Нұрлыюек САМАТҰЛЫ. КҮННЕН ЖАРАЛУ немесе БӨРІ ТОТЕМІ

«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы №2 (16.01.2026 ж) санында жазушы Мереке Құлкеновтің «Күннен жаралған ел» атты мақаласы жарық көрді. Мақала атауының өзі түсінген қазақтың қанын қыздырып, қалғыған санасын оятары анық.

Өйткені Мағжан ақын:
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын, –
деп жырлайды. Мақала авторы да Мағжан ақынмен үндесіп: «Меніңше, Қазақстанды осынша мағыналық тереңдігі бар «Күннен жаралған ел» («Күн елі») деп атауға әбден болады», – деген тұжырым айтады. Осы тұжырымына тіреу еткен төрт дәлелі бар. Төртеуі де тұғырлы. Соның ішінде ең бастысы – ежелгі түркілік мифология мен дүниетанымда Күн айрықша мәнге ие деген ойы. Осы дүниетанымды әйгілі өлеңімен Мағжан ақын нақтылай түседі.
«Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам».
«Күннен Ғұн туған, Ғұннан мен (яғни түркі) туғам», – дейді Мағжан.
Ғұн дегеніміздің өзі – Күн. Ал Күн Жаратушы сенімінің бастауы. Осы идеяның ұшқыны қазақтың өзге ақындарында да кездесіп қалады. Олар бұны біліп жазса санасы саңлаулы болғаны, ал егер білмей жазса, онда да түйсігінде ежелгі бабалар танымының сорабы қалғаны. Түйсікте барлық ақпарат жазулы. Тек оны оята білу керек. Күнді құдірет санау Түркінің арғы тегі Ғұннан да бұрынғы Сақтан жеткен әдеби жәдігер – «Күнге мадақ» жырында сақталған.
Біз тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа,
Күнге сыйынамыз.
Күн жарық шашқанда,
Күн жылу шашқанда,
Жүз мыңдағандар
Құдіретті сезінеді…
Исламға дейінгі әдеби жәдігерлеріміз осы «Күнге мадақ» жырынан басталады.
«Қазақтың дүниетанымында Күн – өмірдің, жылудың, жарықтың бастауы. «Күн көріс», «күндей жарқыра», «күнім менің» деген тіркестердің өзі халқымыздың Күнді тіршіліктің өзегі ретінде қабылдағанын көрсетеді. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз табиғатпен етене өмір сүріп, Күннің қозғалысын уақыт өлшемі, бағыт-бағдар, тіршілік ырғағы ретінде таныды», – дейді жазушы Мереке Құлкенов «Күннен жаралған ел» атты аталмыш мақаласында. Расында, ,түркілер ғана 24 сағатты бір күн деп «күн» сөзімен атайды. Демек, ежелгі түркілер Жердің өз кіндігінен айналатынын о бастан-ақ білген. Ежелгі түркінің жыл ұғымы Жердің Күнді айналып ұзақ (365 күн) жылжитынын аңғарғаннан туындауы мүмкін. Айдың жерді айналатынын тіпті ежелден білген. Оның дәлелі сөзімізде тұр. Календарлық күн мен айды аспандағы Күн мен Айдың атауымен атайтын Жер бетілік халықтардың ішінде тек түркілер ғана. Орыстар жылды «год» дейді. Бұл да Жердің Күнді (отты/гОДты) бір айналуын білдіреді. Бірақ бұл да оларға түркілерден барып тұр.
Түркілер киіз үйін тіккенде есігін күншығысқа қаратса, демек ол да Күнді құрмет тұтқанының, қасиет санағанының белгісі. Тәңіріне қайтқан кісінің басын күнбатысқа қарату – жыл санауымыздан да бұрын бар дәстүр. Қазіргі қазақ та әлі күнге дейін солай етеді. Бұл тіршілік күншығыстан басталып, күнбатыста аяқталады деген ұғымнан туындайды. Бұндай мысалдар бізде мың сан.
Олжас Сүлейменов қазіргі біз білетін Жаратушы атауларының Күн сөзінен шығып тұрғанын айтады. Мысалы, ол Шумердің «уд» сөзі туралы жазған. «Уд» біздің қазіргі тілде – «от». Ежелгі мағынасы – Күннің көзі. Олжас ағамыз осы «уд»-тан «қҰДай», «бУДда», «гУТ», «гОД» өрбіген деген болжам айтады. Мұқамедке дейінгі «пУД» («пҰТ) та сол. Бұл кездейсоқ ұқсастық емес. Осы пайымға сүйенсек, араптың сөзі деп жүрген «қҰДірет» те жадымыздан өшіріліп қалған Жаратушының Құдай сияқты бір аты болуы мүмкін. Құдай сияқты болса, ол түркінің өз сөзі болғаны. Құдай сөзі парсыдан енді деген тұжырымның түбі шикі. Ол түркінің ең ежелгі сөзі. Арап-парсының тілдік ықпалына ұшырамаған қазіргі алтай тілінде де, сақа тілінде де бар. Ал қазақтың «құда» сөзі «құдай» сөзімен тығыз байланысты. «Құда» сөзі Солтүстік-Шығыс Азиядан Беринг бұғазы арқылы Америкаға б.з.д. 30-10 мыңжылдықтарда қоныс аударған ацтек, майя, инк тайпаларында бар екеніне филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов ағамыз тұтас мақала арнаған.
Шумер тілінде «уд» Күннің көзі, «уду» Күн Тәңірісі, көне түркіше «Ыдық» (Олжас Сүлейменов, «Азия», А.; 1992 жыл. 229-бет). Керейт руының бір аталығы да «Ыдық» деп аталады. Өтікен тауында Жаратушыға табынатын Ыдық орны барын ғалымдар айтады. Керейт руының өзі ірі-ірі «Күн», «Күне», «Күнек» тайпаларынан тұрады. Ғұн дегеніміздің өзі Күн дедік. Осы ғұн сөзі Шөмекей руы атауында тұр. Арғы-бергі этнограф зерттеушілер мен қытай жазбаларына және өз зерттеуіне сүйенген тарихшы ғалым Талас Омарбеков бұл рудың ежелгі атауы «Чу-му-гун» дейді. Мағынасы – Чуя (Шу) өзені жағалауын мекендейтін ғұндар. Чуя қазіргі Алтай республикасындағы Қатын дариясына құятын өзен. Ал Қатын дариясы одан әрі Обқа барып ақтарылады. Шөмекейдің «Бозғыл», «Аспан» тайпаларының атаулары да көкке (жоғарыға) байланысты өте ежелгі ұғымдар. Қазақтың өзге руларының атауларынан да Күн ұғымын ұшыратарымыз анық.
Ежелгі түркі адамды кісі сөзімен атаған. Кісі сөзі Күлтегін жазба ескерткішінде «кіші» түрінде жазылғаны бекер емес, өйткені адам баласы жалғыз жаратушы – Тәңірінен кіші.
Күнді қасиет тұтудың тағы бір дәлелі, ұйқыдан таң атпай Күннен бұрын тұру. Күн шыққан соң төсекте ауру адам ғана жатады деген түсінік бар. Күнді қарсы алу – ежелгі түркілердің жазылмаған заңы, бұлжымайтын салты. Осы дәстүр қазіргі біздің Наурыз мерекемізде сақталып қалыпты. Күннің батуымен басын жастыққа салып, ұйқысынан (ұйықтау – ұйыққа бату /батпақтау пішінді сөз/) таң атпай оянған адам сергектігін келесі кеш түскенше сақтайды. Уақыттың молдығынан рақат табады, жан күйзелісін еңбекпен басып, бақытты өмір сүреді.

Бабаларымыз Күнді құрмет тұтуды ұрпақ санасына мықтап сіңіру үшін:
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық,
Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық…» – деп келетін қанатты сөз қалдырған. Осы бір үш бунақтан, он бір буыннан тұратын (4-3-4), қара өлең ұйқасымен айтылатын қос жол өлең үзігін білмейтін қазақ жоқ. Бір заманда бұл тұтас өлең болған ғой. Уақыттың сұрыптауымен түйіні ғана ұлт жадында жатталып қалған. Егер тұтас сақталғанда ежелгі бабаларымыздың дүниетанымынан молырақ хабар алар едік. Дегенмен осы қос жолдың өзінен тарқатылар ой сорабы санамызды сан-саққа сүйрелейді.
Балаларын кішкентайынан Күнді құрметтеп, ерте оянуға бейімдеу үшін ежелгі бабаларымыз «Жыл басы» деген тамаша ертегі ойлап тауыпты. Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты, тышқан ақылдылығымен түйенің үстіне өрмелеп мініп, шығып келе жатқан Күнді бірінші көріпті деп келетін. Баланы титімдей тышқанға теңеп, мақтап қойып ертекті ұғып алуға еліткен. Қазақтың осы ертегісі жер жүзіне жайылды. Осы ертек адамның Күнді құрмет тұтып, яғни ұйқыдан одан бұрын тұрып, еңбек ету керегін үндеп, сан мыңдаған жылдар бойы адамды жақсылыққа, жаратылыс ырғағымен бірге қозғалуға тәрбиелеп келеді. Бұл ертек қазаққа ғана емес, күллі адамзат баласына аса қажет. Оны біреу баласын алдарқату үшін жай ғана ойдан шығара салған жоқ. Оның тамыры тым тереңнен, ұлттың дүниетанымынан, салт-санасынан нәр алады.
Ежелгі ұғымда адам қайтыс боларда жаны көк төріне ұшып шығады дейді. «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда…» деп басталатын әннің қайырмасы «шыбыным, шыбыным» деп қайырылады. Бұнда шыбын адамның жанын образдап, оның ұшып шығатынын меңзеп тұр. «Қаңым каған уча бармыш – Әкем қаған ұшып кетті», «Култегін қой йылқы йеті йегірміке учды – Күлтегін қой жылы, он жетінші күні ұшты». Бұл – Күлтегін тас романынан алынған сөйлемдер. Денені тастап көкке ұшып шыққан жақсы кісінің жаны, ежелгі түсінік бойынша, Күнге барып қосылады, Күннің жарығын молайтады, сөйтіп ел-жұртына шуағын шашады. Егер жақсы адам көп болса, Күн сөнбейді, мәңгі алаулап тұра береді деген идея. Сол себепті кісі қайтыс болса, қазақ оған елжіреп тұрып «Тәңірі төрінен орын бергей!» деген тілек айтады. Олай дейтін себебі, ежелгі түсінік бойынша, қайтыс болған адам жанының баратын жері үшеу. Өмірде жаман істерге көп шатылғандардың жаны «көрге», яғни жер астына түсіп, қара шіріндіге айналады. Жер астында тиісті жазасын алады. Өмірде істеген істерінің жақсысы көбірек кісінің жаны «өрде», яғни жер бетінде қалады. Жер бетінде өсімдік болып көктейді. Бұнда да жаза бар. Тек жақсы істер ғана жасаған, ешкімге жамандық қылмаған таза адамның жаны, жаңа айтқандай, «төрге» аттанады. Ақын Мағжанның жырлап отырғаны да осы. Ежелгі түсінік бойынша, кісі баласы Күннен туып, Күнге оралуы тиіс. Күнге орала алған аруақ шаттыққа кенеледі. Алайда бұл шаттық кісі баласының бәріне бұйырмайды. Оған адамның өзі кінәлі.
«Ежелгі түркілер Күнді киелі күш деп танып, оны өмір сыйлаушы құдірет ретінде құрметтеген», «Қазақстанды «Күннен жаралған ел» («Күн елі») деп атау – әсірелеу емес, тарихи және рухани шындыққа негізделген тұжырым», – дейді автор тағы. Күннің өмір сыйлаушы түсінігі ежелгі аңыз-әңгімелерімізде тұр. Ол аңызды дүниежүзі біледі. Бұл Добұн мерген мен оның қатыны Алұн сұлуға байланысты аңыз. Алұн сұлу екі ұл туған соң Добұн мерген бір күні аңға кетіп, жолда мерт болды ма екен, сол кеткеннен үйіне оралмайды. Екі ұлымен жесір қалған Алұн сұлу кейін тағы еркексіз үш ұл туады. Үлкен екі ұлы «Шешеміз мына үшеуін кімнен туды?» деп күдіктенеді. Соны құлағы шалып қалған Алұн сұлу: «Түнде шаңырақтан жарық сәуле түсіп, құрсағымды сипағанда, оның нұры жатырыма сіңіп кететін. Сөйтіп, шығар күн мен батар айдың арасында үйден сары ит сияқты шығып кететін», – дейді ұлдарына. Бұл аңыздағы жарық сәуле Күнді, сары ит бөріні меңзейді. Сәулеге, нұрға байланысты осы аңыздың басқа да нұсқалары бар. «Оғыз қаған» дастанында көкжал әйдік арлан бөрі күн сияқты жарық шашып келеді. Айналып келгенде айтары біреу, Күннен жаралу және бөрі тотемі. Ақын Есенғали Раушан осы идеяны меңзеп «Нұрдан жаралған» атты роман жазған.
Ежелгі бабалар дүниетанымының куәсіндей болған осы қастерлі аңызды кейінгі уақытта келеке ететіндер пайда бола бастапты. Олар әлеуметтік желіде «сендер көктің Сары иті буаз қылған Ұмай деген қатыннан тудыңдар, ал біз – Адам ата Хауа ананың ұрпағымыз» деп жазба жариялап қояды. Нұрдан жүкті болатын Ұмай емес, Алұн сұлу екені қаперіне кірмейді. Ал Ұмай ана халықтық ұғымда ұрпақ жалғастығының, отбасы берекесінің, нәрестелі аналарды қорғаушы киелі бейне. Періште деп те айтылады. Ұмайдың өткен шағы жыл санауымыздан бұрынғы мыңжылдықтарға кетеді. Әлгілердің кейбір жазбасын оқудың өзі ұят. Осыдан-ақ Күннен, яғни нұрдан жаралу сияқты және басқа да қазақтың қастерлі дүниетанымын танытатын рухани қазыналарымыз әлдебір әлеуметтік топтарға ұнамайтыны байқалады. Олар біз үшін қымбат осы аңыздың астарын ұғу былай тұрсын, оның жай оқиғасының өзі саналарына сыймайтын сияқты. Сол себепті жазушы Мереке Құлкеновтің «Күннен жаралған ел» атты мақаласын құнды дүние деп бағалаймын.