ӨЛЕҢДЕГІ – АДАМ
24.08.2026
103
0

Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі мен сырлы үні қалыптасқан көрнекті ақын, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марфуға Айтқожинаның 90 жылдығына орай Алматы ОКЖ қарасты №20 бөлімшесінде  table talk өтті. Ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған әдеби-танымдық талқыны кітапхана ұжымы «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалымен бірлесе ұйымдастырды.

 

Талқыға ЕТЭК директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Құстайқызы студенттерімен бірге қатысып, ақынның қазақ поэзиясына нәзік лиризммен, туған жерге деген сүйіспеншілікпен,  адам жанының терең иірімдерімен келген  қаламгердің өлеңіне саяхат жасады. Алдымен филиал жетекшісі Меруерт Мәулетқызы мен кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлемін кеңінен таныстырылып, оның поэзиясындағы туған жер, елдік сана, ұлттық рух, махаббат, табиғат, адам тағдыры мен сағыныш тақырыптарына тоқталып өтті. Екінші бөлімде қатысушылар ақын жырының бірін оқып, оның айтар ойына, көркемдік ерекшелігіне тоқталып, өлеңдеріндегі адамның мінезі, қадір-қасиеті, болмысы суреттелетін терең  ойдың сабақтастығына назар аударды.

Айса Болат, студент:

— Марфуға Айтқожина апамыздың өлеңдерінің маңызды қырларының бірі — ақынның жеке сезімін халықтық оймен сабақтастыра білуі. Оның поэзиясында туған жер ұғымы жай ғана географиялық кеңістік емес, адамның рухани тамыры, ұлттық жады мен азаматтық болмысының негізі ретінде көрінеді. Ақынның шығармаларында лирикалық кейіпкердің ішкі толғанысы арқылы қазіргі біз өмір сүріп жатқан дәуірдің тынысы сезіледі. Яғни, адамның адам болмағы өзінен екендігі айтылады.

Марфуға Айтқожинаның 90 жылдығына арналған бұл әдеби іс-шара —  ақынның шығармашылығын еске алу ғана емес, оның жырларындағы ұлттық рух пен адамдық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ санасына қайта жаңғыртуға бағытталған тағылымды басқосу. Өйткені уақыт өзгергенімен, елді қадірлеу, адамдықты ардақтау, жүрек тазалығын сақтау секілді құндылықтар өз маңызын ешқашан жоғалтпайды.

М.Маулина,
журналист

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір