүйсінтті. Ерекшелігі де, даралығы да – осы.
Жазушы Арасанбай Естен екі мыңыншы жылдардың басынан бері тұрақты балалар әдебиетінің алтын қоржынына аса құнды олжа салып келеді. Балдырғандардың әдебиетіне жаңаша киім кигізіп, өңін өзгерткен Мұзафар, Қастек, Сұлтан, Ескен бастаған бағбандардың ішінде ­Арасанбайдың да жемісі тәп-тәтті екенін айрықшалап айтуға болады. Мысалы, «Періштелер патшалығы» (Хикаяттар мен әңгімелер), «Біздің батыр бабалар» (Тарихи тілашар), «Көне кенттер күмбірі» (Тарихи танымдық өлеңдер), «Таудай болып өсеміз» (Балаларға арналған әндер), «Теңіз төріндегі тайталас» (Табиғи тілашар), «Арыстары Алаштың» (Тарих сабағы), «Денсаулық әліппесі», «Әдептілік әліппесі» сынды шығармалары – сондай нәрлі де дәмі тіл үйірер бал-шырын. Осы еңбектері оның бала жанын, табиғатын терең түсінетін психолог-эстет қаламгер әрі педагог-ағартушы екенін айқындай түсті. Шығармашылық ізденісі – тың, көкжиегі – кең.
Тамыры терең бәйтерекке айналып, жетпістің жотасына асықпай-алқынбай, ешкіммен араздасып-бұлдаспай, адал еңбек, зор абыроймен жеткен «Періштелер патшалығының» базарлығы мол Қызыр атасы «Балдырған» мен «Ұлан», «Жыл он екі айдағы» кішкентай достарын қуантып, ортамызда аман-есен жүре берсе екен деп тілек қосамыз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
шәкірті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір