АДАМ ҰЛАҒАТЫМЕН ДЕ МЫҢ ЖАСАЙДЫ
19.10.2026
209
1

  

        Адамның ғұмыры өмір сүрген жылдарымен ғана өлшенбейді. Оның артында қалдырған өнегесі, айтқан тағылымды сөзі, жасаған жақсылығы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпақтың жадында сақталса, ол адамның рухани ғұмыры жалғаса береді. Өзі өмірден өтсе де, тәлімін көрген шәкірт­тері, қамқорлығын сезінген жақындары, еңбегін бағалаған елі оның есімін ұмытпайды. Осылайша бір адамның бойындағы ізгілік пен парасат талай жанға жол көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы мүмкін. Демек, жақсы адамның ғұмыры өзі жасаған ұлағатымен, қалдырған ізімен өлшенсе керек. Журналист, жазушы Сәлім Меңдібаевтың 80 жылдығына арналған еске алу кешінен түйген ең үлкен ойым да осы болды.

           Бұл іс-шара бір адамның мерейтойын атап өту немесе өткенді еске алумен ғана шектелген жоқ. Сәлім ағамызды әр қырынан таныған адамдардың әңгімесі арқылы оның азамат­тық болмысы, журналистикаға деген адалдығы, айналасына жасаған қамқорлығы мен кейінгі буынға қалдырған өнегесі жадымызда қайта жаңғырды.
          Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай, философ-ғалым, ұстаз Қалқаман Жақып, белгілі қоғам қайраткері Өмірзақ Ихтиля­пов, ақын Ақылбек Шаяхмет, әріптестері Дәмір Әбіш, Мейраш Жүнісбек, Биалаш Сүйінкина және басқа да замандастары жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Қарындасы Бақытжамал Меңдібаева ағасы туралы отбасылық естеліктерін айт­ты. Басқосуға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика факультетінің студент­тері де қатысты.
Меніңше, осынау шараның ең үлкен мәнінің бірі де осында – аға буынның әңгімесін жас ұрпақтың тыңдауында. Өйткені естелік – өткенді сағыну ғана емес, ұрпақтар сабақтастығына бастайтын рухани көпір. Кезінде қазақ руханиятына қаламымен қызмет еткен азамат туралы замандастарының аузынан есту – болашақ журналистер үшін кез келген оқулықтан табыла бермейтін тағлым. Сәлім ағаның өмір жолы мен кәсібіне адалдығы сол жастардың біріне ой салса, біріне бағыт-бағдар берсе, ұлағат­тың жалғасқаны да сол емес пе?
Ақын Ақылбек Шаяхмет Сәлім ағамен бірге қызмет еткен жылдарын еске алып, оның журналист ретіндегі беделі лауа­зыммен өлшенбегенін өте орынды айт­ты.
       «Сәлімді жұрт редактор болмады деп жатады. Редактор болған-болмағанда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, оның қолында қағазы мен қаламы болды және ол елге танымал журналист еді», – деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Шынында да, адамның кәсіби биігін қызметінің атауы емес, атқарған ісі айқындайды. Бұл ой Сәлім ағамның өзінің өмірлік ұстанымымен де үндеседі.
         Оның 80 жылдығына орай «Қостанай» телеарнасында жарық көрген «Би-ағаның ізбасары.Туған жер тұлғалары» деректі фильмінде Сәлім ағаның бейнетаспаға жазылып қалған мына бір сөзі бар:
       «Ең бастысы – өз кәсібіңе адал болу, адам болып қалу. Журналист болып, қаламгер болып қалған азамат болу маңызды». Осы бір ауыз сөз оның бүкіл болмысын ашып тұрғандай. Ол үшін журналистика мансап баспалдағы емес еді. Ол – өмір салты, жауапкершілік, ел алдындағы міндет болатын.
        С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекет­тік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң туған өлкесіне оралып, облыстық баспасөзде 45 жыл еңбек ет­ті. Қарапайым еңбек адамдары туралы мазмұнды очерктер жазды, туған өлкенің тарихын зерт­теді, кітаптар шығарды. Ең бастысы, қолынан қаламын түсірмеді.
Белгілі қоғам қайраткері, облыстың құрмет­ті азаматы Өмірзақ Ихтиляповтың естелігі де осы қарапайым болмысты аша түседі. Ол жас маман болып еңбек жолын бастаған кезінде Сәлім Меңдібаевтың атағы облысқа кеңінен танылғанын, соған қарамастан, оның өте қарапайым адам болғанын айтады. Бас редактордың орынбасары қызметін атқарса да, жұрт оны абырой-беделі мен кәсіби кемеңгерлігіне қарап, бірінші басшыдай қабылдаған. Бұл – лауазымнан биік тұратын беделдің белгісі.
      Өзім үшін Сәлім ағамның орны тіптен бөлек. Журналистиканы таңдауыма бірден-бір себепкер болған жан да – осы кісі. Бала кезімнен оның өз кәсібіне деген ерекше құрметін көріп өстім. Әр сөздің салмағын сезіне білетін. Журналистің жазғаны мыңдаған оқырманға жететінін, сондықтан қалам иесінің жауапкершілігі де орасан екенін ісімен көрсететін. Студент кезімде жыл сайын елге келіп, «Қостанай таңы» газетінде өндірістік практикадан өтетінмін. Сол тәжірибе мен үшін журналистиканың үлкен мектебі болды десем болады.
Бірде өзімнің туған ауылым туралы «Баяғы Ақсуат – сол Ақсуат» деген мақала жазып әкелдім. Спандияр Көбеевтің «Орындалған арман» романының желісіндегі оқиғаларды негізге алып, ауылдағы кейбір шешілмеген мәселелерге аудан, облыс басшылығының назарын аударғым келген. Мақала Сәлім ағаға ұнады. Біраз түзету енгізді. Мен «осымен болды» деп ойладым.
         Ертеңіне редакцияға келгенім сол еді, қарсы ұшырасқан Сәлім ағам:
        – Салтанат, мақалаңның тақырыбы «Орындалмаған арман» болсын, – деді.
        Сол сәт­те ол менің мақаламды кешкісін редакцияда қалдырып кетпегенін түсіндім. Түнімен толғанып, мақаланың мәнін дәл ашатын тақырып іздеген. Бір қарағанда, бұл – газет өмірінде күнделікті кездесіп жататын үйреншікті көрініс. Ал мен үшін үлкен сабақ болып қалды.
       Журналистикада «осы да жарайды» деген ұғым болмауы керек. Жазған дүниең оқырманға жеткенше оған қайта-қайта оралып, әр сөйлеміне, тіпті тақырыбына дейін жауапкершілікпен қарау қажет.
       Сәлім ағам мұны бізге ақыл айту арқылы емес, өзінің қарапайым ғана үлгі-өнегесімен үйрет­ті. Ол жастарға қамқор болатын. Бірақ ешкімді қолынан жетектеп, дайын жолға түсірмейтін. Бағыт беріп, көкжиегіңді көрсететін де, әрі қарай өзіңнің ізденуіңді күтетін. Ұстаздықтың бір үлкен қасиеті де осы шығар.
       Ақылбек Шаяхмет ағаның айтқан тағы бір естелігі көңілге ой салды. Ол кезінде редакцияға журналистика факультетінде оқитын үш жас журналистің Сәлім ағаның басшылығымен тәжірибеден өткенін еске алып, олардың кейін қазақ журналистикасында танылған тұлғаларға айналғанын айт­ты. Солардың қатарында Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің есімдері аталды.
        Бұл – бір редакцияның ғана тарихы емес. Бұл – қазақ журналистикасындағы ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бір кездері тәжірибеге келген жас студентке аға буын бағыт береді. Ол жас ертең кәсіби маманға айналады. Кейін өзі де соңынан ерген жастарға жол көрсетеді. Осылайша бір адамның білімі мен тәжірибесі келесі буынға көшіп отырады.
Сәлім ағамызды өзіне ұстаз санайтын шәкірт­тері де көп. Өзім танып-білген Қыдырбек Қиысхан, Абылай Мауданов сынды жастар бүгінде ұстазға деген құрметін сөзбен ғана емес, іспен көрсетіп жүргені де осы сабақтастықтың белгісі.
       Мұндай дәстүр журналистикаға ғана емес, кез келген мамандыққа керек-ақ. Өйткені білімнің шынайы құндылығы – оны өзіңде сақтап қалуда емес, кейінгілерге бере білуде.
Сәлім ағамның 80 жылдығы қарсаңында атқарылған жұмыстарға қарап, мені ерекше қуантқан тағы бір жайт бар. Ол – Қостанай жұртының өз азаматына деген құрметі. «Қостанай» телеарнасы «Би-ағаның ізбасары.Туған жер тұлғалары» ат­ты деректі фильм түсірді. Онда Сәлім Меңдібаевтың өмір жолы, журналистикадағы қолтаңбасы, туған жерге адалдығы, қаламгерлік мұрасы мен азамат­тық болмысы кеңінен баяндалады.
        Қатар жүрген досы, жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім «Қостанай таңы» газетінде «Сәлім» ат­ты көлемді эссе-толғанысын жариялады. Ал Л.Н.Толстой атындағы облыстық кітапханада замандастары, әріптестері мен шәкірт­тері бас қосып, Сәлім аға туралы естеліктерімен бөлісті. Ең қуаныштысы да сол, танымал тұлғаның тағылымды өмірбаянына, туған жер тақырыбына жастардың қызығушылығы байқалды. Мұндай құрмет бір шарамен ғана шектеліп отырған жоқ. Төрт жыл бұрын Сәлім ағамыздың мемориалдық тақтасы өзі ұзақ жыл қызмет еткен облыстық «Қостанай таңы» газеті редакциясының қабырғасына орнатылды. Кітаптары мен жеке бұйымдары облыстық Л.Н.Толстой кітапханасына, музейлерге табысталды.
       Осы игі істердің басы-қасында болып, қолдау көрсеткен Қостанай облысының әкімдігі, Қостанай қаласының әкімдігі, сондай-ақ Бауыржан Тебеев, Ерлан Қалмақов, Жанұзақ Аязбеков бастаған азамат­тар болды. Осының бәріне қарап отырып, бір нәрсеге көз жеткізесің: бұл жай ғана мерейтой аясындағы іс-шаралар емес. Бұл – елдің өз рухани тарихын ұмытпай, ардақты азамат­тарының есімін ұлықтау мәдениеті. Қостанай халқы Сәлім Меңдібаевты еске алып қана отырған жоқ, оның қалдырған рухани мұрасын келесі ұрпаққа аманат­тап жатыр.
      «Ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Қаламгердің де ғұмыры жазған сөзімен жалғасады. Адам өмірден өтеді. Бірақ оның сөзі оқылып, еңбегі ел жадында жаңғырып, шәкірт­тері ұстазын ұмытпай, туған жері есімін ардақтап отырса – ол адамның рухани ғұмыры үзілген жоқ деген сөз. Сәлім ағамның 80 жылдығына арналған осы күндер маған соны тағы бір мәрте сезіндірді. Қостанай өз азаматын ұмытпапты. Ең бастысы, оның сөзін, еңбегін, рухани ізін ұмытпапты. Қаламгер үшін бұдан асқан бақыт бар ма екен?..
        Бүгін ақпарат­тың жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жет­ті. Бір жаңалықтың орнын екіншісі бірнеше минут­та басады. Ақпарат­ты бірінші болып жеткізу маңызды болғанымен, сол жылдамдықтың арасында сөз алдындағы жауапкершілікті жоғалтып алмау одан да маңызды.
Сәлім ағаларымыздың журналистік мектебінен бүгінгі жас буынға жетуге тиіс ең басты аманат та осы деп ойлаймын.
Өз ісіңді жақсы көру. Қандай қызмет­те отырсаң да, кәсібіңе адал болу. Атақ пен мансаптан бұрын адамдықты жоғары қою. Сөзге жауапкершілікпен қарау. Өзің білгенді кейінгіге үйрету. Туған жеріңе қызмет ету.
       Осылардың бәрі – бір ғана журналистің өмірінен алынған сабақ емес. Бұл – мамандығын енді таңдап жатқан кез келген жасқа қажет өмірлік қағидалар. Сәлім ағамызды еске алу шарасына студент­тердің қатысуын сондықтан ерекше маңызды деп қабылдадым. Мұндай басқосулар тек өткенді еске алып, сағыныш тарқату үшін ұйымдастырылмауы керек. Олар жастарға «Мен қандай маман боламын? Артымда қандай із қалады?» деген сауал тудыруы тиіс.
       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту, кітап оқитын, ойлы, зерделі ұлт қалыптастыру мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, қаламгерлер мұрасын насихат­тау, олардың кітаптарын кейінгі буынға таныстыру, осындай тағылымды кездесулер өткізу – ұрпақтың рухани сабақтастығын сақтаудың бір жолы. Өйткені жас адам тәрбиені тек оқулықтан алмайды. Оған өнеге болатын тұлғалар керек.
       Қостанайдағы кештен мен бір жағынан толқып, екінші жағынан үлкен ризашылық сезіммен қайт­тым. Біз оны «нағашы ағамыз» деп өзімізше иемденіп жүргенімізбен, осы жолы Сәлім ағамның әлдеқашан елдің ағасына айналғанына тағы бір мәрте көзім жет­ті. Бақиға ат­танғанына бес жылға жуық уақыт өтсе де, жарқын бейнесі жұрт жадынан өшпепті. Керісінше, уақыт өткен сайын оның азамат­тық болмысы, кішіпейілдігі мен адамға деген жанашырлығы айқындала түскендей.
       Кешке жиналған әр адамның әңгімесін тыңдаған сайын бір нәрсені аңғардым: әрқайсысының жүрегінде өз Сәлімі бар екен. Бірі оны сырлас досы ретінде сағынады. Бірі – қамқор аға, енді бірі – сыйлас әріптес, бағыт-бағдар берген ұстаз ретінде еске алады. Замандастары бірге өткізген күндерден сыр шертіп, үлкенді-кішілі әріптестері оның қарымды қаламгерлігімен қатар адамдық қасиет­терін әңгімеледі. Бір естеліктен – адалдығы, екіншісінен – қарапайымдылығы, үшіншісінен – айналасындағы жастарға жасаған қамқорлығы көрініп жат­ты. Ал осы естеліктердің бәрін біріктіретін бір қасиет бар. Ол – адамға деген құрмет.
Адам өмірден өткен соң оның қандай қызмет атқарғанынан бұрын, өзгелерге қалай қарағаны, кімге қолдау көрсеткені, кімнің жолын ашқаны, қандай сөз қалдырғаны көбірек еске түсетін сияқты. Сондықтан адамның шын өмірбаяны қызмет­тік тізімінде емес, өзге адамдардың жүрегінде жазылады. Сәлім ағамыздың өмірбаяны да бүгінде талай адамның жүрегінде жалғасып жатыр.
       Осындай тағылымды басқосуды ұйымдастырған Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымына, Сәлім ағамыздың рухына құрмет көрсетіп келген барша ағайынға, қаламдас достары мен әріптестеріне, шәкірт­тері мен студент жастарға шын жүректен алғыс айтамын.
      Біз үшін Сәлім ағамыз енді – сағыныш. Бірақ бұл тек мұңға толы сағыныш емес. Оның ішінде мақтаныш та, алғыс та, аманат та, тағылым да бар. Адам кетеді – жақсы аты қалады. Қаламгер кетеді – сөзі қалады. Ұстаз кетеді – шәкірті қалады. Ал елінің жүрегінен орын алған азамат­тың ғұмыры ұрпақ жадында жалғаса береді. Сәлім ағамыздың ғибрат­ты ғұмырының бүгінгі жастарға берер ең үлкен сабағы да осы шығар.

Салтанат ХУСАИНОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.10.2026 | 17:30

Қандай әсерлі жазылған!!! Артында іздеушісі бар адам мың жасайды!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір