ҒАБЕҢНІҢ ӨЛЕҢДЕГІ ҮЛГІСІ
01.04.2025
137
1

Бір нәрсеге бір нәрсе сеп, түрткі болады. Осы жазбаны өзім сыртынан айрықша қадір көретін кісінің бойындағы бір қызық дағды жаздырды.

* * *

Ғұмырбаяндық дүниелерді оқуға құмарлықтың әсерінен бе білмеймін, мені шығармашылығынан бөлек, белгілі адамдардың бойындағы беймәлім қыры мен сырын дағдысын білу көп қызықтыратын. Қызықтырып қана қоймай, түрлі ойға жетелейді.
Ойға серпіліс берер, мына бір таңсық тақырыптан бастайын.
Табиғат­тың ең тартымды төлі, сірә, құс болар. Еуропаның, орыстың ірі ғалымдарын, әсіресе шығармашылық адамдарын бұл тақырыптың ынтықтырмаған, өзіне магнит­тей тартпаған кезі жоқ. Дарвин адамдарды айтпағанда, құстарды табиғат­тағы тірі тіршілік иесінің ішіндегі ең эстетикалық қуаты зор, кереметі деп таныған. Құстар әнінің білгірі И.Шамов бұлбұлдың дауысынан тырнаның, шымшықтың және басқалардың даусын кезіктіреді. Бұлбұл өзі ұя салған жердегі құстар дауысын бойына тез сіңіреді екен және соның ішінен өзіне керегін алып пайдаланып, жетілдірген. Демек, құс атаулының ішіндегі ең қабілет­тісі әрі полиглоты бұлбұл деген сөз. «Самородок» бұлбұлдар аса шабыт­танған жағдайда сағатына 300-ге жуық ән салады екен. Бұдан артық бай фольклор бола ма!? Құстар әні – адамзат, адам шабытының қайнар көзі, сезімнің қозғаушы күші. Оның бір мысалы, кей елдерде «Құс қайыру» ат­ты эстрадалық жанр болған. Біздің Қазанғаптың «Құс қайыруын» еске алыңыз. Ағылшындарда жыл сайын «Құстар фестивалі» өтеді. Оның жұмысына ханзада Чарльздің өзі қатысып, сөз сөйлейді. Он жетінші ғасырда өмір сүрген белгілі музыкант В.Принтц: «Құстардың әні көптеген композиторлардың ғажайып дүние тудыруына негіз салып бергеніне мен кәміл сенемін» деп жазды.
Ол рас. Глинка өмір бойына құстарға табынып өткен. Пәтерінде құстың ондаған түрі болыпты. «Ол құстармен бірге болған сайын өз бөлмесіне оралған соң күйсандықта отырып, ұзақ ойнайтын» деп еске алады композитордың әпкесі. Бірде композитордың өзі әнші Леоноваға «Маған тұтас бір музыкалық фантазия жазу үшін құстың бір ғана түшкіргені жетіп жатыр», – деп өз құпиясынан сыр ашады.
Әйгілі әнші Нежданова кезекті концертке шығар алдында Мәскеу түбіндегі орманға барып, бұлбұлдардың дауысын тыңдап қайтуды дағдыға айналдырған. Құстар әніне Чайковкийдің де қат­ты назары ауған. Қысқасы, құстар әні адамзат­тың ең асыл рухани сыйы ретінде бағалы. Халқымыздың өнердегі біртуар тұлғалары да құстар әнінің құдіретін өзгеден жоғары болмаса, кем сезінбеген. Ақан серіге «Көк қаршыға», «Қараторғайды»; Ықыласқа «Аққуды», Дәулеткерей, Дина; Кененге «Бұлбұлды», Әшімтайға «Қоңыр қазды»; Нұрғисаға «Аққу», «Құстар әнін» жаздырған не құдірет!? Жазушылардың арасында бұл тақырыпқа Тәкен Әлімқұлов барғыштады.
Қазір білмедім, ілгеріде Ілия Жақановтың үйінде тотықұс болатын. Құс дегеннен шығады, оған деген әуестікті тек шығармашылық адамдары емес, қарапайым жандардың да өмірінен кезіктірдік. Бірде «Алматы ақшамында» шаһарда балконында бүркіт ұстайтын қазақ туралы жазып едік. Расында, бөтен дағды ұстану бұл кісіні өзін өзгеден ерекшелендіру емес, ол тіпті оның өмірімен бөліп жара алмайтындай бітеқайнасып, қанат­тандырып, жаман ойлауға, өзін жаман сезінуге мұрша да бермейді. Абай айт­қандай, «пендеде бір іс жалығу» дегеннен құтқарады екен. Демек, бұл – ғылымда дәлелденгеніндей, ұзақ өмір сүрудің де бір кепілі. Біз білгенде тағы кімнің, қандай дағдысы бар еді?
Сәбит Оразбаев өлеңді домбыра шертіп отырып оқиды. Өтежан Нұрғалиев өмір бойы «Мода» журналын жаздырып оқыған. Бәлкім, елден ерекше көрініп, сәнді киініп жүретіні де содан. Асанәлі Әшімұлы кейде қарсыласы әлсіздеу болса, шахмат үстінде де түрлі шаруалармен айналыса береді. Үнемі жанында тұратын күнделігіне ойын түсіріп, қарсыласын күт­тіріп те қояды. Әзілхан Нұршайықов басқа жерді айтпағанда автобуста да қойын дәптеріне ойына келгенін түртіп қоюға уақыт тапқан екен. Еуропадағы Шекспирден ке­йінгі ұлы драматург делінетін Бернард Шоу – 62 пьеса жазған адам. Соның басым көпшілігін трамвайда жазыпты.
Тахаң – Тахауи Ахтанов: «Қалибек қара сөздің өзін өлеңдетіп оқитын», – деу­ші еді. Райымбек Сейтметов те Шәкен Аймановтың өлеңдетіп сөйлейтінін үнемі айтып отыратын. Өзі де бұл тәсілді көп спектакльде пайдаланып, талай актерді осы мәнерді алып қалуға тәрбиеледі.Ұлылардың осы ұлы қасиетін ұстап қалды. Бір спектакльдің репетициясына кірісер алдында міндет­ті түрде ақындардың өлеңдерін төгілтіп, тоқтаусыз оқитын болған. Демек, өлең оқуды шабытының қозғаушы, қайнар көзіне айналдырған. Қадыр оны бекерге «сахнаның ақыны» деп атады дейсіз бе!?
Дағды көп қой. Бір жазушы аяғын шылаушынға салып отырып жазса, енді бірі ескі газет тігінділерін парақтаған. Құдай сақтасын, тіпті мәйітханада отырып жазатындар да болған. Мен үшін Әбікеннің «Қоңырын» тыңдағаннан кереметі жоқ. Тіпті қаскөй талант Гитлер не істеген десеңші! Оның жеке фотографы Генрих Гофман деген досы болған. Ол фюрердің халық алдында сөз сөйлеуге дайындығын түсіріп отырған. Сонсын өзі сурет­терді мұқият қарап шығатын болған. Ол күлкілі ме, сәт­ті ме, сәтсіз бе, сын көзімен қараған. Себебі өзі де суретші болған ғой. Ке­йін кейбір сурет­терін жоюға бұйрық бергенімен, оны Гофман түрлі жолмен сақтап қалған. Ке­йінірек «Гитлер менің досым» ат­ты кітабына жариялаған. Айтпағым, кісі бойына Тәңірден берілетін ұлы қасиет, дағдылар – өзі дарынды адамның өзгешелігінің де бір кемел көрінісі.
Осылайша, белгілі адамдардың белгісіз қыр-сырын білуге деген ынтызарлық жылдар бойы жалғасып келе жатыр. Енді әргі-бергіні шолып, аяңдап отырып осы жайды баяндауға себепші болған кейіпкерімізге де келіп жет­тік.
Қазақтың таңғы шықтай мөлдір жазатын ақындарының бірі де бірегейі – Нармахан Бегалыұлы. Ешкімге ұқсамайтын, өз әлемімен ғана өмір сүретін ақынның бір ғажап қырын таяуда білдім. Бұл кісі қанша көз жұмып қарайын десе де, прозадан поэзия көреді екен. Тура Тахаң айт­қан Қаллеки мектебі. Алты жасынан бастап Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқыған ол ұлы суреткердің прозадағы үлгісін поэзияда ұстанып келеді.Былай айт­қанда, Ғабеңмен ауырған. «Сөз біткен жерден саз басталады» деуші ме еді Шопен. Міне, сол прозашы Ғабең сөзінен мұның құлағына тек қана саз, ұлы сарын келетіндей жағдайға жеткен. Нарағаң мұндай ойға табан тіреуін былай пайымдайды.
…Прозашылар да ақыннан асырып жазады. Егер ол нағыз талант болса. Ғабит Мүсіреповтің «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды» дейтін сөйлемі қандай керемет. Әрі сурет, әрі қайнап жатқан ойды білдіріп тұр. Қара құманның шырт-шырт түкіріп тұрғаны поэзия емес пе? Поэзия. Сол сияқты Оралхан Бөкейдің тіркестері. Ол да қарасөзбен жырлады. Тургеневтің де қарасөзбен жазған жырлары бар.
Мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын оқығаннан ке­йін, өзімнің өлең жазу тәжірибеме бір тәсіл, әдіс енді деп айтуға болады. Мысалы әр шумақты жазғанда мен қазақтың «Елім-ай» әнінің ырғағына салып, іштей ыңылдайтын болдым («Қазақ әдебиеті», 19.05.2023).
Қайсыбір жылы Қазығұрт тауының етегіндегі «Мәңгілік ел» саябағы (белгілі меценат Бекет Тұрғараевтың идеясымен тұрғызылған) ат­ты алып ескерткіштер мен кесенелер кешені бірнеше ескерткіштермен толықты. Соның бірі қилы-қилы заманда халықаралық бәйгелерден ұтып алған алтын, күмісін сатып, Ахмет Байтұрсынұлы түрмеден шығарып алған күш атасы Қажымұқанға арналды. Сол жерден Нарағаңды көрдім. Көңілі босап: «Мына Бекет үлкен сауап іс жасады. Тұлғалардың өлісін тірілтіп, тірілерін биіктетіп жүретін осындай жігіт бірнешеу болса, шіркін!» – дегені есімде. Содан ас үстінде Қажымұқан туралы шығарған салмағы шамамен бес-алты келі тартатын кітабын тартулады. Осынау қазынаны көкірегіме басып, Алматыға көтеріп келіп, «Ана тілінде» сүйінші сұрап, жарияланым бердік. Нарағаң телефон шалып, тағы бір қауқылдасып қалдық.
Содан бері жылдар өт­ті. Сол бір рухи қауышулар, ілтипат­ты ұшырасулар кей-кейде еске түсіп, елжіреп алуға зор себепші. Алайда менің зор табысым жылдар бойы тірнектеп жинап, қойын дәптеріме түртіп жүретін белгілі адамдардың белгісіз қырын білуге деген құмарлықтың Нарағаңмен толығуы еді.
Айтары жоқ бәрінен де Нарағаның Ғабеңді қапысыз тануы бөлек. Расында Ғабең прозасының бір ерекшелігі – әуезділігінде, сөзді ойнатуында. Бұл қасиетінің бір құпия жағдайына «Дәулеткерей. Ғабең. Шәміл» ат­ты эссемде едәуір жауап тапқандай болып едім. Нарағаның парықтауындағы Ғабең болмысы сол ойымызды еселеп, құнын арт­тыра түсті. Жаңа бір туындысына кірісер алдында өзі симфонияға балаған Дәулеткерейдің «Жігерін» ұзақ тыңдайтын сырбаз суреткердің туындысынан неге саз ұшқындамасын. Дегдар Ғабеңнің өлеңдегі үлгісін ұстанған Нарағаңның прозадан поэзия іздеуінің сырына енді ғана біршама қаныққан халдемін.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 04.04.2025 | 15:55

Сезімдер ақтарылған әдемі әңгіме, бейнелі айтулар екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір