Нұрлыбек ҚАЛАУ. ТУҒАН ЕЛДІҢ ТҰМАРЫ ДЕП ТОЛҒАЙМЫН
31.08.2026
28
0

                 

       Бесқонақ
Уыз, ақты
ағайынға ұсынып,
Көктің асын көппен ішу –
кісілік.
Ел жадырап жатқан шақта
бесқонақ
Жетіп келді
долы беті ісініп.

Қабағында
байқалады сыз бары,
Өкпек желдің
қандай өткір ызғары!
Шәлкес қонақ
шіренеді міндетсіп,
Рұқсатсыз жөн тапқандай
қыздары.

Бұл – бесқонақ,
табиғатта бар есім,
Апта бойы
алды елдің зәресін.
«Құдай салды – мен көндім» деп,
бойсұнып,
Қараша ауыл
жасап жатыр «кәдесін».

Адуындап,
кірді-дағы бесқонақ,
Қар, боранмен
қысты біраз бопсалап.
Кедейліктен басқа міні
жоқ қой деп,
Сабасына түсті кейін
Бас қонақ.

Артық-кемін
жуды да ақ жауынмен,
Кетті сосын
араласып қауыммен.
Аттанарда
тершең жүзі албырап,
Шақ қоштасты,
алқалаған ауылмен.

Бұйығы елді
бөрліктіре сілкілеп,
Өтті-кетті,
бесқонақ та дүркіреп.
Қиналғанмен
құтылғанға мәз қазақ
Сабақ алып,
қам жасауға құлқы жоқ.

                              Жарысқазан
Күні жеткен келінді тосар сын көп,
Айтпайды ешкім, босану осал сын деп.
Шешем айтты: «көтерем жарысқазан,
Көрші келін жеңіл кеп босансын» деп.

Бұл пікірді әкем де мақұлдады,
Көк марқаны аулада тақымдады.
Қазанға су толтырып,
от тұтатып,
Анамның да байқалды қапылғаны.

Көршілерде тым күшті ынсап тегі.
Өздігінен келместей тым сақ па еді.
Кешеуілдеп жатқасын айналамыз
Шапқылатты анашым жұмсап мені.

«Жарысқазан дегенде жан қалмайды,
Бұл ырымды келінді үй армандайды.
Етті түгел салды ма абысын», – деп,
Жеңгелерім әзілдеп, жалмандайды.

«Би Бәтима Піріміз қолдасын тек,
Оң толғағын Жаратқан жолдасын», – деп.
Тілек арнап көршілер жамырайды,
«Көрейікші Қапаның төлбасын» деп.

Береке бар ақ тілек, аста мықты,
Ел мойындап, салт күшін жас таныпты.
Топтарқардың алдында жетті хабар;
Жас келіннің толғағы басталыпты.

Ұбап-шұбап, әжелер бір топтала.
(Арасында ерген бар құр топқа да)
Қауқылдасқан осы топ жеткенінше,
«Сүйіншілеп» шықты алдан бір топ бала.

Естіген жан мұндайда жата ала ма,
Қолдады ғой, ел берген бата дара.
«Жарысқазан – ниетің ақжолтай» деп,
Алғыстарын жаудырды ел ата-анама.

Ата-анамды жазбадым мақтағым кеп,
Осы жайды ойыма сақтадым көп.
«Жарысқазан шынымен киелі ме,
Сәйкестік пе… жауабын таппадым тек.

Осы бір салт бүгінде алыстаған,
Бұл дәстүрден қапылған қалыс қалаң.
Көп тілегін батамен тоғыстырған
Көзден бұлбұл ұштың-ау, жарысқазан.

                                  Иінағаш
Аса қажет бұйым ең бар қауымға,
Жыр арнасам сөкеттік бар ма мұнда?
Елге барсам, мен ылғи сені іздеймін,
Қалдың ба елде, көрші ауыл, арғы ауылда.

Сені іздесем, біреулер күлер тегі,
Тайыз жандар көңілді түнертеді.
Қайынды өзен. Иін ағаш. Суға бару…
Ойға оралар, еске алсам, бір ертегі;

Иінағаш ырғалып… сәні – ай-көрік,
Шаққа басып қадамын санай беріп…
Сұлу шықса сылтау қып су ішуді,
Жолығатын бозбала жанай келіп.

Сол сұлулық жадымда көрген кейпім,
Иінағашпен ару жоқ тербелмейтін.
Жамалдатқыр жігіттің жел тұғыры
Суға барған қыз көрсе өңмеңдейтін.

Пәтуа ғып қойғандай жамағатым,
Суға бару салтанат саналатын.
Жаңалықтың барлығы о заманда
Суға барған мезеттен таралатын.

Ишаралап, тура айтпай түз пендесі,
Құпияны астарлап тізген несі.
«Бүгін суға барғанда, көзжақсым-ау,
Не естідің?» – деп жымыңдар қыз жеңгесі.

Су келер деп әр ошақ, ел күтетін,
Қыз келер деп, жол тосып, ер күтетін.
Ілмесіне құт қонған иінағаш
Бар тірлікті құнартып сергітетін.

Қыз етегін шымшылап самал майда,
Көңіл құрғыр сол кезге алаңдай ма?!
Күміс сырға сыңғырлап салпыншақты,
Иінағашты қыз сұлу заман қайда?!

Көне бұйым бүгінде құны азайған,
Сондықтан да ойда мұң біраз, айнам.
Сендік штат қысқарды, иінағаш,
Орын алшы тезірек мұражайдан.

                            Қамшы туралы жыр
Тоғайдағы қайың, терек,
үйенкі, емен, қарағай
Қамшы сапқа мұның бәрі
қалады екен жарамай.
Жарайды оған, пайымдасаң,
тобылғыдай бұта аңдап,
Кеспейді екен, оны түптен,
кеседі екен тұтамдап.
«Ассалауда» бір тұтамы,
«әлік салам» – қос тұтам,
Осылай кеп, ізет қылса,
дейді екен: дос тұтам.
«Жол болсыны» үш тұтам да,
«әлей болсын» – төртеуі,
Осы тұстан бала қамшы
өретіндер кертеді.
«Жөн сұрары» – бес тұтамға,
«сайға барам» – алтауы,
Осы жерде дейді үлкендер,
кие – сөздің арқауы.
Жеті тұтам – «неге бару»,
«қамшы сапқа» – сегізі,
«Сегіз ауыз сөз – сегіз тұтам» –
қамшы саптың негізі.
Тоғыз тұтам, он тұтам деп,
тобылғыны кеспейді,
Кескен жанның бағы қайтып,
несібесі өспейді.
«Сегіз тұтам» сөзді айтсаң,
шырай беріп тобылғың,
«Мәртебеңді, – дейді қарттар, –
арттырады соғұрлым».
Мұның бәрі – ертек емес,
ата дәстүр расы,
Әлімсақтан бізге жеткен
өрімшінің мұрасы.

«Қанша тұлпар болғанменен,
қазанатқа бап керек,
Қамшы үшін тобылғыдан
азаматқа сап керек».
Қамшы өрерде өрімшінің
серті осы айтатын,
Оны айтпаса, бір сәтсіздік…
е сақтай гөр, байқа тым.
«Бәйге алатын сәйгүліктің
сауырына тигесің,
Ұл табатын әйелзаттың
жауырынына тигейсің».

Кекілдігін шашақтатып,
бауырдағын төсектеп,
Кие қонған «қаз ұялы»,
балақпанға есептеп.
Бұлан тері – бүлдіргісі,
шырмауығы – алтын жүйелеп,
Төрде тұрса, жын жолатпас,
қасиетті кие деп.
Бабалардың аманаты
осы құнды үлгіні,
Бізге парыз – насихаттау,
кейінгіге бұл күні.

                                    Таға
Тілдей темір –
алтын, күміс емес-ті,
Түрі кетіп,
тозған екен тот басып.
Көзге қараш,
бұйым ғой бұл, ең ескі,
Құнын даулап,
кім бар жүрер соттасып.

Бұл – ақиқат,
ащы шындық, дара кеп,
Ерліктерді
ұлықтаумен бағалы ек.
Осы темір –
ер айбынын асырған
Жарақ екен
аталатын таға деп.

Иә, солай,
арғымақтың тағасы,
Зерделеп бір,
ықыласпен қарашы.
Күллі әлемге
қазақ даңқын асырған,
Қыз жүгінен
артық-тұғын бағасы.

Қай кезде де
кескілескен майданнан,
Жау жеңген ер
қаһарманға айналған.
Сол жеңістің
өртке ұласқан ұшқыны,
Тағалы аттың
тұяғына байланған.

Жау тисе елге
қандай ұлан тыс қалар,
Жан-садақа!
Ұрпаққа – серт, нұсқа бар.
Жаналқымда
кеуделері көріктей,
Күндіз-түні
таға соққан ұсталар.

Жатқан кезде
жан берісіп, жан алып,
Осы таға –
болды ұлы жаңалық.
Сан қырғыннан
жеңіп шықса бабалар,
Осы таға –
бізге жеткен тәбәрік.

Байтақ елім,
аспаныңа толсын құт,
Бұл киені
бүгін неге қомсындық.
Алаш елі
Аман жетсе бүгінге,
Тағаның да үлесі бар,
ол – шындық.

Асыра айтып…
сөзбен орақ орам ба,
Тағадан да
маңызды іс көп қоғамда.
Бүгінгілер
ат мінбейді тағалап,
Тайғанақтау
ісі, сөзі… содан ба.

                   Шыршыр

Шыршыр ішсең – ширайсың.
Жаугершілік замандағы мәтел

«Жаралы сарбаз бойынан қан кетіп, қызу құрсаулап су сұрағанда,
тек қана шыршыр тамызады. Су ішкізсе,
адам қатарына қосылмайды» дейді.
Қарттардың әңгімесінен

Не өтпейді ер жігіттің басынан,
Серт жолында қар кешіп, мұз жастанды.
Қарлығаштай қанатпен су тасыған
Елі үшін талай майдан ашқан-ды.

Қар да кешті, қан да кешті, жанкешті
Күтпеді ол, әлдекімнен марапат.
Шырқы үшін өмір атты сән-көштің
Барын берді, батыр дейді ел атап.

Қорғай жүріп, ат жетер жер аумағын,
Жаралы боп, түзде қалып ақ қарда.
Сезген сәтте есінің сәл ауғанын
Күшін жиып, алмағайып шақтарда.

Қар толтырып, қазан етіп қалқанын,
Шөп-шөңгені отын етіп тұтатқан.
Шыршыр ішіп, түбін қағып қалтаның
Есін жиып, жауын қайта жұтатқан.

Күш сарқылып, әлсіреген шақта бір,
Шыршыр ішсең, ширайды екен өн бойың.
Жан алқымда амал-айла тапқан ұл,
Жолы құтты Ақжолтайым сен дейін.

Жаралы ер қалса елсіз далада
Жұтым сусыз жол таба ма қыршын жан.
Қызу қысып, ессіз қаталағанда,
Дауа түседі екен дейді шыршырдан.

Тапқырлықпен тәнті етсе кім алқаны,
Сондай жанға елжіреп бір кетемін.
Бейқам өскен бүгінгінің балпаңы,
Жадыңа тұт, шыршырдың не екенін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір