МЕМЛЕКЕТШІЛ АДАМ
26.08.2026
40
0

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы – жастайынан елін шексіз сүйіп, Отанына адал қызмет етіп, Қазақстанды әділетті де таза Мемлекетке айналдырсам деген тұлғаның асыл арманына жету барысындағы кемел ойлы сөздері мен баяндамаларынан сүзіп алынған қаймақты пікірлері мен тұжырымдарының жинағы.

Кітаптың оқырмандарын бірден баурап алатын қандай сиқыры бар? Ең басты қасиеті біздің ойымызша, осы кітапта жинақталған үзінділердің бұрын-соңды айтылмаған соны да шынайы ойларында. Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жарқын да ерекше пікірлері ешкімді жайбарақат қалдыра алмайды.
Мемлекет басшысының «Қазақ­станды әділетті, қуатты, қауіпсіз және таза мемлекетке айналдыру» тұжырымдамасы, шын мәнінде, Жаңа Қазақстанның мүлде жаңа идео­логиясы десек қателеспейміз.
Терең білімді оқымысты адамның кемел ойлары да тұңғиық болады. Осы пікірімді айта отырып, мен әлемде тек жақсы атымен қалған кемеңгер мемлекет басшыларын есіме аламын.
Жаны сергек, көңілі ояу оқырманның бірі ретінде мына еңбектерді тамсана, таңғала оқығанбыз:
Марк Аврелий – «Өз-өзіме»;
Томас Джефферсон – «Вирджиния туралы жазбалар»;
Вудро Вильсон – «Америка Құрама Штаттарындағы конституциялық басқару»;
Махатма Ганди – «Менің ақиқат жолындағы тәжірибелерім»;
Уинстон Черчилль – «Екінші дүниежүзілік соғыс»;
Нельсон Мандела – «Бостандықтың ұзақ жолы»;
Мұстафа Кемал Ататүрік – «Ұлы сөз»;
Маргарет Тэтчер – «Дауниң-стрит жылдары», «Мемлекеттік басқару өнері», «Билікке жол»;
Ли Куан Ю – «Үшінші әлемнен бірінші әлемге».
Қазақстан туралы, болашағымыз туралы толғанысқа толы мына кітап та өзге мемлекеттің оқырмандарына ұнайтынына сенім мол.
Әрине, Мемлекет басқару бақытына ие болған кез келген тұлға әу бастан терең білімімен, биік парасатымен, сол өзі ие болған елдің көсегесін көгертсем деген асыл арман, киелі мақсатты орындаймын деп өзіне-өзі уәде беріп келмесе онда ол түптің түбінде автократқа айналары сөзсіз. Алайда мына кітапты оқи отырып бізде ондай қауіптің жоқ екендігін түсінеміз.
Автордың соңғы 30 жылда сөйлеген сөзі, мақала, сұхбат, баяндамаларының негізінде құрастырушылар кітапты 21 тақырыпқа бөлген екен. Әр тақырыптың көтерер жүгі мол, айтар ойлары сан-алуан болғанымен бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұр. Автор қандай тосын ойлар, тұжырымдар мен байламдар айтса да қалың оқырманның, тыңдарманның жағдайын ойлай отырып айтады.
Ал руханият туралы мына сөздері ешкімді жайбарақат қалдырмас:
«Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрда­йым қолдаймын»;
«Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады»;
«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу»;
«Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі»;
«Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған»;
«Мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі»;
«Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау»;
«Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты»;
«Қазақ зиялыларының салмақты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы»;
«Ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады».
Мемлекет басшысы «Түркістан» (05.01.2026) газетіне берген сұхбатында өзі туралы мынадай тамаша пікір айтады:
«Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді.
Сондықтан «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін».
Біз де осы тұжырымға тоқтаймыз.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір