«Қазақтан Нау­рыз, Алаш – екі ұл туған»
17.03.2024
2032
0

Қазаққа тән, елімізде күні бүгінге де­йін тойланып жүрген мейрамдарды үш түрге бөлуге болады: діни мерекелер, сая­си мерекелер, табиғат­тың өз қойнынан шыққан мерекелер. Ұлыстың ұлы күні – Нау­рыз бен қымызмұрындық – табиғат­тың өзінен туындаған күнтізбелік мерекелер. Әуел­гісі – көктемде алғаш желі тартып бие байлаумен, екіншісі – елдің жайлауға шығып қымызмұрындық беруімен тұспа-тұс келеді.

Нау­рыздың басқа мейрамдардан тағы бір ерекшелігі – ғылыми мәнінің тереңдігінде. Қағаз бетіне түсіп, тасқа басылғанының өзіне 2500 жыл өткен әлемде бірде-бір мереке көнелігі, тарихи маңызы жағынан Нау­рызға теңесе алмайды.

Көтерген Ай сұлуды алып өгіз
Көтерген Аспан туы ол – Нау­рыз.
Низами

Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш – мал мен жанда…
Қыс шыққан өлмей тірі.
Міржақып Дулатов

Әрбір түндеріңіз Қадір түні болсын,
Әрбір күндерініз Нау­рыз күні болсын.
Науаи

Қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес ел жоқ

Жұлдызнамашылардың есебіне сүйенсек, қыс пен жаздың ауысатын уақыты 9 нау­рызға дәлме-дәл орайласады, жұртымыз осы тағылымды орыстың қол астына түскенге де­йін берік ұстанған және ескі жылдың шығып, жаңа жылдың кіруін сегіз күн бойы мерекелеген. «Қазақ газеті» шығып тұрған кез­де жылма-жыл тоғызыншы нау­рызда Алаш зиялылары Нау­рыз мейрамының мән-жайы туралы өз ойын жазып, халықты құт­тықтап отырған. Міне, осылайша, Алаш зиялылары көктем мерекесін азат­тық идеясымен мазмұндастырған.
Қазақ шежірелеріне қарағанда, «Нау­рыз бен Алаш – бірге туған адамдар»:
Қазақтан Нау­рыз,
Алаш – екі ұл туған,
«Нау­рыздың, – деп айтады, –
үлкен жасы».
Ұрпақсыз өлген Нау­рыз жазғытұры,
Келер жыл көктемде оның
беріпті асын.
Қазақтың балалары содан бері
«Нау­рыз» деп қойыпты атап
жылдың басын.
Нау­рыздың қазақ қоғамындағы рөлі кез келген астан, тойдан, басқа да шаралардан жоғары. Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген «Қара сөзінде» Нау­рыз тарихын көшпенді халықтардың «хибағи», «хұзағи» деп аталған заманына де­йін апарып: «Ол күнде Нау­рыз бір жазғытұрым мейрамы болып, нау­рызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен», – деп жазса, Ахмет Байтұрсынұлы: «Нау­рыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кез­де һәр елде нау­рыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш – бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кез­де ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құт­ты нау­рыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер – нау­рыз март­тың бірінде, екіншілері – тоғызында келеді деседі, һәр жұрт­тың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» – деп құт­тықтасады, ол күнді мейрам қылып шат­тықпен өткізеді», – деген. Ал Міржақып Дулатов «орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрт­тарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айт­тарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Нау­рыз.
Нау­рыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы… Нау­рызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, нау­рыз (март­тың) ескіше 9-ында, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғат­тың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шат­тық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды», – дейді Нау­рыз бен қазақтың ықылым заманнан біте қайнасып кеткенін аңғартып.

Үркердің жерге түсуі

Нау­рыз ұлан-байтақ қазақ жерінің ауа райына байланысты әртүрлі кезеңде тойланған. Киіз үйдің есігінен күннің түсуін «үт» дейміз. Бұл ақпанның 19-ы мен нау­рыздың 20-сы аралығында болады. Осыған байланысты Сыр қазақтарында «Үйге үт кірді, егіншінің көке­йіне құт кірді» деген мәтел қалыптасқан. Оңтүстік өңірде жыл басы «жылқышы торғайдың ұшып келуімен» орайластыра мерекеленеді. Батыс Қазақ­станда 14-15 нау­рыз күндері туған-туыс, дос-жаранға қонаққа барып, әртүрлі тарту жасайтын Көрісу дәстүрі бар. Батыс қазақтарының нау­рыздың 14-інде Көрісу салтымен мейрамды қарсы алуы, Омар Хайям заманында парсы патшаларының жаңа жылды 14-інен бастап қарсы алған ғұрпын, яғни ескі күнтізбеден қалған жора-жосынды көрсетеді. Себебі Каспийдің о жақ-бұ жағындағы иран-туран халықтарының діни-пәлсапалық, сая­си-экономикалық байланысы – ғасырлар бойы үзілмеген үрдіс. Ал Орталық Қазақ­стан тұрғындары жаңа жылды Үркердің аспанның батыс бөлігіндегі жас Аймен тоғысуына қарап, кешірек қарсы алады.
Екі батыр соғысты,
Үркер мен Айдай тоғысты, – дейді халық ауыз әдебиетінде, өйткені Сәуір (Үркер) жұлдызы нау­рыз айына дәл келеді. «Сәуір болмай тәуір болмайды» деген мәтел көктемгі күн мен түн теңелген тұстағы, Айдың жаңа орағының алдындағы Сәуір (Өгіз) жұлдызының тоғысуына байланысты айтылған. Бірақ қазақ «Сәуір мен Ай тоғысты» демейді, «Ай мен Үркер тоғысты» дейді. Бұл тұрғыдан қарағанда, Сәуір (Өгіз) – жұлдыздың аты және амал. Сондықтан сәуір айын (сәуір демей) көкек деп атаған дұрыс.
Қазақ есепшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, Үркер күздің басында – шығыстан, қыстың басында – төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлде батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» деп сипат­талатын кезеңге 40 күн жазғы шілде сәйкес. Бұл шақта Үркердің көкжиектен көрінбеу себебі – Күн жолы нау­рыз айында дәл соның үстінен өтеді. Қазақ­станның кейбір жерлерінде ғана, мәселен, Орталық өңірлерде осы кез­де Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақ­стан жартастарындағы петроглифтерден – мүйізімен Күн көтеріп тұрған алып Көк өгіздердің сурет­терінен көруге болады. Біздіңше, бұл картина арқылы ежелгі түркілер аспан белдеуіндегі Күннің жолы мен Жерге келген Жаңа жылдың символын бейнелеген. Нау­рызда өгізді құрбандыққа шалу олардың қадым замандардан келе жатқан астрономиялық түсініктерімен байланысты, ал жас балалардың маңдайына қанмен дөңгелек салу дәстүрі – Күнді құрмет­теуден туған көне ырым (культ).
Ертедегі Шығыс астрономдары мен жұлдызнамашылары Нау­рыздың аптаның қай күнінде кіретініне қарай, бүкіл жылдың сипат­тамасын берген. Қожа Әли Термизи (859-932) «Нау­рызнамасында» Нау­рыз сәрсенбі күні кірсе – өте қиын жыл (қымбатшылық, опат, ашаршылық, т.б.) болатынын, жұма-сенбі күндері кірген жылдар да көңіл қуанта қоймайтынын, ал аптаның басқа күндері енген Нау­рыз жақсылықтың нышаны екенін дәйектеген. 80-нен аса тарих, пәлсафа, дін, діни наным-сенімдер туралы жазған Шығыс ғұламасының бұл еңбегі – Нау­рыз тарихын зерт­теушілерге таптырмайтын жәдігер.

Қазан тоқ болса, ел де тоқ

Халқымыздың дәстүрінде дастарқан батасы, мал батасы, жан батасы, жорық батасы, аң батасы сияқты Нау­рыздың да өз батасы бар. Әр шаңырақта көже пісіріліп, ел ат­тылы-жаяу, ілгерінді-ке­йінді, мәз-мейрам болысып үйлерге кіріп, көжеге бата қылады. Қазақта сонымен қатар Нау­рызды «ұзынсары» деп те атайды, яғни Нау­рыз келгенде: «Ұзынсары келді», – деп айту да кең таралған.
Қазақ ауылдарында ертеде «тайқазан», «нарқазан» деп аталатын үлкен қазандар болған. Қазан – сонау скиф-сақ, ғұн заманынан келе жатқан «жеті қазынаның бірі», ғұрыптық тамақ пісіретін ыдыс. «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесіндегі тайқазан – көшпенділердегі береке мен бірліктің символы. Сондай-ақ көне ертегі-жырларымызда алтын қазан іздеу салты кез­деседі. Ертеректе Нау­рыз мейрамында ауылдың тайқазанына әр үй өзінің жеті түрлі тағам қосып пісіріп әкелген көжеcін құятын, сонда 30-50 тамақ қоспасынан жасалған «нау­рызкөже» немесе «көпкөже» болып шығады. Бұл аспаздық жұмыстың бәрін елге қадірлі, ауылға белгілі әйел – бәйбіше басқаратын. Қазанды иесіне қайтарғанда әбден жуып, түбіне міндет­ті түрде піскен тамақ (бауырсақ, тоқаш, ет) салып, құлағына ақтық байлап қайтарады, өйтпесе, «қазан өкпелейді», «қазан шамданады» деп ырым қылатын. Қазақ арасында «өкпесі қазандай», «өкпесі қара қазандай» деп айтылатын сөз тіркестері осыдан шыққан. «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» (Махамбет), «Қара қазан, сары баланың қамы үшін», «Қара қазан, сары бала, жылап жатыр көп бала» деген жолдар да – халық, бұқара халық ұғымдарының баламасы. Атадан мирас болып келе жатқан қазаннан айырылу – құт-берекеден, байлықтан айырылу, оны біреу тартып алса, масқарашылық болып саналатын. 1929 жылдары әлдебір бай Қытайға қашып бара жатып, жолда алып жүре алмаған соң қазанды құмырсқаның илеуіне көміп кеткен көрінеді. Бірнеше жылдан ке­йін: «Қазаным ауылымның құты еді, жақсылыққа да, жамандыққа да бірдей жүруші еді, алып пайдаланыңдар, осындай жерде көмулі жатыр», – деп еліне сәлем айтыпты. Қатонқарағай аймағындағы (Оралхан Бөкеевтің елі) Жамбыл ауылында сыйымдылығы 200 литрдей үлкен сол қазан қазіргі күнге де­йін бар екен. Тұтынған адам әбден жуып, кептіріп, түбіне бауырсақ, тоқаш салып, құлағына ақтық байлап қайтарғанын өз көзімізбен көрдік. Большевиктердің «байдың мүлкі» деп үлкен қазандарды тәркілегені, «шойын-болат жинау бес жылдық жоспарында бар» деген сылтаумен алып кеткені, аштыққа ұрынған халықтың қазанын тастап босқаны жайлы әңгімелер ел ішінде жиі еске алынады.

Ғалымдардың дерегінше, түрік армиясының янычарлары сұлтанға қарсы болғанда асханадағы үлкен қазанды төңкеріп тастайтын, қазақта да бір адам екінші адамға ашуланғанда: «Қазаныңды төңкеріп кете­йін», – деп ғайбат айтады. Қазан да – шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі, қазан толы, тоқ болса, ел де мықты. Осы арада бір айта кететін жайт, Нау­рыздың қазақ халқының тамақтану мәдениетіне де тікелей қатысы бар. Нау­рызда соғымның қалғаны көжемен, сыбағамен бітеді, халық жаппай «қызылдан – аққа», яғни сүт­ті тағамдарға (айран, қымыз, құрт, ірімшік, т.б.) көшеді. Жаздың шіліңгір ыстығында ел қойдан – бағлан, байлар жылқыдан – тай, кедейлер ешкіден лақ жеген, бұл төлдердің еті – қара күзге, күздік сойғанға де­йін адам ағзасы үшін жеңіл де құнарлы ас. Мұны «маусымдық тамақтану жүйесі», «маусымдық диета» деуге болады.
Мифологиялық түсінік бойынша, 21 нау­рыз түні даланы, үй-үйді Қызыр аралайды, сондықтан «Қызыр түні» деп аталады. «Қызыр үй іші, қора-қопсысы, ауласы, киген киімі мен ішкен тамағы таза адамдарға қонады» деген сенім бар. Сол себепті ауыл-үй түгел Нау­рыздың алдында кір-қоңдарын жуып, таза киімдерін киіп, үй ішін, қора-қопсысын тазалайды. «Қызыр бас бармағы былқылдап тұратын, ақ сақалды қария екен, амандасқанда бармағынан білуге болады» деседі. Қазір христиандардың Жаңа жылындағыдай Нау­рызда Қызыр атаны Санта клаус, Аяз ата сияқты киіндіріп, қолына таяқ ұстатып, мойнына дорба іліп, сыйлық таратқызатынды шығарды. Санта Клаус образының пайда болғанына – 150, Аяз ата образының туғанына 140 жылдай уақыт болды. Бұлар – ең бастысы, Еуропаның, орыстың мәдениет тарихында, фольклорында мүлде жоқ, ойдан шығарылған геройлар. Ал Қызыр атаның, кемінде, екі жарым мың жылдық тарихы бар. Қазақ «Қызыр атаның келгені де – ғайып, кеткені де – ғайып» деген тәмсілді бекер айтпаған. Ұлт­тық ұғымымызға сай, Қызыр – қасиет­ті әрі көзге көрінбейді. Сондықтан оны еуропалықтардың ойдан шығарған геройларына ұқсатып материалдандыруға болмайды.
Астрономиялық түсінікте Жаңа жылда күннің көзі көрінген уақыт­тан ке­йінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. Егер кімде-кім Ұлыс күнінің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған «Нау­рыз құты дариды» деген дәстүрлі ұғымға сай, Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Жұртшылық күлімдеп көрінген күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала-төңірекке ақ бүркиді.
Жаңа жылдың бірінші күнінде күннің қалай атқаны, оның түр-түсі есепшілердің үнемі назарында болады. Жұлдызшылардың тәжірибесіне сүйенсек, күн бұл таңда төрт түрлі болып атуы мүмкін: 1). Күн егер жанған от­тай қызарып, қанқызыл болып шықса, ол жылы өлім-жетім, өрт көп болады, соғыс, қантөгістер де болуы мүмкін; 2). Егер күн түсі сары-қызыл тартып, ыстық леп бірден бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық болады. Таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада өрт шығуы жиілейді; 3). Күннің түсі күңгірт тартып, қораланып, солғын көрінсе, ол жылы жауын-шашын ерекше көп болады; 4). Күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап атса, ол жылы жанға жайлы молшылық болады.
Мерекенің тағы бір мәні, бұл – теңдіктің жұлдызы жанып, ұлылық пен кішілік, бай мен жарлы жарасатұғын, хан қарашаның халін ұғып, қараша ханның төріне шығатын күн. Тіпті Шығыс елдерінде патша нау­рыз күні тағынан түсіп, құлды таққа отырғызған уақиғалар болған. Нау­рыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылықка жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіт­тің ісі», «Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар күллі халыққа бір дастарқаннан дәм татырып, ел бірлігін күшейткен.
Қазақы жыл басының, төл мейрамымыздың тарихы, мазмұны қандай терең болса, ғұмыры да сондай өміршең болары анық.

Ахмет ТОҚТАБАЙ,
т.ғ.д., профессор

Сурет­терді түсірген
Жеңіс ЫСҚАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір