АЖАЛДЫ ЖЕҢГЕН АДАМ
25.12.2024
321
10

«Әке – асқар тау, ана – аққан бұлақ» дейді ғой. Біз жазушының отбасында он бала тәрбие көрдік. Әкеміз – Зейнел-Ғаби Иманбаев біз ес білгелі көбіне жазу үстінде болатын. Анамыз – Кәмеш бізді күтіп, баптап жағдайымызды жасайтын. Қолдары босағанда кітап оқып, домбыра тартуға, еңбекке баулитын. Республикалық басылымдарда шыққан газет-журналдар үзбей келіп тұратын. Біздің үйде кітап көп болатын. Үлкеніміз кішімізге ертегі оқып беретінбіз. Кейін батырлар жырын көп оқыдық. Балалар әдебиетін қызықтай оқушы едік. Кешкілік Қазақ радиосынан ертегілер тыңдайтынбыз. Әкеміз біздің бала кезден кім болатынымызды болжап қоятын, өте балажан жан еді.

Он баланың сегізі жоғары білім алды. Оның бәрі ата-анаға салмақ қой. Әкем бізді қаламақымен асырады, оқытты. Сол үшін күндіз-түні жазуға тура келді. Республикалық басылымдарға үнемі әңгімелері, сықақтары, очерктері шығып тұратын. Тіптен Қазақ радиосының әуе толқынынан үш жылдың өзінде 99 мақала, очерктері берілген екен. Мыңнан аса очерк, мақалалары газет-журналдарға шығыпты.
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданына қарасты отыз үйлі Ортақкөл ауылында тұрып, бірден жазушы болу әкем үшін қиынның қиыны еді. Әкем 1944–1954 жылдар аралығында суық тигеннен белінен баса алмай, көбіне жатып жазған. Оның бар арманы «қайтсем де жазушы болам» деген мақсат еді.
Аудан дәрігеріне қаралғанда «сенің дертіңе дауа жоқ, өлесің» дегенде, әкем: «Мен әлі жаспын, менің асқар таудай арманым бар. Жоқ, мен өлуге тиісті емеспін!», – деп, өмір үшін күрескен. «Ажалды жеңген адам алтын аяқтан су ішеді» демекші, әкем қайсарлықпен алға жылжып, ауыр дертті жеңіп, аяғынан тұрды, қатарға қосылды.
Ауырып жатқанда ауданнан қап-қап кітап алдырып, әдебиеттің қыр-сырын өз бетінше меңгерген адам еді. Онда да есік алдына шығып келуге жағдайы бар-тын. Белі тала берген соң көбіне жатса керек. Осы уақыт аралығында бір қалың кітап жазып, көңілінен шықпаған соң отқа жағып та жіберген кезі де болған. Сонда анамның іші удай ашыған екен. Қаншама еңбекті жағып жібергені өкініш тудырыпты. Осы оншақты жылда анам тағдырдың тауқыметін бір өзі көтерген еді. Ата-анамның тұңғыштары ұл болыпты, аз уақыт тұрып шетінеп кеткен екен. Содан кейін жеті қыздан кейін екі ұл, бір қыз дүниеге келіпті. Колхоз жұмысы, бір жағынан бала-шаға, мал-жан дегендей, осы бейнетті анам жеңе біліпті.
Жаздыгүні Жағыпар нағашым атты жегіп, арбаға құс төсекті, жастықты салып, көрпемен жауып, әкемді қалаға дәрігерге апаруға жолға шығыпты. Осы кезде Ілияс Омаров ағамыздың жіберген санавиациясы да нағашымның үйінің сыртына келіп қоныпты. Ұшқыш үйге келіп, әкемді сұраған екен. Апам ат-арбамен қалаға кеткенін айтқан екен.
Ол кезде асфальт жол жоқ, кедір-бұдыр жолмен келе жатып, әбден жол соқса керек. Күн батқан соң жолдағы Бексейіт ауылындағы ағайынның үйіне қонғанда әкемнің беліне шыққан үлкен бітеу жарасы жарылып, көзі шайдай ашылады. Содан бастап қайта қатарға қосылып, еркін жүре бастайды.
Әкем өмір бойы төсекке таңылған жоқ. Отыз жасына дейін ауырса, қалған уақытта ел қатарлы малын өсіріп, шөбін шауып, отынын жарып, балығын аулап, аңға шығып, қыста қарын күреп дегендей, ауыл тірлігін ұршықша үйірді. Алпыс үш жыл өмір сүрді, қағылез, жүгіріп жүретін адам еді. Жүрегі ауырып, ауруханаға түскенде морфи салып, ұйық­татып жіберген дәрігердің кесірінен әкем қапыда дүниеден өтті.
Әкем жайлы бір кітап бастап қойғаным рас. Жап-жақсы жазылып келеді. Әкем жайлы айтарым көп. Ол кісінің еңбекқорлығы, ұқыптылығы, өмірсүйгіштігі, отансүйгіштігі, күрескерлігі, балажандылығы, сұлулыққа құштарлығы, әншілігі, мейірбандығы, алтын бесік ауылын, туған жерін сүюі, суреткерлігі, сезімталдығы сияқты көптеген қасиеттерін ашқым келеді. Ол кітап тұтас дүние болып жарық көргенде әсері бөлек болуы керек. Әзірше құралып жатқан сөз жиынтығы.
Өзінің табиғи дарынының, көп ізденісінің арқасында алашқа аты шыққан жазушы мектеп қабырғасынан алған білімімен оқырманға он жеті кітап жазып қалдырды. Әрине, шағын ғана ауылда тұрып, бала кезгі арманы жазушы болуға талпынған, сол жолда қажырлы еңбек еткен жас қаламгердің алған бағыты айқын, мақсаты биік еді. Осы бір қажырлы жолда жас жазушыға қоғам қайраткері Ілияс Омаров, атақты жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Асқар Лекеров, Сафуан Шәймерденов сынды жанашырлары қолтығынан демеп, жол көрсетіп, жылма- жыл кітабының шығуына атсалысқан, жәрдем еткен. Сондай-ақ «Ленин туы» газетінің редакциясы тырнақалды туындыларын жарыққа шығарып, қанаттандырып отырған.
Әкеме бірден-бір көмек берген сол кездегі Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың пейілі ерекше болды.
Ілияс Омаров ағамыз 1955–1959 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің секретары болып тұрған кезде, «Ортақкөл деген ауылдан жас қаламгер шығыпты, денсаулығы жоқ деп еді, жағдайын біліп қайтайық» деп көмекшілерімен ауылға келеді. Ол кезде дара ағаш үйде тұратынбыз. Бір бөлмелі үйде бес-алты баласымен тұрып жатқан жас қаламгерді көріп, Ілекең: «Жазушының кабинеті, қонақ күтетін бөлмесі, ас үйі, дәлізі сияқты бірнеше бөлме үйі болуы керек», – деп қадап айтыпты. Осы жайлы әкемнің «Ілиястың бағы» деген естелігінен үзінді келтірейін:
«Жазғы кез. Сырттан мотор гүрілі естілді. Қарасам, жасылы бар, ағы бар, екі-үш «Победа» тоқтап тұр. Машинадан түскендер иіріліп қалды. Алдында маңдайы жарқырап Ілекең тұр екен. Сондағы қысылғаным өмірі есімнен кетпес. Ілекең сонымды сезе қойды ғой деймін. Жайдары күліп:
– Баста үйіңе! – деп соңымнан ілесті. Ілекең атамыз қазақтың дәстүрімен үйге сәлем беріп кіріп, төрге отырды. Соңынан ергендерді енді ғана тани бастадым. Аудандық Совет аткомының төрағасы Макаров, райкомның секретары, аудандық орман шаруашылығының бастығы Тригубченко, өзіміздің басқарма Сексенбай Тұралин, тағы да танымайтын біреулер бар. Ере келгендерден екеу-үшеуі ғана үйге кіре алды. Қалғандары ашық есіктен мойындарын созады. Ілекең хал-жайымды сұрап алып, дөңгелек үстелді алдына тартып қағаздарын жайып тастады да, есік жақта тұрғандарға қарап:
– Мынау жігіт, – деді мені нұсқап, – осы аядай үйде он жылдай төсек тартып жатқан, тұрмыстың азабын көрген, бірақ мойымаған, ажалды жеңіп шыққан дәті берік адам. Жазушы. Мынау – алғашқы кітабы, – деп портфелінен менің «Бастамамды» алып көрсетті. Былайша айтқанда, сіздердің өз Островскийлеріңіз. Дарынды жанға жол ашық, біз үнемі қолұшымызды беруіміз керек. Еңбек етуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Сіздерді осы жерге ертіп келуімнің мақсаты да сол. Кәне, үй салуға көмектесеміз бе?
– Көмектесеміз, Ілияс Омарұлы, – деп алдымен үн қатқан Макаровтың өзі болды.
– Сізге қандай үй қажет? – деп сұрады менен Ілекең.
–Төрт бөлмелі.
–Төрт бөлмелі үйге қанша бөрене, тақтай, шеге, шифер кетеді? – деп сұрады Ілекең.
–Елу кубометр бөрене, он кубометр тақтай, пәленбай шыны, түгенбай шифер, – деп Секең қойын кітапшасын парақтап жатыр.
– Бәрі де болады, райисполком атынан қаулы алып, жақын орманнан деляжа шығартамыз. Басқа материалдарды да іздестіреміз.
– Міне, бұл жөн сөз, – деп Ілекең қуанып қалды. – Осы шаруаның басы-қасында өзіңіз болыңыз, Анатолий Арефиевич, өтінемін!
– Міндетті түрде, – деп жатыр.
– Ал жолдастар, жүрейік, – деп қағаздарын жинастыра бастады.
– Дәм ішіңіздер, мал соямыз, – дедім.
– Рақмет, мың алғыс, асығыспыз, – деді тоқтаудың ретін таппағандықтан қызарақтап. – Жаңа үйге кірген соң келем ғой, өкпелеме, қайткенде де келем ғой, өкпелеме! Жақсы жер, осы алқапқа гүл ек, үлкен баққа айналдыр, басқа жазушылардың қоныс-мекенінен кем болмасын, – деді.
– Ал жүрейік. «Победаның» артқы орындығына отырып жатып: – Өкпелеме, қайткенде де келем! – деп сөзін қайталады.
1961 жылы жаңа қонысқа кірдік. Қоныс мекеніміз үлкен баққа айналды. «О, шіркін, Ілекең көрсе ғой!» деймін. Арманым сол еді, бірақ Ілекең келіп көре алмады. Мемлекеттік жұмыстан қолы тимеді. Оның үстіне өзі ауыр сырқат еді» деген екен әкем.
Ілияс ағамыз әкеме туғанындай көмек берген жан еді. Тіпті 1956 жылы Алматыда өтетін жас қаламгерлердің пленумына барарда шоферын қосып жіберіп, дүкеннен әкемді шыттай киіндіріп, жол билетін алып беріп, қалтасына ақшасына дейін салып беріп: «Жас қаламгерге қамқор болыңдар!» – деп, Орталық комитеттің адамына, Ғабит Мүсіреповке, Сәбит Мұқановқа арнайы хат жазып жіберуі кісілік емес пе? Осындай мейірбан жандардың арқасында әкем қатарға қосылды. Ауруынан айық­ты. Ілекең елде жоқ дәрілерді тауып беріп, тіпті Қырымға демалуға жолдама беріп, туған әкесіндей қамқор бола білді.
Елу жылға жуық қаламы қолынан түспей облыстық, республикалық баспасөзге, Қазақ радиосына, облыстық радиоға тоқтаусыз әңгіме, мақалаларын жіберіп отыратын қаламгердің еңбегі орасан еді. Ол туған елін, жерін, ауылдастарын ерекше жақсы көрді, сол ауылдың тарихын тасқа басты, бірнеше жинаққа арқау етті.
Зейнел-Ғаби Иманбаевтың көптеген әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Жазушы көркем дүниелерімен жас ұрпақты жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу мақсатында көп ізденген, өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған қаламгер. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген жазушы «Бастама», «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар», «Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» (повестер жинағы), «Қос қайың», «Қанатты өмір» атты әңгімелер мен повестер жинақтарының, яғни он жеті кітаптың авторы.
Әкем қайтыс болғаннан кейін «Қос қайың», «Қанатты өмір», «Ортақкөл әңгімелері» жинағын шығардым. Сонымен 20 кітап болды.
Әкем философиялық ой қозғауды Абайдан, ұлттық бояуды қосып, табиғи, әсерлі жазуды Бейімбет Майлиннен, қысқа жазуды Антон Чеховтан, өткір, қажырлы шығарма жазуды Николай Островскийден үйренген. Соларды ұстаз тұтқан.
Әкем Жүсіпбек Елебеков, Байғабыл Жылқыбаев, Мағауия Көшкімбаев, Рахия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжанова, Жамал Омаровалардың орындаған әндерін сүйсіне тыңдаушы еді. Күйлерден шертпе күйлерді, әсіресе Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин сынды күйшілердің орындауындағы сыршыл күйлерді тыңдағанды ұнататын. Кейде ыңылдап, келтіріп жүретін. Өзі де домбыраға қосылып ән салатын. Өнерге деген шексіз махаббаты шығар, мені бесінші сыныптан Жүсекеңе шәкірт болады деп тәрбиеледі. Әкемнің арманы болған соң өнерге ыңғайлана бердім. Мен мектеп бітірген кезде облыстық, республикалық байқаулардан өтіп, Республикалық эстрада-цирк студиясына, Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебековтің сыныбына оқуға түстім, оқуды бітірген соң ҚазМУ-дің журналистика факуль­тетінің деканы Темірбек Қожакеев «домбыраң артық болмайды, біздің оқуды да оқып ал» деп ақыл қосып, сол факультетті бітіріп алдым. Кейін «Мектеп» баспасында, Республикалық Ықылас атындағы Мұражайда редакторлық қызмет атқарып, кітап шығару ісімен айналыстым. 1990 жылдың қаңтарынан Қазақ радиосының музыка редакциясында редактор, аға редактор, бас редактор, «Алтын қор» бөлімінде жетекші қызметтерін атқарып, 30 жылға жуық осы салада еңбек еттім.
Енді әкемнің туғанына 100 жыл толуына байланысты іс-шараларға көшсек. Негізінен, Жаңа жылдан бастап, министрлікке, әкімдерге хат жазып, телеарналардан, радиодан хабарлар ұйымдастыра бастадық. Мысалға, «Абай» телеарнасынан «Ұмытпаймыз», «Еларна» телеарнасынан «Тағдыр жолы» хабарлары, Шалқар радиосынан арнайы хабарлар, Қызылжардың облыстық телеарналарынан арнайы хабарлар, «Егемен Қазақстан» газетіне екі мақала, «Балдырған» журналына әңгімелері шықты. Сондай-ақ фейсбук әлеуметтік желісінен «Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев» деген топ ашып қойдым. Онда әкемнің арнайы телехабарлары, радиоәңгімелері бар.
Қызылжар қаласындағы мұражай, кітапханаларда, сондай-ақ аудандық мұражай, кітапханаларда еске алу жиындары болды.
Биылғы жылы әкеміздің туғанына 100 жыл толуына байланысты жоспар құрып, бір керемет той ретінде ел ішінде атап өткім келген. Алайда облыс әкімі қолдамағандықтан бар салмақ бала-шағасына түскені рас.
Облыстық әкімшілік, тіптен тарихи тұлғалар тізімінде тұрған әкемді сол тізімнен алып тастап, «ол кісіге көше де, той да жоқ», – деп маңайына да жолатпады. Облыстың әкімі Ғауез Нұрмағанбетовтың бір қамқорлық көрсетпегеніне, қаражат бөлмегеніне соншалықты ренжідім.
Әкемнің «Ортақкөл әңгімелері» жинағын Алматыдағы «Асыл кітап» баспасынан шығарып, Қызылжар қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы Әмбебап кітапханасында тұсаукесер рәсімін жасап, ас бердік.
Шал ақын аудандық Ардагерлер қоғамының төрағасы, белгілі журналист Тұрар Оразалин, жазушы Қойшыбай Шәниев, ардагер Ілияс Тоқымбетов, Шал ақын аудандық мұражайдың директоры Маржан Таушарова, қор сақтау­шысы Гүлім Нұрғалиева сынды аудан азаматтары арнайы келіп, жазушы жайлы ойларын ортаға салды. Аудан әкімі маған шапан, орамалымен, гүл шоғын сыйлап құрмет көрсетті. Сондай-ақ белгілі журналистер Болат Қожахметов, Өмір Есқали, Сағындық Сәбитұлы, Қошан Қалиев, Погодин театрының директоры Спартак Рамазанов, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантай, «Қазақстан-Петропавл» филиалының директоры Ерлан Тоқшылық қатысып, Қызылжар қалалық Ардагерлер қоғамының төрағасы Жангелді Тәжин, ақын Болат Сағындықов өз лебіздерін білдірді. Мәжілістің көркін кіргізген Қызылжарлық әншілер Таңат Бейсенбаев, Амангелді Рамазанов, Біржан Есжандарға рақметтен басқа айтарым жоқ. Конференцияны жүргізген жас ақын Самрат Құскен өзінің білімділігімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Іс-шараны мінсіз атқарған Сәбит Мұқанов атындағы Әмбебап кітапхананың директоры Бибігүл Әбілмәжіноваға, кітапханшы Зәмзәгүл Рамазановаға алғысым шексіз.
Облыстық Погодин театрының директоры Спартак Өмірзақұлы елге «Еларна» телеарнасының журналистері келгенде де елге баруға, одан кейін ас бергелі жатқанда ауылдағы зиратқа барып қайтуға екі рет автобусын бергені көп көмек болды. Ол жігітке Алланың нұры жаусын!
Міне, қарапайым халықтың қолдауымен өткен іс-шаралар әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевты бір сәт еске алып, бүгінгі ұрпаққа насихаттауға септігін тигізді. Әрине, қазақ жерінде небір әдебиет алыптары бар. Көпшілігі іздеушісі болмай, аты аталмай жатыр. Әрине, өкінішті.
Әкем орыс киноларын көп көретін. Жазушы Василий Шукшиннің сол кездің өмірі жайлы шығармаларының желісімен түсірілген киноларды зерттей отырып қарайтын. Өзінің де жазғандары осылай фильм болып шығып жатса ғой деген арманы болатын. Біздің жақта орыс халқы, орысша сөйлейтін қазақтар көп қой. Жазғандарын орыс тіліне аударсам деп ойлайтын. Алматыда Хурина деген аудармашымен келісіп, кітаптарын бергені де бар. Ол да шықпай қалды. Қырымға барғанда Николай Островскийдің музейіне барғаны бар. Сол кезде менің де осындай музейім болса ғой деп армандаған. Адамда арман таусылған ба? Көп дүние қаражатқа келіп тіреледі.
Қыз да болсақ «әкеміздің есімі жаңғырып тұрса екен» деп, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей көп әрекет еттік. Жоғарыдан нұсқау болмаса, төмендегілердің қозғалмайтынына куә болдық. Ендігі жерде өз қаражатымызға мұражай салу, әкемнің жазғандарын орыс тіліне аудару, өз өмірі жайлы жазған повестері мен эсселерінен фильм түсіру, Қызылжар қаласынан, аудан орталығынан ескерткіш орнату сияқты толып жатқан іс-шараларды атқару – ұрпақтарына аманат екені айқын. Осы үрдісте әлі де еңбектенеміз, аман болсақ әлі де әке арманын орындауға тырысармыз деп ойлаймын.

Алтын Иманбаева,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақ радиосының ардагері, жазушының қызы

ПІКІРЛЕР10
Аноним 25.12.2024 | 19:13

Шебер жазылған…

Аноним 25.12.2024 | 23:21

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына, сондай-ақ газеттің Бас редакторы, елімізге белгілі ақын әрі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Жақыпқа осы мақаланың бір әрпіне тиіспей толық шығарғаны үшін мың алғыс! Еңбегіңіздің жемісін көріп, биіктерден көріне беріңіз, Бауке! Алла да, аруақ та разы болсын сіздерге!

Аноним 25.12.2024 | 23:22

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына, сондай-ақ газеттің Бас редакторы, елімізге белгілі ақын әрі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Жақыпқа осы мақаланың бір әрпіне тиіспей толық шығарғаны үшін мың алғыс! Еңбегіңіздің жемісін көріп, биіктерден көріне беріңіз, Бауке! Алла да, аруақ та разы болсын сіздерге!
Пікір иесі — жазушының қызы Алтын Иманбаева

Аноним 26.12.2024 | 10:59

Әз әке туралы перзентінің естелік әрі танымдық мақаласы өте жақсы жазылған екен. Біздер, ескікөздер Зейнелғаби Иманбаев жайлы там тұмдап болса да таныспыз. Ал қазіргі жастар әрине, бейхабар. Сондықтан, жазушының қызы әке туралы жазған бұл естелігінің кейінгі ұрпаққа, жалпы көзіқарақты жандар үшін танымдық маңызы зор, пайдасы ұшан теңіз, бір өзі бір кітаптың жүгін арқалап тұрған дүние дер едім. Өйткені, әдебиет жайлы арнайы білімі жоқ бола тұра, шексіз мұхитқа құлаш ұрған өлермен жандай, тыныш жатқан ауылдан өз кейіпкерлерін тауып, содан сан қилы образ жасау арқылы әдебиет деген мұхитқа батыл , жасқанбай кіруі бұл батырлыққа пара пар дер едім. Сырқатына қарамай еңбектеніп қазақ әдебиетінің ортасынан өз орынын алуы адам қызығарлық тай іс . Жалпы жазушының шығармалары ғана емес, өз өмірі, оның отбасылық өмірі қай уақытта болса да басқаға, әсіресе жастарға өнеге, үлгі, тәрбиенің тал бесігі дер едім. Әке туралы естелік жазу арқылы жазушының қызы өзі өскен отбасының жайынан үлкен мағлұмат беріп отыр. Оқуға тұрарлық, ғибраты мол шағын естелік дер едім. Әке алдындағы парызды әркім әртүрлі орындайды, түсінеді. Қағазға түскен дүниенің өміршең болары анық.

Аноним 26.12.2024 | 11:07

Бұл пікірді жазған -Қазақ радиосының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының «Құрметті журналисі» Әнапия Саржанқызы Әмрина

Аноним 26.12.2024 | 17:28

Мен Ортақкөл ауылының тумасымын. Балалық шағым ауылда өтті. Жазушының қызы Алтын құрдасым. Зейнелғаби Иманбаев ауылдағы көзі ашық, жаңалыққа құштар, талантты, қайсар азамат болатын. Шағын ауылдағы мектептің мұғалімі, әрі басшысы әкем Жағыпар Хұсайыновпен тығыз творчествалық қарым — қатынаста болды. Жазған әңгімелерін әкеме оқып пікір алысатын. Кейбір әңгімелерін әкем орыс тіліне аударып облыстық «Ленинское знамя» газетіне жіберген күндері болды. Жазушының әңгімелерін біз сүйіп оқитынбыз. Себебі ол кісінің әңгімелері өмірден алынған, кейіпкерлері біздің ауылдың азаматтары болатын. Ес білгелі ол кісінің өмірі біздің көз алдымызда өтті. Өмірінің соңына дейін араласып ақыл- кеңесін тыңдап өстік. Ол кісінің қайсарлығына таң қалатынбыз. Николай Островскидің «Как закалялась сталь» кітабындағы Павел Корчагиннен үлгі алып қандай қиыншылық болса да жеңе білген азамат. Мақала өте жақсы жазылған екен. Асылдың сынығы — Алтын жарайсың! Әкең қандай құрметке болса да лайық. Тек билік тарапынан қолдау болмағаны қынжылтады. Уақыт өзі сарапшы. Кезі келгенде әкеңнің шығармаларын оқырман қауым іздеп оқитын болады. Кезінде әңгімелері Балдырған журналында, бастауыш сыныптардың оқулықтарында басылып жүргенін көзіміз көрді. Сол күндер қайтадан айналып келіп Зейнелғаби Иманбаевтың еңбектері өз оқушысын табады деген сенімдемін.

Аноним 26.12.2024 | 17:35

Пікір жазған Ортақкөл ауылының тумасы, зейнеткер Мұрат Хұсайынов.

Аноним 26.12.2024 | 23:43

Зейнетақы Иманбаев
Керей руының балта тармағынан тараған ағайын болып келеді.

бұл кісі өмірдегі көрген қиыншылықтарын жеңе білген қайсар тұлға бола білген жан екенін өмірбаянынан білдік.
» Жақсы әке- балаға азық»- дегендей балалары әкесінің еңбектерін көпшілікке кеңінен. таратуда.
Балта руының шежіресі баспаға кітап болып шығуына
жазылып жатыр.
Кәзіргі таңда ру басы шежіресін таратқан құндылықтарын қосып пайдаланып жарыққа шығу үстінде.
Қызылжар қаласында тарихқа, әдебиетке сіңірген еңбектері еленіп осы кісіге лайықты мұражай ашылса «Нұр. үстіне нұр » болар еді.
Зейнелғаби Иманбаев. атамыздың өмірбаяндық, еңбектерін таныстырып оқушы. қауымға кеңінен таратып.
Мектеп ұжымдарымен кеңесі. отырып, мектеп кітапханаларда. бұрыш ашылған екен.
жылда еске алу кештері мен жинақтарынан үзінді оқытып, келешек ұрпақтарға үлгі- өнеге тәрбие ретінде ұйымдастырылуын қолдаса екен.
Пікір қосушы: Қазақстан Магниткасының еңбек ардагері: Қайырбек Қожахметов.

Аноним 27.12.2024 | 10:29

Зейнелғаби Иманбаев Керей балта руының шежіресін таратқан ағайынымыз болып келеді. Бұл кісінің өмірде көрген қиыншылықтарына қарамастан балаларына білім- тәрбие берген қайсар жан.
Кәзіргі таңда Керей- балта ру шежіресіне өзіндік жазбаларын қосып пайдаланып жарыққа. шығу үстінде.
Қызылжар қаласында тарихқа,әдебиетке сіңірген еңбектерін қолдап, осы кісіге. лайықты мұражай ашылса
«Нұр үстіне нұр»болар еді.
Зейнеғаби Иманбаев атамыздың өмірбаянымен еңбектерін оқушы қауымға таныстырып кеңінен таралса екен.
Мектеп ұжымдарымен кеңесі. отырып, мектеп кітапханаларынан арнайы бұрыш ашылса екен.
жылда еске алу кештері мен жинақтарынан үзінділер оқып іс- шаралар жүргізілсе . Келешек ұрпақтарға үлгі — өнеге болатындай ұйымдастырылуын қолдаса екен.
Пікір қосушы: Қазақстан Магниткасының еңбек ардагері: Қайырбек Қожахметов.

Аноним 27.12.2024 | 15:37

Пікір жазыңыздар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір